3. Қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнердің жағдайы.
Бүгінде халқымыздың қолөнері қарқынды дамып келе жатыр. Ұлттық қолөнер салт-дәстүрімізді жетілдіріп, мәдениетіміздің озық жетістігін көрсетуде. Халық өнерінің бай мұраларын сұрыптай отырып, заманымызға сай сапа, түр беру әдісімен оларды әрі дамыту, оны бүгінгі ұрпаққа меңгерту-игілікті іс. Осы жағынан алғанда ұлттық қолөнердің тәрбиелік, тағылымдық мүмкіндіктері жоғары, өйткені ұрпақ тәрбиесіне кешенді түрде әсер етеді, қабілеттерінің жетілуіне, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне көмектеседі.
Қолөнер-біздің рухани байлығымыз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, ол бірнеше ғылымдардың дамуынан пайда болған өнер туындылары.
Қолөнер кәсібі еліміздің экономикасын көтеруге ықпал етеді. Қазақ халқының қолөнері әлем халықтарына мақтанышпен көрсететін көрме. Оған дәлел-біздің киіз үйіміз бен оның ішіндегі көз жауын алатын сәндік қолөнер бұйымдарын тамашалаған шетелдіктер «Киіз үй-қазақ халқының шағын мұражайы» деп бағалаған еді.
Қазіргі кезде қолөнері қарқынды дамып ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. Ғасырлар бойы қалыптасқан пішіндер мен тәсілдердің бай мұрасы негізінде шеберлер қазіргі заманғы сюжетті композиция элементтерін көрсететін ағаш, металл, керамика, киізден жасалған ерекше шығармаларды дүниеге әкелуде.
Қазіргі заман суретшілері мен қолөнер шеберлері тері, ағаш, сүйек өңдеудегі ескі технологияларды меңгеріп, қайта жаңғыртуда. Солардың арқасында халық қолөнерінің көптеген сырлары белгілі болды. Осылайша көне бұйымдар көркемдігі мен әсерлігін жоғалтпай, қазіргі заманғы шеберлердің қолынан қайта жаңғыртылып отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысының шеберлері ұлттық дәстүрді жалғастыра отырып, тоқыма және киіз, кілем, алаша, басқұр, баулар тоқиды.
Өзіміздің Қызылорда облысы бойынша қолөнерімен айналысатын көптеген шеберлер бар. Олардың қолынан шыққан бұйымдары республикалық тіпті шет мемлекеттердің де көрмелеріне қойылған.
2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қызылорда қаласында Республикалық қолөнер шеберлері мен суретшілерінің симпозиумы болып өтті. Сол кезде де жерлестеріміздің қолөнер бұйымдары тамашалаған қонақтарды тәнті еткен болатын.