XIII ТАРАУ Биржалық мәмілелер бойынша клиринг және есеп айырысу
13.1. Клиринг және есеп айырысудың мәні мен қызметі
Клиринг жалпы алғанда өзара талаптар мен міндеттемелерді есепке алу деген ұғымды білдіреді. Ал биржалык клиринг - ол биржалық саудаға қатысушылар арасында биржалық активті кім, кімге және ол үшін қандай мерзімде ақша төлеп және жеткізіп беру негізінде туындайтын өзара талаптар мен міндеттемелерді есепке алу.
Есеп айырысу деген биржалық клирингті айқындау кезінде туындаған міндеттемелерді орындау процесі. Оның нәтижесінде шарт талаптарына сай биржалық мәміле объектісін (мысалы, бағалы қағаз) сатушыдан сатып алушыға беру, сондай-ақ сатып алушының сатушыға берген ақшалы есептесуі жүргізіледі. Қазіргі нарықтык сауданы ұйымдастырудан клиринг және есеп айырысудың қажеттілігі туындайды.
Нарықтық операцияның ең жай түрі үш құрамдас бөліктен тұрады:
сатушы мен сатып алушының арасында мәмілені (ауызша немесе жазбаша) бекіту;
мәміле бойынша бағаны шығару (мысалы, тауар бағасын оның санына көбейту және барлық мәміленің бағасын (құнын анықтау);
шартты орындау әдетте, жай мәмілені бекіткенде екі жақ делдалсыз өздері тікелей кездеседі. Қазіргі биржа нарығында бұндай жағдай сирек кездеседі, сатып алушы мен сатушыны өзара байланыстыратын буын - ол биржалық делдалдар.
Сөйтіп, қазіргі биржалық мәміледе оның құрамдас бөліктері бір-бірінен оқшауланып тұрады:
• бұрынғыдай шарт алғашқы сатушы мен соңғы сатып алушы арасында емес, клиенттер мен биржалық делдалдар арасында бекітіледі;
мәміле бойынша бағаны шығару клиринг процесінде ұйымдастырылады;
мәмілені орындау (аяқтау) «есеп айырысу» деп аталатын процесте жүргізіледі.
Клиринг және есеп айырысудың қазіргі биржалық жүйесі алдын ала жасалған төмендегі алғы шаралардың нәтижесі:
Біріншіден, ол үйлесімді технологиялық мүмкіндіктердің болуынан. Атап айтқанда:
а)кеңістік факторын жеңу және ақпаратты беретін уакытты
қысқарту үшін жылдам тарататын жаҺанды байланыс жүйесінің
болуынан;
ә)биржалық және қосымша ақпараттың өте үлкен көлемін өңдеу үшін (яғни есептесудің электрондық жүйесін құрудан және мәліметтер базасын сақтаудан);
б)ақша қаражатын шапшаң, әрі қатесіз аудару үшін есеп
айырысудың ұлттық және халықаралық банк жүйесінің болуынан;
Екіншіден, клиринг және есеп айырысу үшін клирингтік (есеп айырысу) палатасын, депозитарийді, реестр ұстаушыларды және с.с. маманданған ұйымдар мен биржалық құрылымдарды құрудан;
Үшіншіден, клиринг және есеп айырысу механизмін құрып және оны үнемі жетілдіруден.
Биржалық клиринг пен есеп айырысудың негізгі қызметтерін былайша топтастыруға болады:
а) бекітілген биржалық мәмілелердің тіркелуін қамтамасыз
ету (мәмілелерді тіркеу, тексеру, олар бойынша ақпарат алу және
т.с.с);
ә) тіркелген мәмілелерді (нарық түрі бойынша, қатысушылар және орындалу мерзімі бойынша) есепке алу;
б)биржалық нарыққа қатысушылардың өзара міндеттемелері
мен төлемдерін есептеу;
в)биржалық мәмілелерді кепілдікпен қамтамасыз ету;
г)ақшалы есеп айырысуды ұйымдастыру;
д)бекітілген биржалық мәміле бойынша тауар жеткізіп беру.
Биржалық мәмілеге келгеннен соң бірнеше кезеңнен өтетін клиринг және есеп айырысу операциялары басталады. Оларға биржа мүшелері мен клиенттерден басқа да, атап айтқанда, есеп айырысу - клирингтік ұйымдар, банктер, депозитарийлер және т.с.с. мекемелер қатысады.
Достарыңызбен бөлісу: |