Қарағанды 2023
Оқушылармен сабақтан тыс жүргізілетін тәрбие жұмыстары сабақтан тыс немесе сыныптан тыс жұмыс деп аталады. Бұл мұғалім сабақ үстінде жүзеге асыратын тәрбие жұмысын толықтыра және тереңдете отырып, ең алдымен балалардың таланттары мен қабілеттерін неғұрлым толық ашудың, олардың бір нәрсеге қызығушылығы мен ынтасын оятудың құралы ретінде қызмет атқарады, ол оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың және олардың адамгершілік мінез құлыққа жаттығуын ұйымдастырудың формасы болып табылады.
Сыныптан тыс тәрбие жұмысы – тұлғаның әлеуметтік қалыптасуын қамтамасыз етуде оған жағдай туғызатын мұғалімдердің басшылығымен ұйымдастырылған және сабақтың мақсатымен өзара байланысты болып келетін тәрбие жұмысының дербес түрі.
Сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны – оқушының теориялық білімін кеңейтіп, толықтыра түседі және оқушылардың жеке қабілетін дамыта түседі. Оқушылардың сыныптағы және сыныптан тыс әрекеттерінің кірігуі қоршаған орта туралы біртұтас түсінік қалыптастыруға, теория мен практика арасындағы байланысты қамтамасыз етуге, оқу-тәрбие үрдісін құруда және оқушы тұлғасын қалыптастыруда үйлесімдікке жетуге, мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің педагогикалық шеберліктерін жетілдіруге, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.
Қазіргі кезде оқыту мен тәрбие беру үдерісінде сабақтан басқа сыныптан тыс жұмыстардың орны ерекше. Білім мазмұнын әлемдік оқыту жүйесіне теңестіру, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық ерекшелігін ескере оқытудың маңызы артуда. Оқушылардың білімін дамыту жолдарының бірі ретінде сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерін Р.Ж.Қоянбаев.,З.Абилова,К.Б., Бозжанова, Е.Омар, С.Нұрмағанбетов т.б. зерттеу еңбектерінде қарастырады.
Бастауыш мектеп балаларға белгілі бір білім беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, жағдайларды шынайы түрде бақылап, талдау жасауға үйрету, ойын дұрыс айтуға, салыстыра білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне үйретеді. Баланы оқыта отырып, оны шығармашылық бағытта жан-жақты дамытады.
Бүгінгі таңда жаңа білімді адамды қалыптастыру барысында мектептің қызметі күннен-күнге ұлғая түсуде. Сыныптан тыс жұмыстарда балалар жасампаздық немесе рөлдік ойындарға ерекше орын береді. Бұл жастағы балалардың ойын іс - әрекеті әрдайым жасампаз болады. Ойында балалар өздерін еліктіретін белгілі бір өнегеге ұқсап бағады. Сондықтан мұғалім балалар ойынына мұқият қарап, олардың орынды өнегеге еліктеуіне жәрдем етуі керек. Оқушылардың ойын іс - әрекетінің құндылығы оның барысында түрлі қиындықтарды жеңуінде, өз тәртібін басқаратынында, батыл, жігерлі және орнықты бола алатындай ойын ұйымдастырылса, ойын өмір мектебі, өз құрдастарының ұжымына еңбек және қарым-қатынас мектебі бола алады. Ойын ұйымшылдық сезімді бекітіп, баланың бастамасы мен өз бетіндігін бекітеді.
Сыныптан тыс жұмыстарды түрлі іс-әрекеттердің тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдаланып, баланың қоғамдық мәнін мақсатты, жан-жақты және үйлесімді дамытады. Мектептегі сыныптан тыс тәрбие іс-әрекеттің мазмұнына, ұйымдастырылуына және әдістеріне қойылатын талаптарды бейнелейтін тәрбиенің жалпы принциптері негізінде құрылады. Бастауыш мектепте сыныптан тыс жұмыстың бір принципі – оған оқушылардың өз ырқымен қатнасуы. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлі бағыттары мен ұйымдастыру түрлері бар. Балалардың өз ынтасы мен қабілеттерімен сәйкес істерді таңдап алу мүмкіндіктері бар. Сыныптан тыс жұмыстарда тәрбие барысының ішкі қарам –қайшылықтарын айқын көруге болады. Мұғалімдер, оқушылар ұжымы жетекшілері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, ата - аналар балаларға өзін көрсете алатын іс әрекет түрлерін таңдап алу қажет екендігіне кеңес бере алады. Сыныптан тыс жұмыс балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере құрылса, олардың әлеуметтік ортадағы кез келген қарым – қатынасын реттеуге болады.