Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, « Латын әлібиіне көшу – заман талабы» деген тақырыпта эссе жазыңыз.Эсседегі сөз көлемі 170-200 сөз болу керек.
Тіл – адамзат өмірінде қуатты қоғам құру үшін маңызды құндылықтардың бірі. Сол себепті біздің елімізде де, ортақ әліпбиге көшу мәселесі қаралып жатыр. Яғни туытас мемлеккеттердің барлығы көшіп жатқан латын әліпбиіне көшу туралы жобаға қол қойылғанын білеміз.
Латін әліпбиіне көшуді жұртшылық бірден қолдап кеткен жоқ. Қазіргі заманда латын әліпбиіне қатысты мәселеге кереғар пікірлер де айтылып жаты. Дегенмен, латын әліпбиіне көшу – заман талабы.
Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу бізді сауатсыздықтан құтқарады. Қазір бі мемлекетте тұрып екі әліпбиді қолданып отырмыз. Жастарымыз сауатсыз сөйлеп, сауатсыз жазады. Ал, латын әліпбиі бізге сауаттылықты қайтарады. Сонымен қатар, бұл әліпбиді қазақ жазуы басынан өткізген, 1929-1940 жылдар аралығында елімізде осы әліпбиді қолдандық. Зиялы қауымның жазып кеткен қолжазбаларының көпшілігі латын әліпбиімен жазылған.Латын әліпбиі әлемге танымал жазудың бірі екенін білеміз. Одақтас елдер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латынға толықтай көшіп кетті.
Латын әліпбиіне қарсы пікір айтушылар да бар. Олар латынға көшу қиындық тигізеді, ол үшін оқулықтар мен кітаптардың барлығын қайта жазып шығуымыз керек деген пікірді айтып отыр. Меніңше, латынға көшу дұрыс, себебі бір ел болып бір ғана әліпбиді қолданамыз. Латын әліпбиі әлемге танымал екенін ескерсек, осы арқылы өзіміздің ұлттық мұрамызды өзге халықтарға да таныта аламыз. Ол үшін латын әліпбиіне кіретін әріптерді дұрыстап, бекітіп, сол тілде оқытатын мамандарды әзірлеуіміз керек. Осыған орай, елімізде түрлі іс-шаралар жүріп жатыр. Тағы да латын әліпбиіне көшу бізді кириллицадан құтқарады, сауатсыздықтан сақтайды. Осы идеяны кезінде Ахмет Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов қолға алып, бастама жасаған. Ұрпақ сауаттылығы ғана емес, қоғамның сауаттылығы үшін, жаһандық озық елдер қатарына кіруіміз үшін бұл әліпби ауадай қажет деп түсінемін.
Қорыта айтқанда, басты байлық ана тіліміздің құнары сақталуы үшін, көне жәдігер мұраларымызды болашақ ұрпақ игілігіне жарату үшін лаьын әліпбиіне көшуді қолдаймын!
Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікіріңізді пайдаланып, "Биотехнология жетістіктері адамзатқа не береді?" тақырыбында эссе жазыңыз.
Биотехнология заманауи биологияның бір бөлшегі ретінде дамып келе жатыр. Оның адамзатқа әкелер пайдасы өте көп. Биотехнология түрлі өндіріс мәселелерін шешуде мағызды рөл атқарады.
Биотехнология – түрлі энергия көздерін табуға, экологияны жақсартуға, адам жұмысы мен шығындарды азайтуға, жаңа өнім шығару әдіс-тәсілдерін ұсына алатын заманауи технологияның бірі.
Ең алдыменен, биотехнология қосымша баламалы энергия көздерін табуда тиімді. Мысалға, биотехнологияның көмегімен өсімдік майларынан жанар-жағармай алуға болады. Біз жанар-жағармай түрлерін мұнайдан аламыз, ал мұнай – сарқылатын энергия түрі, ол қайтадан қалыпқа келмейді. Сонымен қатар, мұнайдан жанар-жағармай өндіру экологияға зиянын тигізеді. Ал, егер де өсімдік майларынан жанар-жағармай алатын болсақ, ол табиғатқа да зиянсыз, өсімдік – қалпына келетін ресурс түрі.Биотехнологияның жетістігінің беретіні осындай зиянсыз, шығынсыз жолмен адам қажеттілігін табу деп санаймын.
Бұрындарда ата-бабамыз күнделікті өмірде сүт өнімдерін тұрмыстық қажеттілікке қолданған. Мысалы, тері илеуде айранды, сүт қышқылдарын түрлі заттар жасауда қолданған. Қазір биотехнологияның көмегімен өте бағалы биологиялық белсенді заттар алуымызға болады. Мысалға, гармондар, ферменттер, витаминдер, антибиотиктер, органикалық қышқылдарды және дәрі-дәрмектерді алуға болатынын білеміз. Мұның бәрі адамның денсаулығына, өмір сапасына оң әсер береді. Биотехнология әдісімен өңделген кейбір микроорганизмдер ауыр өнеркәсіптегі металл өңдеуден шығатын зиянды қоқыстарды тазартуда қолданылады. Яғни, экологиялық мәселелерді шешуде де шешуші рөл атқарады деп санаймын.
Елімізде биотехнология қарқынды дамып келе жатыр. Жоғарғы оқу орындарында биотехнология мамандарын дайындайтын факультеттер ашылды.Биотехнология маманы болашақта сұранысқа ие мамандықтардың қатарында тұр. Өйткен бұл маман иелері адамзат өмірінің дамуына, ілгерілеуіне өз үлесін қосатын болады. Биотехнологияның жетістіктері барлық салада көрініс беруде. Әсіресе, медицина саласында және ауылшаруашылық саласында тиімділігі аталып жүр. Егер де биотехнология ғылымының жетістіктерін үздіксіз дамытып отырсақ, болашақта экологиялық проблема болмайды, табиғи қорлар сақталады, сулар мен жан-жануарлар ақырындап қалыпқа келеді, адамның өмір сүру жасы ұзарады деп ойлаймын.
Қорыта келгенде, биотехнология жетістігі адамзат әлемінің жеңісі мен жемісі деп санаймын. Ол адамзатқа сапалы, бай-бақуатты, жарқын болашақты сыйлайды.
Тапсырма. Мәтіндерде берілген фактілерді пайдаланып, «Табиғи ресурстарды тиімді пайдаланбау салдары адамзат үшін қаншалықты қауіпті?» деген тақырыпта эссе жазыңыз (170-200 сөз).
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану неліктен маңызды деп ойлайсыз?
Табиғи ресурстар жердің астындағы, үстіндегі байлық – адамзатқа берілген үлкен сый деп ойлаймын. Алайда, табиғат ресурстары сарқылады. Осыған орай, оларды қалыпқа келетін, қалыпқа келмейтін ресустар деп бөлеміз.
Табиғат ресурстарын үнемді қолданбау адамзат үшін өте қауіпті деп санаймын.Қазіргі уақытта оның зиянын көріп отырмыз. Осының салдарынан ғаламдық климаттық өзгерістер, кейбір ресурстардың сарқылуы, экологиялық апаттар орын алып жатыр.
Ең, алдымен, табиғат ресурстарын тиімді қолданбау өсімдіктер мен жануарлар әлеміне зардабын тигізуде. Олардың кейбір түрлері құрып кетудің аз-ақ алдында қалып, «Қызыл кітапқа» енгізілді. Осылайша, қорғауға алынып, қамқорлық жасалып жатыр. Дегенмен, өсімдіктер мен жануарлар – қалыпқа келетін табиғи ресурстар.Бірақ та, адамдар мен табиғат арасында тепе-теңдік бұзылса, тұрмысымызға да нұқсан келеді. Өсімдіктер әлемі азайса, ауаға тарайтын оттегі азаяды, озон қабатындағы өзгерістер осындай үйлесімділіктің бұзылуынан деп ойлаймын.
Сонымен қатар, жер қойнауындағы табиғи ресустар азайса, олар қалыпқа келмейді. Олардың сарқылуы экономиканың құлдырауына әкеп соғады. Адамдардың әлеуметтік жағдайы төмендеп, тіптен аштық болуы да әбден мүмкін. Ауызбірлікті жойып, адамдардың адами мінез-құлқын, болмысын да өзгертеді.Мұны тарих беттерінен оқып жүрміз. Сол себепті, өзіміздің ресурстарымызды үнемді қолданып, баламалы энергия көздерін тауып, жаңа биотехнология жаңалығын енгізуіміз керек.
Тағы да ақпарттарда айтылғандай, ресурс көздерін үнемдеу үшін түрлі акциялар мен жобалар өткізуімізге болады. Елімізде «Жасыл ел» бағдарамасы жүзеге асып, жаппай ағаш отырғызу айлығы болды. Бұл ағаш қорымызды сақтауға септігін тигізеді. Жоғарыда айтылған «Жер сағаты» акциясы электр энергиясын сәл де болса үнемді жұмсауға шақырады, тағы да қоқыс өңдейтін зауыттар ашып, оны да пайдаға жаратуға болады. Ол үшін жаңа технологиямен қаруланған мықты мамандар керек деп білемін.
Қорыта келгенде, табиғи ресурстарды тиімді қолдану адамзаттың өмірін сақтайды, әл-ауқатын көтереді деп түйіндеймін.
Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, «Бүгінгі жастардың бабалар аманаты алдындағы басты парызы не деп ойлайсың? » деген тақырыпта эссе жазыңыз.
Эсседегі сөз көлемі 170-200 сөз болуы қажет. /20/
Ұлан-ғайыр жерімізді мекен еткен бабаларымыз бізге тарих пен шежірені, тіл мен дінді, Ұлы Даланы, салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды аманат етіп қалдырғанын білеміз. Ол аманатқа қиянат жасамау – біздің басты парызымыз.
Бүгінгі жастардың бабалар аманаты алдындағы басты парызы – тарихты құрметтеу, өз тегімізді білу, салт-дәстүрімізді ұлықтау, ана тіліміздің шұрайын бойымызға сіңіру, ұлы тұлғаларымызды дәріптеу, жерімізді көз қарашығындай сақтау және ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген Тәуелсіздігімізді мәңгілік ету.
Ең алдымен, өзімізді тану үшін тарихымызды тануымыз керек деп ойлаймын. Ата-бабамыз: «Тегін білмегенді тексіз»,- деген. Біздің халық текті, намысты, ар жолында жанын құрбан еткен. Басты парызымыздың бірі – тарихымызды оқып, болашаққа игілігімізге жарату, ғасырларға қаз-қалпында жеткізу. Ол үшін не істеуіміз керек? Тарихымызды терең зерттеп, мұрағаттарда жатқан шежіремізді қайта жазуымызға да болады. Сонымен қатар, Тәуелсіздік алғаннан бергі жаңа тарихымызды шынайы жазып, келешекке аманаттауымыз да өз қолымызда.
Сонымен бірге, ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеп, кең даламызды сақтау парызымыздың негізінің бірі болмақ. «Тілі өлген ел, тірі өлген ел»,- деген даналық ойда айтылғандай, тілі жоқ ұлттың өзі де құриды. Ұлтымызды мәңгі сақтаудың бір кепілі – ана тілімізді қаз-қалпында сақтау. Өйткені тарихымыздың өзін ана тілімізде оқып танимыз. Тағылымның негізгі көзі болған салт-дәстүрімізді сақтау да мойнымыздағы қарызымыз деп білемін. Қазіргі ауадай қажет болып отырған бірлік, татулықты салт-дәстүріміз арқылы нығайтуымызға болады. Салт-дәстүріміз жоғалса, ұлттық бірлік кетеді, ел ішін араздық, имансыздық жайлап, рухани кеселге шалдығамыз. Қазіргі жастардың бабабалр аманатын орындаудағы басты мақсаты жерімізді сақтап, Тәуелсіздігімізді тұрақты етуге ат салысу деп түсінемін. Аманатқа берік болып елімізді әлемге танытып жүрген, ұлт мүддесіне қызмет етіп жүрген жастар баршылық. Ал, менің мектеп оқушысы ретінде басты парызым – білімімді шыңдап, ұлттық құндылықтарды бойыма сіңіретін иммунитетті қалыптастыру деп айта аламын.
Қорытындылай келе, ата-баба аманатына қиянат жасамай, «»Мәңгілік елдің» мәңгілік ұрпағы болайық, достарым!
Тапсырма. «ГМО-дан келер қауіп бар ма?» деген тақырыпта эссе жазыңыз
Соңғы жылдардағы әлем елдеріндегі басты жаңалықтың бірі – ГМО өнімдерін жасап шығару және қолданысқа енгізу.ГМО дегеніміз – заманауи молекулалық-биологиялық әдістердің қолданылуымен биологиялық заңнама мен тірі ағзалардың негізінде пайда болатын ағзалар. Дегенмен, осы ағзалардың адам өмірі үшін қаупі бар ма? Осы сұраққа жан-жақты талдап, жауап берейік.
ГМО өнімдері әлемді аштықтан құтқарғанымен, зияны өте көп. Дәлірек айтсақ, адам денсаулығына кері әсерін береді, тіпті ер мен әйелдің арасында теңдік жойылып, бедеулік сияқты жазылмайтын аурулар пайда болады.
Ең алдымен, ГМО өнімдері жер бетіндегі адамзат әлемін аштықтан құтқарады екен. Соңғы деректерде адам санының күрт артып кеткені айтылып жүр. Егер де осы көрсеткіш өсе беретін болса, Жер –Ана адамдарды асырай алмайды. Өйткені табиғат ресурстары төмендеп кететіні туралы ғалымдар дабыл қағуда. Осының салдарынан, ГМО қосылған өнімдер жылдан-жылға еселеніп жатыр. Нью Йорк Университетінің зерттеушілері ГМО-ға қатысты «Әлемді жоюдың қайтымсыз үрдісі», – деген пікірді жариялады. Осыған сенсек, ГМО биологиялық қару екені сөзсіз. Міне, Гендік модификация өнімдерінің ең бірінші зияны осында жатыр деп санаймын.
Сонымен қатар, бұл өнімдер адам денсаулығына қатты зиянын тигізеді. Оның зияны бірнеше жылдан кейін байқалатынын ақпараттардан біліп жүрміз.Гендік өзгеріске ұшыраған тағамдарды пайдалану болашақ ұрпақтың белсіз немесе бедеу болып тууына әкеліп соғады. Тәуелсіз сарапшы Игорь Папэ: «Қазақстандық әйелдердің 18%-ы құрсақ көтере алмай жүр. Мұндай мәселе әлем елдерінің көпшілігінің басында бар»,– дейді.Расымен де, қазір бұл сырқат түрі басым екенін таныстарымыздан да көріп жүрміз.
Біздің елімізде ГМО қосылған өнімдердің қаупін анықтайтын арнайы трансгендік ағзаларды анықтайтын лабораторияның жоқтығы сеп болып отыр. Егер де осы лабаротория болса, аз да болса, тұтынып жүрген өнімдердің зиянын анықтап, өзімізді сақтандыра алушы едік. Арнайы заң жобасы бекітілгенімен, ГМО қосылған өнімдер дүкен сөрелерінде қаптап тұр. Қытай ғалымы Лао-Цзы: «Не жесең, соған тартасың», – деген екен. Ғалымдар да адамның болмысы жеген азығымен байланысты екенін дәлелдеген. Осындай қоспалы азықты жеп жүрген, біздер, ұлттық болмыстан, жауынгерлік мінезден алшақтап бара жатқанымыз жасырын емес.Тіпті гендік модификация табиғат заңдылығына қарсы құбылыс екенін де мойындаймыз. Адамзат әлемі табиғат пен үйлесімділікті бұзып алғандықтан, ГМО сияқты зиянды өнімдер пайда болды деп санаймын.
Қорыта келгенде, ГМО ның зияны болашақ адамның өмірін қысқартады, адам болмысын өзгертеді. Ендеше, ГМО-сыз өмірге қадам басу үшін, табиғаи өнімдерді өсіріп, ресурстарды қалпына келтіру жолдарын табуымыз керек деп түйіндеймін.
Тапсырма: «Жүйрік – тай-құнаннан, ақыл – жас ұланнан» деген тақырыпта екі мәтінді басшылыққа алып, эссе жазыңыз. Бұрынғы заман жастары мен қазіргі заман жастарының айырмашылығын саралаңыз
Қоғамды алға ілгерілетуші негізгі күш – жастар. Халқымыз «Жас келсе, іске», «Жастар – болашағымыз», «Жастық шақ – адам өмірінің биік шыңы» деп, өлмес сөздерін жастарға арнаған екен. Мұның астарында жастар ел сенімін ақтайтын, ата-бабаның ізін жалғайтын, амантты арқалайтын басты үмітіміз екенін түсіндіреді.Ал, қазіргі кезде жастар осы сенімге ие бола алды ма? – деген сауал туады.
Жастар, расымен де, жарқын, кемел болашақтың кепілі. Білім де, ақыл да, жаңалық та, озық идея мен алапат күш-қуат та жастардың бойында. Кез келген бәйгеден озып, бәсекеге қабілетті ел екенімізді дәріптей алатын да – жастарымыз.
Халқымыздың тарихына көз салсақ, жас кезінен ел басқарып, шешендігімен небір дауларды шешіп, батырлығымен көзге түскен жастар көп болғанын білеміз. Мысалға, Төле би бабамыз бала кезінен дауға араласып, аталы сөздің түйінін шешіп отырған. Осылайша ел бірлігін , халықты жаудан сақтап, ата жолын жалғастырған. Хандарға кеңесші болып, артынан кейінгі толқынды ерте білген мемлекеттік қайраткер деңгейіне көтерілген. Ал, қазіргі жастардың осындай ел ісіне араласып, ұйтқы болуына не кедергі?
Ақпарат көздерінде жастардың көпшілігі шетелге кетіп жатқаны айтылып жүр. Олар жұмыссыздық салдарынан мұхит асып жатса, кейбіреуі әділетсіз қоғамнан қашып жатқанын әлеуметтік желілерде жарыса жазуда. Біздің қоғамда жастарға қолдау аз деп
ойлаймын. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар, дегенмен, оның жүзеге асуы кешеуілдеп жатқан сияқты.Егер де жастарға арналған іс жүзінде нәтиже беретін құнды бағдарламалар мен жұмыс көздері болса, ақылы мен білімі ұштасқан жастар еліміздің игілігіне қызмет етер ме еді?..
Жастарымыздың елімізге пайдасын тигізуі үшін билікке де араластырған жөн деп ойлаймын. Саналы, ақылды, білімді, бірнеше тілді меңгерген, құзыретті, толерантты жастар өте көп. Өкінішке орай, олар еленбей қалуда. Жастардың көпшілігі шетелге кетіп қалатын болса, туған жерімізді қорқайтын, болашағын тізгіндейтін зияткер ұрпақ қалмауы мүмкін. Десе де, әрбір жас Отан алдындағы парызын түсініп, өтеу керек. Сол себепті, адам баласына патриоттық, ұлттық тәрбие бала кезден бойына сіңіруі керек. Ұлттық құндылықпен сусындаған жастар кешегі Төле, Әйтеке, Бауыржандар сияқты ұлтқа ғана қызмет етеді деп сенемін.
Қорытындылай келе, елемізді өзге елдермен теңестіретін, терезесін тең қылатын жастарымызды дәріптеп, оларға қолдау көрсетуіміз керек. «Ақыл – жас ұланнан» демекші, басты капиталымыз жас ұландарымыз еліміз бен жерімізге, ұлт мүддесіне абыройлы еңбек етсін деп тілеймін!
Достарыңызбен бөлісу: |