ағаш атаулары: қайың, қарағай, мойыл, емен, тобылғы, шырша;
киіз үй атаулары: шаңырақ, туырлық, кереге, уық, бақан;
жұмыс құралдарының атаулары: күрек, балта, балға, ұршық, құрық, пышақ, біз;
сапалық, сындық, атаулары: жақсы, жаман, жеңіл, ауыр, қатты, жұмсақ, жылы, суық т. б.
НЕГІЗГІ СӨЗДІК ҚОР 1. Негізгі сөздік қорға тән басты белгі — тұрақтылық. Оған бірнеше ғасыр бойы өмір сүріп, барша ұрпақ үнемі қолданып келе жатқан сөздер кіреді. Осы күнгі қазақ тілінің негізгі сөздік қордағы көптеген сөздерді бұдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған ескерткіштерден кездестіруге болады. Мысалы, Ү ғасырдан қалған Талас ескерткіштерінде: ат, ер, сіз, тул, отыз, уғлан, өзім, көк, боз, ұлығ, кішіг, оң, теріс, ат, күн, қыз, бар, кел, оқы, біл, оң, алты, отыз т. б.; XI ғ. Қашғаридың сөздігінде: мен, сен, ол, екі, уш, алты, тоғыз, ат, өгіз, қой, ай, күн, тун, теңіз, ақ, қызыл, қара, бар, кел, оқы, өкін т. б. сөздер сақталып қалған. Негізгі сөздік қордың тұрақтылығы жайында сөз болғанда, мынандай жайт есте болуы керек. Негізгі сөздік қордың тұрақты сипаты бар дегенге қарап, ол тіпті де өзгермейтін құбылыс деп ұқпау керек. Сөздік құрамның дамуы барысында негізгі сөздік қор баяу болса да өзгеріске ұшырайды. Қазіргі тілдің негізгі сөздік қор — тарихи дамып отыратын категория, ол бірнеше ғасырдың жемісі. Сондықтан негізгі сөздік қор тек бір буынды сөздерден тұрады деп ойлауға болмайды. Оған неғұрлым кейін пайда болып, жалпыхалықтық сипат алған, қазақтың байырғы сөздері, кейбір кірме сөздер де кіреді (жоғарыда келтірілген мысалдарды қараңыз). НЕГІЗГІ СӨЗДІК ҚОРДЫҢ БАСТЫ БЕЛГІЛЕРІ
БАСТЫ БЕЛГІЛЕРІ
2. Негізгі сөздік қорға тән екінші басты белгі - оның сөз тудыруға ұйытқы болатындығы. Негізгі сөздік қор болмаса, сөздік құрам молайып байымас еді. Әсіресе негізгі сөздік қордағы бір буынды түбір сөздерден қаншама сөз жасалып отырған. Мысалы, бір-біріне жақын екі мағынада қолданылатын күн сөзінен әр түрлі сөзжасам тәсілдері арқылы: күндіз, күнгей, күнсу, күнім, күнелту, күндес, күншіл, күндеу, күнделік, күн ұзақ, күн ілгері, күн бұрын, күн шуақ, күншығыс, күнбатыс, күнбағыс, күн тәртібі, күн көру, күн ара т. б.; жер сөзінен: жершіл, жергілікті, жерлеу, жерлес, жерсіну, жерсіз, жермай, жер- төле, жеркепе, жер шары, жер ошақ, жер серігі, жер үй, жерұйық т. б. сөздер жасалған. Жоғарғыдағы мысалдарға қарап, тек бір буынды түбір сөздер ғана сөз тудыруға қабілетті екен деп ойлауға болмайды. Бірқатар туынды сөздер жаңа сөз жасауға негіз бола алады. Мысалы, ек сөзінен туған егін сөзінен егінші, егіншілік, егіндік; жи сөзінен жасалған жинақ сөзінен жинақты, жинақтылық, жинақы сияқты сөздер туған. Негізгі сөздік қорға енетін сөздердің сөзжасам қабілеті де бірдей емес. Мысалы, өте көне замандардан белгілі екеніне қарамастан, сан есімдерден туған сөздер өте аз. Ал зат есім мен етістік түбірлердің көпшілігі сөзжасамда аса өнімді қызмет атқарады.