2. І және ІІ дүниежүзілік соғыс кезіңіндегі Қазақ халқының жағдайын салыстыра отырып, талдау жасаңыз.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан (1914-1918 жж.). XIX ғасыр Қазақстан үшін Ресей империясына тұтастай бодан болуымен ерекшеленеді. XX ғасырдың басында ол шикізат өндіретін әрі сауда рыногы болып танылған отарлы өлке санатында жалпы ресейлік шаруашылық кешенінің құрамды бөлігіне айналды.Капиталистік қатынастарға ерте көшкен елдер дамуы жағынан едәуір озып кетіп, әлемнің қарқынды дамыған мемлекеттерінің алдыңғы легін құрды. Ресей капиталистік экономика жолына кеш түссе де, жедел дамып, орташа дамыған екінші лекте өзін нық сезінді. Азияның, Африканың, Латын Америкасының баяу дамыған елдері үшінші қатарда қалды. Алдыңғылар соңына ерген елдерге қысым жасады, олардың ішкі істеріне қол сұқты,еңбек ресурсы мен шикізатын пайдаланды. Ресей де Азия елдеріне көз тікті, шет өңірлерді өзінің отарына — шикізат әрі тұрақты нарық көзіне айналдырды.ХХ ғасырдың басында капиталистік елдер арасындағы қайшылықтар күшейе түсті. Дамыған мемлекеттер бөлшектеніп кеткен отарларды қайта бөлгісі келді. Оларға арзан шикізат көзі жетіспеді. Өзара топ құрып одақтасқан бәсекелес әскери-саяси блоктар — Үштік Одақ (Германия, Австро-Венгрия, Италия) пен Антанта (Франция, Англия, Ресей) тартысы 38 мемлекет қатысқан дүниежүзілік соғысқа әкеліп соқтырды.«Қазақ" газетінде Ә.Бөкейхановтың "Тағы соғыс" деген мақаласы басылды. Онда автор соғыстың әділетсіз екендігін, күшті мемлекеттер тарапынан зорлық саясат жүргізіліп отырғанын делелдеді. Ол: "Бұл соғыстан жалпы жұртқа пайда жоқ. Нарлар алысар, ал шаруасын бұзып, қанын төгетін — сорлы халық болар. Жиырмасыншы ғасырда Еуропа патшалықтарының қылған ісі кімнің алдында ақталмақ?" — деп жазды.Қазақ сахарасының болмысы XX ғасырдың басында күрделене түсті. Ресей Азиялық Шығысты отарлауды жедел қарқынмен жүргізді. 1907-1912 жылдардың өзінде Қазақстанға Ресейден 2 млн 400 мың адам әкеліп қоныстандырылды. Қазақтар шұрайлы жерінен айырылды. Сонау Столыпин реформасының бас кезінде-ақ "Санкт-Петербургские ведомости" газеті: "Егер мемлекет мүддесі қырғыздарды құрбан етуді талап етсе, әрине, бұған қарсы шығудың керегі жоқ...»—деп жазған болатын.1917 жылға қарай Қазақстаннан жақсы егістік жер мен жайылымдардың 45 млн-нан астам десятина жері тартып алынды. Қоныстанушылар жалдамалы еңбекті пайдаланды. Өз елінде жерсіз қалған қырғыз-қазақ жалшылары пайда болды. "1899 жылдан кейін қазақтар мен орыстар арасындағы этностық жанжалдар даладағы өмірдің сипатты белгісіне айналды", — деп жазды Т.Рысқұлов.Өлкені талауға салу бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бұрынғысынан да жеделдете жүргізіліп, ауқымды сипат алды. Қазақ даласынан арзан бағамен орасан көп мөлшерде мал сатып алынды. Патша армиясы үшін киіз үй мен бұйымдар жиналды. Салық мөлшері өсіп, соғыс салығы енгізілді, мемлекеттік заемдар таратылды, баж салығын төлеу міндеттелді, жергілікті халық соғысқа арналған жүктерді (негізінен, азықты) теміржол станциясына тасуға мәжбүр болды.Қазақ даласынан азық-түлік, мыңдаған жылқы мен түйе майданға жіберілді.Әскерге алынғандардың отбасыларына көмек көрсетуді желеу етіп, батырақ қазақтарды кулактар шаруашылықтарына, кәсіпорындарға жұмысқа тартты. 1916 жылы патша әкімшілігі ресейлік отаршылдар үшін жаңадан жер тартып алуды ойластырды. А.Байтұрсынұлы сонау 1913 жылдың өзінде: "Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды", — деп жазған еді.1916 жылғы 25 маусымдағы патша Жарлығы бойынша, қара жұмысқа 19-дан 43 жасқа дейінгі еңбекке жарамды барлық ер адамдар алынуға тиіс болатын. Сол арқылы патша үкіметі көптеген орыс солдаттары мен жұмысшыларын неғұрлым көнбіс жөне арзан жұмыс күші ретінде "реквизицияланған бұратаналармен" ауыстырып, оларды қорғаныс құрылыстары мен басқа да тыл жұмыстарынан босатқысы келді. Түркістан мен Дала өлкесінен 500 мыңнан астам жігіт алу көзделді. Бұл жағдай қазақ даласына үлкен қобалжу туғызды. Соңында көтеріліске әкеліп соқтырды.
Қазақстан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарында. Ұлы Отан соғысыеліміз басынан өткерген барлық соғыстардың ішіндегі ең ауыр сұрапыл соғыстардың бірі болды.Соған қарамастан кеңес халқы тарихында ол қаһармандық пен даңққа толы кезең ретінде қалды."Барбаросса" жоспарын жасаған кезде фашистік Германияның билеушілері басып алынатын Кеңес аумағында Остланд (Беларусь пен Балтық жағалауы), Украина, Московия (Ресей) және Кавказ, елдің шығыс шет аймақтарында Түркістан және Еділ-Орал рейхскомиссариатын құруды жоспарлады. "Ғылыми-зерттеу институты" деп аталған "Арбайтегемайншафт Түркістан" атты жоғары барлау мектебі құрылып, болашақтағы "Үлкен Түркістан" картасын әзірледі. Оған Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Шыңжан, Ауғанстанның бір бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекет құру идеясы экономикалық және саяси мақсаттардан туындады. Бұл өңірде ұлы Герман империясы үшін қуатты шикізат және азық-түлік базасын құру белгіленді.Кеңес елін отарға айналдыру, ал оның халқын құлдықка түсіру - гитлершілдердің дүние жүзіне үстемдік орнату жолындағы басты нысаналарының бірі болды. Фашистік идеологтар кеңес адамдарын саяси және нәсілдік тұрғыдан аяусыз қырып-жоюдың кең көлемді бағдарламасын әзірледі. Алайда тарихи тағдыры бір ортақ Отанын қорғауға ұмтылған көп ұлтты халық бұл зұлымдық ойдың тас-талқанын шығарды. Кеңес Одағы тас-түйін болып, аса қауіпті жауға қарсылық көрсетті. Жалпыға бірдей міндетті әскери іске үйрету өрістетілді. Республикада екі млн-нан астам адам әскери даярлықтан өтті. Әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанды.Республика экономикасын соғыс жағдайына лайықтап қайта құру жүзеге асырылды. Соғыстың алғашқы кезеңі аса ауыр болды. 1941 жылдың соңына қарай КСРО аумағының өндіріс пен стратегиялық ресурстар орналасқан біршама бөлігі жау қолында қалды. Осындай жағдайда Қазақстанның соғыс тылы ретіндегі рөлі арта түсті. Республика экономикасын соғыс қажетіне қарай қайта құру мен соғыстың мықты тылын жасау алдыңғы қатардағы маңызды міндетке айналды. Өнеркәсіп орындарын майданға жақын өңірлерден елдің шығыс аудандарына көшіру жүзеге асырылды. Оның ішінде, 220 зауыт пен фабрика, цехтар мен артельдер Қазақстанға орналастырылды. Республикаға тамақ өнеркәсібінің 54, жеңіл және тоқыма өнеркәсібінің 53 кәсіпорны көшіріліп әкелініп, қалпына келтірілді.Оларды орналастырған кезде соғыс уақытының талабы - қалпына келтіру жұмыстарының мейлінше асығыс болуы, майдан үшін өте қажетті өнімді мүкіндігінше тезірек беру жағы ескерілді.Ауыл шаруашылығын қайта құру міндеті де оңай болған жоқ. 1942 жылы Қазақ АКСР-і ауыл шаруашылығында соғысқа жарамды тұрғындардың саны 1939 жылмен салыстырғанда 600 мың адамға азайды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығында әйелдер еңбегінің үлес саны артты. Қазақстан армия мен тұрғындарды азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізатымен қамтамасыз ететін негізгі көзге айналды.Соғыс кезінде Қазақ КСР-і КСРО-ның аса ірі мал шаруашылық базасына айналды. Колхозшы шаруалар мемлекеттік мәні бар міндеттерді құлшына орындап, отаншылдық үлгісін танытты.Звено жетекшілері Ш.Берсиевтің (қуаңшылыққа төзімді жоғары өнім беретін тарының сортын алып, әлемдік рекорд жасады), Ы.Жақаевтың, Ким Ман Самның (күріш өсірушілер) , А.Дацкованың еңбектегі даңқы бүкіл елге тарады..Республика еңбекшілері майданға сыйлықтар, сәлемдемелер, жылы киімдер жинап жөнелтуде жоғары белсенділік көрсетті.Майданға бүкілхалықтық көмек отан қорғаушылардың жауды жеңетініне сенімін нығайтып, оларды жаңа ерлікке жігерлендірді. Қазақстан тұрғындары фашистік отаршылықтың ауыртпалықтарын бастан кешірген 12 қала мен 45 ауданды қамқорлыққа алды. Қазақстандықтар қаһарман қалаларға, Мәскеу маңының Курск және Калинин облыстарының, Солтүстік Кавказдың, Украинаның, Беларусьтің, Молдованың, Балтық жағалауының еңбекшілеріне халық шаруашылығын қалпына келтіруге туысқандық, көмек көрсетті.І дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақ елі отарлау саясатының зардабын тартып, әділетсіз соғысқа қатысқан Ресей мүддесіне қызмет етсе, Ұлы Отан соғысында ортақ Отан үшін майданда жандарын қиып, ал тылда болса тер төгіп еңбек етті.