2. Мезолит.
Тас дәуірінің тарихында мезолит пен неолит біздің заманымыздан бұрынғы 12-5 және 5-3 мың жылдықтардың арасын қамтиды /мезолит - орта тас дәуірі, неолит - соңғы тас дәуірі/. Ол кезде табиғат осы заманғы бейнеде болды. Жануарлар дүниесінің құрамы өзгеріп, енді аңшылардың аулайтыны көбінесе бизон мен жылкы, жабайы ешкі мен киік, қоян, үйрек болды. Мезолит заманындағы адамдардың садақ пен жебені ойлап шығаруы үлкен жетістік еді және осы тұста микролиттер - үшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент -тәрізді ұсақ қалақтар шықты.
Палеолиттен мезолитке көшу климаттағы өзгерістермен ерекше болды. Бірінші кезекте бұл мұздықтардың еруімен байланысты. Бұл кезде қазіргісіне жақын гидрографиялық желі орнығып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қазіргісіне жақын құрамы қалыптасады. «Мамонттық» жануарлар түрлерінің жойылуы тамақ табудың бұрынғы әдістерін жарамсыз етіп, тіршілік құралдарын қамтамасыз етудің жаңа әдістерін жедел іздестіру қажеттігін туғызды. Мейлінше елеулі фауналық өзгерістер болған бір аймақтарда егіншілік және мал шаруашылығы элементтері пайда болып, басқаларында балық аулау және жинау - аңшылық кәсібі қалыптасады. Әдебиетте мезолиттің мейлінше әр түрлі хронологиялық шеңберлері мен оның ерекше сипаттамалары бар. Қазақстан аумағының далалық өңірі үшін ең қолайлысы мезолиттің б. з. б. 10-7 мың жылдықтар бойы болуын мойындау керек. Садақ пен жебенің кеңінен қолданылуын, еңбек құралдарын дайындауда сына техникасының таралуын, халықтың орын ауыстыруының артуын мезолиттің ең жалпы ерекше белгілері деп санауға болады. Мәдени - шаруашылық үлгілердің және еңбек құралдарын дайындау технологиясы сипатының аймақтық ерекшеліктері археологиялық мәдениетті бөліп көрсетуге мүмкіндік береді.
Алғашқы аңшылар жоғарғы палеолиттің өзінде-ақ жайғасқан жерлерінен аңды қамап алуға тиімді орындарға қоныс аударды. Бұл табиғат аймақтарының ауысуына ғана емес, халық санының ұлғаюына да байланысты: аң аулайтын жер таршылық етіп, тұрғындардың бір бөлігі алыс солтүстікке, Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Орал өзендерінің аңғарларына қоныс аударады. Мезолиттік тұрақтар осы кезге дейін палеолиттік орындар табылмаған жерлерде пайда болды. Сонымен бірге бүкіл Қазақстан аумағында осы кезге дейін жиырма шақты ғана мезолиттік тұрақтар мәлім және солар ғана жақсы зерттелген, ал палеолиттік тұрақтардың қазірдің өзінде тіркелгені жүзден астам. Бұл тұрғындар санының кемігенін білдірмейді. Ежелгі адамның өмір салты өзгерді, олар неғұрлым жиі қозғалып, аң аулауға қолайлы алаптарды іздестіріп жиі қоныс аударып отырды. Сондықтан бүгінгі күні ортаңғы тас ғасырының тұрақтарын табуға байланысты қиындықтар туып отыр: өйткені олар көбінесе небәрі бір маусым ішінде ғана болып, олардың орнында материалдық қалдықтар қалмады деуге болады. Сонымен бірге б. з. б. 8-мыңжылдыққа қарай қазіргісінен әлдеқайда жұмсақ болған жылы климат ұзақ мерзімді, жылы және басқа тұрғын жайлар салуды қажет етпеді, сондықтан аңшылар өз тұрақтарының орнын оңай әрі тез ауыстырып отырды. Қызылжар қаласына жақын Есіл бойынан Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2 тұрақтары табылды. Сәл оңтүстікте, Атбасар маңында - Тельман-7, -8а, - 9а, -14а, одан оңтүстікте, Қарағанды маңында Әкімбек және Қарағанды-15 тұрақтары бар. Көкшетау маңындағы далалык Шағалалы жағалауындағы Виноградовка-2а, -12 тұрақтары мәлім. Торғай ойпаңы ауданында - Дүзбай-6, Қостанай қаласы маңында Дачная және Евгеньевка тұрақтары орналаскан.
Әлбетте тұрақтар өзендер мен көлдердің жағасында орналасатын. Жоғарыда айтылғанындай, тұрғын үй құрылыстарының қалдықтары сақталмаған. Есіл өзені аңғарында көлемі 40 - 60 шаршы метр, қаңқасының, қабырғаларының бөренелері терең кемілмеген жеңіл, тік бұрышты құрылыстар болған деп жорамалдауға ғана болады. Сондай-ақ, лашық тәрізді тұрғын жайлар салынған, олардың орындарында шағын шұңқырлар ғана қалған.
Мезолит дәуірінің ең маңызды өнер табысы - садақ. Шынына келгенде адамға ол жоғарғы палеолитте мәлім болған, бірақ оның кең таралуы жеке аң аулауға көшуге байланысты ғана мейлінше қажет болды. Садақ пен жебенің ойлап табылуы өндіргіш күштер дамуында шын мәнінде революция еді. Садақ пен жебе барлық жерге дерлік тез таралды. Ол он мың жылдан астам уақыт бойы ең тез атылатын және ең жаңа қару болды. Оның найза мен шанышқыдан артықшылығы нысананы алыстан атуында ғана емес, сонымен қатар ату әдістерінің алуан түрлі: тұрып та, жатып та, отырып та атуға болатындығында еді. Мезолиттер еңбек құралдарын дайындау техникасында да одан әрі принципті өзгерістер болды: олардың мөлшері тастың мөлшеріне байланысты болған жоқ. Бұл қыстырма техникасының арқасында мүмкін болды. Оның мәні мынада еді: заттың (пышақтың, қанжардың, жебе мен найза ұшының) негізі сүйектен немесе ағаштан жасалды.
Қазақстан мезолиті ескерткіштерінен табылған материалдық қалдықтар кешенінің Оңтүстік Орал, Батыс Сібір, Шығыс Каспий маңы өңірі ескерткіштерінен елеулі айырмашылықтары жоқ. Жебелер ұштарының түріндегі және бейімделген нұсқаны қосымша өңдеу әдістеріндегі болмашы айырмашылықтарды ғана атап өтуге болады. Мысалы, Мичурин, Дүзбай-6, Дачная тұрақтарындағы геометриялық нысанда қыстырмалар жоқ. Сонымен бірге бұлардағы қыстырма қалақшалар тым шағындығымен ерекшеленеді, сондықтан «микролиттер» деп аталған. Бұл ерекшеліктер аумақтық та, хронологиялық та бола алатын еді. Маңғыстау түбегінің мезолиттік мәдениетінің қалыптасуы туралы мәселе адамның Арал - Каспий су айырығын игеру тарихымен өзара тығыз байланысты. Маңғыстаудың мезолиттік тұрағы (Қызылсу-1 және басқалар) мен Солтүстік - Батыс (Айдабол тобы) және Оңтүстік - Батыс (Дефе - Шығанақ) Үстірттің соларға жақын ескерткіштері ұшты қырғыштардың үлкен тобымен, жиектері ұсақ оймалы және иілген қырғылармен, ассиметриялы және сирек болса да симметриялы трапециялармен, «шағын кескіштермен», кескіштермен, сабынан суарылатын жапырақ сияқты жебе ұштарымен, қыстырмалармен, ұшы қиғаш өткір бізімен, қалақшалармен және қабаттары өңделген ұшы бар сынық тастармен сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |