Қазақстан тарихы дәрістер жинағы №1 дәріс. Кіріспе



бет3/8
Дата13.03.2023
өлшемі187,84 Kb.
#73723
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қазақстан тарихы лек жинағы

Алтын Орда көпұлтты мемлекеттік құрылым еді. 1260 ж. Монғол империясы тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында дербес мемлекетке айналды. Мөңке-Темір хан (1266-1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет өз атынан теңге құя бастады. XIII ғасырдың 80 жылдары Алтын Ордада беклербек Ноғайдың есімімен байланысты дағдарыс басталды.
Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс княздықтары Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрды. Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың құлдырауы басталды. 1357-1380 жылдары ондаған хан ауысады. («Ұлы дүрбелең кезеңі»). 1380 жылы Алтын Орданың билеушісі Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың әлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін әскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мәскеуге жорық жасап, оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мәуераннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды. Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ XIV ғ. соңында Әмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389. 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. XV ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп кетеді.
Монғол әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат әкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы салдарынан өндіргіш күштер 
әлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, орта ғасырлық қала мәдениетіне үлкен зиян келтірілді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі отырықшылық өмір мен егіншілік мәдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған халықтан алынатын алым-салық та ауыр және көп болды. Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған.
Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын әкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тәртібін Шыңғысханның заңдар жинағы - «Ясасына» сәйкес келтіре бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында белгілі дәрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің әлеуметтік ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дәуірінен кейін Қазақстанда пайда болған мемлекеттерде қажетке асырылады. Моңғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық процестер барысына да әсер етеді.
4 дәріс. XIV-XV ғғ. Қазақстан территориясындағы мемлекеттер
Дәрістің мазмұны: - XIV-XV ғ.ғ. Қазақстан территориясындағы Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығының саяси тарихы, шаруашылығы, әкімшілік басқару жүйесін талдау.
Дәрістің мақсаты: - Монғол империясының құлдырауы барысындағы Қазақстан жеріндегі жаңа мемлекеттердің құрылуы және қазақ халқының қалыптасуындағы этникалық процестердің рөлін көрсету.
1. XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының ауыр зардаптарынан біртіндеп арыла бастады. Бүліншілікке ұшыраған шаруашылықты, қираған қалаларды қалпына келтіруге бағытталған шаралар жемісін беріп, экономикалық және әлеуметтік жағдайлары біраз жақсарды. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие болып Қазақстан жерінде алғашқы рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет - Ақ Орда хандығы. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар және басқалары. Ақ Орда хандарының кестесі оларды болған уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Орыс хан, Қойыршақ, Барақ, т.б.
Ақ Орданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хаджы-Тарханды (Астраханды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 жылы Орыс хан қайтыс болып, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшкен-ді. Осы кезде Маңғыстау Үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті - Түй Хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялайды. Ақ Орданың көптеген әмірлерінің қолдауына ие болған ол 1380 жылы Сарайды, Хаджы-Тарханды, Қырымды және Мамай ордасын басып алады. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 жылы Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі нәтижесінде мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ. Осыдан кейін Тоқтамыс Ақсақ Темірдің ықпалынан босануға тырысады. Бірақ, 1389, 1391 және 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қиратылады. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсірейді.
2. Шығыс Дешті-Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген "көшпелі өзбектер мемлекетінің" яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай ордасының шығыс бетін, батыста -Жайыққа, шығыста - Балқашқа дейінгі, оңтүстікте - Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте-Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.
Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтар мен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулеті - оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары - Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. 1446 жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. 1450ж. Әбілхайыр Мәуренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау шапқыншылықтарын жасайды.
1456-1457 жылдарда ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар және олардың қол астындағы көшпелі халықтың бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбас (Талас) өзендерінің бойына барып орнықты. Осыдан кейін көп ұзамай 1468 жылы Әбілхайыр көп жорықтарының бірінде қайтыс болды да, "Көшпелі өзбектер мемлекеті" ыдырап кетті.
3. Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай ордасы еді. Ноғай ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай әмір Едіге тұсында XIV ғасырда жалғасып, оның баласы Нұраддынның (1426-1440) кезінде аяқталды.
Ноғай ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста - Қазанға, оңтүстік шығыста – Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, тіпті, Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерде көше-қонып жүріп мекендеді. Оның орталығы–Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы.
Әмір Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. "Беклер бегі" ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған.
Ноғай ордасы негізінен маңғыттардан тұрды. Сонымен қатар оның құрамына Қоңырат, Найман, Арғын, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру-тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар жүріп жатты. Осы алауыздық оның да түбіне жетті. XV ғ. бірінші жартысында Ноғай ордасының орнына Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары құрылды. Ноғай ордасы да этникалық емес, көбіне саяси құрылым еді. Оны мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуының күрделі этникалық процесінде де өз әсерін тигізбей қалған жоқ.
4. XIV ғасырдың ортасында ыдыраған Шыңғысхан империясының жерінде тағы бір хандық Моғолстан мемлекеті құрылды. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Негізін қалаған - Тоғылық-Темір хан (1348-1362 жж.). "Моғолстан" тарихи жағрафиялық термині "монғол" атауынан шыққан. "Монғол" есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындылардың бірінде "моғол" деп айтылып жазылатын болған.
XIV-ХVғасырларда Моғолстан құрамына Шығыс Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір жерлері кірді. Моғолстан орта ғасырлық авторлардың деректерінде мемлекеттің құрылу кезеңіне қарай "Моғол" атты этникалық саяси біртұтастыққа бірігудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өткен жергілікті түрік және түріктелген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі болды. Оған кіретін тайпалар: дұғлаттар (дулаттар), қаңлылар (бекшіктер), керейттер (керейлер), арғындар (арғинут), баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары. Сонымен XIV ғасырдың орта шенінде Жетісу, Қырғыз жерлерін қамтып жатқан Моғолстан мемлекетінің құрылуы, Дешті Қыпшақтарды біріктірген Ақ Орданың пайда болуымен қатар жүзеге асқан Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болғаны даусыз. Моғолстан ордасының орныққан орталығы - Алмалық қаласы.
1362 жылы Тоғылық-Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Осы тұста қарындасына үйленіп Хұсайынмен дос болған Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мәуеренахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Осындай тынымсыз шайқастардың бірінде оның екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң, ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, "ленг" парсыша - ақсақ) Ақсақ Темір атанды.
Ақсақ Темір әмірші болған 35 жыл ішінде (1370-1405 жж.) Моғолстанды, Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузияны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Әмір Темір түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақтардың тағдырына зор кеселін тигізді. Алтын Орданың құлауына себепші болды.
5 дәріс. XV-XVII ғғ. қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуы
Дәрістің мазмұны - Қазақ хандығының көшпелі тұрмысы, шаруашылығы және әлеуметтік құрылымы талданады.
Дәрістің мақсаты - Қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуының мазмұны ашылады.
1. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды тамақ, киім-кешек, тұрғын үй материалдары, сонымен бірге көлік қызметімен қамтамасыз етіп отырды. Мал және мал өнімдері көрші халықтармен айырбас жасайтын қаражат көзі де болды. Қазақтардың мал шаруашылығына байланысты Ш.Уәлиханов былай дейді: «Дала көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін оз тыныштығынан малының аман болғаны қымбат. Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда: «Мал-жаның аман ба?» деген сөздермен бастайды. Отбасының мал жайын алдын ала сұрастыруы көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді».
Қазақ жерінің табиғи-жағрапиялық ерекшеліктеріне байланысты қазақтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Көшіп-қону бағыттары жыл маусымына байланысты өзгеріп отырды. Маусымдык жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты. Әрбір ру белгілі бір аймақ шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Жайылымдық қоныстардың арақашықтығы жүздеген шақырымға созылды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді болды. Жем-шөп дайындау болмады, қыста мал тебіндеп жайылды. Қыс қатты болған жылдары жұт болып, малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбі отырықшылыққа ауысатын. Дегенмен мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды.
Қазақтар жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Соның ішінде жылқыға үлкен мән берді. Жылқының түр-түрі болған: жүк таситын, салт мінетін және жүйрік-арғымақтар. Көшпелі мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында қой жетекші орын алды. Қыпшақ даласы көшпенділерінің басты байлығы қой болған. Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам болды, терісі мен түбітінен киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ жасалынды. Қазақ шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар негізінен қос өркешті, жүнді түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген. Бірақ ешкі мен сиыр қазак шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті білдірсе, сиыр жұтпен теңеседі. Сондықтан қазақтар бұл жануарлардың етін тек жұт жылдары ғана жеген.
Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болды. Ал жайылымды коғам мүшелері қауымдасып пайдаланған. Әр рудың өзіндік жері болды және бұл жерге меншік ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды.
Қазақтар егіншілікпен де айналысты. Қазақ хандығының түрлі аумақтарында егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы - егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар көбіне тары дақылын екті. Сыр бойындағы қалаларда ирригациялық жүйе барынша дамыған. Қалалардың маңында суландыратын арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді.
Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған: құс салған, тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған.
Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған.
Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне және иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. Күзеу мен қыстауда ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды.
XVI ғасырдың соңына қарай Ресей мемлекеті Қазақ хандығы және Орта Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын жандандырды. Сырдария қалалары арқылы халықаралық сауда және көшпенділермен дәстүрлі сауда дамыды. Түркістан қалалары мен елді мекендері арқылы Индияға, Қытай мен Еуропаға керуен жолдары өтті. ХVІ-ХVІІ ғасырларда бұл қалалар саяси орталықтарға айналып, онда қазақ хандары мен сұлтандары қоныстанды. Кешпенділермен негізінен айырбас сауда жүргізілді. Сыр бойындағы қалаларда дүкендер, базарлар, ақша сарайлары жұмыс істеді. Қазақстанның көшпенділері оңтүстіктегі қалалармен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. Көшпелілердің астыққа -бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау шаруашылығының басқа өнімдеріне деген және әсіресе, маталарға деген сұранымы барынша тұрақты болды. Далалық аудандар халқының көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары және қала шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды.
2. Қазақ хандығы тұсында қазақ қоғамы негізгі екі әлеуметтік топтан тұрды: ақсүйек және қарасүйек. Ақсүйектер әлеуметтік тобына Шыңғыс ханның ұрпақтары - сұлтандар, төрелер және Мұхаммед пайғамбардың үрім-бұтақтары - қожалар жатты. Бүл топ үш жүз қазақтарының генеалогиялық құрылымынан бөлек тұрды. Шыңғыс ханның ұрпақтары туылысымен сұлтан атағын иеленіп, бұл әлеуметтік топқа тиіселі барлық ерекше құқықтармен қамтамасыз етілді. Шыңғыс ханның ұрпақтарының әрқайсысы хандық билікке үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік топ руға бөлінбеді. Әрбір сұлтанның өзіндік үлесі болды. Қалған әлеуметтік топтардың бәрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде тайпаға, руға бөлінді.
Қарасүйек әлеуметтік тобынан ерекше құқықтар иеленген тек билер болды. Атап айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге мемлекеттік мәселелер шешілетін жылдық жиналысқа - кұрылтайға қатысты. Небір беделді билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды.
Танытқан ерлігі немесе соғыс қимылдарын шебер басқарғаны үшін хан немесе сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болды. «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен бірге кәсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына Шыңғыс әулетіне тән билік берілмеген. Батырлардың ерліктерін жыршы-ақындар дәріптеп отырған. Қазақ қоғамындағы ешқандай құқығы жоқ мүшелері - құлдар болды. Бұл әлеуметтік топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тәуелді болды.
Қоғам мүшелері дәулет-мүлкінің мөлшеріне сай «бай» және «кедей» болып бөлінді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамы әлеуметтік топтардың иерархиялық ұйымдасқан құрылымынан тұрды. Бұл әлеуметтік топтар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Әр әлеуметтік топтың өзіндік құқықтары болды.
3. Тәуке хан басқарған кезінде өкіметтің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шаралар қолданды. Оның тұсында "Жеті жарғы" деген атаумен қазақ қоғамындағы әдеттегі құқық өлшемдерінің жинағы құрастырылды. Мұнда феодалдық құқық тәртібі мен мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Тәуке хан елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, халықты ру-руға, жүзге бөліну саясатын және бет-бетімен әрекет жасауды шектеу үшін аянбай күресті. Осы мақсатта ол қазақ мемлекетінің саяси-құқық жүйесін белгілеп, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырды. Тәуке хан өз төңірегіне ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбекті, Кіші жүзден Әйтеке биді кеңесші ретінде қызметке тартты. Сөйтіп, қазақ халқының тарихына ірі құқықтық өзгерістер енгізді. Бұл оның халыққа кең тараған "Жеті жарғысымен" байланысты еді. Ол тек сол заманға сай құқықтық құжат емес, сонымен қатар көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және жағрафиялық ерекшеліктеріне сай келетін аса құнды ескерткіш.
Тәуке ханның "Жеті жарғысының" әрбір бабы сол заманның талаптарына сай келеді. Онда әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық өлшемдері, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізіліп, ол қазақ қоғамы өмірінің барлық жағын түгел қамтыды. Сондай-ақ, оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ қоғамында зандылықты, тәртіпті нығайтудағы рөлі зор.
6 дәріс. ХVІ –ХVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саясаты
Дәрістің мазмұны: Қазақ – Жоңғар қатынасы, Қазақстанның Ресейдің құрамына қосылуы және Абылай ханның рөлі қаралады.
Дәрістің мақсаты: Қазақ - жоңғар қатынасына тарихи талдау жасау және Абылай ханның сыртқы саясаттағы мемлекеттік қайраткерлігін бағалау Ресейдің құрамына қосылуы, хандық билікті жоюдағы империялық саясаттың мәнін талдау.
1. XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тәуке хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарыс басталды, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан - Ресей мемлекетінің, шығыстан -жоңғарлардың, оңтүстіктен - Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп - Жоңғар хандығы тарапынан төнді.
1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар әскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Әбілқайыр және Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді.
1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң, Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылдың көктемде жоңғарлар 70 мың әскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы Қалдан Церен Балқашқа одан әрі қарай Қаратау өңіріне, Ұлан батур Алтайға және Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана әскер: Нұра өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван-Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай кырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мәжбүр болды.
Қазақ рулары Сырдарияның арғы бетіне қарай кашты. Сырдариядан өткен Ұлы және Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз казақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара территориясына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.
Жоңғарларға қарсы 1727 жылдың күзінде Сарыарқа даласындағы Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады. Кейіннен шайқас болған аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі - Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды.
Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап кетеді.
2. 1718 жылы қазақтың ұлы ханы Әз Тәуке қайтыс болған соң Қазақ хандығындағы ішкі саяси бытыраңқылық, қазақ жүздерінің жеке-жеке иелік хандықтарға жіктеліп ыдырауы, жоңғар шапқыншылығы, "ақтабан шұбырынды" апаты, міне, осы жағдайлар қазақ хандығын әбден әлсіретеді. Ал кейіннен қазақ елін басқа елдердің бодандығына түсуіне негізгі себеп болды.
Кіші жүздің ханы Әбілхайыр қазақ хандығының ең жоғарғы билігі үшін күресте жеңілген соң Ресей шекарасына жақын көшіп барады. Ол 1730 жылы күзінде Ресейге елшілік жібереді. Нәтижесінде 1731 жылғы 19 ақпанда император әйел Анна Иоановна кіші жүзді Ресей бодандығына қабылдау жөнінде грамотаға қол қойды.
1732 жылы Сәмеке Ресейді формальді түрде мойындағанымен, кейінгі оқиғалар ол келісімді сақтамайтындығын көрсетті. Сондықтан Ресейге екінші рет өтініш жасалып 1734 жылы 10 маусымда өтініш қанағаттандырылды.
1740 жылы Орынборда өткен жиында Кіші және Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да Ресей азаматтығын қабылдайды.
1745 жылы Жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің қайтыс болуына, байланысты Жоңғарлардың өз ішінде таққа таласқан алауыздық күшейеді. Осы алауыздықты Абылай өз мақсаты үшін шебер пайдаланып, жоңғарлардың ішкі ісіне араласып, оларды әлсіретуге тырысты. 1757 ж. жазда Жоңғарияны толық талқандаған Цинь әскері қазақ шекарасына керіп кіреді. 1757 ж. күзде қазақ елшілігі Қытайда болып бейбіт өмір сүру және сауда шартын жасады және Цинь императоры Абылайдың хандығын мойындап оны мен қарым - қатынас орнатуға мүдделік танытады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет