Қосымша тақырыптар:
А.Байтұрсыновтың педагогикалық еңбектері туралы пікірлесу.
М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжановалардың педагогикалық еңбектерінің ерекшеліктерін саралап талдату, пікірлесу.
Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев, Ә.Табылдиев, С.Қалиев, Р.Нұрғалиев т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектері туралы анықтама-сөздік жасауды тапсыру.
Тиым сөздер мен бата тілектер туралы студенттердің білімін ауызша анықтау.
Ж.Аймауытовтың «Тәрибеге жетекші», «Көркем өнер мен жантану» атты еңбектеріне педагогикалық жазбаша сипттама бергізу.
Рефераттық тақырыптар
А.Байтұрсынов ұлттық тіл ғылымының негізін салушы.
Ә.Диваев фольклорист.
Х.Досмұхамедов қазақтың салт-дәстүрін, ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеуші.
Ш.Құдайбердиевтің дін жөніндегі көзқарасы.
Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің негізін салушы.
5.2. Халық педагогикасының ауыз әдебиетi үлгiлерi мен салт-дәстүрдегi көрiнiсi.
Жоспар:
1.Халық педагогикасындағы тәрбиелік іс-әрекеттер.
2. Бала туғандағы шiлдехан, бесiкке салу, тұсау кесу, атқа мiнгiзу тойлары өлең-жырлардың тәрбиелік мәні.
3. Қазақтың ырымдары мен тиым сөздерiне талдау.
Халық педагогикасындағы тәрбиелiк iс-әрекеттер баланың туған күнiнен бастап, азамат болып, отбасын құрып, ел басқару iсiне араласқан кездерiнде, қала бердi адамды о дүниеге шығарып салуға дейiнгi салт-дәстүрлерде (құда түсу, үйлену, шiлдехан, бесiкке салу, қарын шәшiн алу, тұсау кесу, атқа мiнгiзу, тiл ашар, бастаңғы, мал бағу, көшiп-қону, жауға аттану, естiрту, жоқтау, жаназалау, жетiсi, қырқы, бейiт тұрғызу, жылын беру т.б.) кездесетiн ырымдар мен жол-жораларда марапатталатын халықтық ритуалды арқылы iске асырылады. Яғни адам баласы туғаннан о дүниеге аттанып кеткенше халықтық тәрбиенiң бесiгiнде тербеледi. Ол халық тәрбиесiнiң өмiршеңдiгiн, үздiксiз жүргiзiлетiн процесс енкенiн көрсетедi. Сондықтан да адам баласы дүниеге алғаш келген күннен о дүниеге аттанып кеткенше (пәниден бақиға дейiн) халықтық тәрбиенiң құшағында өмiр сүредi.
Халықтық ырымдар, жол-жоралар жиналып келiп ұлттық салт-дәстүр рәсiмдерiнiң бәрi белгiлi бiр мақсатты көздей iске асырылып, ол ойлар өлең-жырмен өрнектеледi. Мысалы: бала туғандағы шiлдехан, бесiкке салу, тұсау кесу, атқа мiнгiзу тойлары өлең-жырсыз өтпейдi. Осы өлең-жыр, тақпақтарда айтылатын ой, көзделер мақсат өлең-жырлардың мазмұнынан өзектi орын алады. Мәселен бесiк жырында айтылатын:
Құйрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жiгiт болар ма екенсiң?!
Айыр қалпақ киiсiп,
Ақырып жауға тиiсiп
Батыр болар ма екенсiң?
Бармақтарың майысып,
Түрлi ою ойысып
Ұста болар ма екенсiң…. дегендерде айтылар ой, көздер мақсат нәрестенiң келешекте ел қорғайтын батыр, сөз бастайтын шешен, он саусағы өнерлi ұста болып өсуiн армандау.
Немесе тұсау кесу жырында балаға арналып айтылатын “Тұсау кесер” жырында:
Қаз-қаз балам, қаз, балам,
Қадам бассаң мәз болам…
Балтырыңды түре ғой
Тай-құлын боп шаба ғой.
Озып бәйге ала ғой…
Құтты болсын қадамың
Өмiрге аяқ баса бер
Асулардан аса бер – деп өлеңдете олтырып, ала жiптi қайшымен қиюда астары ой жатыр. Ол баланың өмiрде жолы болсын, “бiреудiң ала жiбiн аттамасын”, адал еңбек етсiн, әдiл, шыншыл азамат болсын дегендi бiлдiру.
Нәресте дүниеге келгенде ауыл ақсақалдарының бiрiне ырымдап ат қойғызу, ат қойғанда белгiлi мақсат көздеу (батыр, бай, сұлу, ер, еңбексүйгiш т.б. болуын көздей ат қою), ақын-жырау, батыр-билердiң жақсы қасиеттерi нәрестеге жұғысты болсын деп шапанының етегiне орау, отырған жерiне баланы аунату. Немесе баланың кiндiгiн елгезек, еңбек сүйгiш аналардың бiрiне кестiру, бесiкке үрiм-бұтағы өскен аналардың бiрiне салдырту, жас келiн түскенде оттай берекелi болсын деп жас келiнге отқа май құйғызу, келiннiң шымылдығына, “жас” баланың бесiгiне үкiнiң мамығын қадау, жас нәрестенiң бесiгiне бүркiтiң, қасқырдың тұяғын байлау, жастығының астына айна, тарақ, пышақ тығып қою т.б. ырымдар мен жол-жоралардың әрқайсысының өзiндiк тәлiмдiк мән-мағынасы бар.
Қазақтың ырымдары мен тиым сөздерiне талдау жасап қарасақ, олардың әрқайсысында болмасын белгiлi мақсат көздей iске асырылады.
Келiнге, нәрестеге, асқа, жауға аттанған батырға беретiн бата-тiлектер де халықтық ой-арман, мақсат-мүдде көзделедi.
Сондай-ақ жаңа түскен жас келiнге айтылар “Айт келiн”, “Беташар”, “Тойбастар” сияқты тұрмыс-салт өлдеңдерiнде де үлкендi, ата-ананы сыйла, ерiнбей еңбек ет, өсек айтпа, дөрекi мiнез көрсетпе, сыпайы бол дейтiн өсиет-өнегелер айтылады. Қонақ күтудiң рәсiмдерi мен отбасы мүшелерiнiң бiр-бiрiн сыйлауы да салт-дәстүрлiк өлең-жырларда марапатталады.
Өлiктi естiрту, жоқтау, жөнелту рәсiмдерiмен байланысты туған өлең-жырларда да тәлiмдiк мақсат көзделедi. Ұлттық ойындарда да жастарды төзiмдiлiкке, шыдамдылыққа, ерлiкке, тапқырлыққа тәрбиелеу басты мақсат етiп қойылады.
Төрт түлiк малды өсiрумен байланысты туындаған өлең-жыр, тақпақ, ертегi, жұмбақ, мақал-мәтелдерде де тәрбие мәселесi басты мақсат ретiнде ұсынылады.
Дiни мейрамдар мен байланысты айтылатын өлең-жырлар мен бақсылық арбау жырларында да айтылмақ ой жауыздықты сөз құдiретi арқылы жеңiп, адамға жақсы қайырым жасау, табиғатқа, жан-жануарларға сөз құдiретiмен оң ықпал ету көзделедi.
Батырлар жырлары мен лиро-эпостық жырларда, ертегiнiң түрлерiнде де көзделетiн мақсат келер ұрпақты батыр, қырағы, алғыр азамат етiп тәрбиелеу.
Қорыта келе айтарымыз, халықтық салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар өнер түрлерiмен (өлең-жыр, би) астасып келiп, ауыз әдебиетi үлгiлерi арқылы жастарды еңбек сүйгiш, елгезек, Отаншыл, батыр, ержүрек, мейрiмдi “сагiз қырлы, бiр сырлы” жетiлген толық адам етiп тәрбиелеу көзделген.
Достарыңызбен бөлісу: |