Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет4/19
Дата17.01.2017
өлшемі1,49 Mb.
#2112
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

СЕРІЛЕРДІҢ СЕРІСІ – СЕГІЗ СЕРІ
Қылышпын қынабынан алынбаған, 
Алтынмын таразыға салынбаған. 
Ашамайлы Керейдің ер ұлымын,
Бейнебір жанған өрттей жалындаған, – 
деп жыр маржанын мөлдіреткен Сегіз сері мұрасы ұрпақтан-
ұрпаққа жалғасып, бүгінге көш-керуенін түзеп жетіп отыр. 
Жылдар жылжып, айлар алмасса да шын асылды тот баспай-
ды екен. Сегіз сері төңірегінде толастамай келе жатқан абы-
ройсыз айтыс, мандымас дау жаныңды жүдетеді. Басқа жұрт 
жоғын бардай, барын зордай етіп жатқанда, біз барымызды 
жоқ қылуға әуреленеміз.
Сегіз сері бабамыз жайлы оның тұстастары, одан кейін 
өмір сүрген сал-сері, ақын-жыраулардың ұстаз тұтып, жырға 
қоспағаны кемде-кем. Мысалы, Біржан сал «Елге сәлем» деген 
өлеңінде:
Сегіздей асыл адам жаралмайды,
Халқына болып өткен тым жағдайлы. 
Керейден жүз мың әйел ұл тапса да,
Ешбірі Сегіз сері бола алмайды.
Жалғанда мұратына кімдер жеткен, 
Көп жақсы бізден бұрын өтіп кеткен. 
Адамның асылдары сондай болар,
Дүниеден Сегіз Сері,
Нияз да өткен, –
деп жырласа, Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

55
Өнерге құлаш ұрып бала жастан, 
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан.
Баласы Толыбай сыншы Қожаберген 
Бой ұрған ерлік іске әуел бастан.
Ұрпағы оның батыр Сегіз өтті, 
Нияздай асыл ерді қасына ертті. 
Қолына қобыз алып өр шабытпен,
Мұра ғып шежіре жыр тастап кетті, –
деп Сегіз сері есімін жалпақ жұртқа жария етеді.
Ал әйгілі Жаяу Мұса Байжанұлы «Ер Сегіз» атты көлемді 
дерлік дастан жазып:
Жігіттер, өнер қусаң Сегізге ұқса, 
Шәкірті ем Сегіз сері, атым Мұса. 
Қазақтың ел қорғаны – мақтаныш қой
Үш жүзден Ер Сегіздей көп ұл туса, –
деп асқақ әуенмен жырға қосып, серінің қасиеттерін жан-жақ-
ты баяндаған.
Ақтангерді жырау Жұмықұлы болса «Сегіз сері» дастанын 
жазып:
Үш Алшынға мәшһүр еді 
Батыр Сегіз ерлігі. 
Қашқын болып жүрсе де,
Болмап еді кемдігі.
Біз боламыз Кіші жүз, 
Сегіздің тегі Орта жүз. 
Орта жүз – аға жұртынан, 
Жақсылар шыққан жарқын жүз.
Сегіз келді Керейден, 
Қазаққа болған мерейден.

56
Келе сала қол жиды,
Босамай қолы кернейден, – 
деп өлеңіне Сегіз серінің батырлығы мен азаматтығын, саз-
герлігі мен салдығын, ақындық өресін өзек етеді.
Сегіз сері Баһрамұлына арналған осындай әйгілі сал-сері, 
ақын-жыраулардың қолда бар арнау жыр-дастандары мен 
жоқтау өлеңдерінің өзі қырықтан асады.
Сегіз сері бабамыз – артына бай мұ ра қалдырған күрескер 
ақын, дарынды сазгер, асқан әнші.
Сегіздің шәкірттерінің бірі Жаманқұл Дәндібайұлының: 
«Ұстазымның елу бес әнін елге таратып, қырық бес күйін тар-
тып жүрдім, қырық қиссасын әнмен айтып, жүзден астам дас-
таны халыққа тарап кетті», – дегенін немесе Қуат ақынның:
Жүзден аса қиссаны, 
Көптеген ән-күй, өлеңді
Аз өмірде шығарған
Ұстазым Сегіз өнерлі, – 
дегенін оқығанда, асыра сілтеушілік бар шығар деп күдік-
тенушілер табылып қалуы заңды. Бірақ Баһрамұлының өзі нің 
ғана емес, төңірегіндегі замандастары мен шәкірттерінің көр-
кем туындыларын зерделей түссек таңдануға, күдіктенуге не  гіз 
жоқ. Сегіздің сексен кісіге бұйырмаған өнері мен ерлігін, туа 
біткен, арнасы кең дария-дарынын мойындаған, өзінен жасы 
үлкен Жанақ, Қобылан, Асанбай, Есет Қараұлы, Жанқисса, 
Сақау Қуат сияқты ылдидан шапса, төсте озған жүйріктердің 
арнаған шығармалары бар. Ал Сегіздің құрдастары мен шә-
кірттері Байкөкше, Нияз сері, Жәмшібай, Жаяу Мұса, Біржан 
сал, Нұржан, Қуат, тағы басқа ақындар мен сал-серілер оның 
талантын ғана айтып қоймайды, оның шығармаларының атын 
атап, түсін түс теп береді.
Сегіз сері қамшының сабындай қысқа ғұмырында атыс-
шабыс, арпалыс жағдайында жүріп, осынша рухани бай мұра 
қалдырғаны туралы әдебиетші ғалымдардың еңбектері бір 

57
төбе. Сегіздің өмірі мен қызметін, өлеңдері мен жырларын, 
толғаулары мен термелерін, діни қиссалары мен дастандарын 
терең әрі жан-жақты зерттей отырып, құнды еңбек жазған 
Төлеш Сүлейменов пен Нәбиден Әбуталиевтің кітаптарын ерек-
ше атаған жөн. Сегіз сері жайлы кезінде Ғ. Мүсірепов, Ә. Мар-
ғұлан, А. Нүсіпбеков бастаған ұлтымыздың зиялы азаматтары 
200-ден аса зерттеу мақалалар жазғаны белгілі.
Мұның бәрін шола айтып жатқанымыз – Сегіз сері жайлы 
ақиқаты аз, арды аттаған дүмбілез әңгімелердің алдын алу, 
туа біткен таланты мен асқан дарындылығы арқасында бір 
жарым ғасыр бойы қазақ жұртын ән мен жырға бөлеп келе 
жатқан сал-серілердің атасы Сегіз серінің талас тудырмайтын 
шығармалары мен өмірбаянынан мағлұмат беру.
Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов 1818 жылы Солтүстік 
Қазақстан облысының қазіргі Жамбыл ауданында, Гүлтөбе-
Маманай деген жерде туған (Бүгінгі Майбалық-Жекекөл ауыл-
дарының арасында). Руы Керей, Керей ішінде Көшебе. Белді 
атаның ұрпағы. Үш жүзге атағы шыққан Толыбай сыншының 
24 баласы болады. Ең кенжесі – Қожаберген жырау. Ал сын-
шының сегізінші баласы – Қарабас тархан. Одан жеті бала 
туған, үлкені – Асқап. Асқаптың екі баласының үлкені – Кө-
шек, Көшектен 12 бала болған – сегізіншісі – Шақшақ, Сегіз 
серінің ата сы (бұл үзінді Сегіз сері шежіресінен алынды). Сегіз 
сері 8 жасқа келгенде шешесі Жамал қайтыс болады. Оның 
қырқы өтісімен әкесі Баһрам дүние салады. Бұл 1826 жылы – 
ит жылы болатын. Сегіз атасы Шақшақ пен әкесінің інісі Жа-
нат серінің тәрбиесіне көшеді.
Сегіз сері жастайынан өнерге үйір, білімге құштар, зерек бо-
лады. Ата сы Шақшақ қазақша-орысша оқуға береді. Ақын ес 
біле ауылда Мөңке, Бегім молладан хадимше хат таниды. Со-
дан кейін келешекті әріден болжайтын, көзі ашық Шақшақ би 
немересінің орысша білім алғанын қалайды. Татар арасында 
патша үкіметінен бой тасалап жүрген Иван Михайлович Про-
хоров деген сауатты азаматты елге әкеліп, отыз шақты баланы, 
ішінде Сегіз де бар, орысша оқытады. Сегіз осы Прохоровтан 
оқығанын есейген соң еске алып, бір өлеңінде:

58
Орысша білім ал деп атам Шақшақ
Оқытты 4 жылдай ұстаз жалдап, 
дегендегі ұстазы – осы Иван Михайлович.
Одан кейін Болатынай, Қызылжар медреселерінде оқып 
білімін тереңдетеді. Қызылжар медресесінде оқып жүргенде 
ақын-сері орыс тілінен басқа араб, парсы-шағатай, көне түрік 
тілдерін меңгереді, шығыс әдебиеті классиктерінің шығар-
маларымен танысады.
Сегіз серіні ақындыққа, әншілікке баулыған осы медресе 
ұстаздары Иманғабит сері мен өз ағасы Көрпеш еді. Бұл екеуі 
де Бұхараның жоғары дәрежелі медресесін бітірген, заманында 
ғұлама ғалым, екеуі де ақын, әнші болған азаматтар екен.
Немересінен көп үміт күткен атасы Шақшақ Сегізді Омбы 
қаласындағы әскери училищеге оқуға береді. Училищені біті-
ріп, кіші офицерлік шен алған Сегізге патша әкімдері жазала-
ушы отрядқа жолдама береді. Бірақ патшаның отаршылдық 
саясатына қарсы болған Сегіз отрядқа барудан бас тартады. 
Қаша соғысып, Кіші жүз асып кетеді. Бұл туралы белгілі ақын 
Нұржан Наушабаев «Сегіз сері» атты дастанында:
Омбыға білім іздеп Сегіз барған, 
Ғылымды меңгеруге талаптанған. 
Алты жыл әпесерлік оқу оқып, 
Оны да дер кезінде тамамдаған.
Қолбасшылық оқуды бітіргенмен, 
Патшаның қызметін атқармаған. 
Әпесер патша ағзамға болмаған соң, 
Жандарал Ер Сегізді қудалаған, –
деп жазады.
Рас, оның училищеде оқығандығы туралы құжат Омбы 
архивінде жоқ. Сегіз сері туралы ғана емес, сол жылдардың 
құжаттары 1840 жылғы екі бірдей апаттан аман қалмаған. 
Бірінде қалың өртке ұшыраса, екінші жолы су тасқыны көп-
теген архив бумаларын құртып жіберген.

59
«Горчаковкқа», «Патша әкімдеріне», «Қыз сипаты», т.б. 
шығармаларында, дастанында губернатор қудалады дегені 
шындық. Өйткені Петр ДмитриевичГорчаковтың 1836 жылы 
қаңтар айында Ба 
тыс Сібір генерал-губернаторы болып та-
ғайын 
далғаны, 1937 жылы губернияның орталығын Омбы 
қа ласына көшіргені, оның башқұрт халқының және Кенеса-
ры Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтерілісін басуға отряд 
жібергені тарихи шындық.
Ал Сегіз серінің жазалаушы отрядқа бармай, қуғынға ұшы-
рауын ақын өзінің шығармаларында тәптіштеп-ақ жазады. 
Мысалы, «Горчаковқа» деген өлеңінде:
Сен айтты деп, Горчаков, 
Халқымды мен жылатпан... 
Бар айыбым, Горчаков, 
Тіліңді сенің алмадым.
Жазалаушы әскерге 
Сардар болып қалмадым, –
 дейді.
Патша үкіметінің отаршылық саясатына қарсы болып, 
озбырлық істеріне қатысудан бас тартқаны үшін қудалауға 
түскен сері губернатордың жендеттерімен қаша соғысып, Кіші 
жүз асып кетуін «Қыз сипаты» дастанында баяндаған:
Ұлықтың егескен соң зорыменен,
Солдаттың соғыспақ боп тобыменен.
Қоштастым аттанарда өлең арнап,
Алты жыл білім алған Омбыменен...
Қадірлі Сарыарқадан таппай тұрақ,
Қоштасып туған жерден кеттік жырақ.
Жағалбайлы, Жаппасқа аялдамай,
Ырғызға бет түзедік жылдамырақ.
Өз елінде патша үкіметінен қудалау көрген Сегіз серінің 
Кіші жүздің Ысық елінің батыры Қалдыбай аулына келуі, оның 

60
жалғыз қызы Ғайни сұлуға ғашық болуы, қыздың қайғылы 
қазасы жоғарыда айтылған «Қыз сипаты» поэмасында бар. 
Ақын-сазгердің халық арасына кең тараған «Ғайни» әнінің де 
дүниеге келуі осы уақиғаға байланысты.
Сегіздің әр өлеңінің шығу тарихы бар. Мысалы, «Ақбұлақ» 
өлеңі. Сегіз сері Ойыл өзенінің сағасы Қиыл өзеніне құятын 
Қараған өзенінің бір саласы Ақбұлақ бойындағы тоғай ішінде 
үй салып, сонда кейде қыстап қалып жүреді. Ақынның 1838 
жылы еліне аттанардағы Ақбұлақ өзенімен қоштасуы осы 
өлеңге өзек болған.
Ақын неге Кіші жүзге бет алды, оңтүстікке неге кетпеген деп 
сұрақ қоятындары да бар. Оның себебі біреу – Сегіздің атасы 
Шақшақтың шешесі Ақбота – Сырым Датұлының туған апа-
сы. Сарыарқадан сая таппай сенделген серінің Кіші жүз түгіл, 
Кавказ төңірегін аралап, Иран, Ауғанстан елдеріне баратыны 
да осы жылдар. Бір таңғаларлығы, ақын қай елге барғанын, 
кімдермен кездескенін, өзі куә болған уақиғалардың бәрін 
ұқыпты тарихшыдай өлеңдеріне арқау еткен. Сегіздің өлең-
әндері өзінің ғана емес, өзі өмір сүрген заманның тарихы. 
Сегіз серінің Кіші жүз елінде Исатай, Махамбеттермен кез-
десуі ақын өміріндегі үлкен тарихи уақиға болды. Ақынның 
патша үкіметіне деген наразылығы артып, Исатай-Махамбет 
көтерілісін барынша қолдағанын, тілектес адамдарының бірі 
болғанын өзінің өлеңдерінде де ашық айтады:
Дәм-тұзын қазағымның жүрмін ақтап, 
Исатай, Махамбеттің ісін жақтап.
Сегіз сері Исатай-Махамбет көтерілісі жайлы «Исатай-Ма-
хамбет», «Ер Исатай» атты дастандарын, Исатайға, Махамбет-
ке арнаған жоқтау өлеңдерін жазған.
Орта жүздің беделді би, бектерінің араласуымен тек төрт 
жылдан кейін, 1838 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы 
Сегіз серіге кешірім жасайды, ақын елге оралады.
Еліне келісімен түбі Бағаналы Найман, Елғұн деген бай-
дың қызы Ырысбике сұлуға үйленеді. Бақытты отбасынан 
бірта лай ұрпақ өрбіген. Олар: Мұстафа, Мұсабек, Мұсайын, 

61
Мұсажан, Мұсахан, Мұсағұл, Есболған деген ұлдары және 
Бибізада деген қызы болған.
Сегіз сері Шақшақов 1854 жылы Дос көлінің маңындағы 
жайлауда қайтыс болады.
Ақын-сазгердің Сегіз сері атануының да сыры бар. Ол сегіз 
қырлы, бір сырлы өнер иесі болған. Біріншіден, туған елінің 
тағдыры мен болашағына қара бастың қамы мен мүддесін жы-
ғып бергені үшін патша үкіметінен қудалау көрген ұлтжан-
ды азамат. Қалған өнерлері де бір төбе, жауырыны жерге 
тимеген балуан, құйысқаны қанды аңшы, құралайды көзге 
атқан мерген, бармағынан бал тамған шебер, зергерлігі тағы 
бар. Домбыраны, қобызды сарнатқан күйші, аспандағы аққуға 
үн қосқан әнші, өлеңмен өрнек тоқыған арқалы ақын. Оның 
нәзік махаббат лирикасы, өміршіл кең тынысты эпикалық 
дас тан-жырлары жазу-сызуы кемдеу қазақ даласының түкпір-
түкпіріне ауызша тарап кеткен. Оны өзі де білген, басқалары 
да айтқан. Мысалы, өзі:
Әйгілі болды жұртқа өнеріміз
Артып жүр жас болсақ та беделіміз. 
Жанкүйер дос-жарандар көп болған соң, 
Жайылды елден-елге өнеріміз, –
десе, шәкірттерінің бірі Дәндібайұлы Жаманқұл ақын:
Елу бес әнін Сегіздің 
Елге өзім тараттым. 
Қырық бес күйін Сегіздің 
Тартып бердім әр жерде. 
Тарап кетті халқына 
Жүзден аса дастаны.
Әрине, әсірелеу де бар шығар, сонда да қазір бүкіл Қазақ-
станның түкпір- түкпірінен өткен ғасырдың орта кезінен бері 
жинаған дүниелердің өзі қаншама.
Сегіз сері – алдымен лирик ақын. Тек қана әнін де өзі шы-
ғарған махаббат тақырыбына арналған өлеңдері отыздан аса-

62
ды, оның ішінде: «Гауһар тас», «Қарғаш», «Ақбұлақ», «Әйкен-
ай», «Қаракөз», «Ғайни», «Назқоңыр», «Жылыой», т.б. 
Алланың берген зор талантын қызғанған біреулер Сегіз 
серіні жүрген жерінде қыздарға ғашық бола береді деген уәжді 
алға тартады. Өзі сал-сері болса, суырыпсалма ақын, жезтаңдай 
әнші болса, жақсыны көрмек үшін дегендей, сұлу қыз, көркем 
келіншектерді көргенде неге бұғып қалады? Шабытты сезім 
оятады, ақын нәзік жанды, өте сезімтал келеді. Сондықтан си-
рек кездесетін сұлулықты, әдемілікті асыл, нәзік сөздермен 
өрнектеп, әдемі, сазды әнмен түйіндесе несі айып?
Біз жоғарыда Сегіз серінің азаматтығы туралы айтып кет-
кен едік. Шындығында, ақын көп өлеңдерінде, дастандарын-
да, толғауларында туған еліне, Отанына деген ыстық сезімін 
білдіріп отырады. «Қашқын келбеті», «Қыз сипаты» дастанда-
рында, «Жорықта», «Туған ел», т.б. өлең-термелерінде еліңді 
сүюмен бірге, халқыңа адал қызмет қыл, ел шетіне жау келсе, 
ата салтымен атқа мін, Отаныңды қорға деп ерлікке шақыратын 
өлең жолдары көп кездеседі.
Халқына азап көрсеткен 
Жауға аттанбай ер болмас. 
Ат қойып қарсы дұшпанға, 
Қамалға шаппау жөн болмас.
 («Ай жарығы таң болмас»).
Ақын елді, жастарды ерлікке ғана емес, ынтымақтастыққа, 
бірлікке шақырады: 
Бөлінбе, қазақ, жік-жікке, 
Бөлінсең, қазақ, жік-жікке, 
Шіл боғындай бытырап, 
Шыға алмассың биікке. 
Не жетсін, жұртым, бірлікке,
Мән берген жөн ерлікке.
Өнер қуып кәсіп ет, 
Салына бермей өрлікке.
                                                («Бірлік, өнер, кәсіп»).

63
Мысалы, «Туған елім» деген өлеңінде:
...Туған ел, ыстық болдың мұнша неге,
Білмеймін, осылай ма әр пендеге?
Ойымнан жатсам-тұрсам бір кетпейсің,
Көңіліме қағылыпсың болып шеге.
Ал Сегіздің бүгінгі күні тапшы бо лып бара жатқан адам-
гер шілік, имандылық қасиеттерімізді насихаттау, жастарға 
ақыл-кеңес беру мақсатында жазылған шығармалары да аз 
емес. «Не пайда?» деген толғауында:
Жауынгер жігіт сол болар, 
Қамалдан тізгін тартпаса. 
Талапты жігіт сол болар,
 Міндетін елге артпаса.
Адал жанның белгісі –
Сыртқа сырды шашпаса, 
Сабырлы жанның белгісі – 
Шарадан асып таспаса.
                                               («Не пайда?»)
Иілмей тас болғаннан сынған артық,
Басына пәле келсе тынған артық.
Мінгенше жамандармен алтын таққа,
Ерлермен бірге түскен зындан артық.
                                                                 («Нақыл сөздері»)
Сегіз серінің өмірі мен шығармашылығы терең зерттелді 
деп айта алмаймыз. Дегенмен, ол жайында оң пікір айтушы-
лар: Ғабит Мүсірепов («Ұлпан» повесінде, қойын дәптерінде), 
Әлкей Марғұлан («Әнді ерттеп, күйді мінген кемеңгерлер»), 
Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов, М. Жармұхамме-
дов, тағы басқа әдебиетші-ғалымдар, әдебиет зерттеушілері 
екі жүздей зерттеу мақалаларын жазды. Сонымен қатар, Се гіз 
сері туралы арнайы екі әдеби зерттеу еңбегі жарық көрді (Т. 

64
Сүлейменов. «Сегіз Сері», «Өнер» баспасы, 1991 жыл; Н. Әбу-
талиев. «Сегіз сері», «Жалын» баспасы, 1991 жыл).
Бұның барлығы үлкен игілікті істің беташары ғана. Сегіз-
дің шығармалары, әсіресе дастан, қиссалары арнайы зерттеуді 
қажет етеді.
Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Ұл-
панында» мынандай жолдар бар: «Ақын Шәрке сал, соқыр Тоғ-
жан ақын, Нияз сері, Сапарғали ақын, тағы 3-4 жаңа перілер. 
Бәрі де атақтының атақтысы Сегіз сеpi ақынның мұрагерлері. 
Бұл елде «Қозы Көрпеш – Баян cұлу», «Қыз Жі бек», «Ер Тар-
ғын» жырларын Сегіз серінікі деп санайды. Сегіз сері өз жа-
нынан шығарған ба, ол арасы дүдәмал. Ал «Қарғаш», «Гауһар 
тас», «Әйкен-ай» әндерін Сегіз сері шығарғанын тіп ті дауға 
салмайды, түгел мойындап қойған (Ғ. Мүсірепов. «Ұлпан», 
1975. – 164-бет). Сегіз сері болған ба, болмаған адам ба деп 
күдіктенушілерге енді қандай дәлел керек? 1500 жылдығын 
өткен жылы атап өткен «Қозы Көрпеш – Баян cұлу» поэмасы-
ның бір нұсқасын Сегіз сері жазғанына тіпті де дау жоқ. «Қозы 
Көрпеш – Баян cұлу» жырының 20 шақты нұсқасы болғанын 
«Қазақ қауымы» деген еңбегінде Сәбит Мұқанов та жазған 
(С. Мұ қанов. «Қазақ қауымы», 1995. – 148-бет).
Сегіз серінің тарихи тұлға екенін, аса дарынды әнші еке-
нін куәландыратын – оның талантты шәкірттері. Сегіз қайтыс 
болғанда 40 ақын қайғырып, қоштасу өлең-жырларын арнаған 
екен. Оның ішінде халқын әнге бөлеген Біржан сал, Ақан сері, 
Жаяу Мұса, Нұржан Наушабаев, Шөже, Орынбай, Арыстан-
бай, т.б. ақын, сал-серілер бар. Атақты Біржан сал:
Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері, 
Олардан үлгі алған мен Біржан сері, – 
деп жазса, Нұржан Наушабаев «Сегіз сері» атты дастанында:
Ұрпаққа жақсы дәстүр бастап кеткен, 
Артына өшпес жырлар тастап кеткен. 
Үш жүзге батырлықпен аты әйгілі, 
Керейде Сегіз сері болып өткен, – 

65
деп жазған. Сегіз серінің сазгерлігі, әншілігі, күйшілігі туралы 
әңгіме бөлек.
Жұртшылықты мазалайтын тағы бір сауалға тоқтала кет-
кенді жөн көрдік. Қазақша, орысша сауаты мол Сегіз сері ба-
бамыз өлеңдерін ауызша ғана айтып, жазба түрінде қалдыр-
маған ба деп сұрақ қоятындар бар. Біздің пікірімізше, ішінде 
өнерлі жастардың тобы – ақыны да, әншісі де, балуаны да, 
ұлттық спорт шеберлері де, әзілкештері де бар сал-серілер 
ауыл-ауылды аралап, елге өз өнерлерін көрсетіп, әнге бөлеп 
жүргенде шығармаларын жазып отыруға жағдай іздемесе ке-
рек. Дегенмен, Сегіз серінің артында қағазға түскен мол дү-
ниенің қалғанын көнекөз қариялардан естігеніміз бар.
Тіпті бертін, 1998 жылы Сегіздің мұрасын зерттеп жүрген 
5-6 адамнан құралған топ Жамбыл, Тимирязев ауданын ара-
лағанымыз бар. Сонда Айымжан ауылында Сегіз серінің төр-
тінші ұрпағы Шайхули ақсақалмен кездескен болатынбыз.
Ол кісінің айтуы бойынша, Сегіздің қолжазба еңбектері, 
қобызы, домбырасы 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін сақ-
талыпты. 1922 жылы сәуір айында қызылдарға ат бердің деп 
ақтар ауылды өртеген екен. Үймен бірге үш сәби: Меңдіқожа, 
Меңдіхан, Меңдібай да, Сегіздің қолжазбасы мен ән-күй аспап-
тары да бірге өртеніп кет кен көрінеді. Бұл қайғылы уақиғаны 
ауылдың ақсақалдары қазір де айтып отырады.
Өткен жылы Қызылжардағы жергілікті баспадан Сегіз 
серінің 2 томдық шығармалар жинағы азғантай таралыммен 
басылып шықты. Бұл ақ ниет, игілікті шараға Солтүстік Қа-
зақстан облысы әкімінің орынбасары, ұлтжанды азамат Қуат 
Есімханов бастаған ел азаматтары, филология ғылымының 
докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев бастаған ғалымдар 
бір кісідей атсалысты. Шығармаларын баспаға дайындап, тү-
сініктеме жазған – Социал Жұмабаев.
Қазақстан Республикасының Көлік және телекоммуника-
ция министрі, ұлт рухына қызмет етуге дайын ардақты аза-
мат Қажымұрат Нағымановтың қамқорлығымен республика-
мызға еңбек сіңірген әнші Серік Оспанов Сегіз сері әндерін 
үнтаспаға толық күйінде жаздыруды қолға алды.
5-267

66
Мұның бәрін Сегіз сері мұрасын көздің қарашығындай сақ-
тау үшін жасалған игі қадам деп түсінген жөн. Сегіз сері – 
алыстаған сайын айқын көрінетін таулар сияқты қазақ жұр-
тымен бірге жасай беретін есім.

67
ДНЕПРДІҢ ТЕРБЕТІП ТОЛҚЫНДАРЫ...
Мамырдың 18-28 жұлдыздары аралығында Украинада
 ха лықаралық Т. Шевченко мерекесі болып өтті
Тарасты жұрты тәңіріндей танып, киесіндей қастерлейді 
екен. Мың жылдан аса тарихы бар ежелгі Киев қаласына жет-
кен сәтте-ақ ұлы Кобзарьға деген елінің махаббатын сезіндім.
Алыс-жақын елдерден ат арытып келген әдебиет пен өнер 
өкілдерін қабылдаған Украина Жазушылар одағының төраға-
сы Юрий Мушкетик мерекенің мән-жайымен таныстырды.
– Тарас – біздің арымыз бен абыройымыз, – деді ол. Шын-
дық пен бостандықтың жыршысын жыл сайын мамыр айын-
да еске түсіру дәстүрге айналған. Бұл – елдің елдігін таны-
тып, рухын көтеру үшін керек шара. «Өлгенде мені жерлеңдер 
Днепрдің жағалауына» деп өсиет айтқан ақберен ақын бұл 
күнде ұлтының рухани әкесіне айналып, замана заңғарынан 
қарап тұр. Мамырдың 22-жұлдызы – Тарас мүрдесін Петербор-
дан жеткізіп, ұрпақтарының Шеркеш тауына жерлеген күні. 
Ол жер бұл күнде Тарас тауы деп аталады. Мерекенің ашылу 
салтанаты осы күнге орайлас келуіне көңіл бөліп келеміз. Та-
рас тойы оныншы рет өткізіліп отыр. Биылғы мерекенің негізгі 
иесі – елдің оңтүстігіндегі Херсон облысы. Жыл сайын тойдың 
ауқымы да кеңейіп келеді.
Иә, бұл жолы Тарас тойына Америка, Канада, Румыния, 
Польша, Ресей, Беларусь, Молдова бастаған жиыны он сегіз 
мемлекеттен қонақтар келіпті.
Айқасып жүріп ақыры
Еркіндік алған дос халық.
Атымды атап ақырын,
Жүріңдер мені еске алып, –

68
деп Тарас өлеңге қосқан дос халықтар өкілдері ұлы ақын, ұлы 
суретшінің аруағына бас ие келгені анық.
«Өзіңе тағдыр дәм-тұзын татуды бұйыртып, халқымның 
мей мандос көңілін тани білген, жырыңа да, суретіңе де арқау 
еткен қазақ елінің сәлемін алып келіп тұрмын, қасиетті Та-
рас!» деймін мен іштей.
Мамырдың 18-жұлдызында Киевтегі Т. Шевченко ескерткі-
шіне гүл шоқтарын қойдық. Осы жерде Украина Президенті 
Л. Кучма мен елдің Премьер-министрі П. Лазаренконың ха-
лық 
аралық мерекеге қатысушыларға арналған құттықтауы 
оқылды.
Сол күні кешкілік украин әдебиеті мен өнерінің өкілдері, 
қонақтар теплоходқа мініп, Киев – Херсон бағытымен жолға 
шықты. Мамырдың күні де халықтың көңіліндей жадыраңқы. 
Жағалаудағы жап-жасыл орман Днепрде тербелген теплоходқа 
сәт тілеп тұрғандай.
Келесі күні Канев қаласына келдік. Тарас тауы мемлекеттік 
музей-қорыққа айналған. Мұнда халық жұмыр жердің әр 
түк пірінен ағылып жатады екен. Тарас зиратының басында 
ақын рухына тағзым етіп, гүлдер қойдық. Тарас тауы укра-
ин ұл-қызының қасиетіне айналғанына көз жетті. Бұл жерде 
бір 
неше мың адам жиналыпты. Жүздері бал-бұл жайнаған 
бүлдіршіндерден бастап, ақ басты қариялар да жүр. Ұлы Коб-
зарь тойы халық тойына айналған. Мұнда жас суретшілер 
көрмесін тамашалап, Тарас музейін араладық. Ақын өміріне 
байланысты экспонаттардың ішінде қазақтың алты қанат 
ақбоз үйі бір залды алып тұр екен. Желбауы бүтін, жиһазы 
түгел. Қатты толқыдым.
Музейдің үлкен залында әдеби-музыкалық кеш болды. 
Алғашқылардың қатарында кезек маған да тиді. Орысшаға 
аударылған екі өлеңімді (аудармашы – ақын Бақытжан То-
баяқов), қазақ тілінде бір өлеңімді оқыдым. Жұрт жылы 
қабылдады. Украин елінің халық әртістері А. Соловнякко, 
М. Стефюк бастаған өнерпаздар өнер көрсетті. Кеш соңынан 
жергілікті жұрт өкілдері қоршап алды, елдің хал-жайын сұ-
рады. Жалпы, украиндықтардың қазақ халқына, жеріне деген 
құрметі мен ықыласы ерекше екен. 

69
– Одақ ыдырағалы барыс-келіс сиреп кетті. Он тоғыз жыл 
Қостанай облысының Меңдіғара ауданында тұрып едім. Кө-
ңілім Қазақстан десе алабұртып тұрады. Сізді көріп толқып 
кеттім, – деп көзіне жас алды қарт ана Нина Величко. – Сағы-
нып жүрмін, балаларымның туып-өскен жері ғой.
– Сау болыңдар, қазақтарым! Сендер ғажап халықсың-
дар. Қарағандыда тұрғам. Көшіп келгеніме төрт жыл бол-
ды. Туған-туыстар сонда, уақыт тауып үйге жүр, айналайын! 
Қуырдақ жеп, жақсылап бір шай ішейік, – дейді жасы жетпісті 
алқымдаған ақсақал Роман Зимовец.
Сапар әрі қарай жалғасты. Теплоход іші Қоянды жәрмең-
кесіне айналып кеткендей. Өнер ұжымдарының концерттері, 
авторлық кештер, суретшілердің көрмесі – бәрі-бәрі бірін-бірі 
жалғастырып, толықтырып дегендей, өзгеше бояу, өзгеше сал-
танатымен жаныңа нұр құяды.
Жалпы, Украина – бақытты ел. Елдегі 53 миллион халық-
тың 38 миллионға жуығы украин ұлтының өкілдері. Зиялы-
лары да, жастары да, шаруасы да тек ана тілінде сөйлеседі. 
Көшелерде орыс тіліндегі жарнамалар некен-саяқ. Соңғы 
алты-жеті жылдың ішінде украин қаламгерлері елдің руха-
ни ұстазына айналып үлгерген сыңайлы. Екінің бірінің айта-
ры – халқының ертеңі, елінің қамы, тілі мен ділінің болаша ғы. 
Ақын-жазушыларында жаңару, түлеу бар. Саясатқа сергек. 
Олардың даусы ел Президентіне де, үкімет басындағыларға да 
жетіп жататынын аңғардым. Жалпы, халықтың ұлттық рухы 
жоғары.
Каневтен соң «Маршал Кошевой» кемесі Черкасск, Светло-
водск, Кременчуг, Днепропетровск, Днепродзержинск қала-
ларын басып өтіп Запорожьеге келді. Мұнда да мерекелік 
дайындық шаралары жоғары деңгейде өткенге ұқсайды. Нан-
тұз ұсынып қарсы алған жергілікті жұрттың көңіл күйі шат. 
Сол күні М. Глинка атындағы концерт залында мереке қо-
нақ 
тарымен кездесу кеші өтті. Хортица аралындағы Запо-
рожье казактарының Ұлттық қорық-музейін тамашаладық. 
Казак ансамблі өнер көрсетіп, ат спортының небір үлгілерін 
алдымызға тартты. Осы жерде олар мерекеге қатысушы 250 
қонаққа дастархан жайды.

70
Мамырдың 22-жұлдызы. Қонақтарды тойдың негізгі ие лері 
херсондықтар қарсы алды. Мерекелік бағдарламаны қолы-
мызға алғанда оның мазмұндылығына, жан-жақтылығына 
таң ғалдық. Түске дейін арнайы топтарға бекітілген көліктер-
мен қаланы аралап, сурет көрмелерінде болып, кездесулерге 
қатыстық. Қонақтарды облыс әкімі М. Карасик қабылдады.
Халықаралық Т. Шевченко мерекесінің салтанатты ашы-
луы кешкі сағат бесте Днепр жағалауындағы «Даңқ» паркінде 
басталды. Құттықтау сөз Ресей, Қазақстан, Беларусь елдерінің 
өкілдеріне ғана тиді.
Мен украин жұртын ұлы мерекесімен құттықтап: «Тарас –
ең бірінші біздің қазақ халқының ұлы, сосын сіздердікі», –
дедім. Херсондықтарға Қазақстан Жазушылар одағының 
ескерткіш сыйлығы – Қожа Ахмет Иасауи кескіні бейнелен-
ген кілемше мен «Қазақстан» фотоальбомын табыс еттім. 
Бұл үлкен мереке қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар тойына 
ұласатынын жеткіздім.
Салтанатты ашылудың соңы үш сағаттық театрландырыл-
ған көрініс пен өнер шеберлерінің концертіне ұласты.
Украинамен біздің мәдени байланыстарымыз тығыз. Әсіресе 
қаламгерлер арасында жақсы қарым-қатынас орнап, достық 
көңіл қалыптасқан. Бізде Т. Шевченконы айтпағанның өзінде, 
И. Котлеревский, И. Франко, Л. Украинко секілді классиктер-
ден бастап, Иван Драч, Пабло Мовчан, Степан Пушик сияқты 
бүгінгі украин ақын-жазушыларының есімі жақсы таныс. Он-
даған қаламгерлер шығармалары қазақ тіліне аударылған.
Украин достар да Абайдан Аманханға дейінгі біздің әдебие-
тіміздің тынысынан хабардар екен.
Келесі күні мерекеге қатысушылар 20 маршрут бойынша 
облыстың 18 ауданы мен қала мекемелеріне арнайы көлік-
термен топ-топқа бөлініп аттанып кетті.
Құрамында украин ақыны Людмила Тарасенко, беларус 
ақыны Олесь Писменников, суретші Виктор Гук және мен 
бар, біздің топ Иванов ауданына жол тарттық. Ол облыс 
орталығынан 180 шақырым жерде орналасқан ең шалғай 
аудандарының бірі екен. Шаруашылықтармен қоса есептеген-

71
де, ауданның 27 мың халқы бар. Науқан кезі болғанмен, аудан 
орталығындағы Мәдениет үйіне жұрт көп жиналды. Жергілікті 
өнерпаздар өнер көрсетті. Одан соң Мичурин атындағы колхоз-
да болдық. Халықтың шаруақорлығына назар ауды.
– Биыл жауын-шашын сиректеу. Техника жүріп тұр, ел 
еңбектеніп жатыр. Мынадай жері бар жұрттың ешкімге қол 
жаюға қақысы жоқ, – дейді колхоз басшысы Н. Василенко. 
Бұл елде негізінен ұжымдық шаруашылық қалпы сақталған.
Мерекенің салтанатты жабылуы Тягинь аралында болды. 
Жалпыхалықтық мереке деген осындай-ақ болар. Ондаған 
мың халық жиналып, осы жерде ән қалықтады. Украин бауыр-
лардың көңілі көл-көсір екен. Тарас есімі украин жұр тының 
рухына айналып, аспанда қалықтап тұрғандай. Ән әуе леп, би 
дөңгелеп, рахат бір сәт кешкен мезгіл болды.
Той эстафетасын херсондықтар Луганск облысының өкіл-
деріне табыс етті. Жиналған жұрт кешкілік тойдан тарап жат-
ты.
Мені де беттен сүйіп, бауырына басқан жұрт аз болған жоқ. 
Еліме деген көл-көсір ықыласты көргенде жанарым жасаурап, 
жүрегім жырлады:
Украина!
Айналайын ардақ ел,
Көңілімде көктем болып қалған ел.
Днепрдің толқынында тербетіп,
Ақындарын алақанға салған ел.
Ей, замана!
Адамзатқа бер тыным.
Бауырым бүтін, сөгілмесін қолтығым.
Тарас елі Тарас үшін сүйгенде –
Ұлы өзеннің толқынындай толқыдым. 
Украина!
Қайғы-мұңды кешкен ел.
Орманындай қаулап сосын өскен ел.

72
…Жұртқа тастап көрген емес «тамырын»
Қыр қазағы, оңды-солды көшкен ел.
Аққу арман арда халқым арлы, асқақ,
Ей, бауырым, сен де мендей жолдас тап.
…Тарас болсаң дәм-тұзымды ұсынам,
Қайғы кешсең Қайсенов болып қол бастап.
Тарас десе,
Көк пен жердің арасы,
Тағзым етер байтақ қазақ даласы.
…Украина Тарасымен бақытты,
Ұрпағымен бақытты екен Тарасы!
Херсоннан Киевке бет алдық. Қайтар жолда Тарас тауына 
соғып, тағы бір тағзым еттік. Көңілі көктем, жаны жаз жұрт 
екен мынау!
Сапар аяқталуға жақындаған сайын мені біздегі өткізіліп 
жүрген мерекелердің әлі де бір қайнауы ішінде екені тол-
ғандырды. Биылғы Тарас тойына бесіктегі баладан, еңкейген 
қартқа дейін миллиондаған халық тартылды. Үлкендері шы-
ғармашылық тұрғыдан сырласуға, жастары өзін жұртқа көр-
сетуге мүмкіндік алды. Шапан-шақпытқа таласып шапы раш-
танған пенде жоқ.
Шіркін, Жидебайдағы Абай жатқан жер қазақ баласының 
сыйынып барар рухани Меккесіне айналар күн қашан туар 
екен?!
Қоштасар кез келді.
– Қасым батырға, Хамит ақынға сәлем айт! – деді жанары 
жасаурап қарт қаламгер Данила Бакуменко.
– Ұлықбек менің өзіне арналған өлеңімді біле ме екен? – 
дейді ақын, Украина Жазушылар одағы әдеби қорының ди-
ректоры, Шевченко мерекесін ұйымдастыру комитетінің тө-
рағасы Микола Шевченко.
– Иранбекке дұғай сәлем! – дейді херсондық ақын Анатолий 
Кичьинский мен лучанскілік ақын Иван Низовий.

73
– Сендер санасы сау халықсыңдар! Қалғи көрмеңдер, – дейді 
халық суретшісі Василь Гурин.
Көріскенше, Тарас елі!
Сендер мені ұлы өзендеріңнің толқынында ғана емес, аялы 
алақандарыңда да әлдилей білдіңдер.
Қош, қасиетті Днепр!
1998 жыл

74

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет