– Шығармашылықпен айналыстым дедіңіз. Кітаптарыңыз бар ма? – Көп жазғаным жоқ. Көп жазуға уақыт та болмады. Балаларды жеткізу керек еді. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Мараттың таңдауы» деген кітабым 200 000 данамен шықты. Балама арнап жазған «Бөбегім» деген өлеңім бар еді. Соған Б.Байқадамов ән жазды. Бір күні маған Байқадамовтың әйелі Валентина Панфилова хабарласып: «Ертең сізді күтеміз, бізге бір өлең жазып беріңіз, балаларға арналған ән дайын» деді. Менен қандай автор шығады? Алғашқыда тіпті сенбедім. Шақырған соң бардым. Бақытжан қарсы алды. Әзілдейін деп отырған түрі жоқ. Не керек, сонымен өлең де, ән де шықты. Жамал Омароваға беретінін айтқан соң, үйге қайтып кеттім. Бір күні Жамал Омарова қоңырау шалды: «Әй, сен Жұматовамысың?». «Иә». «Үйге жет. Өлеңіңді Бақытжан берген. Орындаймын». Қазіргі Қабанбай көшесінде бірінші қабатта тұрады екен. Айтқан адреске келсем, ашық терезеден музыка ойнап жатыр. Тыңдасам, Жамал Омарова: Өр Алтай, асқан Алтай, асқар Алтай, Анамдай әлпештеген жастан Алтай. Суы бал, көдесі май, жері майса, Ағызған сары алтында тастан Алтай, – деп «Алтайды» айтып тұр. Терезесінің алдында үнсіз ән тыңдап тұрмын. Бір мезгілде менің «Бөбегім» деген өлеңімді айтты: Қызыл гүлдей жайнап өскен балалар, Бақытты ғой сені тапқан аналар. Ұлы анаң – сүйікті Отан бөбегім, Саған қамқор Қазақстан елің бар. Әй-әй, бөбегім, әй-әй бөбегім, Еске сақта анаңның, Сүйіп айтқан өлеңін. Мамаң сенің еңбек сүйген жасынан, Әкең сенің ерлік даңқын асырған. Кәрі әжең мақтанышпен айтады, «Айналдым» деп бұл тамаша ғасырдан. Әй-әй бөбегім, әй-әй бөбегім, Еске сақта анаңның, Сүйіп айтқан өлеңін. Бүгінгі жас ертең жігіт бөбегім, Қуанышым, жүрегімдей көремін. Ер жеткенде еске сақта жан сәулем, Анаңның бұл сүйіп айтқан өлеңін. Әй-әй бөбегім, әй-әй бөбегім, Еске сақта анаңның, Сүйіп айтқан өлеңін... Жамал Омарова менің өлеңімді айтып болғаннан кейін есікті қақтым. Кірсем, үйде Шара Жиенқұлова пианинода ойнап отыр екен. Мен барғаннан кейін бұл өлеңді қайталап айтты. Соғыстан кейінгі кез, ешкімде ештеңе жоқ. Бір көйлек тапсақ ат мінгендей қуанатынбыз. Кетерде маған бір керемет мата берді. Ой қуанғанымды көрсең, ал мен ақымақ басым құр қол барған едім. Шынымды айтсам, өлеңімді Халық артисі айтады деп ойламадым.