Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет9/19
Дата17.01.2017
өлшемі1,49 Mb.
#2112
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19

ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІ ҚАЙДА БАРАДЫ?
(1997 жылғы әдеби жыл қорытындысында
 жасалған баяндама)
Сөзіміздің бісмілләсін Абайға жүгініп бастасақ. «Өлеңге 
әркімнің-ақ бар таласы». Өлең өлкесі өнердің мәңгі жасыл 
көктеміндей. Оның сыршыл пернесі қозғамайтын сыр, сырнай-
лы үні жетпейтін көкірек жоқ. Өлең тілі – баршаға ортақ тіл. 
Жақсы жыр жүрегіңе жарқын сәуле құяды.
Қазақ өлеңінің бір жылы туралы санаулы уақытта пікір ай-
тып шығу, жыр әлеміндегі жетістік пен кемшілікті тамыршы-
дай тап басу міндетінің жауапкершілігі аз емес. Тұрмысымызға 
да, рухани өмірімізге де нарық нақты еніп үлгерді. Уақыт пен 
кеңістік арасындағы күреске толы күркіреген тіршілікте қа-
зіргі қазақ өлең-жырының хал-ахуалы қалай?
«Барлық сыншылардың ішіндегі ең қаталы, ең ұлысы, ең 
данышпаны, ең кінәсізі – уақыт», – дейді орыстың бір ойшы-
лы. Дұрысында, талантты ешқандай сыншы қолдан жасай ал-
майды. Пушкинді де Белинский жасаған жоқ. Кешеге дейін 
«сын – партияның өткір қаруы» деп, кездігімізді жарқ-жұрқ 
еткізген кездер болғанын осында отырған ағаларымыз жақсы 
біледі. Айтақтап қосқан тазының түлкі алмайтын заманы туды. 
Өлексені өрге сүйреп, туа бітті классик жасай алмайтынымызға 
көз жетті.
Ендеше, өтірік мақтау мен өтірік даттау кімге қажет? Ол 
талантқа емес, дәлдүріш халтурщикке қажет. Дәлдүріштерді 
дәріптеп, індет пен дертке шалдыққан сын пікір таланттың жо-
лын қиып, әдебиетті аздырады. 
Заман өзгерді, адам өзгерді дейміз. Бүгінгі аға буын ақын-
дарымыз «тоқырау» деп аталып жүрген уақытқа аса өкпелі 
емес. Қатырма кітаптары көп тиражбен жарияланып, қала-

140
мақыны санап алатын ақын деген аттың өзі абырой асуына 
шығарғандай кез болған. 
Бүгін уақыт басқа, талап та басқа. Жуан жіңішкеріп, жі-
ңішке үзілердей болып тұрған қараөзек шақта поэзияға қоя-
тын талап тіпті бөлек. Тосыннан келген топан суындай мезгіл 
кім-кімді де аң-таң етті.
Дәуір диірмені қазақ өлеңін де өз елегінен өткізе бастады. 
Жариялылық тонын айналдырып киген айқайшыл өлең өрге 
шыға алмайды. Уақыт уайымын сөз етіп қанша «аһ» ұрсақ та, 
шын өнер тумайды. Олай болса, бүгін сен мынаны жаз, мынаны 
жазба деп отырған ешкім жоқ. Кеңес өкіметі кезінде шындық 
шынжырланып, ақиқат ауыздықталып қалды деп азуын айға 
білеген ақындар неге үнсіз? 
Өткен жылы жарияланған жыр кітаптарын оқып шық-
қанда өлең көшіндегі кемшіліктерімізді осы тұстан іздеуді 
жөн санадым. Ақпараттар ағыны ақыл-ойымызды тұсап тас-
тап, азат тық беріліп, егемендігімізді сезінер тұста есеңгіреп 
қалған жоқпыз ба?
Менің көз алдыма хайуанаттар паркінде ұзақ жылдар қол-
дан жем жеп үйренген жыртқыш аңдар елестейді. Жолбарыс, 
арыстан, қасқырларды бұғаудан босатып жіберсе, тағылығын 
есіне түсіргенше біраз уақыт өтетін шығар. Себебі қасқыр қас-
қырлығын, жолбарыс жолбарыстығын ұмытып қалған, әбден 
қолға үйренген.
Қазақ өлеңіндегі жағдай да соған сәл ұқсастау ма деймін. 
Әйтеуір әдебиеттің қанатты пырағы поэзияда бір бейқамдық 
бар. Тіршіліктің тырнағы қатты батқан біраз ақындар жыр 
көкжиегінен жоғалып кетіп, күнкөріс қамына кіріскендей. 
Енді бір топ нені, қалай, қайтіп жазарын білмей дал болу-
да. Себебі бұл заманға деген олардың дайындығы жоқ бола-
тын. «Құдайдан компартияның саулығын тілеп, жырыңды 
бұрқырата бер, қабілетіңді партияға бағыштасаң болғаны. Өгіз 
де өлмейді, арба да сынбайды...» Осы бір жартыкеш психоло-
гия біздің көптеген ақындарымыздың санасына мықтап орнап 
қалған.

141
Осының бәрін шақшадай бастан, жұдырықтай жүректен 
өткізу жеңіл іс емес. Жүрістен жаңылыстық. Басқаша соқпақ 
табу үшін барлау керек. Соныдан із кескен аңшының қам-
қарекеті қажет. Біздің поэзиямызда қазір осы процесс жүріп 
жатыр. Ізденістің қия-асуларынан өтпей, өркениетті өрелі 
өлеңге қол жеткізу қиын. Тар шеңберді талқан еткенде ғана 
талант өзіне табындырады. Бүгін біздің әдебиетші сыншылар 
қазақ өлеңін әлемдік деңгейде көргісі келетінін жасырмай-
ды. Ол үшін не істеу керек? Төрткүл дүниемен байланысы 
бар егемен елдің ақыны деп әлем әдебиеті біздің қайсымызға 
төрге шық дер екен? Ол үшін «Есім салған ескі жолмен» жүре 
беру аздық ететін шығар. Талантқа тағылым да, таным да ке-
рек. Суреткер атаулы алыс көкжиектерге көз жібермейінше, 
тығырыққа тіреле беруі заңдылық. Бұл ауылдан шықпаған 
балаға дүниенің шет-шегі таусылмайтындай көрінетініне ұқсас 
дүние.
Таным таразысына салсақ, әлемдік поэзия тарихында жа-
ңа бетбұрыстар жасаған ақындардың қай-қайсы да, ең ал-
дымен, энциклопедиялық білімнің, терең эрудицияның иесі 
болған. Мысалы, Байрон, Блок, Пушкин, Неруда, Пастернак, 
Брюсов, Ахматова және басқалардың шығармашылығына 
зейін қойсаңыз, көне грек, ежелгі Шығыс мифологиясы мен 
философиясынан бастап, өздеріне дейінгі ақыл-ойдың інжу-
маржандарын жетік меңгергенін аңғарасың. Әдетте, бізге ка-
бакта жүріп шарап ішіп өткен сияқты елестейтін Сергей Есенин 
өмірін зерттеушілер оның Еуропа әдебиетінің білгірі болғанын 
дәлелдеп отыр.
Сондықтан ақындықтың алғышарты өзіңе дейінгі қызыл 
тілдің асқаралы асуларынан өту екенін біздің қаламгерлер 
түсінуі керек. Қазақ үшін сол асудың ең биігі Абай болып қала 
береді. Өзіңе дейінгілерді білу өзіңе де сын көзбен қарауды 
үйретеді. Түсініп қарағанда Абайдың оқымағаны, тоқымағаны 
жоқ. Ол Шығыстың ғана емес, әлем мифологиясын жақсы 
білген. 
Көзқарасы, айтары, әзірлігі жоқ ақыннан үлкен туын-
ды тумайды. Сондықтан интеллект ғасыры болады деп жүр-

142
ген ХХІ ғасырға қазақ өлеңін апаратын қазақ ақыны соны 
соқпақтарға, игілікті ізденістерге, түрлі эксперименттерге 
баратын кез келді. Әлемнің жарық күнінен нәр алған ұлттық 
поэзиямыздың құнарлы топырақта жайқалған гүлдерін қазақ 
баласы көретін күн тууға тиіс.
Осы шолуды дайындау үстінде өткен жылы түрлі баспалар-
дан шыққан үлкенді-кішілі ақындардың 30-дан астам жыр 
жинақтарын оқып шығуға тура келді. Кітап шығару сапасы 
қаншалықты артса, өлең сапасы соншалықты төмендеген. Аты 
да, заты да белгісіз ақындар көп. Ақшасы барлар Абайды да 
танымайтындай ма, қалай? Жер-жерде жеке меншік баспа-
лар көбейіп кеткен. Пысықай, дәлдүріш бір-бір баспаның бас 
директоры. Ал дәлдүріш дәлдүріштің күшіктеуіне жағдай 
жасауы заңды құбылыс. Осы жерден проблема туады. Жа-
зушылар одағының өзі болып, оның облыстағы бөлімшелері 
болып, арамшөптей қаулаған осы кеселге тосқауыл қоятын 
жағдайларды қарастыру керек. Болмаса, ақындық атты ар-
дақты ұғымнан да, өлеңнен де қадір-қасиет қашатын түрі бар. 
Қатын-баласын асырау қамында жүрген базаршы балаға Абай 
да – ақын, «Ажалдан хабар келмесе, Ленин бабам қайда өлмесе» 
деп термелейтін Аяз Бетбаев та – ақын. Аруағыңнан айнала-
йын Абай ақсақалдан гөрі көзі тірі өзіміздің Аязекеңдердің 
насихаты күшті болып тұр. Бұлай кете берсе ақшасы жоқтың 
ақынмын деп айтуға құқы да болмай қалатын түрі бар.
Газет-журнал беттерінде, жыр жинақтарында жариялан-
ған үлкенді-кішілі ақындардың көбіне ортақ кемшілік – өлең-
дерде публицистикалық сарынның басымдығы. Газет мақа-
ласы көтерер проблемадан өлең жасағанмен, поэзия тумайды. 
Ана тілі, Арал тағдыры, Жетім бұрыш, Ақмола – Астанам 
сияқты тақырыптардағы жырлар тым көп екен. Соның дені 
жайдақ, баяндау түрінде жазылған, өлең құдіретін сезінбейсіз. 
Осындай жалпы тақырыпқа жазылған өлеңдердің жалаң 
абстракцияға ұрындырарын түсінгеніміз дұрыс.
Ұйқасқа түскен публицистика өлеңнің қадір-қасиетін кеті-
реді, көркемдігін төмендетеді. Сырт қарасаң әлгі өлеңдердің 
буын саны түгел, ұйқасы тастай. Үңілсеңіз, өлең шалажансар, 

143
рух жоқ. Ал рухсыз жыр жүрекке жетпейді. Қолына қалам 
ұстаған ақын мәртебелі Поэзияның міндет-абыройын жете 
сезінгенде ғана өлең байғұстың обал-сауабы жөнінде әңгіме 
қозғауға болады. Көркемдік үрдіс кез келгенге қолын соза қой-
майды.
Осы проблемалардың бәрі жиынтықталғанда жұртшы-
лықтың өлең-жырға деген назарсыздығын, селқостығын 
туғызады. Ал ақын үшін қажетсіздікті сезінуден артық тра-
гедия жоқ. Оқырманы жоқ ақын ақын емес. Шын ақын – 
өз халқының шаттығы мен қуанышы, шері мен көз жасы. 
Ақынның ақындығы да, азаматтығы да азабы мол ауыр жол – 
поэзия парасаты арқылы сынға түспек.
Әлгінде оқырман туралы айтып кеттік. Қазақ өлеңі оқыр-
манының дені ауылда. Қазақ ауылының бүгінгі ахуалы ауыр. 
Қазақ ақыны зиялы азамат ретінде сол қиын жағдайда отыр-
ған ауылдарға барып, ел-жұртпен араласатын кез келді. Өлең 
құдіреті небір қиын-қыстауларда сыналған.
Үлкен ақындарға арналған Поэзия күндерін халықтық ме-
реке деңгейіне көтеруді ойластыру керек. Абай, Жамбыл, 
Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағали күндері бір-біріне жалғасып 
өтіп жатса, елдің де рухы көтеріліп қалмай ма? Тірі ақынның 
да ел алдына шығуына, жұрт көзіне көрінуіне жағдай жа-
сау қажет шығар. Қазір бізде өтіп жүрген жыр жарысы – 
мүшәйралардың өзі арнау өлеңдердің аламанына айналып, 
оның қорытындылары өсектің өртін гулетіп тұр. Бұл мерекені 
өткізудің де жан-жақты формасын қарастыру қажет. Қазақ 
жырының көсегесін көгерту үшін жоғарыда айтылғандарға 
ұқсас мәселелер шешімін күтуде. Өлең-жырға, жалпы әде-
биетке саясат сарайларының да мойын бұрар кезі алыс емес 
сияқты.
Өткен жылы оқырманға жыр жинағын ұсынған ақындар-
дың үлкені – Дихан баба Әбілев екен. Оның таңдамалы-
сын қолымызға алып тұрып, тоқсаннан тәбәрік деп түсін-
дік. Жұр тына алпыстан аса жыр кітабын сыйлаған ақын 
ағамыздың тындырымдылығы, еңбекқорлығы – үлгі алар 
қасиеттер.

144
Сексеннің сеңгіріне шығып, арғымағын арытпай, бақытты 
қалпында бақилыққа көшкен Алаштың аға ақыны Хамит аға 
Ерғалиев жаңа жырлардан тұратын «Ұлтым дедім – ұлғайдым» 
деп аталатын жинағын біздерге аманат етіпті. Көпті көрген 
көнекөз осы кітапта туған елінің егемендігі мен бүгінгі заман 
тынысын мадақ тұта жырлайды.
Шын болса тұрғанымыз тік өскелі,
Жендетті жерлеп өмір түгескені.
Қасиетті жағалауға жеткізетін
Қайықтың қолымызда тұр ескегі, – 
депті Хамаң соңғы бір өлеңінде. Хамаң кітабы – аманат кітап, 
Хамаң сөзі – өсиет сөз. Баршаңызды Хамаңша ұлтым деп ұл-
ғаюға жазсын.
Поэзия махаббаттан басталып, парасаттылықпен аяқта ла-
ды. Ақындық талантпен қоса, ақындық парасаттылық қатар 
жүреді. Егер біз ақын ғұмыры жырынан басталады десек, өлең 
ғұмыры да ақын өмірінен бастау алатын сияқты.
Қазақ өлеңінің тұма бұлағы – Тұманбай Молдағалиев өткен 
жылы «Шартарап» баспасынан шыққан жаңа жинағын «Бір 
асудан асқанда» деп атапты. Ақынның бүтін өмірі – оның тұтас 
шығармашылығының лейтмотиві. Себебі өмірінің күйініш, 
сүйінішін, өз жүрегінің құпиясын сенімді түрде айта алмаған 
ақын басқа жүректің қалтарысын ашуға шамасы келмейді. 
Тұманбай ақын өлеңдеріне сыршылдық пен шыншылдық тән.
Бармаған әлі қала көп,
Жүрсеңші дейді жол мынау.
Қайта гүлдеуге шама жоқ,
Айта білмеу де қорлық-ау, –
 
дейді Тұмағаң бір өлеңінде. Дұрысында, Т. Молдағалиев – айта 
білетін ақын.
Асыл мекен, ақын мекен,
Жақсылығың жақын ба екен.

145
Көк сағымнан көйлек киіп,
Көктеп келе жатыр ма екен? –
деп ақтарылады ақын бір жырында тағы да көңілінің құсы 
құйқылжып. Үлкен ақыннан жұрт үлкен жауапкершілік кү-
теді. Өзін-өзі қайталап қоятын, жайдақтыққа барып қалатын 
тұстарды ақын аға өлеңдерінен көргім келмейді... «Бір асудан 
асқанда» Тұманбай аға жеткізбейтін жастықты, өткізбейтін 
өзенді, алдан күткен кезеңді арманына арқау етіпті.
Қазақ жыры мүмкіндігінің арнасын кеңейтіп, өрісін өсіру-
ге көп тер төккен ақын, ұлттық өлеңіміздің бағаналы бәйте-
ректерінің бірі – Қадыр Мырза-Әли. Ол – ойдың ақыны, поэ-
зиясы тұтас қалпында жұртының махаббатына ие болған. Қа-
дыр ақын шығармашылығында динамикалық тұтастық бар. 
Жеке тақырыптардың өзіндегі логикалық байланыс, жол мен 
жол, шумақ пен шумақ бірігіп, тұтас бір механизм жасауы, сол 
арқылы өмірдің ағы мен қарасына ақындық көзбен үңілуі, ай-
тар ойын шегелей айтуы арқылы оқырманды ойлануға мәжбүр 
етуі – ақын атын, оның поэзиясын өзгелерден даралап тұратын 
қасиет дер едім.
Өткен жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Қадыр Мыр-
за-Әлидің «Заман-ай» атты бірнеше дастандардан тұратын жи-
нағын ақынның тұтас шығармашылығының заңды жалғасы 
деп түйдім. Бүгінгі заман ағымын ақындық көзбен көре оты-
рып, өмір ағысы, әлеуметтік сан қилы дағдарыстар, жастық 
пен махаббат, замандастың жан дүниесіндегі өзгерістер жа-
йындағы пайымдаулар өз оқушысына жетері сөзсіз.
Қызды көрсе жымиып Күн күледі.
Асылады мойынға түн білегі.
Сұлу дейміз!
Сұлулық арулардың
Бақыты ма?
Соры ма,
Кім біледі?! –
10-267

146
дейді Қадекең «Махаббат» дастанында. Бұл кітапта Қадыр 
ақынға ғана тән өлең жолдарына ол көтерілген биіктен қара-
дым. Оның жырларының өн бойынан көрінетін азаматтық 
позициясының табандылығына, қарапайым да шымыр шумақ-
тардың арқалаған жүгіне қуандым.
Құдайлығын айтсам, осы жинаққа енген «Парламент» дас-
таны Қадыр ақын потенциалын көрсете алмайтын, мүмкіндігі-
нен төмен дүние екен. Баяндауы басым, айтары газет мақа-
ласына өзек боларлық қана мәселе. 
Дастанда бірнеше депутатқа мадақ жыр арналыпты.
Түсінісу – ел-жұртқа сол жарасқан,
Ұғыспаған халықты қара басқан!
Қол көтерем күдіксіз жоба заңға
Өзі Сұлтан Артаев араласқан! – 
десе, Ерік Асанбаевқа арнаған өлеңінде:
Шығаратын орынсыз жоқ дауысы,
Алды ма екен саулығын көп тауысып...
Назарбаев ұсыныс жасады да,
Вицелікке лып етіп кетті ауысып, – 
дейді. Осы тәрізді шумақтарды Қадыр ағам жазғанына қи-
налдым...
Ақын Кәкімбек Салықов ағамыздың «Жазушы» баспа-
сынан шыққан «Көкжиекке тартқан көш» жинағына соңғы 
жылдары жазған өлеңдері мен сонеттері, «Отырар сазы» атты 
лирикалық поэмасы енгізіліпті. Ол өз шығармаларында зама-
на, табиғат, достық, адамгершілік туралы сыр шертіп, махаб-
бат сияқты асыл сезімнің мәңгіліктігін жырлайды. Әсіресе 
ақынның төрттағандары мен «Отырар сазы» лирикалық поэма-
сы оқырман назарын аударарлық дүниелер.
«Жалын» баспасынан шыққан Аманжол Шамкеновтің 
«Өмір толқыны», «Жазушы» баспасынан жарияланған Саттар 
Сейіт қазиннің «Сексен көл» жинақтары ақындардың жетпіс 

147
жылдық мерейтойларына орай шығарылған екен. Екі жинақта 
да замана өзгерістері, аға буын өнегесі жыр тілінде сөйлейді. 
Екі ақын да оқырманға өз шама-шарқындағы дүниелерді 
ұсынуға тырысқан.
Өткен жылдың ең таңдаулы жыр жинақтары санатында 
үш-төрт ақынның кітаптарына ерекше пейіл білдіргім келеді. 
Ақын Нұрлан Оразалин аз жазса да саз жазады, екпін ырғағы 
жігерлі, ойы анық, динамикасы тегеурінді, ырғағы жігерлі. 
«Атамұра» баспасынан жарық көрген «Құралайдың салқыны» 
атты жыр жинағы осы сөзімізге кепіл болады. Бұл – ақынның 
соңғы он жылға жуық еңбегінің жемісі.
«Ғарыш мінезді жырлар» деп кітаптың алғысөзін жазған 
заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов: «Ақын 
қуанса шын қуанып, мұңайса шын мұңаяды. Оның бір жырдан 
екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан 
дүниесіндегі толғаныстар адамзат кеңістігіне көтеріледі. Ол 
аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені ең 
жақын, ет бауыр туысыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей 
ерекше бір халге бөлейді», – деп жүрекжарды сөзін айтыпты. 
Ақын көңілі аласапыран. Сезімнің серісі дегенімізбен, шын 
ақын – үлкен парасаттың иесі. «Құралайдың салқы 
 
ны» – 
Нұрлан ақынның тың өрісі, белес-белі. Суреткер шеберлігі 
шын дықты сырға, сырды жырға айналдырып, әдемі бір гармо-
ния құрайды.
...Маған артық байлықтың жоқ керегі,
Аман болсын жырымның көк терегі.
Жырым барда жарық бар, махаббат бар,
Өмір өзі қалғанын өткереді,
Аман болсын өлеңнің көк терегі... –
деп жан сырын оқырманның талғам таразысына салып тұр-
ған ақын сендіре сөйлейді, ақтарыла айтады. Ол «Қаламұш-
тың тамырына тығылып, жүрегін жұлқыған Тәңір сөзін» 
жет кізуге асығады. Тәңір сөзін өлең тілінде сөйлетуді бақыт 
санайды.

148
Жалында!
Жүрек атты көк беренім,
Жалынсыз бықсығанды жек көремін.
Озсам да, озбасам да, дәл осылай
Мен қалған өмірімді өткеремін, – 
дейді ақын енді бір өлеңінде. Жыр жинағында бір идеяға бағын-
дырылған өлеңдер көп екен. Нұрлан өлеңдері – метафоралық 
тың бояуларға бай, образға оранған жинақы да байсалды 
мінезді өлеңдер.
Осы жинақтағы «Қарақазан ғасыр» драмалық дастаны – 
көк аспан, қара жер арасындағы уақыт атты кеңістік үшін қас 
қағым сәт – айналасы 30-40 жыл ішіндегі бір әулеттің қасірет-
мұңын көрсету арқылы замана запырандарына қарғыс айтқан 
қабырғалы дүние. Ана мен ұлдың диалогы арқылы берілетін 
бөлімдерден бастап оқырман сезімін шарпылыстырып, бірде 
күйіндіріп, бірде мұңайтады. Ақын кейде абыз болып толғап, 
рух болып тіл қатады. Дастандағы Ана мен Берік бала да, Едіге 
қарт пен Иіс кемпір де қимас бір адамыңа айналып жүре бер-
гендей әсерде қаласың. Әділетсіздік атаулыға тас лақтырғың 
келеді, қорқау қоғамға кінә артасың.
Сол сезім Нұрлан поэзиясының жанкүйеріне айналдырып 
жібергенін өзің де байқамай қаласың.
Нәзік назымен, сұлу сазымен ерекшеленетін ақын Күләш 
Ахметованың «Күн шыққанда күліп оян» атты жыр жинағы 
«Ана тілі» баспасынан жарық көріпті. Ақын жырлары – шуақ-
ты да мейірбан, биязы жырлар.
...Сағынғанда сүйкімді түс көремін,
Күліп тұрған көңілден күш көремін.
Үлкен күнге үлес қой – әрбір адам
Бір-біріне сыйласа кішкене күн! – 
деп ақын ізгілікке үндейді. 
Адалдық пен ізгілік – Күләш өлеңдерінің қан тамырын 
соқтырып тұрған қасиеттер. Бес бөлімнен тұратын көлемді 
жинақта сан алуан тақырыптағы жырлар бар. Соның дені 

149
тіршілік әлемінен үйлесім тауып тұрған жауһардай мөлдіреген 
жырлар.
Менің өлең өмірім –
Менің мәңгі үлесім
Біресе мұң, біресе үн...
Қуанышым, махаббатым, қызығым,
Қылдай үміт, қымбат тілім, күресім, – 
деп Күләш ақын ақындық өнер алдындағы жауапкершілігін 
өмірінен бөліп қарамайды. 
«Жазушы» баспасынан көлемі он баспа табақ болып жарық 
көрген ақын Қасымхан Бегмановтың «Бесіктен бейітке дейін» 
атты жыр жинағы қасиетті қазақы бесік пен қасіретті бейіттің 
екі арасын философиялық ойлармен астарлаған нәзік нақышты 
лиризмі арқылы оқырман жүрегін баурап алады.
Бәйіт арна, құрбандық шал, дұға қыл,
Дұға қыл да жүрегіңмен жыла бір.
Қабірлерге қамқор ана секілді
Аруағымды қымтап жатқан мына қыр;
немесе:
Қабар ит не құлып жоқ есігімде,
Жұмысым жоқ біреудің жесірінде.
Бейітке адам жасайды дайындығын
Сонау сәби кезінде, бесігінде...
Өзіне ғана тән өрнегі қалыптасқан, болмысқа бағдар жа-
сау арқылы есейген Қасымханның бұл жинағындағы ойлы да 
мұңды өлеңдердің табиғаты ұнады. Бұл ақынның өлеңдері – 
алыпқашпа, асау мінезді емес, өз арнасынан ауытқымай, сабы-
рын сақтап, байсалды ағатын өлеңдер.
Сонау көктем аңсатты ғой, аңсатты,
Жүректен жыр, көңілден күй қанша ақты.

150
Сенсіз өткен тойлар мені мұңайтып,
Сенсіз өткен жылдар мені шаршатты.
Әдемі шумақ. Ақынның сыры мен мұңы сенің де сезім 
пернелеріңді басатыны шындық. «Бесіктен бейітке дейін» 
жинағындағы өлең-дастандардың қай-қайсы да жаныңа шуақ, 
нұр сыйлайтын дүниелер.
Көре, біле, сезе тұра үндемей қалу – қылмыс. Жаманды 
жақсы деу – көргенсіздік. Талай тұлпарларымыздың түбіне 
жеткен де осы бір назарсыздық па деймін. Қазақ өлеңіне де ақ 
пен қараны безбенге салар уақыт жеткен сияқты.
Ақын Тынышбай Рақымның өткен жылы «Атамұра» баспа-
сынан шыққан «Дүлдүл көңіл» жинағы – көлемі де, көтерген 
көркемдік ой-жүгі де уақыт ырғағымен үндес дүние. «Дүлдүл 
көңілдің» тізгінқағары:
«Қадамыңа, – деші, дос, – жыр гүлдегір»,
Екі айналып келмейді бұл күнгі өмір...
Не айтар екен дегендей, құлақ түріп,
Елеңдейді еліне дүлдүл көңіл, – 
деп басталып, кітап жабылар тұстағы «Сауырсипарында»:
Дүлдүл шабыт, тек алға ұмтыла гөр,
Шабысты да, намысты тұр сынап ел.
Аруақтар қолдасын жебеп сені,
Мертікпей жет мәреңе, Жыр – Құлагер! – 
деп аяқталуында қазақы болмыс, ұлттық мінез жатыр емес пе! 
Жалпы, кең ауқымды айтсақ, ақынның азаматтық ой қақпасы 
«Халқым туралы толғаумен» өріс ашып, «ХХІ ғасырға хатпен» 
бақытты болашағына қанат қаққандай әсер береді.
Өткен жылғы таңдаулы жыр кітаптарының қатарында 
Қара ғанды облыстық баспаханасынан шыққан Тұрсын Жұ-
маш 
тың «Періште» деп аталатын жыр жинағын атағым 
келеді. Тұрсын ақын – оқырманға жете қоймаған, әдеби ортаға 
беймәлім есім. Тек 1992 жылы «Жас қазақ» газетінде оның 

151
Есенғали Раушановтың алғысөзімен жарияланған топтамасы-
на елеңдесіп қалған едік. Сондағы «Мен де бір тұлпарыңмын 
тағдыры бар, Даланың кеңдігінен байқалмаған» деген жолдар 
есте қалыпты. Сол Тұрсын:
Мына мені бір күні еске түсіріп,
Жылайсыңдар тағдырымды түсініп.
Бұл фәниден шындық іздеп жүргенде,
Алып кетті қанатына құс іліп! – 
деп өлеңдетіпті де, осыдан екі жыл бұрын, 36 жасында мәңгілік 
мекеніне сапар шегіпті. Оның өмірді керемет сүйген үлкен да-
рын иесі екеніне өлмес жырлары дәлел. Тұрсын газет-журнал 
редакциялары мен баспаларды жағалап көрген жоқ. Керек 
десеңіз, Алматыға да Құдай жалғыз рет жолын түсірмепті. 
Жауыр торысымен қой соңында тепеңдеп жүрсе де Тұрсын 
ақын әлемге өзінің кіндік мекені Балқантаудың биігінен 
қарап үлгеріпті. Оның өлеңдерінде даланың кеңдігі, бұлақтың 
күлкісі, жусанның иісі бар.
Өмір жақсы, өйткені күн бар мұнда,
Ажал оғын атады кім дарынға?
...Ұшып кетті дүр етіп көгершіндер,
Қарғаларды үркітіп тұрғанымда, –
дейді Тұрсын. Қарапайым да терең иірімді, мінезді жырлар.
Тұрсын Жұмаш ақынның өлеңдерінің аз тиражбен бол-
са да оқырман қолына тиюіне күш салған қарағандылық 
журналист Айтбай Сәулетбектегі мен талантты ақын Серік 
Ақсұңқарұлының азаматтығына бас иіп, алғыс айтқан жөн.
...Бұлақтарға қызығып тасып аққан,
Табанына таулардың тасы батқан.
Қазыбек би ауылында бір ақын бар,
Сені ойлаумен күн-түні басы қатқан.
Қалып қоймай ауылда, от басында,
Ол да бір күн жетеді, тоқтасын ба.

152
Бір-ақ шумақ өлеңі қалады оның
Балқантаудың ойылып көк тасында...
Осындай қанатты жырлар талдауды қажет ете қоймас. 
Біздің қолымызға түскен шап-шағын «Періште» жыр жинағы 
арқылы менің құрдасым Тұрсын Жұмаш ақынның өлмейтін 
екінші ғұмыры басталғанына сенгім келеді.
Азаматтық жүрегімен адамзат қайғысына қарғыс айтып, 
«Шешендер» дастанын жазған ақын Рафаэль Ниязбеков 
кейінгі жылдары өнімді еңбек етіп жүр. Оның Шешенстан 
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануы, осы елдің жоғары 
наградасы «Ұлт намысы» орденімен марапатталуы баршамыз 
үшін мәртебе болуға тиіс. Өткен жылы ол «Мерей» баспасынан 
«Тамұқ отына жанбаған» деп аталатын кітабын шығарыпты. 
Мұнда бірнеше өлеңдермен қоса, қоғам қайраткері Асанбай 
Асқаровтың өмірінің тауқыметті жылдары туралы дастан бар. 
Осы поэмада ақын өз кейіпкерінің фонында өткен кезеңдегі 
келеңсіздіктерді ашуға ұмтылған.
Енді бір дауыстары дараланып, бір-бірінен қара үзіп кет-
песе де, өлең өлкесінде есімдері таныс бірнеше ақындардың 
еңбектеріне тоқталмақпын.
Ханбибі Есенқараева – өзгелерге қарағанда ойы анық, қана-
ты қатайып, қалыптасқан ақын. Ол өлең объектісін алыстан 
іздемейді. Өзінің ортасы, заман өзгерістері, махаббат, табиғат 
сияқты тақырыптарды өлеңіне арқау етеді. Ханбибінің «Жазу-
шы» баспасынан шыққан «Махаббатым мәңгілік» жинағында 
да сәтті өлеңдер көп. «Иттер немесе қайырымдылық туралы», 
«Бақ пен қыдыр», «Тобық» атты жырлар баллада жүгін көтеріп 
тұрған айтары бар дүниелер екен.
Жинақтағы «Солженицынның саясаты», «Қыз Жібек» сән 
ательесінің презентация кеші» сияқты өлеңдер тым жадағай.
Сергектікпен сеземін үнді,
Мен – жүрегін қайғы тілгендікі,
Мен – «шындық» боп үргендікі,
Мен – тасадан атып жүргендікі! – 

153
сияқты, дүдәмал да ұғуға ауыр тіркестердің Ханбибі жинағын-
да кездесіп қалатыны өкінішті. Жинақтағы арнау өлеңдердің 
көптігі де байқалып қалады.
Әдеби ортадан алыста жүрсе де өлең сүйер қауымға есімі 
жақсы таныс ақынның бірі – Ақылбек Шаяхмет. Өткен жылы 
«Жазушы» баспасынан шыққан «Жұлдызды дәуір» өлеңдер 
жинағы ел тағдыры, табиғат пен махаббат тақырыбына жа-
зылған жырлардан тұрады.
Жан досым жиегінен Тырнакөлдің,
Жыландай жылжып аққан жылға көрдім, – 
деп басталатын «Тырнакөл» атты өлең жақсы әсер қалдырды. 
Осы санатта «Найзакескен», «Қароба» сияқты жырларды тәп-
тәуір теңеулермен бейнелеп сөйлеуге ұмтылатын ақынның 
жинағында дүдәмал жолдар, сәтсіз шумақтар көп.
Ақылбек жырларында тың теңеулер мен образды ойлар си-
рек. Өлеңдерін түйіндеуіндегі орашолақтықтар баршылық 
екен. Ақылбектің ел, тіл, жер тағдыры жайлы мақалаларында 
өткір ойлар айтып жүргенін білеміз. Сол ойлар кейде өлеңге 
айналып кете ме деймін. Жыр түйінін «Жұлдызды дәуір жаса-
сын», «Жығылмасын Тәуелсіздік жалауы», «Шашу болып ша-
шылсын қазағымның теңгесі», «Өнері озған өзге елмен терезесі 
тең болсын!» «Тіл табу керек адамдар, табысу керек бар елдер!» 
деп ұрандап бітіргенмен өрелі туа қоюы қиын. 
Сәрсенбі Дәуітұлының «Сарыбел сазы» атты көлемді жыр 
жинағы «Жалын» баспасынан жарыққа шығыпты. «Көкжиекті 
орап алған көк сағым, көк бояудан құралғандай тіршілік» не-
месе:
Толқын-дауыл сапырылып шайқайды,
Көбік-қоян үрке-үрке тарқайды.
Кешке дейін суда жүзген күн ару,
Ымырт түсе көкжиекке жантайды, – 
деген сияқты тәп-тәуір теңеулермен бейнелеп сөйлеуге ұмты-
латын ақынның осы жинағында дүдәмал жолдар, сәтсіз шу-

154
мақтар көп. Ақынның «Қайдасың, қара көзім?» аталатын ша-
ғын өлеңінен үзінді оқып көрейік:
Қызыл күрең ерініңе төніп тұрмын бал тамған,
Жүрегіңе қалай ғана орнады екен салқын қан?
Кірпігіңді күміспенен шылайсың ғой бір сығып,
Ашу буып отырушы ең өз-өзіңнен тұншығып.
Осы шумақтағы төрт жол төрт жаққа қарап тұр. Қызыл 
күрең, бал тамған ерін – жібі түзу тіркес емес. Сол ерінге Сәрсе-
кеңнің лирикалық «мені» неге төнуге тиіс? Жүрегіңе салқын 
қан орнады... Қан құйылды, қан ақты, тіпті қан сұйылды 
дегенді естіп едік, жүрекке салқын қан орнады дегенді ұға 
алмай тұрмын. Кірпігін «Күміспен бір сығып, ашу буып» өз-
өзінен тұншығып отырған қара көзге не үшін күйіп-жануға 
тиіспіз? Бұл – сөз бен сөз, жол мен жолдың арасында ешбір 
логи калық байланысы жоқ шумақ.
Осы өлең: «Қайғы мен шер қайыстырып басатындай тау бо-
лып», – деп аяқталады екен. Алдыңғы шумақтағы «ашу буып, 
тұншығып» отырған көкбет қызды жау қолы қағып кетсе 
қағып кетсін, ер адамға дір-дір етіп қайғыра беру жараспайды. 
Одан басқа не дейін.
Жоғарыдағы аталғандарға ұқсас кемшіліктер көп ақынға 
ортақ. Шәймерген Әлдибекұлының «Хан Тәңірі», Аманкелді 
Жылқышиевтың «Таң самалы», Мейірбек Ақынбековтің «Із» 
атты жинақтарында ізденіс жоқ. Бұл ақындарда білгіштік, 
ақыл айтқыштық басым. Сырты сұлу, іші жүдеу өлеңнің 
табиғаты тартпайды. Ішкі иірім мен сыртқы түр астаспаса, 
өлең шықпауы заңдылық.
Оңтүстік Қазақстан облыстық баспаханасынан шыққан 
Әбілда Аймақтың «Жүрегімде махаббат», «Өлке» баспасынан 
шыққан Марфуға Бектемірованың «Айдыным менің» өлеңдер 
жинақтары – адамның ішкі дүние сырын жырлайтын нәзік 
нақышы бар дүниелер.
Өмір өзегіне тың үйлесім, өзгеше ырғақ іздеп жүрген бір-
неше жастардың тұңғыштары жарық көріпті. «Нұр» баспа-

155
сынан шыққан «Аққудың қауырсыны» атты жинақтың 
авто 
ры – жамбылдық жас ақын Төреғали Тәшенов. Ол тіл 
уызын еміп өскен, қасиетті өлең алдындағы жауапкершілігін 
сезіне алатын жігіт екен.
«Экономика» баспасынан Темірақын Жақып «Нарық на-
тюрморттары» атты өлеңдер жинағын шығарыпты, ол – тіл 
қадірін сезінетін, ақырын жүріп, анық басатын азамат.
Салбыраңқы бұтаққа жабысып ап,
Селтең қақпа сен босқа сауға сұрап.
Самал айдап әкетер сәлден кейін,
Сары күз сені аямас, сары жапырақ... – 
деп сыр түйіп, өлең аяғын философиялық астармен бітіреді. 
Темірақынның осы бағытта жазылған өлеңдері біршама.
Темірақын жырларындағы кемшілік – өлеңмен ақыл айтып 
кетуге бейімділігі. «Тәртіп орнат тезірек, тапаншалы мық-
тылар!», «Қол шығарып бір жеңнен, бір жағадан шықсын бас», 
«Татуға тентек судан тыйым салам!» – Темкең оқырманға ұрсып 
қояды. «Ересектерге арналған экономикалық әліппе» деген 
бөлімді жинаққа енгізбесе де болар еді. «Қытай поэзиясының 
ізімен», «Мұқағали мақамымен», «Жарасқанша» деп тақырып 
қойып өлең жазып жүрген Темірақынның өзін тезірек табуына 
тілектеспін. Оған оның мүмкіндігі бар.
Сорос-Қазақстан дебют бәйгесін жеңіп алған жас ақындар 
жинағын «Жібек жолы» баспасы жарыққа шығарыпты. Ба-
тырболат Айтболатұлы, Бақытжан Алдияров, Айбатыр Сейтақ, 
Нұрлыбек Сафин сияқты жастардың қай-қайсы да өлең сөзге 
анық таласы бар ақындар. Олардың жырлары қазақ жырына 
жаңа толқынның келе жатқанын дәлелдейді.
Өткен жылдың жыр жинақтары жайлы шолу қазақ өлеңінің 
болмыс-бағдарын толық ашып бере алмайды.
Фариза, Марфуға, Сәкен, Қанипа, Есенбай, Дүйсенбек, 
Тұр сынзада, қатарлы ақындар Поэзияны өз көңілдерінің пат-
шалығы санап, Тәңір сыйы – өлеңдерін жазып келеді.
Темірхан, Жарасқан, Иранбек, Исраил, Серік, Жүрсін, 
Жәр кен, Несіпбек, Дәуітәлі, Шөмішбай, Ұлықбек, Есенғали, 

156
Аман хан, Мейірхан бастаған тынымсыз толқын – бүгін қазақ 
өлеңіндегі өз орындарын алып үлгерген ақындар. Ал олардың 
еңбектерінің бағалануы жайлы әңгіме бөлек.
Осы шоғырдағы Несіпбек, Дәуітәлі сияқты ақындардың жа-
ңа жыр жинақтарының шықпағанына он жылға жақындап-
ты. Ойланарлық мәселе.
Кітап демекші, Алматыдағы Әбубәкір Қайран, Қара 
ған-
дыдағы Серік Ақсұңқарұлы, Жамбылдағы Қуандық Шолақ, 
Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімов, Қызылордадағы Шаһи-
зада Әбдікәрімов, Жезқазғандағы Сайлаухан Нәкенов сияқты 
талантты ақындардың жыр жинақтарын мемлекеттік тапсы-
рыс арқылы шығарып беруді Жазушылар одағы қолға алмаса, 
қиын болып тұр, «Таланттарға көмектесу керек, талантсыздар 
өзі-ақ жол табады» демеуші ме еді.
Алды қырыққа иек артып, соңы ойлы отыздың орманын 
кезіп жүрген – Мәди, Әбубәкір, Әділғазы, Гүлнәр, Бауыржан, 
Шәмшия, Нұрлан, Қазыбек, Светқали, Амантай, Оңайгүл, 
Сабыр, Қайрат, Баян, Ертай, Гүлзакира, Болат, Кәдірбек... 
Олар дан сәл жастау Роза Қараева, Маралтай, Әмірхан сияқты 
ақын дар болашаққа бағдар, болмысқа болжам жасап жүр. Бұл 
топтың өз биігін алып, сөз түйінін айтар кезі жақын.
Бүгінгі қазақ сынында бір ауыз сөз болса, алдымен 
осылар 
ға айтылсын. Көрер көз болса, алдымен осылар-
ды көрсін. Бұлар – өлеңді нан табу немесе атақ алу деп ойла-
майтын ақындар. Алдыңғы апа-ағалары сияқты баспаның 
да, баспананың да, басқаның да қызығын көре алмай, біздің 
қатарымыз өлең өлкесіне келгенде дүние тарылып жүре берді. 
«Жетім қозы тасбауыр» демекші, шамырқанған шабыт пен 
ширыққан сезімнен туатын өлеңдерді осы толқыннан күту ке-
рек. 
Атап өтуге лайықты тағы бір үлкен еңбек – өткен жылы 
қазақтың қара өлеңінің 30 баспа табақ болып «Жалын» бас-
пасынан шығуы. Асыл қазынамыз қара жердей мәңгі, қара 
жолдай даңғыл, қара таудай байырғы, қара ормандай қалың 
қазақтың қара өлеңін толықтырып, оқырман қолына тигіз-

157
ген – Оразақын Асқардың елеулі еңбегі. Бұл әр қазақтың 
қастерлеп ұстар қасиетті кітабы болуға тиіс.
Мерзімдік басылымдарда да жақсы жырларымен көрінген 
ақындар бар. Олардың бәріне тоқталу мүмкін емес.
Ұлттық поэзиямыздың ежелгі дәстүрлерін жалғап, жыр жа-
зып жүрген Жәркен Бөдешұлының көктем жайлы өлеңінен бір 
шумақ оқып берейік:
Бұл да бір гүл көктемнің күші деп біл,
Көкек те әупілдейді іші кепкір.
Тойынған қар суынан сәуірік бұлт
Аспанның ар жағынан кісінеп тұр. 
Көркемдік көрігінен шыққандай, суреті әдемі, қазақы 
ұғымға жеңіл, өн бойында көктем рухы бар жыр. Ең бастысы, 
қай деңгейдегі оқырманға да түсінікті.
Неге керек,
Кімге керек өлген ой,
Былай тұршы өрекпімей, өрлемей!
Маңайлама, тас боп жүрген сезімдер,
Шайпау шабыт, шатынама, сен де қой, – 
деп шамырқана жырлайды ақын Әбубәкір Қайран. Дұрысын-
да, өлген ой мен мас сезім маңайлағасын өлең тумайды.
Ақын – халық байлығы. Ал халық ақыннан өресі биік 
өлең күтеді. Қазақ жырының керуені көшке айналып, жаңа 
ғасырды бетке алған тұста әр ақынның іштей «айта алмасам 
маған серт» дейтін күні туып тұр.

158

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет