Қазіргі педагогикадағы тәрбие әдістері, құралдары


Қазіргі кездегі білім беретін оқу орындарындағы



бет3/13
Дата16.10.2023
өлшемі200 Kb.
#116187
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
Тәрбиенің жалпы теориялық және әдістемелік негіздері

1.3.Қазіргі кездегі білім беретін оқу орындарындағы
тәрбиенің ерекшеліктері.
Кезінде орыстың әйгілі педагогы К.Д.Ушинский еуропа халықтарының тәрбие саласында педагогикалық формулаларының ұқсастығына қарамастан, әрқайсысының өздеріне тән ерекше ұлттық тәрбие жүйелерінің, ерекше мақсаттарының, сол мақсаттарға жетуде өздерінің ерекше құралдарының болғанын айтқан. «Тәрбие халықтық сипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді» - деген ол. Халықтың тарихы, оның тіршілігі тәрбиенің мақсатын анықтайды. Сондықтан оқу – тәрбие жұмысында оның бағытын, мазмұнын, формалары мен әдістерін таңдауда көзсіз еліктеушілік оң нәтиже бермейді – деген өнегелі өсиеті бүгінгі таңда қазақ елінің тәлім - тәрбие саласында ұстанып отырған бағытын анықтайды. «Халықтық тәрбиені бала құрсақта жатқаннан бастайды. Бесік тәрбиесі, балдырған тәрбиесі, өрен тәрбиесі, жасөспірім тәрбиесі, жастар тәрбиесі бір – бірімен жалғасып, өз ерекшеліктерімен іске асырылады».
Олай болса, жасөспірім бойына халқымыздың салт – дәстүрлерін, әдет- ғұрыптарын, имандылық пен ізгілік нұрын сіңіруге баса назар аудару, бүгінгі таңда басты мақсат – мұраттарымызға айналып отыр. Ол үшін өз елін, өз жерін сүйетін, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін қадірлеп-қастерлейтін азаматты тәрбиелеу, ұлттық санасын дамыту – мектептердің басты міндеті болмақ. Өз ұлтының келешегі мен бүгінінен бейхабар азаматтан қандай жақсылық күтуге болады. Ұрпақ тәрбиесі келешек ұлт тағдыры, олай болса тәлім – тәрбиеде бүкіл халықтың қолдауы қажет. Ұлттық мәдениетімізді ұрпағымыздың санасына сіңіріп, салауатты азаматтарды тәрбиелеген кемелді ел болып, өркениеттілігімізді көтеру үшін ең алдымен ұлттық тәрбиенің бүкіл халықтық бағдарламасын жасау керек. Сол бағдарламаны үлкен де кіші де, зиялы қауым да орындауы міндетті болуы тиіс. Сонда ғана біз «бесігімізді» түзей аламыз. Оның алғашқы түрлері бар, олар «Атамекен», «Жұлдыз», «Кәусар бұлақ», «Алтын көмбе» бағдарламалары. «Әдеп әліппесі» (бастауыш мектеп), «Әдеп пен жантану» (орталау мектеп), «Қазақ этнопедагогикасы» (жоғары мектеп) пәндері арнайы бағдарламалар негізінде оқытыла бастады. Республикада білім беру мазмұнын жаңарту, жаңа буын оқулықтары мен кешендерін жасау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Оқыту қазақ, орыс тілдерінде жүретін жалпы білім беретін мектептердің 1-7 сынып- тарында жаңа оқу жоспарларымен, бағдарламаларымен және төл оқулықта – рымен қамтылып, соның негізінде оқуға көшкен. Сондай-ақ, барлық мек – тептердің 1-11 сыныптарында «Валеологиядан» факультативтік курстар оқытылуда. «Жасөспірімдердің адамгершілік – жыныстық тәрбиесі» негізінде бағдарлама әзірленуде.
Жас ұрпақты нашақорлық індетінен сақтау, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы бағытта «Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде зиянды заттарды қолдануды болдырмау» бағдарламасы 1999/2000 оқу жылынан бастап 1-11 сыныптарда арнайы курс ретінде енгізілді.
Бүкіл тәрбие процесі баланың жеке тұлғасын дамытуға, ұстаздар мен оқушылар қарым – қатынасын демократияландыруға, ізгіліктендіруге, ата – аналар қауымымен ынтымақтаса жұмыс істеуге бағытталған. Еліміздің әлеуметтік – экономикасын жетілдіру кезеңі мен нарық экономикасы жағдайында адам факторы жаңа негізде қаралып, жаңа адамды қалыптастыру тың мәселе болмақ. Келешекте кез келген техникалық білімді меңгертуде тірек болатын ең жалпы, іргелі политехникалық білімнің маңызы артпақ. Олай болса заман талабына сай компьютер тілін меңгерген білімді де білікті ұрпақты даярлау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі бола бермек.
Осы бағытта жаңа типті оқу орындары пайда болуда: лицейлер, гимназиялар, колледждер, жеке меншік мектептері.
Жалпы адамзаттық дамудың техникалық, экономикалық және мәдени – рухани қарқынды кірігулері (интеграция) әлемде ешбір ұлт, ешбір халық өзімен-өзі томаға – тұйық дамымайтындығын, оның есік терезесі әлемдік тәжірибеге әрқашан ашық болу керектігі бүгінде еш дау тудырмауы керек. Осыған байланысты ұлттық мектебімізді халықтық педагогикаға негіздей отырып, оны әлемдегі басқа да озық педагогикалық идеялармен байытып отыру – нағыз өркениеттіліктің белгісі. «Қазақстанның халық педагогикасы мен ұлт мәдениетінің озық дәстүрлерін батыс және шығыс үлгілерімен ұштастырып, қазақтың ұлттық мектебін қалыптастыру мақсатында 1993 жылдан бастап норвегиялық Штайнер мектептері Ассоциациясының мұғалім - өкілдері Штайнер мектептері педагогикасын қолдану жөнінде, Евразиялық ассоциация, Алматы қалалық білім беру басқармасымен бірлесе отырып №123 қазақ орта мектебінде 1993/94 оқу жылында 1 «а» сыныбы Вольдарф педагогикасының элементтерін пайдаланып оқытатын сынып етіп ашылды. Оқу жоспарларына мемлекеттік стандарттан тыс мүсіндеу, кескіндеме, қолөнер пәндері енгізілді және қазіргі уақытта 5 сыныпта, яғни орта буында Вольдарф педагогикасының әдістемесімен оқытуды одан әрі жалғастыруда және бастауышта 1 «а» сыныбы жаңадан ашылды.
Вольдарф педагогикасының элементтерін сабақта пайдалану тәсілдері мектеп ұстаздарына және оқушыларға ұнайды. Оқушыларды адамгершілікке, жеке тұлға болуға тәрбиелеуде оқу – тәрбие үрдісін ізгілендіоуге көп көңіл бөлініп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде».
Вольдарф жүйесінің ерекшелігі «Р.Штайнер антропософия негізінде танымдық күштерді, өнерге қабілеттіліктерді, сезімдерді адамгершілік бастауларын және діни сезінулерді біртұтас қарап, қамтитын педагогика жасаған. Антропософия – діннің бір түрі емес немесе дайын көзқарастар жүйесі емес, дүние мен адамды тану жолы».
«Демек, ХХІ ғасырдағы мемлекеттердің ерекшелігін саяси немесе экономикалық жүйе белгілемейді, ең алдымен сол елдердің мәдени - өркениетті төлтумалығы белгілейді.
Түптеп келгенде, білім мен тәрбие дегеніміздің өзі, кең мағанасында, мәдениет атты ұлы құбылыстың аясында көрініс табады. Мәдениет, негізінен, этностық жады арқылы ұрпақтан – ұрпаққа беріледі. Мұндай киелі эстафетаны өміршең ету біздің әрқайсымыздың ең асыл мұратымыз болуы тиіс».
Оқу мен тәрбие - өзара байланысты екі процесс. Олардың міндеттері әрқилы, дегенмен, бір – бірімен ажырамас ұштасқан күйде бір уақытта қатар жүріп отырады, бірақ ұйымдасу әдістері және формалары тұрғысынан түбегейлі өзгеше.
Тәрбиелік іс - әрекет тәрбиешінің жекеленген әрекет аймағы түрінде (өз мақсаттарына, міндеттеріне, мазмұнына ие) немесе оқу процесіне тікелей енген (себебі оқу тәрбиелік сипатқа ие) қалыпта болуы мүмкін.
Оқу мен тәрбиенің ортақ белгілері:
- тәрбие процесі өз ішіне оқу элементтерін қамтиды: қандай да ережені орындауды талап етуден бұрын оның іске асырылу жолдарын үйрету қажет;
- оқу процесі мұғалім мен оқушы арасындағы ықпалдасты іс - әрекеттің ұйымдастырылу формасына сәйкес өтеді. Өз қызметі барысында мұғалім оқушыға тәрбиелік ықпал ажсайды;
- оқу және тәрбие процестерінде бірдей әдістер (түсіндіру, қадағалау және т.б.) пайдаланылады.
Жалпы педагогикалық процестің аталған екі қызметінің арасындағы принциптік айырмашылық: оқу барысында шәкірт әртүрлі ғылымдар негізін меңгереді, ал тәрбие процесі оқушының тұлғалық сапа – қасиеттерін қалыптастыруға бағышталады.
Тәрбие процесіне тән ерекшеліктер:
- мақсатты бағыттылық (мақсаттың түсінікті болуы нәтиже тиімділігі- нің кепілі);
- мақсаттар бірлігі (тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы қызметтестіктің көрсеткіші);
- нәтиже ұзақтығы (оқу процесіндегідей нәтиже бірден көрінбейді);
- көп жағдаяттылығы (тұлға көп әрі сан қилы ұнамды да, ұнамсыз да ықпалдарға кезігеді. Тәрбие барысында олар реттеледі. Тараптардың тұлғаға болған ықпалы өзара сәйкес келсе, тәрбие нәтижесі тиімді болады.
- ауыспалылығы (тәрбиеленуші мақсатты, көзделген және кездейсоқ әсерлерге бірдей кезігіп отырады).
- үздіксіздігі (ешқандай науқанды, бір мәртелік шара қаншама жарқын болмасын, аса ыждағаттылықпен жүйелі дайындалған тәрбие істерінің орнын баса алмайды);
- баламалылығы (тәрбиеленушілер даралық ерекшеліктері және әлеуметтік тәжірибесінің әр түрлілігімен ажыралады. Тәрбие процнсінде бұлар ескерілуі шарт, себебі әсері бірдей болғанның өзінде де тәрбиелік нәтиже әрқилы болуы ықтимал);
- екі тараптылығы (тәрбиелік ықпалды жүргізуші – мұғалім, ал ықпалды қабылдаушы – оқушы);
- тәрбие процесі - өмірлік, ол қозғалмалы да ауыспалы;
-тәрбиеші тұлғасы – тәрбие барысына ықпалды маңызды жағдаят (тәрбие процесінің өнімді болуының кепілі – мұғалім ептілігі, шеберлігі, құндылықты бағыт – бағдары, қызметтестік қатынасқа түсе білу қабілеті);
- қарама – қайшылықты болуы (қарама – қарсылықтар тәрбиенің қозғаушы күші ретінде қарастырылады).
Тәрбиенің негізгі қайшылықтары оқу – тәрбие процесінде кездесетін келесідей құбылыстар арасында көрінеді: қоғамдық өмірдің жаңа шарттары мен оған дайындауға арналған әдістер мен формалардың ескіруі; адамның табиғи даму мүмкіндіктерінің шексіздігі мен бұл дамудың әлеуметтік жағдайлар бағдарламаларына тәуелді шегерілуі; адамның табиғатпен белсенді, әрекетшең болуы, оның қоғамдық өмірге араласу ынта – ықыласы мен өмірлік процеске нақты қатысу үшін қажет тәжірибе, білім, ептілік пен дағдылардың жетіспеуі және т.б.
Яғни, тәрбие процесі оқу процесімен қатар жүріп жатса да, ол бірнеше мәнді ерекшеліктерге ие, сондықтан да өз алдына дербес қарастырылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет