X. ТОРҚАЛЫ ТОЙ, ТОПЫРАҚТЫ ӨЛІМ
Той-томалақ
Тойдың түрлері көп. Санамаласаң, жүзге жетіп жығылады.
Өзге халықтар қазақты «тойшыл» деп мінейді. Шындап кел-
генде, жер басып жүрген пенденің маңдайына жазылған екі
нәрсе бар: торқалы той, топырақты өлім. Бұл екеуінен шетқақ-
пай қалған адам «санда бар, санатта жоқ» делінеді. Кез келген
ата-ана перзентін «Қатарыңнан қалма!» деп қайрайды. Қатар-
дан қалу - өсер жасқа қорлық саналады. «Қысқа жіп күрмеуге
келмей» жатса, онда кешірімді, әрине. «Жоқтық - жомарт
ердің қолын байлайды» деген. Алайда енді бір адамдар бар, бо-
лып тұрса да қараулыққа басады. Шығын шығады деп, жақын-
жуықтың тойынан шеттейді, өлгенге топырақ салудан сырт
қалады. Қатардан қалудың бұдан өткен сорақылығы сірә де
жоқ шығар.
Ағайын-туыстың сыналар жері той-томалақ пен қаза.
Туыс-туған, жора-жолдастың қызығынан шет қалу кісілікті
азайтады. Ондайлар өзімен-өзі болып, туыс-туған, жора-жол-
дастан сырттап суықсып алады. Бара-бара өзімшілдік дертіне
шалдығып, қатыгездікке бой алдырады. Қазаға ортақтаспай-
тын, қаралы шаңырақтан сырттайтын адамның жүрегінде
кісіге деген мейірім кемшін түсіп жатады. Жасынан көрбала
жетім өссе, онда кешірімді. Көпшілік ортадан аулақтап, үнемі
сырттап жүретін адамдарды қазақ «кісі киік» деп таңбалайды.
Тойдан қалмай, әрбір думанды ортада бой көрсете берудің
тәлім-тәрбиеге тигізер кері әсері де бар. Халықтан өткен ұстаз
жоқ қой. Қазақ «Бәрің бірдей тойшыл болсаң - жын болар-
сың. Бәрің бірдей қойшы болсаң - құл боларсың» дегенді бе-
кер айтпаған. Дау-дамай кей жағдайда, тоймен ілесе келеді.
Дарақылық, шектен тыс аста-төк мырзалық, жөнді-жөнсіз ша-
шылып-төгілу жастар тәрбиесіне кері әсерін тигізетіні жасы-
рын емес. Той жасаймын деп қарызға белшесінен батып, той-
дың соңы ренішке соқтыратыны және белгілі. Халық сыншыл:
«Көрпеңе қарай көсіл», - дегенді осындайдан айтқан. Қазақ-
тың тойы сырт көзге неге оғаш көрінеді? Қазақ ұлты томаға-
тұйықтыққа (Томағалы бүркіттей өзімен-өзі болып) салынып,
бөлектенуге әсте бармайды. Халқымыз ағайын-туысқа деген
суықтықты ерсі көріп: «Бөлінгенді бөрі алады», - деп көзге
297
шұқығандай етіп айтып тастайды. Ағайынгершілігі басым
келеді алаш жұртының. «Ағайын бір өліде, бір тіріде» деп
тұспалдайтыны осыған байланысты. Жақын-жуықты бауырға
тартуда қазақтан өткен туысшыл халық жоқ. «Өз - өлтірмейді,
жат — жарылқамайды» деген ұғым соған айғақ.
Қазақтың тойшылдығын өзге жұрттарда сирек кездесетін
дара қасиет десек, еш қателеспейміз. Халқымыз әуел бастан
ұжымдық күнкөрісті қош көрген. Кең жайлауда қанат жайған,
мал баққан көшпелі халық жайшылықта есігіне құлып салма-
ған. Шаңыраққа бас сұққан қонаққа жайылып жастық, иіліп
төсек болған. Той дастарханын шектемей кең жайған. Содан
да «той ортақ» делінеді. Ерте дәуірлерден бастау алатын той-
шылдық рәсімді күнкөріс жағдайына қарай шағындаудың да
шет жағасын көрдік. Соғыстан кейінгі (1945-60 ж.) шаруашы-
лықты қалпына келтіру жылдарында да қазақтың тойы тоқтал-
ған жоқ.
Енді міне, тәуелсіздікке қол жеткізген бейбіт заманда
қызық-шыжығымыз өз жалғасын тауып жатыр. Әйткенмен де,
жас ұрпақ тәрбиесіне салқынын тигізетін дарақылықтан, даңғ-
азалықтан, ерсіліктен тыйылған да жөн бір есептен. Тойды
ішіп-жеудің салтанатына айналдырмай, көңіл көтеріп, ән мен
күйдің, халықтық дәстүр-салттың салтанат құруына
бейімдесек, ондай тойдың жастар тәрбиесіне тигізтін ықпалы
орасан.
Осы күні той көп. Тойды тоқтату - тіршілікті тоқтатып
қоюмен бірдей. Ғұмыр мәнсізденіп, қуаныш сарқылған жерде
қаралы қаза күш алады. Содан да қазақтың үлкені батагөй
келеді. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген аталы сөзге салмақ
түсіреді. «Той тойға ұлассын, тойдан кенде қылмасын» деген
тілек әр қазақтың аузында. Қыз ұзату, келін түсіру, туған
күнді тойлаумен қатар, қоныс тойы, көш көлікті болсын тойы,
ұлды сүндеттеу, мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіннің
алғашқы ізін ырымдап тілашар тойын атап өту - айта берсең
таусылмайды. Осы тойлардың әрқайсысы өзінше бір тәрбие са-
ғаты болуға тиіс. Бірінші кезекте, дастарханды тағамға толты-
руға емес, тойдың көңілді әрі тағылымды өтуіне көңіл бөлген
жөн. Халқымыз тойдың мәнді де мағыналы өтуіне зер салған.
Тойда өкпе-араздық, шырық бұзған даукестікке жол жабық.
Атам қазақ «Тойда тонымды бер деме» деп тұспалдаған.
Отбасылық, әулеттік, ауылдық тойлармен қатар, халыққа
ортақ атаулы мерекелер - Тәуелсіздік күні, Ата заңды қабыл-
даған күн, Жаңа жылды қарсы алу, халықаралық әйелдер күні
- бәрі-бәрі жарастықты. Енді осы айшықты мерекелермен
298
қатар ұлттық мейрамдарды да атап өтуге мүміндік алдық.
Мәселен, татар туғандар «Сабантойға» қатты көңіл бөліп,
ұлттық мерекеге айналдырып келеді. Бауырлас татар халқы-
ның ұлттық мерекесі бізде басқаша аталады. Егін бітік шыққан
жылдың сары күзінде, астық бастырылып болған соң «Қырман
түп» деп аталып өтеді. Кедей-кепшікке астық үлестіріледі.
Тегін олжаға кенелген көпшілік қырманды сахнаға айналды-
рып, ән-жырдан шашу шашады. Тойшылар бидай көжеден
ауыз тиеді. Диірмен тартудан жарыс өтеді. Нан пісіруден
келін-кепшік бәсекеге түседі. Нан жеуден мешкейлер жарысы
өтеді. Балалар бидай тазалау бәсекесіне жұмылады. Соны бала
күнімізде көзімізбен көріп өстік. Өгізбен тақым тартысқа да
куә болғаным бар. Қырман бастық тойды басқарып, әйел-
дерді жарыстырғаны есімде. Балаларды жарыстырғанда жүл-
деге ілігіп, бір дорба ақ бидай арқалап қайттым. Кейінде
«қырман тойы» жалғасын таппай қалды. Бала болсақ та со-
ның бәрі әлі күнге есімізде. «Қырман түп» жиынын өткізгені
үшін қырман бастықтың (бригадирдің, есімі Бабас еді)
үстінен арыз жазылып, партия қатарынан шыға жаздап
әупіріммен аман қалғанын әкей мен шешейден кейін естіп
білдім. Ескілікті рәсімді қоздырып, «қырман түп» тойын
өткізіп, колхозшьшарды коммунистік еңбектің щартына жат-
пайтын бос дырдумен алаңдатты.Егіншілердің табан ақы маң-
дай терін рәсуалап, астықты өз жақындарына тегін үлестірді
деген жаламен бригадирліктен босап қойшылыққа ығысты-
рылған еді.
Қазақтың ұлттық мерекесінің дені табиғаттың төрт
мезгіліне орайластырылып өткізілген. Көктем мерекесі болып
табылатын Наурыз тойын бала күнімізде үлкендер «Наурыз
көже кәдесі» деп атайтын. Ересектер ауыл-ауылға қыдырыс-
тап, наурыз көже ішеді. Бір-бірін қонаққа шақырып, қысқы
қызылдан ауыз тиеді. Үлкендер өткен-кеткенді айтысып шер-
құмардан шығады. Қызды-қыздымен ән салып, күй шертеді.
Наурыз келді ендеше, наурыз келді,
Жан көкемнін ауылына барғым келді.
Жеңгем берген көженің дәмі қандай,
Қоңырлатып жақсы әнге салғым келді.
Күн жарылқап жаз шығып,
Көктей берсін жас шыбық.
Ашқан қарын тоғайып,
Артта қалсын жоқшылық, —
деп әнге басар еді. Бұл нендей ән деп сұрағанымызда «Бала
299
күнгі салатын әніміз. Үкімет естіп қалса, итжеккенге айдатып
жіберер» деп отырушы еді. Кеңестік кезеңде Наурыз мерекесі
тойланбады, жас буын оны ұмытуға айналған-ды. Тәуелсіздік
алғалы қайта жанданды. Күн мен түннің теңелер шағына
тұспа-тұс келген жыл басы деп аталатын көктем мерекесін
солтүстік облыстар қар үстінде атап өтеді. Наурыз бір күндік
мерекеге жатпайды. Аптаға, айларға ұласса ғана шырайы
енеді. Ұлттық төл рәсімді қар үстінде мерекелеудің тәрбиелік
мәні кемшін. Қазақтың дәстүр-салтын көрсететін, халықтың
рухын көтеретін, жастарды ұлттық дәстүрге бейімдейтін мей-
рамды аптаға ұластырып кеңінен тойлау керек-ақ. Жер аяғы
кеңіп, көктем шыға әр ауылда, мекемелерде, қала көшелерінде
думанға ұласып жатса, құба-құп емес пе. Әркім өзі білген за-
манда халықтық салтқа жатпайтын дүбәра рәсімдерді ойлап
табатындар шыға бастады. Нағыз ұлттық мереке жайлауда күш
алады. Оны «Қымызмұрындық» деп атайды. Қымызға шақыру
айларға созылады (Бұл тақырыпқа басқа тарауда кеңірек тоқ-
талдық.).
Той ішіп-жеумен ғана шектелмеуге тиісті. «Тойға барсаң,
тойып бар» деген сөз соны аңғартады. Халықтан сөз артылған
ба! «Кедейдің күні кіжінумен өтеді», «Той — тондыныкі, айт —
аттылыныкі» деп те айтады. Қамшының сабындай кысқа ғұмыр-
да әсерлі де мәнді той-томалақтың өз мәнінде өткені пенденің
бір жасын екеу етіп, қайғысын жұқартып, қуанышын молықты-
рады. Тойдан қалған пенденің көрер қызығы қожырағаны. Қыс-
қасы, тойсыз өмір - мәнсіз. Құрбы-құрдастармен күліп-ойнау
өмірдің мәні мен сәні. Күлкі - көңілдің ажары. Халықтық педа-
гогика пәлсапалық ұғымдарды ұрпақ санасына қарапайым
тілмен жеткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |