Той малы Той малы (дәстүр). «Жүз жылқы той малына кетіпті» (М.Ж.Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген « той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.
Күйеуаяқ Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.
Түйемұрындық Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.
Қыз қашар «Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.
Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.
5. Көшпелілердің астрология және медициналық жоралары.
Көшпелілер немесе көшпелі қоғам, көшпелі өркениет дегеніміз — негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып, күнкөрісінің көзі мал өнімдерінен тұратын, белгілі бір қалыптасқан жүйемен көшіп-қонып тіршілік ететін адамдардың әлеуметтік-экономикалық, саяси қауымдастығы және өркениеті.
Көшпелілер өркениетін зерттеу мәселелері. Көшпелілер туралы түсінік, алдымен отырықшы халықтар арасында қалыптасты. Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф тайпаларының тұрмысын мадақтап жазды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін басқа да антик тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі таза, қулық-сұмдықтан, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман қасиеттерінен ада болып көрінді.
Сонымен қатар көшпелілер туралы нашар түсініктер де сол ерте заманда-ақ қалыптасты. Көне Қытайда «көшпелілер — жабайы, мәдениеттің қас жауы» деген түсінік қалыптасты. Еуропада да көшпелі ғұндарды «тағы жабайылардың тұқымы, өркениеттің жауы» деп есептеді.
XVIII—XIX ғасырлардағы Еуропа ғалымдары да көшпелілер туралы өз көзқарастарын білдіріп отырды. Мысалы, Монтескъе көшпелілер қоғамын «әділетті, теңдікті қоғам» десе, Фергюсон,АдамСмит: «Көшпелілерде мүлік теңсіздігі, әлеуметтік теңсіздік ерте пайда болды», — деген. Ал философ Кант: «Мемлекеттің өзі көшпелілер мен отырықшы-егіншілердің өзара қақтығысынан, қорғаныс мақсатында пайда болды» деген тұжырым жасайды. Атақты философ Ф. Гегелъ: «Көшпелілерде әлеуметтік қарама-қайшылық болғанымен, мемлекет болған жоқ», — деп есептеген.
XX ғасырдағы Еуропа ғалымдарының көшпелілікке көзқарасы әртүрлі болғанымен, бұл қоғамның жағымсыз жақтарына ғана назар аудару басым болды. Мысалы, Ратцелъ, Гумплович, Торнвалъд, Тойнби деген ғалымдар: «Көшпелілер өз бетімен өркениет жасауға қабілетсіз, олар мемлекетті, басқа да өркениет жетістіктерін отырықшы елдерді жаулап алу арқылы ғана үйренді» деген тұжырымдар айтты. Олардық жолын қуушы қазіргі заманғы зерттеушілердің пікірінше: «Көшпелі қоғам — бұл бір орнында тоқырап, өз бетінше дами алмайтын, отырықшы мәдениеттің әсерінсіз өркениет жасай алмайтын — болашағы жоқ қоғам».
Көшпелілік кеңес ғылымында XX ғасырдың 20—40-жылдарынан бастап зерттеліп келеді. Бұл саладағы кеңес тарихшыларының еңбектерінде де маркстік-лениндік көзқарас басым болды, зерттеушілер, негізінен алғанда, көшпелілердің қоғамдық құрылысына ғана мән берді. Мысалы, А.П.Чулошников деген зерттеуші: «Көшпелілерде таптық қоғам болған жоқ, тек рулық қауым болды», — десе, П.Кушнер: «Көшпелілерде «рулық мемлекет», феодализмнің бастапқы нышандары ғана пайда болды», — дейді.
XX ғасырдың 30-жылдары С.П. Толстов пен Б.Я. Владимирцевтің көшпелі қоғам туралы пікірлері 60-жылдардың соңына дейін әртүрлі нұсқада қайталанып, дамытылып келді. СП.Толстовтың пікірі бойынша: «Көшпелілер отырықшы халықтар сияқты, алдымен құлиеленушілік, содан соң феодалдың қоғамды басынан өткізді. Бірақ көшпелілердің құлиеленушілік қоғамы әскери құлиеленушілік демократия немесе патриархалдық монархия түрінде құрылды». «Көшпелілердегі меншіктің негізі жер ме, мал ма?» деген мәселенің төңірегінде пікірталас жүрді. Бір топ еалымдар: «Көшпелілерде рулық қоғам қалдықтарымен араласқан феодалдың қоғам болды және феодалдық меншіктің жерге қатысты негізін жерге жекеменшік құрады», — дегенді айтты. Екінші бір топ зерттеушілер: «Еуразия көшпелілері патриархалдық-феодалдық қоғамда өмір сүрді, осы таптық қоғамдағы меншіктің негізгі түрі малға қатысты жекеменшік болды, ал жер рулық қауымның ортақ иелігінде болды», — деген пікірді ұстанды.