Тері түс киізі. Ол аттың терісінен жасалған. Теріге ою үлкен бір мәнермен, мазмұнмен әсем өрнектеліп түскен. Оның күрделілігі, сәнділігі мата, киіз түс киіздерден еш айнымайды. Зерлі тігіс орнына күміс нақыштар орнын тауып сәнді қолданылған. Түс киіздің күңгірт бірбеткей өңін жарқылдаған күміс ашып тұр. Осыдан қазақ халқының теріні де өнер ретінде ертеден игергенін білуге болады. Кейбір түс киіздердің шеті қымбат аң терісімен жұрындалған. Түс киіз бағасын бұл да арттыра түседі. Торсық жасағанда иі қанып, тобарсыған теріні ою-өрнекті ағаш қалыпқа қигізіп, ұрып бедер салады. Бедер түсіруші шеберлерді бедерші деп атаған.
Ата – бабаларымыз көшпелі мал шаруашылығымен өте ерте заманнан бері айналысып келген . Сол бағзы замандардан бері халық шеберлері мал мен аңның терісін, жүнін, мүйізін, сүйегін, тұяғын, құйрық – жалын үлкен шеберлікпен ұсатып, олардан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін, ыдыс- аяқ, тағы басқа толып жатқан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Әрбір іске әр түрлі терілер пайдаланылған. Шеберлер оның әрқайсысына өзінше атау берген. Мысалы, ірі қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылғандықтан, соған қарай : сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атайды да, әр терінің өн бойы - жондық, қабырғалық, үйектік, пұшпақ, мойын деген бөліктерге бөлінеді. Жылқы терісін : бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терілерін: атан терісі, бота терісі деп екіге бөледі. Атан терісі, өгіз терісі және олардың жондықтары қол істеріне ең қолайлысы. Қой терілері : жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ терісі, сеңсең тері, елтірі, мари, жылбасқа деп бөлінеді. Осы терілер киім түрлерінің барлығына жарай береді. Ешкі терісін: жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, мари терісі деп бөледі. Ешкі терілері өте төзімді, берік келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киімдер тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды. Теріні бояу тәсілдері. Иі қанып, керіліп, созылған, талқымен созғыдан өтіп, сүргіленген тері аппақ әрі жұмсақ болады. Бірақ ақ тері кіршең келеді. Сондықтан, теріні табиғи бояулармен бояуды халық шеберлері өте ерте замандарда-ақ меңгерген.
Семіз малдың терісі майлы болады. Майлы теріні бояу қиынға түседі. Сондықтан терінің майын сорғыту үшін бор, сор, күл, т. б. сеуіп бірнеше тәулік ұстаған жөн.