80-жылдарың ортасына қарай КСРО терең экономикалық, саяси және әлеуметтік дағдарыс жағдайында қалды. КСРО-да еңбек өнімділігі 1986 жылы АҚШ-пен салыстырғанда үш есе төмен болса, ауыл шаруашылығында небәрі 15 пайызды құрады. Жан басына шаққанда өнім өдіру мен қызмет көрсету көлемі бойынша КСРО дүние жүзінде 50-60 орындарда болды.
Ресми деректер бойынша, 1989 жылы КСРО-да 41 млн. адам өмір сүру деңгейінен төмен (78 сом) табыс тапты. Балалар өлімі бойынша КСРО дүние жүзінде 50-орында, ал орташа өмір сүрі деңгейі бойынша 32 орында болды.
1985 жылдың наурызында К.Черненко қайтыс болған соң КСРО КП Орталық Комитетінің Бас хатшысы болып М.С.Горбачев сайланды. 1985 ж. сәуірінде оның басшылығымен КСРО КП ОК кезекті Пленумы болып, ол елде ірі саяси, экономикалық идеологиялық және әлеуметтік қайта құруларға жол ашты. Бұл кезең 7 жылға созылып, тарихқа «қайта құру» деген атпен енді.
Қайта құру саясатын бірнеше кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең – 1985 ж.(КОКП-ның сәуір пленумы) – 1987 ж. жазы.
Ел экономикасы стагнация жағдайында, одан шығу үшін машина жасау саласын дамыту негізінде «элеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету» бағытын жүзеге асыру қажет деп табылды. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет басшылығы маскүнемдікке қарсы және еңбек тәртібін бұзушылаға қарсы күресу, соның негізінде еңбек өнімділігін көтеру, дамуды жеделдетуді көздеді.
Дегенмен жеделдетудің басты факторы өндірістік аппаратты (станоктар, жабдықтар, технологиялық желілер және т.б.) жаңарту идеясы болды. Осыған байланысты кейбір белгілі экономистер елдің валюталық қорын қайтадан бөлу арқылы, оның басым бөлігін халыққа қажетті тауарлар сатып алудың (азық-түлік, киім, аяқ киім т.б.) орнынан шетелден керек құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсау қажет деп тапты. Олардың ойынша осы шаралардың көмегімен 1990 ж. қарай ел экономикасың өндірістік аппаратын әлемдік стандарттарға дейін көтеру мүмкін болды. Сол арқылы еңбек өнімділігін арттыруға және жеделдете дамытуға жол ашылуы тиіс болды.
Аграрлық салада жеделдете дамытуға қол жеткізу үшін ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін, ауыл шаруашылығын интенсивтендірудің басқа факторларын кеңінен пайдалану қажет деп танылды.
Алайда, нарықтық қатынастар мен жеке меншік жоқ жағдайда алға қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес еді.
Ол кезде еліміздегі кәсіпорындардың басым көпшілігі монополист болды. Тауар тапшылығын және бәсекелестіктің жоғын пайдаланып олар өздерінің сапасы төмен тауарларын жоғары бағамен сата алды. Осындай жағдайда оларға ешқандай жаңа технологиялар мен станоктар аса қажет бола қойған жоқ. Олар онсыз да табыс тауып отырған болатын. Сондықтан олар шамалары келгенше құрал-жабдықтарды импорттауға қарсылық көрсетіп бақты. Жоғары жақтың қысымымен ол құрал-жабдықтарды алғанның өзінде олар өндіріске орнатылмады, қоймаларда немесе ашық аспан астында қалдырылды. Орасан зор мемлекет қаржысы осылайша желге ұшты деуге болады.
Антиалкогольдік науқанға артқан үміт те толығымен ақталмады. Оның көмегімен еңбек өнімділігін тек бір пайызға ғана көтере алды. Керісінше бұл әрекеттердің кері салдары көп болды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы өсті (оның үштен бір бөлігі арақ-шарап сатудан түсетін еді; осыған байланысты бюджет 67 млрд. сом жоғалтты). Халықтың әл-уақытты да күрт нашарлап кетті, халыққа қажетті тауарлар тапшылығы артты (оның басты себебі – тұтыну тауарларынан орнына құрал-жабдықтарды импорттау болды).
1986 жылы экономика саласындағы басты жаналық – мемлекеттік қабылдаудың енгізілуі болды. Ол бойынша дайын өнімді кәсіпорындардан тәуелсіз мемлекеттік комиссиялар қабылдап алуы тиіс еді. Алайда бұл қадам ойлағандай нәтиже бермеді (1987 ж. өнеркәсіп –өнімінің 15-18% мемлекеттік қабылдаудан өтпей қалды).
Екінші кезең. 1987 ж. жазы-1989 ж. мамыр. Қайта құрудың алғашқы кезеңі ел экономикасы алдындағы күрделі мәселерді шешіп бере алмады. Дағдарыс тереңдей түсті. Экономиканы реформалау үшін жеңіл-желпі өңдеу емес, терең өзгерістерді жүзеге асыру қажет болды. Ең алдымен өндірістік қатынастарды қайта құру, нарық пен жеке меншікті заңдастыру қажеттігі туралы ойлар қоғамда беки түсті. Алайда ел басшылығы осы мәселелерді шешуде тайғанақтық танытып келді. Олар жоспар мен нарықтық қатынастарды қатар қолдануға әрекеттер жасады.
Үшінші кезең. 1989 ж. мамыр -1991 ж. тамыз. Қайта құру идеялары бюрократиялық аппарат тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Осындай жағдайда реформаторлық идеяларға қолдау көрсету үшін өкілетті органдардың рөлін арттыру қажет болды. 1989ж. алғашқы саяси реформалар жүзеге асырыла бастады. Халық депутаттарының бірінші съезінің (1989 ж., мамыр) мінбесінен нарық пен жеке меншікке өту қажеттігі туралы белсенді күрес жүргізілді.
Демократияны кеңейту идеялары, жариялылық саясатты қайта құру басталған кезден айтылған еді. Алайда әкімшіл-әміршіл жүйе ауқымында бұл идеяларды толықтай жүзеге асыру мүмкін болмады. Бұған 1986 ж. желтоқсанында Алматыда болған оқиғалар дәлел.
Желтоқсан оқиғаларының басты себептері ұзақ уақыт қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық және ұлттық мәселелердің шешілмеуі болды. Жастардың бейбіт шеруіне түрткі болған – республика басшылығының алмасуы еді. Бар –жоғы 18 минутқа созылған партия Пленумында республиканы ұзақ уақыт басқарған Д.А.Қонаевтың орнына шеттен келген Г.Колбин тағайындалды.
Ел басшылығының демократия туралы уәделеріне сенген жастар өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып бейбіт шеруге шықты. Алайда республика мен орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан бұл оқиғаларға экстремистік деген баға беріліп, кең түрде жазалау шаралары жүзеге асырылды.
Партия аппаратында ірі кадрлық өзгерістер болды, обком қызметкерлерінің 28%, аудандық және қалалық комитет қызметкерлерінің үштен бірі өз қызметкерінен тайдырды. Жоғары оқу орындарына қабылдау қазақ және басқа ұлттар арасындағы пайыздық үлестік салмақты қатаң бақылау жағдайында жүзеге асырылды.
«Тұрғын үй-91» бағдарламасы қабылданып, 1991 жылға дейін Қазақстанда тұрғын үй мәселесін толықтай шешу жоспарланды. Бой көтере бастаған ұлтаралық қатынастар мәселелерін үйлестіру үшін халық депутаттары Кеңестері жанына ұлтаралық қатынастар мәселелерінің бөлімдері ашыла бастады. Құрғақ уәде мен орындамас мақсаттар қоюмен белгілі болған бұл кезең 1989 жылы Қазақстан КП ОК бірінші хатшылығына Н.Назарбаевтың сайлануымен аяқталды.
Күн тәртібіне алғаш қойылған мәселелердің бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Тілдер туралы Заңды талқылау барысында екі позиция айқындалды: қазақ ұлттық интеллигенциясы қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беріп, іс жүргізуді тез арада қазақ тіліне аударуды талап етсе, орыс тілді оппозиция бұл үрдісті неғұрлым ұзақ уақытқа созуға тырысты.
1989 жылы 22 қыркүйегінде «Қазақ КСР-нің тілдер туралы» Заңы қабылданды. Заңға сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық тіл мәртебесін алды. Іс жүргізуді қазақ тіліне ауыстыру 1995 жылы жүзеге асыру белгіленді. Заң бойынша мемлекет билік пен басқару органдарында мемлекеттік және ұлтаралық тілдерді міндетті түрде білуге тиісті қызметкерлердің тізімін жасау тапсырылды. Заңға қосымша 1989 жылы қазақ тілін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.Алайда бұл іс-шаралар уақытша ғана жүзеге асырылып, 1990 жылдың аяғына қарай барлық жерлерде тоқталып қалды.
1990 жылы көктемінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіңе сайлау өтті. 340 депутаттық мандатқа 1403 үміткер ұсынылып, олардың 1242-і тіркелді. Сайлау туралы жаңа Заңға сәйкес Жоғарғы Кеңес депутаттарының :
-1/3 бөлігі Жазушылар, суретшілер одақтары, ардагерлер кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдардан сайланды;
-2/3 бөлігі жалпыға бірдей сайлау жүйесі арқылы сайланды.
Сайлау баламалы түрде өткізілгенімен , көптеген жерлерде номенклатура өкілдері қарсыластарсыз сайлауға түсті. Мысалы , 19 обком хатшыларының барлығы да баламасыз сайланды.
1990 жылы сәуірінде Жоғарғы Кеңес президент мәртебесін белгілеп, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Н.Назарбаевты республиканың алғашқы Президенті етіп сайлады.Тек президентті сайлау туралы заң қабылданғаннан кейін ғана 1991 жылы 1 желтоқсанында бүкілхалықтық президент сайлауы өткізілді.Жоғарғы Кеңес депутаттары екі үміткер: Н.Назарбаев пен О.Сүлейменовты ұсынды, алайда соңғысы өз кандидатурасын алып тастады. «Желтоқсан» партиясының басшысы Х.Қожахметовтың өз кандидатурасын бекіту әрекеттері билік тарапынан қатаң басылды.1991 жылы 1 желтоқсанында баламасыз сайлау нәтижесінде Н.Назарбаев Қазақстанның алғашқы Президенті болып сайланды, оған сайлаушылардың 98,8 пайызы дауыс берді.
1990-1991 жылдары Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР-інде мемлекет билік пен басқару құрылымын жетілдіру туралы» және «Қазақ КСР халық депутаттарының жергілікті Кеңестері мен жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңдарды қабылдады. Соның нәтижесінде билік жүйесінде біраз өзгерістер болды. Министрлер Кеңесі таратылып, оның орнына Президент жанынан Министрлер Кабинеті құрылды, бірнеше министрліктер мен ведомстволар таратылып, экономика жөнінен Мемлекеттік комитет, Монополияға қарсы комитет т.б органдар пайда болды. Вице-президент және Бас прокурор қызметтері енгізілді. Жергілікті жерлерде билік Кеңес төрағасының қолына өтті.
1990-1991 жылдары Қазақстан КСРО республикалары ішінде экономикалық бағыттағы реформалар жүргізуде көш бастаушы болды. Парламент меншік туралы, сыртқы экономикалық қатынастардың басты принциптері туралы, еркін экономикалық аймақтар туралы, шетелдік инвестициялар туралы заңдарды қабылдады.
1990 жылы экономиканы тұрақтандыру және нарықтық қатынастарға өту Бағдарламасы қабылданды. Оған сәйкес мемлекеттік меншікті жекешелендіру – нарыққа өтудің басты шарты деп танылды. Мемлекеттік меншікті жекешелендіруді екі кезеңге жүзеге асыру белгіленді.
Бірінші кезең 1991-1993 жылдары – «шағын жекешелендіру» нәтижесінде әлеуметтік-мәдени нысандар және купондық жүйе арқылы мемлекеттік тұрғын үйлер жеке меншікке өтуге тиісті болды.
Екінші кезең 1993-1995 жылдары «ірі жекешелендіру», яғни азаматтардың жеке меншігіне қалған мемлекеттік меншікті беру жүзеге асыру жоспарланды.
КСРО-ның тағдыры мәселесі бойынша Қазақстанның позициясы 1989-1990 жылдары еш өзгеріссіз қалды. Қазақстан КСРО-ны «жаңаланған федерация» болмаса конфедерация түрінде сақтап қалу қажет деп санады және басқа республикалар сияқты түрінде сақтап қалу қажет деп санады және басқа республикалар сияқты тәуелсіздік туралы мемлекеттік актілерді қабылдауға асықпады.
Дегенмен бел алған дезинтеграция үрдісі нәтижесінде 1990 жылы қазанында Қазақ КСР-нің мемлекеттік егеменділігі туралы Декларация қабылданды.
Декларация Қазақ КСР заңдарының КСРО заңдары алдында басымдығын заң жүзінде бекітті, соның нәтижесінде Қазақстан мен Орталық арасындағы қарым-қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасты:
- КСРО мен Қазақ КСР арасындағы қарым-қатынас шарттық негізде жүзеге асырылады;
- республика әкімшілік-территориялық құрылымға, саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа байланысты мәселелерді өз еркімен шешеді;
- республика өз территориясында Қазақ КСР-нің заңдарына қарама-қайшы болған жағдайда КСРО заңдарының күшін жоя алады;
- Қазақстан территориясы мен шекарасы оның келісімінсіз өзгертіле алмайды;
- Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз басқа мемлекеттердің әскери базалары мен әскери құрамалары орналастырылмайды;
- Қазақстан өз ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын құруға құқылы;
- Қазақ КСР халықаралық қатынастарда еркін және сыртқы саясатын өз мүддесіне сәйкес жүргізіле алады.
1990-1991 жылдары КСРО алдында тұрған басты мәселелердің бірі жаңа Одақтық шартқа қол қою болды. Шарттың бірнеше жобасы жасалып, баспасөзде жарық көрді.1991 жылы наурызында КСРО тағдыры мәселесі бойынша бүкілхалықтық референдум өткізілді. Халықтың басым көпшілігі КСРО-ны сақтап қалуды жақтап дауыс берді. Бұл процесс елде ұлтаралық қатынастардың шиеленісіп, ашық қақтығыстар болуымен қатар жүрді.(1989ж.Сумгаитте,1990 ж. Бакуде армяндарды қудалау,Таулы Қарабах мәселесі, 1990ж. Ош облысындағы қырғыздар мен өзбектер арасындағы, 1991 ж.Грузия мен Оңтүстік Осетия арасындағы қарулы қақтығыстар).
Ұлтаралық қатынастардың шиеленісуін Орталық билік пен әскер басшылығының жіберген қателіктері одан әрі ушықтырды (1989ж. Тбилисидегі демонстрацияны әскер күшімен тарату, Бакуге әскер енгізу, Вильнюсте Телеорталықты күшпен басып алу). Ұлтаралық қақтығыстар нәтижесінде 1991 ж.КСРО-да 1 млн.жуық босқындар пайда болды.
Одақтас республикалардағы жергілікті билік органдары орталықпен салыстырғанда анағұрлым табандылық танытып , қайта құрулар жүргізуге мүдделі екендерін айқын білдірді. 1990 жылы аяғына қарай барлық республикаларда егеменділік туралы Декларациялар қабылданды. Бұл кезеңді тарихта «егеменділік шеруі» және «заңдар соғысы» деп атайды.Саяси билік бңрте-бірте орталықтан республикаларға өте бастады.КСРО-ның басқарусыз ыдырауының қаншалықты қауіпті екендігін орталықта, республикаларда түсіне бастады.Осыған байланысты жаңа Одақтық шартты дайындауға аса үлкен маңыз берілді. 1990 жылы көктемі мен жазында Мәскеу түбіндегі Ново-Огарева қаласындағы КСРО Президенті М.С.Горбачевтың резиденциясында республика басшыларының кеңестері өткізілді. Ұзақ та күрделі келіссөздер нәтижесінде «9+1» деген атпен белгілі (тоғыз одақтас республика және орталық арасында) Одақтық шартқа 20 тамызда қол қоюға келісілді. Осыдан кейін М.Горбачев Қырымдағы Фороста дем алуға аттанды. Ол 19 тамызда қайтып келуді жоспарлаған еді. 18 тамызда Форосқа елдің жоғарғы деңгейдегі мемлекет, әскери, партиялық құрылымдарының өкілдері келіп, М.Горбачевқа елде төтенше жағдай енгізу туралы ұсыныс жасады. Алайда М.Горбачев бұған келісім бермеді.
1991 жылы 19 тамызында радио және теледидардан елдің вице-президенті Г.Янаевтың Жарлығы мен Кеңес басшылығының Мәлімдемесі берілді,онда денсаулығына байланысты ел Президенті М.Горбачевтың өз міндеттерін атқара алмайтындығы туралы айтылып,ендігі жерде билік Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) қолына өтетіндігі жарияланды.
20 тамызда ТЖМК-ың манифесі – «Кеңес халқына үндеуі» жарияланды.Онда қайта құру процесінің тұйыққа тірелгендігі,елде төтенше саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қалыптасқандығы туралы айтылды.Тығырықтан шығатын бірден бір жол төтенше жағдай енгізу қажет деп саналды.Соған сәйкес КСРО Конституциясына қарама-қайшы заңдардың күшін жою, шерулер мен демонстрацияларға тыйым салу,бұқаралық баспасөз құралдарына қатаң бақылау орнату туралы шешім қабылданып, бағаны төмендетуге, жалақыны көтеруге және мұқтаж адамдарға 0,15 га жер беруге уәде етілді.
Алғашқы кезде ТЖМК-ның құрылуына Қазақстан басшылығы өз көзқарасын ашық түрде білдірген жоқ.Бұл органның шығарған құжаттарының барлығы республикалық баспасөз бетінде жарияланды. «Азат», «Азамат», «Алаш», «Бірлік», «Невада-Семей» және т.б. ұйымдар мен бірлестіктердің азғантай ғана бөлігі Алматыда митинг өткізіп, өз қарсылықтарын білдірді.
Бүліктің екінші күні, 20 тамызда Н.Назарбаев мәлімдеме жасап, онда бүлікшілерді қолдамайтындығын жариялады.
21 тамызда бүлік сәтсіздікпен аяқталып, М.Горбачев қызметіне қайтарылды. Бас прокуратура бүлікшілерге қарсы қылмыстық іс қозғады.
Бүлік жеңіліске ұшырағаннан кейін Қазақстан Парламенті мен Президенті бірнеше мәлімдеме жасады. 24 тамызда Н.Назарбаев өзінің КОКП ОК Саяси бюросы құрамынан шығатынын жариялады. 25 тамызда «Қазақ КСР территориясындағы КОКП-ның мүлігі» туралы Президент Жарлығы шығып, соған сәйкес Қазақстан территоиясындағы партия мүлігі мемлекет меншігі деп танылды. 28 тамызда Қазақстан КП ОК Пленумында Н.Назарбаев партияның бірінші хатшысы қызметінен бас тартты.Пленумда Қазақстан Компартиясының қызметін тоқтату және 1991 жылы қыркүйегінде партияның төтенше сьезін шақыру туралы шешім қабылданды. 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлық шықты.
Сондай-ақ осы кездері Н.Назарбаев «Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік Кеңес туралы», «Одаққа бағынышты мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелерді Қазақ КСР үкіметі қоластына өткізу туралы», «Қазақ КСР-нің алтын және алмас қорларын құру туралы», «Қазақ КСР-нің сыртқы экономикалық қызметінің еркіндігі туралы» жарлықтарға қол қойды.
1991 жылдың тамызынан кейін КСРО-ның ыдырау процесі жеделдей түсті. Орталықтың одақты сақтап қалуға бағытталған шаралары еш нәтиже бермеді. 1991 жылы 8 желтоқсанында Брест түбіндегі Беловежская пуща атты жерде Ресей, Украина және Белоруссия басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Келісімге қол қойды. Бұл Келісім бойынша КСРО өзінің өмір сүруін тоқтатты.
Орта Азия республикалары ТМД-ң құрылуын славян федерациясын құруға бағытталған шара деп қабылдады. Оған жауап ретінде 1991 жылы 13 желтоқсанында Ашбахадта жиналған «бестік» басшылары (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан) Орталық Азия мемлекеттерінің Конфедерациясын құру мүмкіндігін талқылады.
Нәтижесінде 21 желтоқсанда Алматыда «үштік» (Ресей, Украина, Белоруссия) және «бестік» (Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан) басшылары кездесті. Алматы кездесуінде КСРО-ның өмір сүруінің тоқтатылуы және құрамында он бір мемлекет бар ТМД-ның құрылуы туралы Декларация қабылданды.