Пролонгациялық мәміле - бағалы қағаздар бойынша жасалатын мәміленің түрі немесе бағалы қағаздардың нарқының өзгеруіне қарай есеп айырысудың мерзімін кейінге қалдыру. Бұл әдетте биржалық алыпсатарлар қолданатын мәміле. Егер нарық конъюнктурасы олардың жоспарына сай келмесе, олар кассалық мәміленің орындалу мерзімін ұзартады. Сондықтан бұл мәміле кассалық және биржалық мерзімдік мәмілелердің, оған қоса, биржадан тыс мәмілелердің қосындысы болып есептеледі.
Репорт - мерзімдік мәміленің түрі, мұнда бағалы қағаздың иесі (биржа іскері, коммерциялық банк) оларды белгілі бір уақыттан кейін жаңа, неғұрлым жоғары бағаммен (курспен) сатып алуға міндеттеніп, банкке сатады. Сату бағамы мен сатып алу бағамының арасындағы айырма да репорт деп аталады.
Депорт - оған белгілі бір мерзімнен кейін төмен курспен кері сату шартымен бағалы қағаздарды сол күнгі курс бойынша сатып алу тән.
Сонымен, қор биржаларындағы алыпсатарлық мәмілелер - биржа нарығының өтімділігін күшейтетін қажетті талаптар немесе биржалардың өз міндеттемелерін дер кезінде орындау қабілетін арттыратын шаралар.
Қор биржасы акционерлік қоғамдардың жұмысын қадағалап оны көрсетіп отыратын анықтаушы тәрізді. Бағалы қағаздар курсының ұзақ уақыт бірқалыпты төмендеуі инвесторларға (салым иесі - ол жеке тұлға, ұжым немесе мемлекет) бұл қоғамда істің мәз емес екендігін аңғартып, оған инвестиция салуды тежеп, тіпті бұл қоғамның акцияларын сата бастауды меңзейді. Ал бағалы қағаздың курсы жоғарыласа, ол керісінше жағдайды, яғни инвесторлардың осы қоғамның бағалы қағаздарын сатып алуына қызығушылығын арттырады. Акция курсының төмендеуі қоғамның банк несиесін алу мүмкіндігін, сонымен катар жаңа акциялар эмиссиясын қиындатады, яғни бұл акцияларға сураныс болмайды. Ал, керісінше жағдайда, егер биржада акция курсы жоғары болса, акционерлік қоғамның бағалы қағаздардың жаңа серияларын шығару, оны сату және оның банк несиесін алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Биржадағы акция курсының динамикасы (баға қозғалысы) - акционерлік қоғамның қаржы жағдайын жақсартатын немесе нашарлататын маңызды фактор. Экономикасы дамыған елдерде әр акционерлік қоғамның акция курсының қозғалысы баспасөзде жарияланып тұрады. Бұндай мағлұматтар акционерлердің өз қолындағы акцияларының бағамын олардың казіргі таңдағы курсымен салыстырып және акцияның жаңа бумасын сатып алу немесе бұрынғысын сату, я болмаса өзінде қалдыру туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |