Бағдарламасы бойынша жарық көрді Кітапты жүйелеп, баспаға əзірлеген немересі Нəзік Мəми Айтхожа М



Pdf көрінісі
бет10/13
Дата27.03.2017
өлшемі4,59 Mb.
#10437
түріБағдарламасы
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Дүйсенбек ҚАНАТБАЕВ 
САҒЫНЫШ САМАЛЫ 
(Қазақтың айтулы ақын қызы 
Марфуға Айтхожа алпыс жасқа толды)
Əдетте, əйел затының жасын əйгілеп, бадырайта түгендеуді 
əбестік санап, мүмкіндігінше оны жасыруға, қолдан келгенше 
көпшіліктен  көлегейлеп  түсуге  тырысатын  тұстарымыз  бар. 
Бəлкім, бұл əдет – адамзат баласының əсем жартысына деген 
əдейі  құрмет  шығар,  оның  əдемі  қалпы  неғұрлым  ұзағырақ 
сақталса деген кіршіксіз ниет шығар. Бұндай емеурінге ешкім 
қазір де түбегейлі қарсы бола қоймас. Əйтсе де ақын адамның 
жолы  бөлек,  жөні  ерекше  екендігін  баса  айтқым  келеді. 
Ақындық  болмыс,  ақындық  жаратылыс  əйел-еркек  боп  екіге 
жіктелмесе керек. Біз бұны бірде ұғып, бірде ұқпағанымызбен, 
бұлтартпайтын  ақиқаттың  бірі  осы.  Сондықтан  нағыз  ақын 
Айтхожаның  алпысқа  келгенін  қуана  жария  етіп  жатқаны-
мыздың  сыры  да,  сияпаты  да  осында!  Біздің  тілімізде  əйел-
еркек  атаулының  есімдік  баламасы  кей  тілдердегідей  «он, 
она»  деп  екіге  бөлінбейтіні  секілді,  ақындық  ұғым  да  қазақ 
халқында  қашаннан  қабыс,  қашаннан  біртұтас.  Тілімізде  де, 
ділімізде  де  солай.  Əріні  тəптіштемей-ақ,  берісін  айтар  бол-
сақ – Айтхожа əпкеміздің ақындық болмысы, азаматтық ауқы-
мы, кісілік кескіні осыған əбден айғақ, əрі дəріпті дəлел.
Мерейтой  кезінде айтылар лебіздің межесі мен өресі əдет-
тегі талқы-тездерден өзге болатыны əркімге де аян. Оның аясына 
ақын жайлы бұрыннан айтылып келе жатқан айқындамаларды 

299
қайта-қайта тықпалай берудің жөні тағы жоқ. Дей тұрғанмен, 
дəл осы тұста қасиетті қазақ жырының көне қоңырауы Əбділдə 
Тəжібаевтың  мына  бір  пікірін  тілге  тиек  етпесек,  сөзіміздің 
мəні де, сəні де келмейтін тəрізді. «...Марфуғаның туған жері 
Шыңжаң  өлкесі  болғанымен,  поэзиясының  өркендеген,  өріс 
көрсеткен жері – үлкен Қазақ-стан ғой. Екі мемлекеттегі елдің 
төл баласы боп өскен ақынның осындай болмысты ақындықпен 
тануы да тамаша:
Туған топырақ  – адамның Жер-анасы,
Тұтасқан татулықпен ел арасы.
Араны бөлгенменен қызыл сызық,
Көңілдің болмайды екен шекарасы.
Ақын  өз  атынан  ғана  емес,  бəріміздің,  бүкіл  қазақтың 
атынан қазақ сөзін сөйлей алған...».
Гəп осында. Ақсақал ақынымыздың аз ғана сөзінде қоздана 
шоқтанған  шындық  жатыр.  Айтхожа  өлеңдегі  қызыл  сызық 
та  тағдырға  түскен  тыртықтай  айқын,  қандыкүрең.  Бір  ғана 
осы  көріністің  байыбына  тереңірек  үңілсек,  көз  алдымызға 
ақын  əпкеміздің  поэтикалық  əлемі,  шығармашылық  Қағбасы 
айқын  елестері  хақ.  Ендеше,  Айтхожаның  ақындық  кредо-
сы – атажұртты аңсау.
Ұлттық  поэзиямызда  бұл  тақырып  ежелден-ақ  жырланып 
келеді. Ұланғайыр ауыз əдебиетіміздің тегеурінді тіні,
 
мағыналы 
мұңы,  шарықтаған  шыңы – туған  жерге  деген  сүйіспеншілік, 
атажұртқа  деген  сағыныш  десем  артық  айтқандығым  емес. 
Оған дəлел шаш-етектен. Халық əндерін тыңдай қалсаңыз да 
сол  бір  аяулы  сезімнің  азалы  сазына  еліге  елеңдеп, «Артта 
қалған елімді көрер ме екем» деп аһ ұрған жанның жанкешті 

300
халін  етене  ұғынарыңыз  хақ.  Бұл  жаугершілікті  көп  көрген 
көшпелі  елдің  пешенесіне  жазылған  басыбайлы  енші  деуге 
ауыз бармаса да, жасыруға болмайтын жəдігерлер бізге əлі де 
осыны баяндайды.
Ондай  ойды  келте  қайырып,  қазіргі  заманға  ойысар 
болсам,  айтылмыш  тақырып  қазақ  поэзиясында  алпысыншы 
жылдардан  бермен  қарай  қайтадан  атқа  қонды.  Оның  тізгін 
қағар  түлектері  қазақ  елінен  тысқары  жатқан  аймақтардан 
келген  талантты  жастар  болғандығы,  бір  есептен,  заңды  да. 
Төлеген  Айбергеновтің  «Сағыныш  саздары»  тек  өлеңдік 
өрнегімен емес, əлеуметтік мəнімен де өнерге һəм өмірге өте 
қажет  өктем  ұмтылыстарға  жол  ашып  берген-ді.  Марфуға 
Айтхожа  да  осындай  опалы  тұста  поэзия  көгіне,  өзі  аңсаған 
атамекен төріне іңкəр-інжулерін іле келді. 
Ей, сырлы саз,
Мөлдіреген Марфуға!
Сендей қызға сыйлық аз,
Өмір керек тартуға! – 
деген  өлең  Төлеген  ақынның  өзегін  бекер  жарып  шықпаса 
керек.  Қайткен  күнде  де,  осы  бір  төре    сөздердің  төркінінде 
кезеңдік  сипат  бардай  көрінеді  де  тұрады  маған.  Уайым  мен 
үмітті үздіге толғап, үзеңгіні қатар қағыстырған құрдастардың 
текті түсінігі жатқандай оның түбінде.
Ақын талғамын қашанда тағдыр тəрбиелейді, ақын жетесін 
тарих жетелейді. Осыдан келіп халықтың тағдыры мен тарихы 
жетелейді.  Ықылымнан  бермен  ындыны  кеуіп,  ыңғыршағы 
айналған  ырғын  илат  ақын  илхамына  ең  əуелі  өз  иланымын 
іздеп,  сонысын  тауып  қана  күдіктен  азаланып,  тəуекелге  бел 

301
байлады.  Айтхожа  шығармашылығы – осындай  бекем  бай-
ламның белқазығы. Ондағы күрмеуді емес, күрделі ойды шешер 
болсақ, шемен боп қатқан шерді шеңгелдей туған жұрағатпен 
ұрандас  екенімізді  ұғынар  едік,  тағдырлас  екенімізді  ұғынар 
едік. Сонда ғана сезімге дерт боп қоймай, сенімге серт үстейтін 
сағыныш сорабы сарсаңға сарылтпай, арайлы алаңға да алып 
шығарына көз жеткізіп, көңіл тоқтатар едік. Сол алпысыншы 
жылдарда Марфуға ақынды алғаш көрген адамның өзі-ақ оның 
сұңғақ  бойлы  сұлу  бітімінен  де,  жамалына  жарасқан  ойлы 
жанарынан да жасампаздық аңсаған жан-дүниені жазбай таныр 
еді.  Менің  де  алғашқы  өлеңдерімнің  бірі  шекара  жайында-
тұғын.  Иран  жаққа  қарата  айтылған  осы  өлең  былайша 
аяқталатын:
Кəрленіп тұрған, қарашы,
Қайғының қара шатырын...
Бақыт пен сордың арасы
Екен ғой бір-ақ шақырым.
Осы  сөздерді  ести  сала  Мəкең  маған  іштарта  қарады. 
Əркім  сыйласқанның  құлы.  Атажұртты  аңсап  астанаға  келіп, 
енді шекараның арғы жағында қалып қойған ағайынға алаңдау, 
əрине, маған түсінікті дилемма. «Былай жүрсең арба сынады, 
былай жүрсең өгіз өледі!». Сағым қуған сағыныш дегеніміз тап 
осы!..
Бірде  мен  Мəкеңмен  үкімет  үйінің  алдындағы  алаңда 
жолығып  қалдым.  Қытай  мен  Кеңес  үкіметінің  бір-бірімен 
қырғи-қабақ болып, келісе алмай жатқан тым ауыр кезі еді 
ол.
– Інім, қал қалай? – деді ол дегбірсізденіп.

302
Мен  əскерде  жүрген  Əбіштің  (Кекілбаевтың)  бірнеше 
күннен бері шекарада, Жалаңаш көлде, окоп ішінде жатқанын 
айттым.
–  Япыр-ай,  аман  ба  екен? – деді  күрсініп.  Көкейді  тескен 
«аман ба екен?» деген мазасыз сұрақтың арғы жағы айтпасақ 
та  түсінікті...  Өмірдің  аты  өмір.  Өнердің  аты  өнер.  Бұл  екі 
жарықтықтың  сүйіндіретіні  де  бар,  күйіндіретіні  де  бар. 
Адамға қуаныш та керек, мұң да керек. Мұңсыз өмір жоқ, ал 
мұңсыз өнердің болуы тіптен мүмкін емес. Ол – жанымыздың 
тең  жартысы.  Көбі  болса  болар,  бірақ  азы  емес.  Ол – ақын 
жүрегінің бəсең нұры, əсем сəулесі, жабырқау жарығы...
Сексенінші  жылы  Мəкеңмен  күтпеген  жерде  Мəскеуде 
жолықтым. (Онда  «Қазақфильм»  киностудиясында  істеймін, 
қызмет  бабымен  астанаға  жиі  барып  тұратынмын).  Пуш-
кин  ескерткішінің  жанында  бір  өзі  отыр  екен.  Қуана  аман-
дасқанымызбен, əпкеміздің жүзінде қатты қобалжу барын аң-
ғардым.
–  Сол,  ағаң  ауыр  науқасқа  шалдығып,  біраз  уақыттан 
бері  өзімізді  қоярға  жер  таппай  жанұшырып  жүрген  жайым 
бар.  Осындағы  ең  мықты  маманға  емдетуге  əкелгем. 
Орналастырдым.  Күдер  үзбеймін,  құдай  сəтін    салар,  жаңа 
қолым  сəл  босаған  соң  Пушкин  ақынға  шағынғалы  жəне 
сыйынғалы  келдім.  Ақындар  ағайын  халық  қой.  Кəкімбек 
ағамыз да қолдан келген көмегін аяп жатқан жоқ...
Мен  əпкеміздің  табандылығына,  қайтпас  қайсарлығына 
таң қалдым. Атына өзі сай атпал азамат Абылай ағамыз қатарға 
қайта қосылды. 

303
Байқаймын,  менің  əңгімемнің  элегиялық  сарыны  басым-
дау  болып  бара  жатыр.  Əйткенмен,  Есениннің  «Печаль  моя 
светла» дегені бар емес пе? Оның сəулесі басым! Ол Марфуға 
ақынның əр өлеңінен-ақ байқалады:
Ақынды азатты ойлар тыншытқан ба,
Ризамын, көзімнен жас ыршытсам да.
Жүректі шайып таңның шуағымен
Қуанып қалам аман күн шыққанда.
Жүргізіп мезгіл билік атырапқа,
Сарғайып жүдейді екен жапырақ та.
Көзіммен көк тауларды күнде шолып,
Жүрегім қақ бөлінер екі жаққа.
Тамыпты біреуінде – кіндік қаным,
Түсіндім біреуінде – шындық барын.
Ақтарып келем сенен сыр жасырмай
Тел құлын тағдырымның жыр ғып барын...
Марфуға  Айтхожа  отыздан  астам  өлең  кітаптардың  авто-
ры.  Олардың  бəрінің  атын  атап,  түсін  түстер  болсақ,  талай 
уақыттың  басын  қайырған  болар  едік,  талай  жырға,  талай 
сырға  молығар  ек.  Ескерте  кетер  жəй:  менің  жоғарыдағы 
мəлімдемелеріме  бола,  ақынның  көрген-баққаны  тек  ата-
жұртты  аңсау  деп  қалсақ  қиянат  болмақ.  Жарыса  өріліп 
жарасты  жалғасын  тапқан  бəрімізге  ортақ  мəңгі  тақырыптар 
ақын жырларының азаматтық тұғырын биіктетіп, əр жылдары 
оны айтулы белестерге көтерді. Республикамыздың бүгіні мен 
болашағы жайлы ең зəру мəселелерді көтерген озық туындылар 

304
отандастарымыздың  игілігіне  айналып  қоймай,  өзінің 
көркемдік  сапасымен  алыс-алыс  шетелдік  оқырмандардың 
да  назарына  ілікті,  қазіргі  қазақ  жырының  жеткен  дəреже-
деңгейін  паш  етті.  Оның  өлеңдеріне  тəн  нəзік  лиризм  мен 
асқақ шеберлік үйлесіп,  шешен сөйлеп, көсем ойлар толғауға 
мүмкіндік берді...
 Келгендерің  жақсы  болды,  сендер  құттықтап  жатқанда 
бір алпыс түгіл, бірнеше алпысқа келуге бармын, – деді əпкеміз 
күні  кеше  Жəркен  (Бөдешов)  екеумізге  жадырап. – Неге 
екенін  қайдам,  осы  сендер  келердің  алдында  ғана  оңашада 
жылап-жылап  алдым,  тазардым,  бекіндім,  енді  неге  болса  да 
дайынмын!
Ол күйсандықтың жанына барып, өзі шығарған  «Исламабад 
аспаны»  деген  əнін  шырқады.  Оған  немерелері  қосылды. 
Əсем əуеннің ырғағын қағып алып, қайырмасына келгенде біз 
де  қостай  жөнелдік.  Жазу  үстелінің  жапсарынан  сығалаған 
қолжазбаға  абайсыз  көзім  түсті.  Басы  арабша,  соңы  қазақша 
қаріппен жазылған өлең былай аяқталыпты:
Құрық салып асауға ноқталадың,
Өтіп кеткен күндерге көп қарадым.
Елуіңде жетпеген жақсылықты,
Алпыс алып келер деп оқталамын.
Несі бар, орынды наз. «Аршын төске жарасқан алқа сынды 
аруларға атақ-даңқ жарасады». 
Көз алдыма өзім ылғи да есіме алып жүретін киелі құбылыс 
тағы елестеді... Жыл құстары қиянға бет алғанда ішінде жасы да, 
жасамысы да болады. Бірақ солардың бəрі бірінен-бірі қалмай 
қатар  ұшады.  Ұзақ  сапар  кешеді.  Ондайда  қанаты  қатпаған 

балапан  да,  қауырсыны  селдір  қарақан  да  қайрат  көрсетеді. 
Оларға  қуат  үстейтін  қасындағылардың  көмегі  əлгілердің 
қанатынан  ескен  жел,  ырғақты  ауа  толқыны  ешқайсысын  да 
жерге түсірмей, кейінге қалдырмай демеп отырады.
Қатарындағы  қанаттасының  ыстық  демін  сезіну,  асау 
арынын, терең толғанысын пайымдау – үлкен медет, ұлы тілек. 
Байтақ  еліміздің  барлық  тұсынан  жарыса  жамырасқан,  үдере 
ұласқан ұлан-ғайыр көштің берік ұстамы, міне, осында.
Əуселеңіз əуелей берсін, ақын əпке!
«Егемен Қазақстан» газеті,
4 қазан 1996 жыл
 

306
СƏЛЕМЕТСІЗБЕ, ҚҰРМЕТТІ  
МАРФУҒА ҒАЛИҚЫЗЫ!
Жақын  арада  Мурманскідегі  радиода  біздің  «Бір  уыс 
топырақ»  əніміз  жазылды.  Мен  оны  радионың  музыкалық 
редакторынан  жазып  алдым,  соны  өзіңізге  зор  қуанышпен  
жібергелі отырмын. Тыңдаған  сəтте  бұл өлең сізге  жағымды 
əсер  сыйласа екен. 
Əнді  Апатит  қаласының  «Заполярье», «Құрылысшылар» 
Мəдениет сарайының  халықтық  əн жəне би  ансамблі  үйре-
ніп,  жазып алды.
Сізге  хат  жолдап  жатып,  радиодан  «Уақыт,  оқиғалар, 
адамдар» хабарын тыңдап отырмын. Сол жерде айтып жатыр, 
бүгін 26 тамызда сіздердің республикаларыңызда мейрам деп. 
26 тамыз күні (қай жылы екені есімде жоқ) үзбелі күнтізбе-
де Сіздің тамаша өлеңіңіз «Бір уыс топырақты» кездестіргенім 
есіме түсті.
Қызығарлық,  қалайша  осы  екі  күн  сəтті  орайласты.  Міне 
бүгін,  дəл  осы  күні,  мен  Сізге  өз  өлеңіңізге  жазылған  əнді 
бандерольмен жібермекшімін.
Мен  Сізді,  Марфуға  Ғалиқызы,  Қазақ  ССР-нің  құрылған 
күнімен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық жəне үлкен твор-
честволық қуаныш тілеймін! Кереметтей жаңа өлеңдеріңіз көп 
болсын. 
Мен Сізге «Заполярье» хорының жетекшісі Петр Иванович 
Ларин жақын жолдасым екендігін əлі жазғаным жоқ қой.
Былтырғы  жылы  менің  олардың  ұжымымен  творчество-
лық кездесуім өтті. Сол жолы мен оларға «Бір уыс топырақты» 

307
тыңдаттым.  Əн  оларға  өте  ұнаған  соң,  өз  қойылымдарына 
қосты. 
Өткен жексенбіде, құрылысшылар күні олар Мурманскідегі 
салтанатты жиналыста болды. Сол жерде өздерінің концерттерін 
осы əнмен ашты. 
Сізге айтайын дегенім, барлық творчестволық кездесулер-
де  (ондай  жиі  болып  тұрады)  мен  осы  əн  туралы  сөз  қозғай-
мын,  оның  жазылу  тарихы  туралы  да  айтамын.  Əрдайым 
көрермен  мұны жылы қабылдайды. Бұдан бірнеше жыл бұрын 
бүкілодақтық  радиоға  қабылданған  бұл  əн  əлі  күнге  дейін 
эфирге шықпағаны өкінішті. Сіздердің қалаларыңыздағы оның 
тағдыры туралы білуге құштармын.
Мен бұл əнді Ленинградта Ленинградтың Концерт оркес-
трінің жетекшісі Анатолий Семенович Бадхенге көрсеттім. Əн 
оған да ұнады. Ол маған əнді клавирмен Алматыға əнші Əлібек 
Дінішевке  салып  жіберуге  кеңес  берді.  Бірақ,  Сіздің  ол  əнді 
Е.Серкебаевқа  көрсетемін  дегеніңіз  есімде  болған  соң,  мен 
оны жібере алмадым.   
Алдымен  Е.Серкебаевтың  бұл  əннің  тағдырына  қалай 
қарайтындығын  білмей  тұрып,  Дінішевке  жіберуге  бата  ал-
мадым.
Айта  кететінім,  хор  бұл  əнді  орындалу  жанрына  қарай 
өзінше өзгеріске ұшыратты.
Шынын  айтса,  мен  оны  тек  қана  бір  орындаушының 
айтуына ғана келеді, сонда ғана тебірене шығады деп ойлаушы 
едім.
Бірақ мен əнді өзінше орындап жүрген Петр Ларинге деген 
алғысымды  білдіре  алмай  жүрмін,  ол  аздап  басқаша  айтады, 

308
бəрібір жақсы. Демек, халық бұл əнді сала бастады деп айтуға 
болады. 
Марфуға Ғалиқызы, Сіз сыйға тартқан өлең кітапшасынан 
мен романстар үшін екі өлеңді таңдап алдым. Олар – «Тілек» 
жəне  «Біз  бөлек  өмір  сүрдік»  өлеңдері.  Өкінішке  қарай,  мен 
«Жазғы шықтан» романстар жиынтығы болатын өлеңдер таң-
дай алмадым. 
Мен  «Тілекті»  жазып  бітірдім, «Біз  бөлек  өмір  сүрдікті» 
жазып  бітіруге  айналдым.  Əрине,  ойымдағы  мақсатым  лири-
калық дəптерім толық жəне мазмұнды болса деген ғана. Сон-
дықтан Сіз маған көмектессеңіз екен. Бұл екі романс та əйел 
даусына арнап жазылған. 
Мүмкін  Сізде  осыған  орай  басқа  да  бір  материал  бар 
шығар. Ең құрыса екі-үш лирикалық шығармаларды ашсаңыз. 
Тек қана өлеңнің текстінде географиялық атау болмаса болды. 
Онда ол жергілікті жермен шектеледі. Маған өлеңдердің белгілі 
бір  жерлермен  байланыспағаны  керек.  Бұған  Сіз  қосылсаңыз 
қуанамын,  өйткені  маған  өз  ойымдағыны  аяқтауға  мүмкіндік 
туады.  
Егер  рұқсат  етсеңіз,  Сізге  айтарым  осы  уақыттың  ішінде 
Москвада  менің  үрлемелі  оркестрге  арналған  Соғыс-теңіз 
флоты туралы фантазияға арналған партитурам шықты. Фоноға 
арналған трио, скрипка жəне виоленчельге арнап жаздым. Бұл 
трионы  Карелияның  Мəдениет  министрлігі  алды.  Бұл  біздің 
радиода  жазылып,  телевидениеде  орындалды.  Москвада 
Воениздатта  басылған  «Əн  бізбен  бірге»  атты  ұжымдық  əн 
кітапшасында менің үш əнім басылып шықты. Бұдан басқа да 
қуанышты  жаңалықтар  бар.  Қазір  өзіміздің  филармониямен 

309
бағдарлама дайындап жатырмын. Онда да «Бір уыс топыраққа» 
ерекше көңіл бөлінуде. Себебі, маған бұл əн көп жылдар бойы 
ұнап келеді. 
Қош  сау  болыңыз.  Сізден  жауап  күтемін.  Сізге  барлық  
жақсылықты тілеймін
Г. КАЛИКИН,
Мурманск қаласы,
26 тамыз, 1983 жыл 
СƏЛЕМЕТСІЗБЕ, ҚҰРМЕТТІ 
МАРФУҒА ҒАЛИҚЫЗЫ!
Сізге  осы  хатты  жазғалы  жүргеніме  көп  болды,  алайда 
ойлағанымды  жүзеге  асыруға  мүмкіндік  болмады.  Сізге 
жазып  отырған  алыстағы  Солтүстіктен  Каликин  Георгий 
Александрович деп білерсіз.
Мəселе  мынада  болып  тұр.  Меніңше, 76-жылдары  болса 
керек, үзбелі күнтізбеден Сіздің «Бір уыс топырақ» өлеңіңізді 
кездестірдім.  Ол  маған  қатты  əсер  етті.  Мен  осы  өлеңге  əн 
шығаруды ойладым. 
Əн оңай шығарылды. Сол жылы мен «Бір уыс топырақ» əнін 
Алматыға  Е.Серкебаевтың  атына  опера  театрына  салып,  осы 
əнді орындап шығуды (əрине, оның көңіліне ұнаса) сұрадым. 
Бірақ мен одан жəне басқалардан өзім салған клавир жайында 
жауап ала алмадым. Жарайды, ол клавирді құдайға тапсырдым, 
бірақ та ол жоғалып кетсе маған, автор ретінде, өкінішті-ақ.

310
Сол кезде мен Сізге де осы əннің клавирін салып жіберуді 
ойладым, бірақ Сізді қай жерден іздеуді білмедім.
«Бір  уыс  топырақ»  əнін  мен  Бүкілодақтық  радиоға 
да  жібердім.  Ол  жерде  менің  кейбір  жазғандарым: «Край 
морошковый», «Соғыс бұдан бұрын өткен», «Тағы да ұшуға», 
«Көктемді  күтемін»  жарық  көрді...  Москвада  əн  жақсы 
қабылданып, өзімді таңқалдырып тастады. 
Əнді радиоға жазу үшін маған оркестрге арнап аранжировка 
жасауды сұрады. Мен қазір осы əнге партитура жасаудамын.
Осы  жылы  ғана  Ленинградта  қазақ  əдебиетінің  онкүнді-
гінің өткенін естідім. «Нева» журналында сіздің «Ленинградқа 
арнау» өлеңіңізді оқыдым. Шындығын айтсам, бұл өлеңдер ма-
ған  ұнады.  Сізге  Жазушылар  одағына  жазып  жіберуге  бел 
будым.
Хатым  бұл  жолы  Сізге  жетеді  деп  ойлаймын.  Үлкен 
ықыласпен  Сізге  өзіңіз  жазған  «Бір  уыс  топырақ»  өлеңінің 
қолжазба  клавир  əнін  салғалы  отырмын.  Əнді  қарап  шығуды 
өтінемін.  Егер  Сізге  ұнаса,  сіздің  қалада  оны  тамаша  əнші 
Ермек Серкебаевтың орындауында радиоға жазуға болады.  
Тағы  да  айтатыным,  Сіздің  өлеңдеріңізді  оқығанымнан 
түйгенім олар іштей өте мəтінді келеді екен, соған байланысты 
оларға музыка жазауға болады.
Айта  кететінім, «Ленинградқа  арнау»  бірнеше  əннен 
тұрады.  Сіздің  ақындық  творчествоңызбен  жақын  танысқым 
келеді.  Сондықтан  Сіз  маған  композиторға  деген  өзіңіздің 
творчествоңыздан туындылар жіберуіңізді сұраймын.
Ал  мен  болсам  композитормын,  СССР  Композиторлар 
одағының мүшесімін. 1968 жылы Гнесиндер атындағы инсти-

тутты бітірдім, ал СССР Композиторлар одағында 1975 жыл-
дан бері мүшемін. 
Сізден  жауап  жəне  өлеңдер  асыға  күтемін.  Мені  көп 
тақырыптар  қызықтырады,  бірақ  та  ең  бастысы – біздің 
Отанымыз  туралы  тақырып  жəне  дəл  Сіздің  өлеңдеріңізден 
тапқандай ракурста.
Сізге үлкен творчестволық табыс тілеймін.
Г. КАЛИКИН, 
г.Североморск, 27.10.80 ж.

312
Нүкеш БƏДІҒҰЛ
АТА ЖҰРТТЫҢ АҚҚУЫ
Күміс үні күмбірлеткен аспанын,
Таудан алған бұлақ сынды бастауын.
Ақ қанат құс – Марфуға ақын жырлары,
Асты алқынбай алты қырдың асқарын.
Бозаңдаған кеберсіген қырдағы,
Өңін бермес раң гүлдей құмдағы,
Қайсар, өжет, тайталасқан тағдырмен,
Мұңлы, сырлы жалын атқан жырлары.
Күннен ғана нəр жинаған бойына,
Төзген шөлге, аңызақтың сойына.
Құрамай да, үзілмей де жетті кеп,
Ақын қыздың айтулы зор тойына.
Осы өңірдің желі жібек, суы бал,
Жаннат бағы секілденер нуы бар.
Жарытпайтын сияқтысың сірə да,
Ешкіөлместен басқа жерде туып ал.
Шыңдарына қонады тек қыраны,
Қырларында сəйгүлігі, бұланы...
Жарасатын алғырлық пен асқақтық,
Жайнаған шоқ бұл өңірдің ұланы.

313
Аға мырза, ергізеді жеңге сыр,
Қарттарының пейілдері көл-көсір.
Шалқып жатқан дарқандық пен береке,
Өскің келер дəл осындай елде есіл.
Ей, мергендер, мылтықтарын оқтаған,
Жөн сендерге бұл өңірге соқпаған,
Қасиетті мейірім бар бұл жақта,
Қайтпай қалған бір тырнасын жоқтаған...
Баянжүрек, биігіне Қапалдың,
Өлеңіңмен бізді талай апардың.
Мəке, бүгін сəті түсті, өзіңді
Атажұрттың аққу қызы атаудың.
Сен – аққусың, аялаған, еліңнің,
Айдынында жүзген өлең көлінің.
Сырлы сазың жүректерге ұялап,
Төріне шық халқың күткен сенімнің.
«Қазақ елі» газеті, 
20 қыркүйек 1996 (№38) 

314
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
МАРФУҒА АЙТХОЖА 
«АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» 
АТАНДЫ
Абай атындағы академиялық опера жəне балет театрында 
Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері,  Қазақстан  Республикасының 
еңбек  сіңірген  қайраткері  Марфуға  Айтхожаның  ел  Тəуелсіз-
дігінің 20 жылдығына арналған «Ойлан, Ақын!» атты шығар-
машылық  кеші  болып  өтті.  Алматы  қаласы  əкімінің  орын-
басары  Серік  Сейдуманов  қала  əкімі  Ахметжан  Есімовтің 
құттықтау хатын оқып беріп, қалалық мəслихат сессиясының 
шешімімен қазақтың көрнекті ақын қызы Марфуға Айтхожаға 
«Алматы  қаласының  құрметті  азаматы»  атағы  берілгені 
туралы  қуанышты  хабарды  жеткізді.  Қазақстан  Жазушылар 
одағы  басқармасының  төрағасы  Нұрлан  Оразалин  еліміздің 
қаламгерлері  атынан  құттықтап,  ақынның  иығына  қамзол 
жауып, сый-сияпат көрсетті. Мəдениет министрі Мұхтар Құл-
Мұхаммедтің  құттықтау  хатын,  сондай-ақ,  Ресей  Жазушылар 
одағы  басқармасының  шешімімен  берілген  Сергей  Есенин 
атындағы  алтын  медальді  табыс  етті.  Осы  кеште  Марфуға 
Айтхожаның 75 жасқа  толуымен  Халықаралық  «Диалог 
Еуразия»  Платформасының  тең  төрағасы,  жазушы  Харун 
Токактың  арнайы  құттықтау  хаты  да  тапсырылды.  Еліміздің 
бір  топ  мемлекет  жəне  қоғам  қайраткерлері,  əріптес  ақын-
жазушылар  да  Марфуға  Айтхожаның  қазақ  поэзиясындағы 
қол  жеткізген  табыстарымен  құттықтады.  Ақын  қыздың 

315
шығармашылық кешінде мерейтой иесі өзінің жырларын оқып, 
əншілер өлеңіне жазылған əндерді орындады. 
–  Менің  өткен  өмір  жолым  соқтықпалы,  соқпақты  бол-
ған  еді, – деп  еске  алады  Марфуға  Айтхожа. – Қапал-Ара-
санның  жоғары  жағында  Айтхожа  жайлауы  деген  болған. 
Сол Айтхожа атамды 70 жасында аппақ сақалын желкілдетіп, 
итжеккенге  айдатқан.  Оның  салқыны  кейінгі  ұрпақтарына  да 
тиді.  Менің  əкемді  мектепте  ұстаздық  етіп  жүрген  жерінен 
«Ғани  Айтхожинді  Жапонияға  ақпарат  беріп  жатқан  жерінен 
ұстадық»  деп  жала  жапқан.  Əкем  орысша,  арабша  жəне 
қазақша  білгендіктен  кеңес  өкіметі  «ең  қауіпті  адам»  деп 
тапқан.  Алматыдағы  «Мүттайым  бағында»  жер  қаздырып, 
төбесін темір тормен жауып, тұтқындарды сонда ұстаған. Осы 
түрмеден  қашып  шыққан  əкем  Қытайға  қарай  асады.  Жолда 
əйелі  мен  қызы,  үш  ұлы  аштықтың  құрбанына  айналады. 
Бірақ, ол жақта да əкеме тыныш өмір болмайды. Қытай үкіметі 
Сталиннің  ықпалымен  осы  жақтан  барған  қазақ  зияларын 
жаппай тұтқынға алады. 1941 жылы Құлжаның бергі жағындағы 
Сейдін қаласындағы атышулы «Айранбақ» түрмесіне қамайды. 
Сонда əкемді жылына бір-ақ рет темір қақпаның саңылауынан 
көретінбіз.  Осы  азаптан  əкемді  құтқарып  қалған  оның 
сауаттылығы  еді.  Əкем  Қарағаш  мектебінде  мұғалім  болып 
жүргенде мені көрнекті ақын Ғали Ормановқа тапсырған екен. 
Бірақ,  ол  кісімен  Мəскеудегі  жоғары  əдебиетшілер  курсын 
бітіріп  келген  соң  ғана  кездестім.  Ақын  ағам: «Асылдың 
сынығы, тұлпардың тұяғысың ғой!» деп маңдайымнан иіскеп, 
қайтыс болған əкеме көңіл айтты.

316
Марфуға  Айтхожаның    Мəскеуде  оқып  жүрген  жылдары 
төрт  кітабы,  ал  өз  елімізде  үш  кітабы  орыс  тілінде  жарық 
көреді. 1985 жылы  шыққан  «Украшения  коня»  атты  кітабы 
«Художественная  литература»  баспасының  «Классика» 
сериясы бойынша шықты. Орыс тіліндегі кітаптарына Жұбан 
Молдағалиев  пен  Олжас  Сүлейменов  алғысөз  жазып  береді. 
Орыс тіліндегі көптомдық кітабы «Горсть земли» деген атпен 
1975  жылы  жарық  көреді.  Одан  кейін  де  жыр  жинақтары – 
«Струна степей» 1978 жылы, ал «Утверждение» мен «Летние 
росы» 1985 жылы  шықты.  Əдебиет  институтында  Татьяна 
Кузевлева  мен жұбайы Владимир Савельев, Сайын Мұратбеков, 
қырғыздың  атақты  ақыны  Жолан  Мамытовпен  бірге  оқиды. 
1969  жылы  Мəскеудегі  жоғары  əдеби  курсында  білімін 
жалғастырып  жүргенде  Жазушылар  одағының  мүшелігіне 
қабылданады.  Ол  кезде  мүшелікке  өткен  ақын-жазушыларға 
деген құрмет пен мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық 
жақсы болатын. 
Қытай елінің Құлжа қаласында дүниеге келіп, атамекенге 
қоныс  аударған  Марфуға  Айтхожаның  алғашқы  өлеңдер 
жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарық көріп, содан 
бері «Шыңдағы жазу» (1964 ж.), «Жастық шақ» (1968 ж.), «Аққуым 
менің» (1971 ж.), «Қаракөз-Айым» (1973 ж.), «Баянжүрек» 
(1974  ж.), «Көзімнің  қарасы»  мен  «Ақ  бантик» (1975 ж.), 
«Жарқыра менің жұлдызым» (1980 ж.), «Қыран жеткен» (1985 
ж.), «Сағыныш  сазы» (1990 ж.  Үрімжі, «Халық  баспасы»), 
«Жапырақ сілкінген кеш» (1991 ж.), «Аңсау» (2001 ж.), «Аққу 
жүрек» (2001 ж.), «Алатаудың ақ батасы» (2005 ж.), «Тобылғы 
бүрлегенде» (2008 ж.),  өзге  де  жиырмадан  астам  кітап  жаз-

ды.  Бірқатар  шығармалары  болгар,  поляк,  венгр,  латыш, 
француз,  неміс,  ағылшын,  чех,  парсы,  араб,  қытай,  урду, 
өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. 2002 жылы «Аңсау» атты 
жыр  жинағына  ҚР  Мемлекеттік  сыйлығы  берілді. «Құрмет 
белгісі» жəне «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальдармен 
марапатталған.
«Алматы ақшамы», 
20.07.2011 (№123)
   

318

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет