Публицистикалық стильге БАҚ-тың тілі жатады. Ол қай кезеңде де қазақ әдеби тілінің толық орнығуына тікелей ықпал етуде. Егемендік кезеңде публицистикалық стильдің қызметі жаңаша қырынан көрінді. Қазақ тіл ғылымының барлық салаларына қатысты оның көкейкесті мәселелерінің негізгі түйін қорытындыларын осы публицистикалық стильде жазылған шығармалар беріп отырады.
Жаңа сөздердің енуі, сөз мағынасының кеңеюі, кейбір сөздердің мағынасы тарылуы, тіпті қолданыстан шығып қалуы, терминдердің енуі, жаңаша, мәндес тіркестердің пайда болуы - бәрі осы публицистикалық стиль арқылы танылды.
Публицистикалық стильдің орасан зор ақпарат таратушы қызметінен, оның жеке өз алдына зерттеу бағыттар-нысандары, қазақ әдеби тілін дамытудағы рөлі, жазылу мақсаты мен міндеттерін жете саралап қарайтын уақыт жетті.
Публицистикалық стильде сауатты, мәдениетті сөйлей алмаудың өзіндік себептері жоқ емес:біріншіден, қазақ тілінде көпшілік ортасында және ресми ортада сөйлеудің қажетті болмауынан (тоқырау кезінде казақ тілінде сөйлемеудің салдарынан), екіншіден, әрине бізге айтуға ауыз болсада айтпауға тиісті тілімізді қадірлемеуден, қадір-қасиетін бағаламаудан, үшіншіден, орфоэпиялық нормаларды сақтамаудан, ойдың логикалық желісін сақтамаудан, төртіншіден, ұлттың ойлау желісін жоғалту үстінде екенінде жасыруға болмайды, бесіншіден, сөздерді бір-бірімен үндестіріп айтысу, сөйлемдерді дұрыс құрамау сияқты толып жатқан кемшіліктердің ашып айту қажеттілігі туындап отыр. Публицистикалық стильде адамның жете танымдық қабілетіне де байланысты, әрі сөйлеу үстінде тілдік-құрылымдық қазақ тілінің заңдылықтарын дұрыс игермеуге байланыстылығын баса айтуға тура келеді. Бұл тек қана публицистикалық стильдің өзіне де тікелей қатысты салаға тән кемшілік екені белгілі.
Публицистика (латынша: publicus – көпшілік, әлеумет) – қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады. Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді. Бірқатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпқа жазылған газет, журналдардағы мақалалар, памфлет, очерк т.б. шығармаларды, шешендік сөздерді публицистикалық стильдің ауызша түріне жатқызып жүр.
Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиетте, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын функциональдық стильдердің бірі. Публицистикалық стиль тыңдармандар мен оқырмандардың арасына кең таралымымен, бейнелілігімен, баяндаудың шешендігімен, жағымды және жағымсыз мағынадағы мәнерлілігімен сипатталады. Тіл деңгейлеріне байланысты публицистикалық стильдің ерекшеліктері болады. Лексикада – қоғамдық-саяси терминдер мен сөздердің (митинг, ереуіл, демократия, парламент), эмоциялық баға беруші сөздердің (еңбек озаты, көшбасшы, еңбеккер, дем беруші), экспрессивтік бояуы бар сөздердің (қоян-қолтық, нық қадаммен), фразеологияда – перифразалардың (ақалтын – мақта, күріш; қара алтын – көмір, мұнай; екінші тың – қой шаруашылығы, көгілдір тың – құс шаруашылығы); морфологияда қос сөздердің (қоғамдық-әлеуметтік, бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық); бұйрық рай тұлғасының (орындайық, табысқа жетеміз), синтаксисте – сөйлемдегі сөздердің инверсиялық орын тәртібінің, қаратпа сөздердің, риторикалық сұрақтардың, жай сөйлем бөліктерінің, сан алуан қайталамаларының т.б. жиі қолданысқа түсуі публицистикалық стильдің басқа стильдерден өзгешеліктерін көрсетеді.
Публицистикалық стильді шағын стильдерге (подстиль) бөлу жөнінде бірізділік байқалмайды. Дегенмен кейбір зерттеушілердің, Мысалы А. Н. Васильеваның дәлелдеуінше, мынандай шағын стильдерге жіктеледі: 1) ресми-ақпараттық публицистикалық стиль; 2) ақпараттық-іс публицистикалық стилі; 3) ақпараттық-аналитикалық публицистикалық стиль; 4) ақпараттық-экспрессивтік публицистикалық стиль; 5) бейресми-ақпараттық публицистикалық стиль; 6) жалпы публицистикалық стиль директивалық публицистикалық стиль; 7) салтанатты-декларативтік публицистикалық стиль; 8) таза публицистикалық стиль; 9) экспрессивтік публицистикалық стиль; 10) репортаж публицистикалық стилі; 11) фельетон публицистикалық стилі.
1. Әлкебаева Д. Стилистика және оның проблемасы/Д. Әлкебаева//Қазақ тілі мен әдебиеті.-2004.-?-№4.-Б.41-43.
2. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы.- Алматы: Мектеп,1974.
3. Васильева А. Н. Практическая стилистика русского языка.-М.,1989.
4. Кейбір стилистикалық ұғымдар мен категориялар туралы// ҚазМҰУ "Хабаршысы".-1997.- №8.
5. Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы.-Алматы,1982.