Байланысты: Диссертация Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы-emirsaba.org
«Субъект – прагмалингвистиканың негізгі категориясы» деп аталатын екінші тарауда
медиа-мәтін арқылы жүзеге асырылатын бұқаралық коммуникация түрі адресант – адресат қостағаны аясында қарастырылды. 2.1 және 2.2 тармақтарда адресанттың прагматикалық
ұстанымдарының газет мәтініндегі көрінісі анықталды. Яғни медиа-мәтіннің тақырыптық
ұйымдастырылуы мен құрылымдық ерекшеліктері анықталып, жалпы газети мәтіннің
ақпараттық-мағыналық кескіндемесінің жобасы жасалды. Зерттеушілер
прагматиканы
коммуникатор прагматикасы және реципиент прагматикасы деп
жіктейді. Мәтінді түзуші коммуниканттар өз мәтінімен бірге сол кезеңге, нақты ситуацияға,
белгілі бір тілдік контекске, қандай да бір тілдік жүйеге тән алуан түрлі мәтіндерді
де интерпретациялаушы болып табылады. Өз хабарламасының екіжақты түсінілуі мүмкін
екендігін білетін коммуниканттар айтылымда осы екіжақтылықтың болуын жөн көріп, ойын
соған бейімдейді немесе онда екі ұштылықтың болмауын көздеп, мәтіннің бір ғана мәнде
түсінілетіндей болып құрылуын қадағалайды [2]. Біз газет мәтінін журналист пен оқырман
арасындағы көпір рөлін атқаратын күрделі коммуникативтік құбылыс деп танимыз. Ол (мәтін)
қоғамдағы белгілі бір саяси топтардың, газет редакциясы басшылығының, тағы басқа да
мүдделі тұлғалардың саяси тапсырыстарын жүзеге асырады. Бұл – көбінесе қоғамда
қалыптасып саяси ахуалды халықтың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін және ұлттық мүдделерді
ескере отырып интерпретациялауға қатысты мәселе. Сондай-ақ, газет мәтінінде арнайы
контекст жасау үшін қолданылатын айрықша тілдік механизм жұмсалады.
Аудиторияның мәтінді барынша дұрыс түсінуі үшін адресант ақпаратты жеткізу барысында
оқырман қауымның қажеттіліктерін, мүдделерін, білім деңгейін, әлеуметтік ұстанымдарын
ескереді. Сөз субъектісі коммуникативтік ниетін жүзеге асыру үшін мәтін түзбес бұрын
адресаттың а) тілдік біліміне, ә) дәстүрлі біліміне сүйенеді [5,250]. Осыған
байланысты мәтіннің прагматикалық сипаттамасын арнайы қарастыру қажеттілігі
туындайды. Өйткені мәтіннің прагматикалық компоненті тілдік құралдардың жұмсалуына
қатысты заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Газет мәтінінде адресанттың белгілі бір прагматикалық ұстанымы көрініс табады.
Зерттеушілер оны 3 түрге жіктейді: