Зұлқия Мұқанқызы Жұматова 1920 жылдың 20 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Алматы телестудиясы ашылған 1958 жылы дикторлыққа жарияланған конкурсқа қатысып, 750 адамның арасынан үздік шығады.
Қазақ телевизиясының ардагері тұңғыш диктор Зұлқия Жұматова 100 жасқа толды. Қос ғасырдың куәсі сонау 60 жылдары алғаш рет телеарна табалдырығын аттаған болатын. Жарты ғұмырын осы салаға арнаған ардагер жазушы Мұхтар Әуезовтің көзін көріп, сұхбат алған. Ал сол кездегі режиссер Шәкен Айманов Зұлқия Мұқанқызын дикторлыққа 750 үміткердің ішінен таңдап алған екен.
Өлең оқуды жаны сүйетін Зұлқия Жұматованың дәл осы туындысы телевизия саласына жетеледі. Өйткені, Шәкен Айманов үміткердің даусы мен мәнеріне жоғары баға берген еді. 1958 жылы балалар бағдарламасына редактор болам деп келген ол 37 жасында ойламаған жерден диктор атанады.
Зұлқия Мұқанқызы - дикторлық дәуірдің дара тұлғасы. Оның саналы ғұмыры көрерменнің көз алдында. Көптің ықыласына бөленген ол халқына қашанда тілекші.
– Менің Қазақ телевизиясына келуімнің өзі бір үлкен әңгімеге жүк боларлық оқиға.1958 жылы елімізге бәрімізді ерекше қуанышқа бөлеген жақсы хабар келді. Газеттен, радиодан «үйлеріңізде теледидар болады, жер-жаһандағы барлық жаңалықтарды көріп, тыңдай аласыздар, кинофильмдер көресіздер, әдебиет пен мәдениет жайлы мол мағлұматқа қанығасыздар» деген хабарлар таратылды. Бастапқыда мен бұл жаңалықты аса елеген жоқпын. Бірер күннен кейін телевидениенің ашылуына байланысты диктор таңдаймыз, соған байқау жарияланады дегенді құлағым шалды. Ол кезде менің өлең жазып, аз-кем аудармамен айналысатыным бар еді. Үйде жас балаларым болды. Артынан ойланып отырып телеарна болған соң ол жерде шығармашылық редакция болады. Өзім балалар туралы өлеңдер жазам, балалар бағдарламаларының біріне хабар дайындайтын редактор керек шығар, бәлкім, жұмысқа тұрып жолдасыма қолғабыс болармын деп сонда бардым. Алайда диктор болам деген ой түсіме де кірген емес. Ол кезде жасым отыздың үстінде еді. Барсам, аула толы байқауға бағын сынауға келген мыңға тарта қыз-келіншек. Бәрі әдемі, бәрі жас. Сол жердің тәртібін қадағалап жүрген жас жігітті шақырып, «қалқам, мен осында жұмысқа тұрсам» деп едім, «кімге жолықсам болады» деп сұрадым. «Ой апай, мына дикторлар байқауы бітпей ешкімді қабылдамайды, барлығы соның жұмыстарымен жүр» деді. Мен қарап тұрып телевидениеге қызығып кеттім. Содан бір бұрышта теледидар тұр екен. Қарама-қарсы тұрсаң өзіңді көрсетеді. Мен қалай көрінеді екенмін деп теледидар алдына тұра қалдым. Кенет үстіңгі қабаттағы пульттан «Сіз кім боласыз, фамилияңыз кім?» деген ер адамның даусы естілді. Мен еш саспастан «Атым Зұлқия. Тегім Жұматова» деп жауап қаттым. Әлгі кісі «Қайда жұмыс істейсіз, немен шұғылданасыз деп?» қайыра сұрақ қойды. Мен өзімнің аудармамен айналысатынымды, көңілдің кейбір сәттерінде өлең жазатынымды, «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген алғашқы өлеңіме Бақытжан Байқадамов ән жазғанын, оны Жамал Омарова орындайтынын, сегіз баланың анасы екенімді, жолдасым Ауыл шаруашылығы институтында жұмыс істейтінін айттым. «Ендеше өз шығармашылығыңыздан бір өлең оқып беріңізші» деді. Мен іркілместен:
Анам менің барғанда бір кір жуа,
Бұрқап жатқан долы Ертістің суына.
Мен де бардым көпке дейін бірақ та,
Түсіне алмай тұрдым толқын шуына,
деп басталатын өлеңімді оқи жөнелдім.
Кімнің сөзі мақсат не ол жырдағы,
Түсінбеп ем жас едім ол жылдары.
Абай атам Пушкин болып жырлаған,
Татьянаның әні екен ол қырдағы,
деп соңғы шумағын оқығанымда сатырлаған шапалақ үні естілді. Риза болған үнмен «сіздің орысшаңыз қалай?» деп сұрады. Мен болсам жаңағы өлеңімнің өзім аударған орысша нұсқасын жатқа оқып бердім. Кенет сәл үнсіздік орнады да, Мәдениет министрлігінің өкілдері бастаған комиссия мүшелері ақылдасқан болуы керек, «сіз бірауыздан қабылдандыңыз» деді. Артынан білгенімдей бағанадан бері менімен тілдесіп тұрған атақты Шәкен Айманов екен. Қасыма келіп ризашылығын білдірді. Міне, дәл осылайша, қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор болу бақыты менің маңдайыма бұйырды.
Диктор Юрий Гагаринның ғарышқа ұшқаны туралы қазақ көрерменіне алғашқы болып хабарлады. Алматы телестудиясында қызмет еткен жылдары көпшілікке бұдан өзге де маңызды ақпараттарды үздіксіз жеткізіп тұрды. З.Жұматова мен әріптестерінің еңбегіне советтік әйгілі диктор Ю.Левитан: «Совет одағындағы ең үздік дикторлық топ – алматылықтар» деп жоғары баға берген.
20- ақпанда Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 101 жасқа толды. Ол 1920 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартқан Зұлхия іні-сіңілілеріне бас-көз болды. Соғыс жылдары зауытта жұмыс істеп, тылда жан аямай еңбек етті. Тұрмыс құрып, екі бала сүйді.
Шығармашылыққа жастайынан құмар болған Зұлхия Мұқанқызы өлең мен әңгімелер жазып, балалар әдебиетінің алтын қорын қалыптастыруға зор үлес қосты. Аударма ісімен де айналысты. Шығармашылық қабілетін дамытты. Өлеңдері республикалық газеттерге тұрақты басылып тұрды
Абай атам Пушкин болып жырлаған, «Татьянаның әні екен ол қырдағы». Пульттен Шәкен Айманов айғайлап: «Орысшаңыз қалай?» деді. «Орысша да білемін»... Абайға арнаған өлеңімнің орысша аудармасы бар еді, соны оқып бердім. Бір кездері №16, №14 мектептерде орыс тілінен сабақ та берген едім. Абайға арнаған өлеңім сол кездегі «Социалистік Қазақстан», аудармасы «Казахстанская правда» газетінде жарық көрді. Сонымен, сол күні бағым жанып, диктор болып шыға келдім. Ол кезде отыз бес жастамын. Тәрбиемде сегіз бала, төртеуі өз балам, төртеуі соңымнан ерген бауырларым. 1958 жылы, 8 наурыз күні Алматы телестудиясы эфирде өз жұмысын бастады. Алғашқы сөзім «Кеш жарық!» болды. Дикторлар көрермендерді екі тілде құттықтады. Қазақша – мен, орысша Нелли Омарова құттықтады. Телевизия саласында он екі жылдай жұмыс істедім.
Бір күні директор: «Мәдениет министрі шақырып жатыр» дейді. Шошып кеттім. Бірнәрсені бүлдірген екенмін деп ойладым. Барсам «Мәскеуде Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің күні өтеді, соған барасыз. Жақсы дикторсыз, Мәскеуден абыроймен қайтарсыз» деп құжат берді. Ол жақта да жаңалық жүргіздік, сюжет те жасадық. Оны Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, тағы басқа барлық үкімет басшылары көріпті. Мәскеуде қазақ студенттері көп екен. Сөйтіп жүргенде басшылар М.Әуезовтен бата аламыз деді. Ол сұхбатты Совет Масғұтов екеуміз жүргіздік. Совет бір алтын адам еді, өзімнің баламдай болды. Өмірден ерте өтті, көз жұмғанда еңіреп жыладым. Ол мені «Жұматова» немесе «Зұлқия» деп атымды бір атаған емес. «Апа», «апа келді» дейтін. Мен ұдайы толқып жүремін, эфирге шығарда «апа, толқымаңыз» деп әрдайым дем беріп отыратын. Мұхтар Әуезов келе жатқанда «заңғар жазушыға қалай сұрақ қоямын» деп жүрегім дүрсілдеп, қатты толқыдым. Сұхбатымыз жақсы өтті, жаңылғам жоқ. Мұхтар Әуезов қолын жайып бата берді. «Асылкеш» деді, мен түсінбей, «Мұқа, асылды түсіндім, кешті түсінбедім» дедім. «Қырғызша «Асылжан» деген сөз, асылжансыңдар» деді
Тікелей эфирді жүргізгендіктен, өзімді эфирден көрген жоқпын. Үйге кеш қайтатынбыз, бір күні қараңғы болған соң, бір әріптесім, дыбыс режиссеріне үйге дейін апарып салшы дедім. Күйеуім түнге қалма дейтін. Екеуміз келе жатсақ, күйеуім қарауылдап балконда тұр екен. «Кеш қалма деп едім ғой. Өзің кавалермен келесің ғой» деді. Мен «Кавалер емес, контролермен келемін» дедім. Қызғанды. Балалар «жұмысқа баршы, сені телевизордан көрсете берсін» дейді. Өзіме де жұмыс өте ұнайды, шығармашылықтың адамымын ғой. Дүние жинау дегенді түсінбеймін. Өміріңде, жүрегіңде махаббат болса болды. Адамды сүю, жақсылық істеу – ол менің ұстыным. Сондықтан жүзге келген шығармын.