Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Тарих,археология және этнология факультеті. Қазақстан тарихы кафедрасы. Ғылыми тарих мамандығы.
Орындаған:Тілеуберген Санжар. Қабылдаған:Беделова Гульжан. Алматы 2023.
БӨЖ 4. Тақырып: «Қытайдағы апиын соғыстары және оның салдары»
Мазмұны: 1)Кіріспе.
2)Негізгі бөлім.
2.1) Апиын соғыстарының алғышарты.
2.2) Бірінші апиын соғысы және оның нәтижесі.
2.3) Екінші апиын соғысы және оның нәтижесі.
3)Қорытынды.
4)Пайдаланған әдебиеттер тізімі.
1)Кіріспе. ХѴІІІ ғасырда Ұлыбританияда белең алған индустриялық революция елдегі өндіргіш күштердің дамуына тың серпін берді. Соның нәтижесінде, Ұлыбритания үлкен өнеркәсіптік елге айналды. Енді Британияға өз тауарларын экспорттайтын үлкен нарық қажет болды. Ал сол тұста Қытайды билеген Цин империясы ағылшындар үшін колайлы ел саналды. Өйткені, Цин империясы сол кезде әлем халқының үштен бір бөлігін құрайтын Азиядағы ірі мемлекет еді. Соның әсерінде XVIII ғасырдың соңында және XIX ғасырдың басында ағылшын-қытай қатынастары көрініс тапқан болатын.
2)Негізгі бөлім. 2.1) Апиын соғыстарының алғышарты. Қытайда өндірілетін шай, жібек, фарфор және басқа да бағалы бұйымдар еуропалық нарықта жоғары сұранысқа ие болатын. Сол кездегі сауда дағдысы бойынша Қытай тауарларын сатып алатын батыстық саудагерлер оның өтеуіне тек алтын не күміс төлеуі шарт болатын. Сөйтіп, батыстың қыруар алтын-күмісі Қытай нарығына ағылды. Нақтылы тарихи деректерге сүйенсек, 1781-1790 жылдар аралығында Қытайдан Ұлыбритания 16,4 миллион күміс сәріге (сәрі сол кездегі қытай күміс ақшасы) тауар сатып алыпты. Ал 1800-1810 жылдары бұл көрсеткіш 26 миллионға жеткен. Алайда, Қытай сол кезде өзін-өзі тауармен қамтамасыз ететін жабық ел болғандықтан, британдық саудагерлердің өнімдерін көп сатып ала бермейтін. Сондықтан Ұлыбритания үшін алтын-күмістің Қытайға ағылуын тежеу және Қытай нарығына көптеп өнім сату бәрінен де маңызды болды. Сөйтіп, өзіне мүлде тиімсіз сауда байланысын өзгерту үшін Ұлыбритания 1800 жылдан бастап Қытайға апиын сатуды қолға алды. Сондай-ақ әлемде ең көп апиын өндіретін Үндістанды жаулаған соң, апиын саудасын тіптен ұлғайта түсті. Бастапқыда Цин үкіметі апиын саудасының алдын алып, қатаң қадағалады. Бірақ жұрт арасында апиынды «өлместің еміне, шаттықтың шарабына» балайтындар барған сайын молая түсті. Кейбір тарихи деректерде осы кезде Ұлыбритания үкіметінің апиын сатумен айналысатын компанияларға және саудагерлерге арнайы қолдау көрсетіп отырғаны айтылады. Тарихи жазбаларға жүгінер болсақ, Қытайға 1821жылы 4000 қорап апиын саудаланса, 1838 жылы 40200 қорапқа дейін жеткен. Міне осылайша, Қытай жөңкілген апиын тасқынының астында қалып, елді үлкен экономикалық дағдарыс жайлады. Алғашында кейбір деректер бойынша апиынды көптеген шәй қорларымен алмастыру арқылы сауда жасаған, бірақ кейіннен Қытайда экспортқа шығаратын шәй өнімдері қалмай, ендігі жерде қытайлықтар апиынды күміс ақшаға сатып алатын болды. Үкімет ұлықтары мен дәулетті адамдардың басым бөлігі апиынға салынып, мал-мүлкінің бәрінен айрылды. Билік басындағылар азғындап, армия жауынгерлік қуатынан айырылды. Осы тұста Линь Зексу бастаған ашық ойлы азаматтар Даугаң патшаға хат жазып: «Аспан астын апиын жаулауға айналды. Егер апиын алыпсатарларына үкімет заңмен тыйым салмаса, алдағы он жылда елімізде жауға қарсы тұрар жасақ, қазынамызда жармақ қалмайды» деп ұсынысын айтып, күйінішін білдірді.
Дауган 1838 жылдың желтоқсан айында «апиынға тыйым салу» жарлығын жариялады. Сонымен қоса осы жарлықтың атқарылуын кадағалайтын арнаулы өкілетті орган құрды. Ал Линь Зексу осы органның бақылаушы ұлығы болып тағайындалды. Ол жұмысқа кірісе салысымен кедендік бақылауды күшейтіп, апиын саудасындағы контрабандалыққа қатаң тыйым салды. Сонымен қоса Ұлыбританияның әскери шабуылынан сақтану үшін мемлекеттің әскери қорғанысын күшейте түсті, әрі патша жарлығын қатаң
атқаруды өзі қадағалады. Шетелдік саудагерлермен келісімге келіп, бойұсынбағандарды жазалады.
1839 жылы 3 маусымда Гуандун провинциясының Хумен деген жерінде британиялық саудагерлерден тәркіленген апиын өртелді. Оны өртеуге де Линь Зексу тікелей басшылық етті. Тарихи деректерде Хуменде 2376 тоннадан артық апиын өртелгені айтылады. Осының нәтижесінде елдегі апиын шегуге қарсы тұру қозғалысы жеңіске бір табан жақындай түседі. Сол жолғы апиын өртеу оқиғасынан кейін, апиын саудалау тоқтатылды. Линь Зексудің халыққа үндеу хатында: «Заң хан мен қараға бірдей, кімде-кім апиын саудаласа, заң бойынша жазаланады», делінген. Осыдан кейін шетелдік саудагерлердің қытай жерінде сауда жасауы түрлі заң-ережелермен қадағаланатын болды.