Уа, жалған! Өзен – сыра, көл болса – арақ!
Жағада Сәуле тұрса шашын тарап!
Өмірдің өткелі көп, ермегі көп,
Бәрінен біз аулақпыз, сезбей жанап.
Күнім үшін қызыл да, ақ та болам,
Кейде ұрыншақ, кей кезде сақ та болам.
Кейде қатты, сондай меңіреу түпсіз,
Кейде жайсаң, жұпжұмсақ мақта болам, –
дейді Адам ақын. Шынын айтып отыр, ақтарылып отыр. Үлкен
мақсаттан қол үзген соң, ел алдындағы борышты сатқан соң,
нені енді медеу етер? Ол – шарап, ол – нәпсі. Иірім толқынға
түскендей тартып әкетіп бара жатыр. Өлеңнен де күй кетті ғой.
Сырты жылтыр, ішінде дән, нәр жоқ, өлі сөз ғана. Сіркесі су
көтермейді, бірге жатқан жолдасы Қабылмен қанжығада кезде-
117
сердей болып бет жыртысты-ау Адам. Ендігі ынтызары – анау
Шәкім. Бұл шашы тілерсегіне түскен қырдың ұяң қызы емес.
Вальс, мазурка, фокстрот билейді. Арағыңнан да тартынбайды.
«Мен тимеймін қатын болып еркекке, ерлер тисін қатын болып
шетінен», – дейді. Еркектен еркек таңдайды. Рухани туыстық
іздеп жүрген Шәкім жоқ, Бұқарбайды Бұзаубайға, Бұзаубайды
Салымжанға айыр-бастаған. Соқыр тұмандай жылбысқы, лас
өмір суреттерін драматургтің түс арқылы көрсетуінде гәп бар.
Екінші пердедегі оқиға бақша ішінде, ішкілік орнында
өтеді. Шәкімді иектеп жүрген тағы бір жігітпен танысамыз.
Сөз орайына қарағанда, жібі бос, иіні жуас. Қазына мүлкін
жеуге келгенде ешкімге есесін жібере қоймайды. Бұл – Сабыр-
бай. Жылмаң қағып, тиыннан тиын туғызып, буфетші Кәрім
жүйткіп жүр. «Е, ортақ, қапа болмаңыз! Дүние екі келмейді.
Өз игілігіңіз. Осындайда бөдененің қоразындай бір көтеріліп
қойып керек те», – деп майлы ішекше айналдырады. Сауда-
гер психологиясы. Алда, арба, не істесең ол істе – әйтеуір
ақша түсірсең болды. Қалалық мекемеде істейтін Ахметтің де
көзінің құртын жеп жүрген – Шәкім. Алапатты сұлу жалт етіп
бір қарағанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Екеуі кездесіп
отыр. Суық сыра. Өліп-өшкен құштарлық сөздер. Сүйіс. Шәкім
тықыршиды. Сабырбай кеп қалса қайтпек? Мынаны қалай
алдайды? Ахметтің кеңседегі жиналысқа кетуі мұң, Шәкім
Адам құшағынан табылады. Жезөкше әйел мінезі қызықты
бейнеленеді.
Мещандық орта. Ішімдікке салыну, адалдық атаулыдан
жұрдай болу, бір қызылға үймелеген бірнеше қарға – рухани
қаусаған топтың сиқы осындай. «Адамның жаны – музыка,
адам ның қаны – поэзия, екеуінің ортасынан өмірдің оты жа-
нады», – деп пәлсапа соққан Адамның Сабырбай, Ахметтен ай-
ырмасы шамалы. Бір көрініп кететін қалпақты персонаждың:
«Маған дүниенің бұты жарты тиын. Маған мидың керегі жоқ.
Мен, мен самородокпын», – деген жалғыз ауыз сөзінен болмысы
танылады.
118
Желіккен жігіттердің түрмеден бір-ақ шығуы таңыр-
қатпайды. Мойындарына құрық түскен соң әрқайсысы кеше-
гі өмірін еске алады. «Аз күнәні айнала қашып, көп күнәні
көмірдей бастық», – дейді Адам. «Байды – жарлы, жарлыны
бай деп жиындарда көп таластық, жақынды демеп, алысты же-
беп, шындықты жасырып, ақты – қара, қараны – ақ, қызылды –
көк, көкті жасыл еттік», – дейді Сабырбай. Бәрі түсінікті. Бұ-
лар жаңа заманның ұлдары емес, ескінің сарқыншағы, күні
өткен таптың өкілдері. Әлеуметтік күрес арнасына түспей-
ақ, қоңыртөбел тірлік ағысына жарамай құлап жатқандар.
Үшеуін бажа қылып шығарған – Шәкім. Драматург бояуды тым
қалыңдатып жағып, оны мерезді ауру етіп көрсетеді. Соңғы
көріністегі екіқабат әйелдердің сөздері натуралистік ыңғайда
жазылған.
Пьесада жағымды кейіпкердің жоқтығын идеялық қате де-
ген сыншылардың пікірі – жетпей айтылған сөз. Сатира лық
шығармада суреткердің ұлғайта көрсетуі үшін шарттылық
қажет. Көркем туындыда үнемі біреу жеңіліп, ақыл айтып,
өнеге беру міндетті емес екені көпке аян.
«Үш бажа» – қазақтың ең алғашқы сатиралық драмасы-
ның бірі. Автор қоғамдық өмірге мүлде қоңсы қона алмайтын
маскүнемдік, зинақорлық, жезөкшелік тақылеттес масқара
құбылыстарды сынап-мінеуді мақсат еткен. Конфликтінің
осалдығы, психологизмнің жетіспеуі, тіл селкеулігі сияқты кем-
шіліктерден драматург бұл пьесасында да құтыла алмағанын
жасыруға болмайды.
Қазақстан өміріндегі елеулі кезеңді бейнелейтін Ілияс
Жан сүгіровтің «Түрксіб» драмасының бірінші суреті ықшам,
жинақы, көркем; драматургиялық техника шеберлігін көруге
болады. Кішкентай бір көріністе өнер заңдылықтарын жіті
білетін қаламгердің қолтаңбасы сезіледі: көтеріліп шығып
келе жатқан күн, Кеңес Одағының гербі, қойшы әні, орақ
пен балға қасына шопан таяғын қою – осының баршасында
сахналық символ бар.
119
Алғаш кездесетін кейіпкерлеріміз Қамыспай ұста, оның
әйелі Қазила, ұлдары Ержан, Қозықан. Өзен жағасы, айда-
ла. Бұлар жаңадан салына бастаған темір жолға кәсіп іздеп
келеді. Кедейлік, жоқшылық ыңыршақтарын айналдырып,
табан дары тасқа тисе де бір-біріне суықтығы, қатыгездігі жоқ,
жылы ұядағы бауырмал, ыстық ықылас, тәтті мейір байқалады.
Атақонысты, ауылды тастап, белгісіз, тұманды болашаққа
тартқан адамдар дейтін емес, ерлі-зайыпты екеуі құс төсектен
тұрғандай, кеше қосылған жастарша әзілдеседі; үлкен ұл
тезірек аттанғысы келеді, кішісі алаша-сырмақтың үстінде
отырғандай. «Түйе, түйе, түз қайда?» тақпағын айтып бер деп
қыңқылдайды.
Осындай жайма-шуақ қалып Сыдықтың келуімен бұзыла-
ды. Сахнаға бұл кейіпкер әрекет, тартыс ала келеді. Мына-
лардың арттарынан қуа жеткен руласы, мол дәулет иесі.
Негізгі сөз Сыдық – Қамыспай арасында. Сыр, мінез, көзқарас
ашыла бастайды: өткен-кеткен, қазіргі жағдай айқындалады.
Қамыспай сөздері қысқа, келте қайрылады. Жаңа мекенге
бет алғанымен, көңілде күдік, ойда қауіп көп. Артық байлық,
алтын-күміс іздеп бара жатқан жоқ қой, бәрі – тамақ асырау
амалы, бала-шағаны бағу қамы, тірлік тартысы.
Драматург кешегі көшпелі ауыл кедейінің психологиясын
терең біледі, мөлшерден артық бояу қоспайды, өмірдің өзіне
лайық, сенімді жайларын алға тартады. Ұзақ жылдар ұста
болған, табиғатынан біртоға Қамыспай ойды, сезімді негізінен
ішіне жинайтын, шашып-төгіп сыртқа шығармайтын, сараң
сөйлейтін, тұжырым, қорытындысын айтатын кісі қалпында
көрінеді.
Ал Сыдықты тыңдап бағыңыз. Сөзі кесек, ірі, түйдек-
түйдегімен, шумақ-шумағымен тастайды. Әуелі Қамыспай-
ды мүсіркеп, жаны ашыған, жүрегі сыздаған кісі кейіпінде
сөйлейді. Ақыл қосып, жаны ауырып отырғандай. Сорға тартып,
оқапқа түсетін, тура ажалдың аузына жұтылып бара жатқан
бейшара, сорлылардың құтқарушысы іспетті. Алғашқы айлаға
шөке түспеген соң, жырынды палуан қарсыласына екінші әдіс
120
қолдана бастайды: мұның аты – қорқыту, шошыту, үркіту,
ақырзаман орнату. Бұл тұста іштей томырылып, бойында үрей,
күдік пайда болған Қамыспайдың орнына әйелі Қазила: «Қайда
барса да, бір басқа бір өлім, екі қолға бір жұмыс!» – деп қалады.
Ауыл арасындағы дау-шар, ілік-тартыс, топ жинау күрес-
терінде сыналған тағы бір әдіс бар, мұның аты – өтірік бауырға
тарту, сенің жолыңда жанымды берем деп ант ішу. Сыдық:
«Өз үйіңді қасыма көшіріп алайын. Айран, шалап бар. Біз-
дегі сенікі», – дегенде осы тәсілді қолданып тұр. Бұған да
илікпегендерін көрген соң, кішкентай Қозықанды алдап, күміс
ақша береді.
Бұл сценада арқанның бір ұшын Қамыспай үй ішімен түгел
жабылып тартса, бір ұшын Сыдық жалғыз өзі тартады. Әрекет-
ке Қамыспайдың ержеткен ұлы Ержан араласқаннан кейін
Сыдықтың шын сыры ашыла бастайды. Драматург ескі өмірдің
шырмау-шылауында көп күндері өткен әкенің қысқа, шолақ
тіл қатуын, үндемей қалуын ескілік психологиясының бір
ұшқыны ретінде бағаласа, ұл мінезінің туралығын, ашық,
жарып айтуды жаңа құбылыс, халық характерінде тез өсе
бастаған, еркіндік тендік жағдайы тудырған жаңа сапалар
екендігін сездіреді.
Әке-шеше айта алмаған, Сыдықты бетке ұрғандай: «Көрмей,
білмей жүрген ағайын бар ма? Сөзден басқа не бересіз бізге?
Ағайын бізге ағыл-тегіл болып, жарылқап тұрса біз көшер ме
едік?» – деген сөзді Ержанның айтуы тегін емес.
Ең соңғы көндіру, иліктіру әдісі ретінде Сыдық пәленше-
кең, түгеншекең айтты деген болып, өсек амалдарын қолданып
көреді. Бұдан да нәтиже жоқ. Жазылған хатты оқи алмай,
сауатсыздығынан тағы ұятқа қалады. Сөйтіп барлық айла-
шарғысы, амал-тәсілі таусылған кезде Сыдық сахнада оңаша
тұрып, бейне бір көрерменмен сырласқан секілденіп, ішіндегі
құпиясын жария етіп толғау үлгісіндегі монологпен тіл қатады.
Бақсақ, өкпе-бауыры езіліп бара жатқан ешбір себеп жоқ
екен: байлар үшін жер тарылып, өріс кесілгенде руластарды
121
қарақтауды есеп қылыпты, әкесі ұсталық етсе, шешесі қазан-
ошаққа ие, ұлын қой соңына салады.
Ақырғы сөз тынды. Іштей екіұдай, көңілін бекітіп, белін
буа алмай тұрған Қамыспай, әйелі мен ұлынан асып қайда
кетсін, қайтпайтын болғандығын айтқанда Сыдық шарт сына-
ды. Бұл – сәтті табылған финал. Алдында қой үстіне бозторғай
жұмыртқалатып, төрт құбыланы бірдей етем деп отырған бай
Ержан аяғындағы өзі кигізген етікті шеш дейді. Ержанның
етікті Сыдыққа лақтыруы ашу үстіндегі оқыс әрекет қана емес,
бұл – кедей мен байдың іргесінің бөлінуі, бұл – кедейдің байға
жасайтын тас боранының алғашқы кесегін лақтыруы, бұл – дра-
ма эстетикасы тұрғысынан келгенде, сахнада заттың идея-
лық, көркемдік мақсатта қызмет етуі.
Бұдан кейінгі әрекеттер Түркістан – Сібір темір жолын салу-
шылар ортасында өтеді. Ілияс Жансүгіров Жұмат Шанинның
«Өлімнен үмітке» («Шахта») драмасынан кейін екінші рет қазақ
драматургиясында өте күрделі әрі қиын, бұрын ұлт әдебиетін-
де түрен түспеген тың тақырып – жұмысшы тақырыбына батыл
барып, маңызды, салмақты сахналық туынды жасады. Бүкіл
Совет елі үшін экономикалық, стратегиялық, саяси мәні зор
болған құрылыста істеуші адамдар өмірінен пьеса жазу – Ілияс
Жансүгіровтің заманының актуальды, көкейкесті проблема-
ларына сергек қараған, уақыт құбылыстарын шығармаларын-
да сенімді суреттеп бере алған кесек талант иесі екендігін
дәлелдейді.
Тағы бір айрықша ескеретін нәрсе, науқандық идеяның,
жалаң ұранның тамыры саяз, ойдан шығарылған, бұлдыр
ситуациялардың жетегінде кетіп қалмай, автор кей кезде на-
турализмге бой алдырса да, негізінен нысана етіп реалистік
мақсаттарды, айқын позицияны ұстайды.
Екінші суретте пьесаның қалың шоғыр кейіпкерлерінің
жуан ортасынан бір-ақ шығамыз. Отызыншы жылдардың ба-
сындағы қазақ әдебиеті үшін тіпті тосын, бейнелеу тұрғысы нан
келгенде әлі тәжірибе түгіл, барлау жасалмаған объект. Әуелі
жалпы жұмысшы мінезін, олардың сөздік ерекшеліктерін,
122
мамандық қалпын беру қиындығын еске түсіріңіз. Одан әрі
сала-сала, қабат-қабат асу бермес өткелдер басталады. Кешегі
көшпенді ауыл қазағы мың сан адамның басы қосылған, зор
коллективтік ортада қалай көрінеді? Техникамен істелетін, ыр-
ғақтық сипаты бар, арнаулы мамандық тілейтін, күнделікті тұ-
рақты жұмысқа қалай көрінеді? Түрксіб Қазақстанның көп өңі-
рін басып өткенімен, бұл ұлы жолды жалғыз қазақтар салған
етіп көрсетсе, шындықты қасақана бұрмалау болатындығы жә-
не айдан анық. Ең алдымен орыс ұлты ауызға алынады. Енде-
ше, орыс адамының характерін жасау қиындығы тағы шығады.
Драмалық шығармаға қойылатын жалпы эстетикалық-
көркемдік шарттардың үстіне автор нақты өмірлік материал-
ды игеру кезінде осындай-осындай проблемаларды да шешу
қажеттігі туған.
Пьесадағы негізгі, орталық қаһарманның бірі Түрксіб десе
де артық емес. Авторлық идеал тұрғысынан келгенде, кейіп-
керлердің жағымды-жағымсыз сипаттары осы алып құрылысты
салуға әркімнің қатысу дәрежесін айқындаумен анықталады.
Бірі – инженер, бірі – мастер, бірі – десятник, бірі – орыс, бірі –
қазақ, бірі – маман, бірі – қара жұмысшы – қайсысының да ақ-
қарасын, жақсы-жаманын осы Түрксібке деген көзқарасы са-
ралап береді.
Драматургтің идеялық олжасы образдар ұлттық төркініне
қарай жіктелмей, таптық, дүниетанымдық негіздері бойына
қалыптанған. Мұнда да әркім әр белде жүр. Инженер Гатс мі-
незіндегі басты сипат – кешегі отаршылдық тудырған, патшалы
Россияның ұлы дертінің бірі – шовинистік ауру.
Отарлаушылық идеология бойына әбден сіңген ол қазақ
секілді елдің тамаша дәстүрі, бай тарихы, эстетикалық – ру-
хани, мәдени, сәулет ескерткіштері бар деп әсте ойламайды.
Әлемдік цивилизацияның қазынасына олжа салған ғаламат
ойшылдар тудырған, зор ғимараттар тұрғызған, мәңгі өлмес
ән-күй, эпос байлығын жасаған жұрт мына қазақтардың ата-
бабасы дегенге нәсілшілдік дертіне шалдыққан, танауын көкке
көтерген, кеудесіне нан піскен кердең инженерді сендіру әсте
123
мүмкін емес. Гатс пікірінше, кешегі көшпенділерден тұрақты
жұмыс істейтін, темір жол салатын маман жұмысшы шығуы
мүмкін емес, көп ұйықтаған, ерте жатып, кеш тұрған жалқау
елді өрге сүйреймін деу большевиктердің іске аспайтын қиялы
ғана. Ал осы елдің өз перзенті, оқыған инженер Ахметшаны
алып көріңіз. Айналып келіп, ауыл шапқан көк бөрі.
Қарсы алдында оң мен солын жыға танымайтын, сауа-
ты жоқ, орысша білмейтін, қалың нөпір жұртты, алып құ-
рылысты бұрын көрмеген қыр қазағы тұр. Қасында әйелі, ба-
лалары. Жөн-жосық сұрайды. Оқыған, көзі ашық, бұрын
елінің еш перзентінің қолына түспеген жаңа мамандық –
инженерлікті меңгерген Ахметша ақыл айтып, жол сілтеудің
орнына, көзге түртіп, басқа соғады. Өздері де жоқшылықтан,
қорғансыздықтан, әлеуметтік теңсіздіктен жапа шеккен бей-
шара жандардың намысына тиіп, қорлайды. Қыр содырлары
сілейтіп бір-ақ ұрып жықса, мынау шымшып, тұншықтырып,
қылқындырып, біртіндеп азаптап өлтіретін жауыз секілді.
Кешегі ескіліктің сарқыншағы Гатс пен Ахметшаның со-
циализмге қарсылығы – ең алдымен ойдағы, дүниетанымдағы,
көзқарастағы қарсылық. Бұлар қастандық, жаманшылықты
жасырып, жымысқып жүріп істейді. Жұмысшылар арасын-
да алауыздық тудырады, көп қаржы шығындап, касақана,
қажетсіздігін біле тұра аткөпір дүние шашқызып, көпір салды-
рады.
Әуелі кемсіту, қорлау, мазақтау сипатында көрінетін Гатс,
Ахметша әрекеттері бірте-бірте зиянкестікке ұласады, бұларға
қарсы жұмысшылар қимылы сөз қайтару, тәжікелесу, дау-
ласудан өрбіп, саналы қарсылық, күреске айналады. Сөйтіп,
пьесаның негізгі тартысы Түрксіб құрылысы үстінде әр түрлі
әлеуметтік топтар, адамдар тағдыры, ұлттар өкілдері тоғысқан
шақта қайта бір айқын көрінген қақтығыстарды бейнелеу бо-
лып табылады.
Күні өткен тап өкілдерінің арасындағы айырманы көру
қиын емес. Десятник Емельянов ұлт араздығын тудыру үшін
әрекет етеді. Инженер Ахметша ұлттық идеяға, биік санаға
124
көтерілмеген, кеше ғана шалғай түкпірлерден келген, бар білген
тарихы берісі жеті атасы, арысы өз жүзі болған көшпенділер
перзенттерін ғасырлар бойы айықпаған жұқпалы әлеуметтік
дерт – рушылдық инфекциясымен тағы уламақ.
Жұмысшы қазақтар әрқайсысы өз руын айтып мақтанып,
бірін-бірі қорлап, кемітпек болып, арғы-бергіден кем-кетікті
тауып, талай жерге барысатын көріністі драматург сатиралық
сарында суреттеген. Мұнда сыншыл мотив, әзіл-қалжың, юмор
элементтері пьесаның әр жерінде бар. Қамыспаймен сөйлесуге
уақыт таппағансып, танауына су жетпей, шала сауатпен
қағаздың басын қайырып жатқан белсенді ызаңды келтіреді.
Жаңа адам, заман қаһарманы Сәрсен, Гусаров, Зонин –
әрқайсысы іріленген, мінездік даралықтарымен сомдалып бей-
неленген образдар емес. Бұлар – бір-біріне қай жағынан алғанда
да ұқсас, тектес кейіпкерлер. Олар нақты іс-әрекет, тартыс-
талқыда ашылмай, әр түрлі өндіріс сөздерін айтып, мезгіл пікір-
ойларының рупоры ғана болып жүр.
Драматург әдебиетімізде орыс адамдарының, техникалық
интеллигенция өкілдерінің сөздік сипаттамаларын, сахналық
тілін беруде алғашқы барлау, тұңғыш тәжірибе, экспери-
мент ретінде сөйлемді орыс грамматикасына лайық құру,
интернационалдық сөздерді жиі қолдану амалдарына бар-
ды, бұлар – кейін қазақ қаламгерлері кеңейтіп, молынан
пайдаланған өнімді тәсілдер. Ал мөлшерден тыс тілді шұбарлау,
тым орынсыз ала-құлалық көркемдік нәтиже берген жоқ.
Диалог, монолог үлгілерімен қоса Ілияс Жансүгіров «Түрк-
сіб» драмасында әдебиетімізде алғаш рет топ, жұртшылық
ыңғайын, әсерін, ойын, көңіл күйін білдіру үшін кейіпкерлер-
дің аты-жөнін көрсетпей, көп дауысты – полилог нұсқаларын
қолданды. Бұлар, бір жағынан, жеке мінездер, характерлерді
байқатса, екінші жағынан, кейіпкерлерді бағалау, тартыс-
оқиғаларды байымдау сипатында, үшінші жағынан, авторлық
концепциядан хабардар етеді.
Түптеп, түгендеп келгенде, пьесадағы барлық бейнелердің
ішінде сомдалып, оқшау тұрғаны – Қамыспай. Көп ұлтты,
125
зор тынысты үлкен ортаға келген кішкентай адам. Драма-
тург сәтті тапқан қаһарманынан көз жазып қалмай, онымен
басқаларды жүзбе-жүз кездестіреді. Осы тұста ақ-қара, жақсы-
жаман, өнімді-өнімсіз дүниелер ашылып жатады. Көзі байлау-
лы болғанымен көңілі ашық, өмірдің ащы-тұщысы зерек етіп
тәрбиелеген, табиғатында аңқау, ақ көңіл, зілі, ашуы жоқ,
қалбалақтаған Қамыспай жаңа ортада өзгеріп, түлеп, жаңғыра
бастайды. Бұрын күштілер сөз айтса бағынып, бүгежектей
берсе, енді өзі ойланып, өзі тұжырып, қарсылық ететін, тіпті
жамандыққа шабуыл жасайтын мінез табады.
Қамыспай характеріндегі жаңа сапа, кілт бұрылыс оның
Сыдықпен қайта кездескен тұсында жақсы ашылады.
Ұлт мәселесі туралы тарихи материализм принциптерін
қол данатын жазушы Ілияс Жансүгіров адамдарды топтасты-
ратын негізгі ұйтқы таптық сенім екендігін кешегі кулак Еме-
льянов пен кешегі бай Сыдықтардың ауыз жаласуы арқылы
айқын көрсетеді. Кеше ғана темір жолды жамандап, қазақтарға
онда бармаңдар деп үгіттеген Сыдық бүгін осында жүр, қолына
қайла, күрек ұстаған жұмысшы емес, сылдыратып кілт ұстаған
дүкенші. Қазақтар арасында орыстарды жамандап, кәпірден
аулақ жүр деп мұсылмандық уағызын айтса, орыстар арасында
арақ ішіп, қызара бөртіп отыр.
Тарихқа көз жібергенде, халқымыздың бауырмал, ақ пейіл,
кең қолтық мінезін көреміз. Әсіресе орыс-қазақ, өзбек, татар,
қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, қазақ халықтарының ара-
сында ғасырлар тереңінен бері қарай жалғасып келе жатқан
мәдени-тарихи, этнографиялық-генетикалық, экономикалық-
өндірістік тұтасқан байланыс, қарым-қатынас болғандығын
көп теген деректер, фактілер жақсы дәлелдейді. Бірақ Қазан төң-
керісіне дейін бұрынғы Ресей империясының территориясын
мекен еткен халықтар тұтас бауырласып кетті, ұлт араздығы
болған жоқ десек, объективті шындық бұрмаланып кетер еді.
Колонизаторлық саясат дегеніңіз әлсізді, азды күштінің, көптің
бағындыруы, езуі, жаншуы емес пе? Бұл үшін бір сорлыны
екінші сорлыға айдап салып, өзара қырқыстырып, таластырып
126
қойып, өзі төбе би қызметін атқару деген айла бар. Бұл үшін
аздың атамекенін тартып алып, өткенін ұмыттыру, тарихын
өшіру, дәстүрін жойып жіберу, сөйтіп ақыл-есінен адастырып,
мәңгіртіп жіберу деген айла бар.
Социалистік құрылыстың алғашқы жылдарында контр-
революция көкжалдары ұлт арасындағы түйткілдерді өз пай-
даларына жаратпақ болғаны анық. Өмірде кездескен осындай
қайшылықты Жансүгіров пьесада орынды бейнелейді.
Кулак Емельяновтың қолшоқпары маскүнем Колька қазақ
жұмысшылары ішкелі отырған сусынға шошқаның майын тас-
тап жібереді. Алдында ғана тағы осы десятник Емельянов
жазықсыз Қауменді шырылдатып, оны жұрт көзінше кемсітіп,
қорлап, күрегін тартып алып Колькаға әперген. Бүкіл қазақ
атаулыны мазақ еткен сөздер және бар. Осы себептер жина-
лып келіп, аяқ астынан лап етіп өрт шыққандай, бірін-бірі жеп
жіберердей, түтіп тастардай суық кейіппен бетпе-бет келген
екі топ. Атылайын деп тұрған қос мылтық, шауып түсейін деп
тұрған қос қылыш. Сахналық әрекет тұрғысынан алғанда да өте
сәтті сцена.
Дәл осы кезде әрекетке араласатын орыс жұмысшылары
пәленің түп төркінін, қылмыстың бас айыпкерін тапса, Қа-
мыспай екінші арандатушының ініне су құяды. Бұл – Қамыспай
образын салмақтай түсетін, маңызды көрініс. Заман ағысы
көтерген адам ескілік өкіліне үкім, билік айтып тұр.
«Сыдық-ау, сен бе, найман атынан ұран шақырып тұрғаннан
амансың ба? Сен бұл жерге араласып қалып па едің? Жарай-
ды, жарайды, жазған, бәрі Сыдық! Суға салса батпайтын, отқа
салса жанбайтын, сегіз қырлы Сыдық! (Сыдық салбырайды.)
Бірақ байқа, бұрынғы сенің асқабақтай қағыстырып жейтін
қазағың енді жоқ. Бұл жерде орыс, қазақ жұмысшылары оныңа
көне қоймайды. Ел көзіне балшық жағам деп арам тер болу-
дың енді керегі жоқ еді. Сен белгілі Сыдықсың. Біз тұрғанда,
сайға сыймайсың. Көкке ұшсаң аяғыңнан алам, жерге кірсең
құлағыңнан тартам. Бізге істегеніңді өзің ғана білесің! Сені
іздеуге ынтық едім. Қақтығып кеп қақпанымды басқан екенсің.
127
«Көп жортқан түлкі терісін алдырады» деген. Саған құдай
уақтысы осы болған шығар. Жолдастар, мынау – белгілі Сыдық.
Аттының атын, жаяудың таяғын алған қу құрық. Осылардың
біздің ішімізде былғақтап жүруіне тіпті-ақ ырза емеспіз. Бұдан
арғысын сот алдында сөйлетіңіздер мені»
Достарыңызбен бөлісу: |