– Күйеуіңіз туралы да айтып өтсеңіз... – Күйеуім Әубәкір Жұматов деген ғажап адам болды. Анадан, әкеден ерте айырылып, солардан көрмеген мейірім мен жақсылықты күйеуден көрдім. Атымды атамай «Жанием» дейтін. Ой, ол кез қандай кез еді?! Махаббаттың төресін көрдім ғой. Бірақ бәрі қас-қағым сәтте-ақ екен. Бірінші күйеуіммен сегіз жыл ғана тұрдым. Ол отыз екі жасында, соғыс уақытында қайтыс болып кетті. Жиырма бес жасымда бір ұл, бір қызбен қалдым. Қызым Меруерт – педагог, қазір мені бағып-қарап отыр. Ұлым жастай кетті. Екінші жолдасым Әубәкір Жұматов. Ауыл шаруашылығы институтында көп жыл ректор болды. Мен тұрмысқа шыққанда оның бір ұл, бір қызы бар еді. Төрт балам бар деп отырғаным сол. Мен күйеуден көп нәрсе үйрендім, тәрбие алдым десем де болады. Сабыр сақтауды, мақсат қоюды, иманды болу, адалдықты үйрендім. Ақша, дүние деп өмір сүрмедім, дүние жинаған адам емеспіз. Жұматовқа тұрмысқа шыққанда қайын атам Академияда бөлім басқаратын, білімді адам еді. «Ағат деген не? Қанат деген не? Сағат деген не? Жанат деген не?» деп біздің тойда сөйледі. Сосын сөзін сабақтап: Екі кісі ұрысса – Ағат емей немене?! Екі жақсы сөйлессе – Сағат емей немене?! Тоқтышақтың терісі Тоңдырмаса суыққа – Жанат емей немене?! Мінген атың болдырмай, Мәре жерге жеткізсе – Қанат емей немене?! Адал болса алған жар Ханым емей немене?! Жайлы болса мінезі – Жаның емей немене?! – деп айтқаны құлағымда қалып қойды. Мақсатсыз өмір – өмір емес, балам, адамда мақсат болуы керек. Күйеуім көп жыл ректорлық қызмет атқарды дедім ғой, Қонаевтың қабылдауында болған. Жағдайын сұрағанда сегіз баланы өсіріп жатқанын айтқан екен. Сонда Димаш ағамыз: «Ой, мұның жақсы екен. Оның үстіне жиырма жылдай ректор болдың, 8 балаң болса, саған 8 бөлмелі үй береміз» депті. Үлкен үйден 8 бөлмелі пәтер берді. Бәріміз сонда тұрдық. Сөйтіп жүргенде күйеуім 49 жасында қайтыс болды. Сегіз баламен сегіз бөлмелі үйде қалдым. Телевизияның айлығы аз, ештеңеге жетпейді. Сол сегіз бөлмені балаларға бөліп бердім. «Радиода қалыңыз, диктор болыңыз» деген ұсыныс айтты. Мен қалмадым, басқа салаға кеттім. Күйеуім барда ешкім кемітпеген, қайта маған еліктеген еді. Одан кейін жұрт тексере, сынай бастады. Арқама батқан аязды ешкім еріткен жоқ. Біздің уақытымыздағы интеллигенция мүлдем басқа еді, жақсысы да, жаманы да болды. Сынақтың өзі бірінен соң бірі келе ме, қайдам, ауыр сәттерді басымнан өткіздім... Жаңа жыл жаңа қайғы ала келді. Дабылын жамандықтың қаға келді. Жайраңдап, қарсы алам деп отырғанда, Көзімнен ыстық жасым аға берді. Кім қуанар алтын күннің батқанына, Кім қуанар жалғыз ұлын атқанына. Әкесінен бір жасында қалған ұлым жау қолынан қапияда қаза тапты, Мектептен үйге қайтып келе жатқанында. Зарладым, жоқтадым. Опера театры, драма театры, телевидение, апыр-ай біздің уақыттағы адамдар, ақындар, жақындар бәрі де келді. «Өлем» дедім. Сонда Қайнекей Жармағамбетов: «Өмірде өлу оңай, тұру қиын. Өліпті дей салады артта жиын. Онымен сен нені дәлдейсің? Өмірден түңілуге болмайды. Артыңда тағы балаларың бар, қақың бар батырланып жүгіруге. Сенің атыңды Зұлқия деп атамай, күйеуің «төрем» деуші еді. Солар саған сеніп кетті. Тый көзіңнің жасын. Біз қайғыңды бірге көтереміз» деп жұбатты. Содан біраз уақыт өткен уақытта Шолпан Жандарбекова келіп, «Мен үлкен мейрамханада 200 кісі шақырып той жасағалы жүрмін, сенің бүк түсіп жатысың мынау. Халықпыз, қайғыңды көтерісеміз, тұр. Тойға жүр» деді. «Елді білмейсіңдер ме? Бала өлгенде той тойлағаны қалай деп ертең мені жамандап, газетке, журналға жазады, жер бетінде менен жаман әйел болмайды» деп, бас тарттым. «Жаза берсін» деді Шолпан Жандарбекова. Әлгі тойға алып барды. Менің айтқанымдай-ақ, әртүрлі сөздер айтылды. Бауыржан Момышұлымен жақсы араласқан едім, әйелі Ғайникамал досым болатын. «Жезде, мен жөнінде өсек жазыпты» дегенімде, Баукең: «Мен жөнінде жүз тоқсан өсек бар, соның екеуі ғана дұрыс. Өздері айырып алады ғой, оның несіне қайғырасың?» деді.