Көтерілістің басталуы Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған жексұрын сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алудан басталды. Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Ол отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір қазағы болатын. Олар Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.
Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті. Ол старшина Симоновтың әскери жасақтарына өлтіре соққы беріп, көптеген қару-жарағы мен оқ-дәрісін тартып алды. 1838 жылы Кенесарының сарбаздары Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының ауылдарына шабуыл жасады, оның 12 мыңға жуық жылқысын айдап әкетті. Ақмола төңірегіндегі бекіністер тұрғындарының 2,5 мың малы қоса кетті. Сұлтан Кенесарының туған қарындасы Бопай бастаған сарбаздар Көкшетау округының ауылдарына шабуыл жасады.
Кенесары жасақтарының белсенді әскери іс-қимылы 1838 жылдың тамыз айында басталды. Ол Ақмола бекінісіне таяу ірі елді мекенді алты күн бойы қоршауда ұстап, өртеп жіберді. Ақмола бекінісі мықты қорғалатын. Бекіністің төңірегіне терең ор қазылып, оған жете беріс жерлерге күшті кедергі-тосқауылдар қойылған болатын. Ақмола бекінісін аға сұлтан Қ. Құдаймендіұлы мен әскери старшина Карбышев бастаған отряд қорғады. Кенесары шабуылды 1838 жылдың 7 тамызында таң саз бере бастады. Оның сарбаздары бекіністі өрт шығаратын жебелермен атқылады. Бекініс өртке оралды. Кенесарының даңқты батырларының бірі Басықара бекіністің ішкі жағасынa баса-көктеп кіріп барып, сұрапыл ұрыс салды. Ол осы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Бекініске Ағыбай, Иман, Бұқарбай батырлардың сарбаздары басып кірді.Орынбор губернаторы В. Перовский мен Батыс Сібір губернаторы П. Горчаковтың арасында Кенесарыға қарсы қалай күрес жүргізу жөнінде өзара келіспеушілік пайда болды. В. Перовский Кенесарыға қарсы күресті бейбіт келіссөздер арқылы да жүргізу керек десе, П. Горчаков әскери күш қолданып, көтерілісшілерді аяусыз қырып-жою жоспарынан танбады. Орынбор губернаторы 1840 жылы патша үкіметінің Кенесарыға кешірім жасауына қол жеткізді. Кенесарының тұтқынға алынған туған-туыстарының барлығы да түрмеден босатылды. Арада уақытша бейбіт келісім кезеңі басталды