.Қазақ елінің тарихындағы ірі оқиғалардың Жаңа Қазақстан үшін маңызы бар ма?Ойыңызды дәлелдеп, эссе жазыңыз (Қазақстанның өткені мен келешегі)
Тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне көз салсақ, ірілі-ұсақты оқиғаларға толы. Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр жерімізді сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау үшін ата-бабамыз «ереуіл атқа ер салып...» ат үстінде күн өткізген екен. Осы оқиғалар тарихымызға қанмен, болашаққа алтын әріппен әдіптелініп жазылды деп санаймын.
Менің пайымдауымша, тарихымыздағы ірі оқиғалар жаңа ғасыр мен Жаңа Қазастанымыз үшін өте маңызды деп білемін. «Тарихты білмей, өткенді болжауға болмайды» дегендей, өткен тарихымыз болашағымызды анықтап бағдарлауға, үлкен-үлкен жоспарлар жасауымызға негіз бола алады. Тарихымыздың қайта жазылып, ұлттық санамыздың жаңғыруы үшін де үлкен мәнге ие деп айтуға болады.
Адам өткенін жақсы білмесе, болашаққа нық қадам баса алмайды. Сол себепті де, кеудесінде қазақтың қаны бар әрбір азаматқа Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды деп білемін.ОЛ үшін тарихымызды әріден қарауымыз керек. Атап айтсақ, Қазақтың ғана емес, әлем мәдениетінің тасқа таңбаланған аса маңызды құндылықтарының бірі – Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығының атап өтілуі, Қазақ хандығының құрылуы, одан бергі ұлт-азаттық көтерілістер тарихымыздың шежіресі деп санаймын. Одан бергі Алаш партиясы, жаппай қуғын-сүргін кезеңі, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан оқиғасы да тарихымызды таңбалайтын құндылығымен жоғары тұр.Осындай оқиғалар, ата-бабамыздың жүріп өткен іздері қазіргі Жаңа Қазақстан үшін үлгі, өнеге болып, жол көрсетер бағыт-бағдарды айқындап берді.
Еліміздің басынан өткен қилы кезеңдер де осындай Жаңа ел болуға талпыныс, серпіліс екенін білеміз. Көкірек көзі ашық, өз тарихын түгендеген кез-келген адам осыны анық сезеді деп ойлаймын. Бүгінгі Қазақстанның қоғамдық өмірінде түбегейлі өзгерістер, соның ішінде руханият саласындағы қайта жаңғырту жүзеге асырылып жатқанда, ең алдымен тарихи білім жүйесіне, тарих қойнауында жинақталған бағалы тәжірибелерге назар аударудың маңызы зор емес пе? Бұл – жоғалтқаныңды түгенде деген сөз ғана емес. Елдің төрт құбыласын түгендеу, оның тарихын жөнге келтіруден басталады деп айта аламын. Сол арқылы маңызды жобаларды жасап, елімізді алға ілгерілете аламыз. Сондықтан ұлт пен елдің мәңгі сақталып дамуында шынайы, төл тарихтың алатын орны ерекше. Ұлттық кодымыз бен руханиятымызға қайта оралту арқылы Жаңа Қазақстанның танымалдығы, бәсекеге қабілеттігі артады.
Қорыта келгенде, Тәуелсіз Қазақстан қазіргі уақытта дүниежүзіне ықпал ете алатын, беделі зор, бейбітшілікті ту еткен ерекше қонақжай халық болып өмір сүріп жатырмыз. Ал, тарихымыздағы ірі оқиғаларды басшылыққа ала отырып, жылжу бұдан да асқан жетістік әкеледі деп сенемін.