Қазақстан тарихы дәрістер жинағы №1 дәріс. Кіріспе



бет4/8
Дата13.03.2023
өлшемі187,84 Kb.
#73723
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
Қазақстан тарихы лек жинағы

Абылайдың саяси -дипломатиялық шеберлігінің арқасында қазақтар ата - мекені Тарбағатай аймағына келіп, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік алады да, 1767 ж. Цин өкіметі Іле, Тарбағатай және Алтай аймағына қазақтардың қоныстануын мақұлдаған шешім қабылдайды.
1758 ж. бастап Шәуешек, Құлжа және Үрімшіде қазақтарға арналған сауда жәрмеңкелері ашылғандығын деректер дәлелдейді.
3. 1748 жылы Әбілхайыр ханды Барақ сұлтанның өлтіруіне Ресей мазасыздық танытып, 1749 ж. баласы Нұралыны Кіші жүздің ханы етіп тағайындайды. 1756 ж. Патша өкіметі қазақтарға Жайықтың оң жағына өтуге тыйым салатын жарғы шығарады. Кіші жүз халқы отарлық саясатты күшейткен Орынбор әкімшілігіне және оны қолдаған Нұралы ханға қарсы наразылығын күшейтеді. Кейін Сырым Датов бастаған халық көтерісінің қыспағына ұшыраған Нұралыны биліктен шеттетеді, оның үстіне Игельстром реформасы да сәтсіздікке ұшырады. 1797 жылы Айшуақты хан етіп бекіту арқылы ықпалды сұлтандардың жолын кесіп тастады.
Патшалық Ресей Кіші жүзде әмірлігін күшейту мақсатында 1801 жылы Еділ мен Жайық өзендерінің арасында Бөкей ордасын құрып, оны ішкі орда деп атады.
1821ж. Арынғазыны, ал 1824 жылы Шерғазы Айшуақовты хан тағынан тайдырғаннан кейін кіші жүздегі дәстүрлі хандық билік жойылады.
1824 жылы " Орынбор қырғыздары" туралы уставтың қабылдануы хандық биліктің түпкілікті жойылуына және жаңа Ресей патшалығы таңған саяси әкімшілік жүйенің енгізілуіне себепші болды.
7 дәріс.  Ресей империясы құрамындағы Қазақстан
Дәрістің мазмұны: Ресейдің Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатының мазмұны ашылады.
Дәрістің мақсаты: Ресейдің қоныс аударудағы мақсатын, саяси-әкімшілік реформалардың мәнін талдау.
1. Қазақстанға орыс және украин шаруаларын қоныстандыру XIX ғасырдың 70 жылдарының соңы 80 жылдардан бастап қарқынды жүргізілді. Жетісу облысы әскери губернаторы Колпаковский бастамасы бойынша Жетісуға шаруалардың қоныс аударуы туралы "Уақытша ереже" әзірленді. Бұл құжат 1868 жылдан бастап 1883 жылға дейін күшін сақтады. "Уақытша ереже" бойынша орыс қоныс аударушыларына (ерлерге) 30 десятина жер беру, 15 жылға алым-салық және түрлі міндеткерліктерден босату, 100 сом мөлшерінде көмек беру және басқа жеңілдіктер анықталып, көрсетілді.
1889 жылғы 13 шілдеде қабылданған "Ережеде" шаруалардың қоныс аударып, тұрақтайтын аудандары нақты көрсетіледі: Жетісу, Ақмола және Семей облыстарының территориясына орыс-украин шаруалары көптеп қоныстануы белгіленді. Атамекенінен қоныс аударған шаруаларға қажетінше жерді үлестіру кеңінен жүргізілді.
Патша үкіметі өзінің қоныс аудару саясатын қарқынды жүргізуді көздеп, 1892-93 жж. Ұлы Сібір темір жол кұрылысын бастады. Қазақтар жерін экономикалық игеру мақсатында "артық", "бос" жатқан жерді анықтайтын түрлі экспедиция құрылып, жедел жұмысқа кіріскен еді.
Қазақстанның оңтүстігінде 14 мыңдай орыс, украин және әскери адам қоныстанды. XIX ғасырдың 80 жылдарында мұнда 5 уезд және 80-нен астам елді мекендер пайда болды. Қоныс аудару салдарынан жергілікті тұрғын саны азайып, демографиялық ахуал күрделене түсті. Қазақтар сан жағынан 1897 ж. санақ бойынша 87 %-ға дейін азайды. Келімсек орыс және украиндардың саны 532,7 мыңға, татарлар - 55,4 мыңға, өзбектер - 73,5 мыңға, ұйғырлар - 56 мыңға артқан. Бұл сандық көрсеткіштер жаңа XX ғасырда ұлғая түсті.
2. 1822-1824 жылдардағы Жарғылардың қабылдануымен Орта және Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір әскери губернаторы М.Сперанский болған «Сібір қырғыздары туралы» (1822 ж.) Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор әскери губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 ж.) Жарғы Кіші жүз территориясына таралды.
«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз территориясы «Сібір қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған қазақтары сыртқы округтерді құрады. 1838 жылға қарай 7 сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).
Әр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қырғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында округтік приказдар тұрды және оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл старшындары басқарды, әр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды.
Жаңа әкімшілік бөлініс қазақтардың дәстүрлі жер қатынасын күйретті де, рулық қауым құлдырады. Сонымен қатар оған аға сұлтандарға, болыс сұлтандарына, тілмаштарға, казактарға түрлі көлемде жер бөліп беру де әсер етті. Оларға өңдеуге, мал шаруашылығына, омартаға т.б. ыңғайлы жерлер бөлінді және егер де ол жерлер қойылатын талаптар бойынша дұрыс пайдаланылатын болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі болды. Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске түсіп, бір әкімшілік басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылайша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді, Семей және Өскемен уездері Том губерниясына берілді.
1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырылды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, оның территориясы: Батыс, Орта және Шығыс болып үшке бөлініп, Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды. Бұл бөліктердің басында аға сұлтандар тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы болды. Аға сұлтандардың жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға жылына 1200 сом жалақы төленді. 1824 ж. Жарғы бойынша құрамында төраға, төрт кеңесші және төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия құрылды.
1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын болды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор генерал-губернаторы тағайындады. 1831 ж. дистанциялар мен старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс белікте - 8, Ортада - 20, Шығыста- 28 дистанция құрылды. 1837 ж. 1 сом 50 тиын күміс ақшамен түтін салығы енгізілді. Сұлтандар, старшындар және молдалар салықтан босатылды.
3. Қазақстанға әкімшілік басқару жүйесін енгізудегі патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Патша үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі және 1891 жылғы Далалық облыстарды басқару туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық езгі мен қанаудың күшеюін тереңдете түсті.
1867-1868 жж. реформа сәйкес Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар әкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз жататын әртүрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді. Мысалы, Торғай мен Орал облыстары - Орынбор; Ақмола және Семей облыстары -Батыс СібірЖетісу мен Сырдария - Түркістан генерал-губернатор-лықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау түбегінің аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ әскери округының билігіне өтті.
1867-1868 жж. реформалардағы басты бағыттардың бірі Қазақстанда күшті әскери-бюрократиялық аппарат құру болды. Ол аппарат әртүрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған кездегі жоғарғы зейнетақыға қызығатын чиновниктерден құралды. Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі мынадай үш бөлікке бөлінді: облыстық басқармалар, уездік басқармалар және жергілікті басқармалар. Облыстық әкімшіліктің басқарма басшылығында әскери және азаматтық билік ететін әскери-губернатор тұрды. Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың бас-шылығына орыс чиновниктерінің ішінен облыстық әскери-губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды.
1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Әрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Уездер территориялық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 100-ден 200-ге киіз үй кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға белінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды.
Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени және рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады. Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді.
1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. XIX ғасырдың 60 жылдарының алғашқы жартысында Қазақстанда, әсіресе Кіші жүзде отаршылдыққа қарсы жаппай халық наразылықтары өріс алды.
Жалпы XIX ғасырдың екінші жартысындағы реформалардың болмысы туралы қорыта айтқанда мынандай түйін жасауға болады. Патша үкіметі Қазақстанға енгізген әкімшілік реформалары негізінде оның саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы әкімшілік басқару жүйесін орнатты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет