Тау қалғып тамылжыған шілде күні,
Ызыңдап шыбын-шіркей шықпайды үні.
Жалғыз-ақ сорғалаған бұлбұл күйі,
Дауыстан естілгендей өмір жыры.
– Кейінірек, «Ызыңдап шыбын-шіркей шықпайды үні» деген жолдағы
«шыбын-шіркей» сөзі: «кедей-кепшік» мағынасында ұғынылып, біраз
сынға ұшырады, – дейді Хабиба Елебекова. – Көп ұзамай сыннан тез
қорытынды шығарылып, әннің қазіргі айтылып жүрген мына нұсқасы
жазылды:
Гүл бақша көңілде бір әсем әнді,
Тілейтін бұлбұл едім сайрағанды.
Ән шырқап, бой жаза алмай, шалқыта алмай,
Қалықтап қайран дүние Қанатталды.
Осындағы: «Гүл бақша көңілде бір әсем әнді» деп басталатын шумақты
Қанабек қосты, – дейді Хабиба әжей. Алайда, Қанабек Байсейітов өзінің
«Құштар көңіл» атты естелік кітабында бұл турасында ештеңе жазбай
кеткен. Осыған қарағанда, «Қанатталдының» байырғы сөздерін жаңа за-
ман талабына лайықтап қайта жазған Орынбек Бековтың өзі ме дейміз.
Өйткені бұл кез Рабиға Есімжанованың Орынбек Бековпен тұрмыс
құрған жылдарымен сәйкес келеді (О.Беков екі баласымен әйелін тастап,
Р.Есімжанованы алған). Ал, «Қанатталдыны» Алматыға алғаш алып кел-
ген Рабиға Есімжанова болғандығына Хабиба әжеміз айтып та, жазып та
куәлік беріп отыр.
Бұдан шығатын қорытынды: «Қанатталды» ешқандай да Сейітжан
салдың әні емес, ол – Мұхамедия Қосымжанов айтқандай «ақ қашып
қызыл қуған», яғни Қазан төңкерісі жылдарындағы аласапыранда дүниеге
келген туынды. Ал, соңғы жылдары (1990 жылдан бастап) «Қанаттал-
дыны» шығарған композитор ретінде аты аталып келе жатқан Сейітжан
сал есімі қазақ музыка тарихында мүлде кезікпейді. Жалғыз-ақ
Қ.Биғожиннің жазбалары арқылы ғана баспасөз беттеріне шыққан, сол
бойынша Ж.Кәрменов құрастырған антологияға кірген Сейітжан салды
фольклор жинаушының өз ойынан шығарған жасанды өнерпаздарының
бірі екендігіне, осы күнге шейін хатқа түскен қазақтың арғы-бергі өнер
тарихын мұқият саралай келе, көзіміз анық жетіп отырған жайы бар.
Сөзіміздің соңында Қожаберген жырау мен Сегіз сері жөнінде
нақты түйген пікірімізді де айта кетпекшіміз. Жоғарыдағы Ыбырай
Алтынсариннің бір ауыз дерегіне қарағанда, керей Қожаберген жырау –
тарихта болған адам. Десек те, ол – Бұқар жырау мен Бөгенбай батырға
ұстаз болатындай аса ірі қайраткер тұлға емес. Қожаберген жыраудың
1710 жылға дейін, 27 жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ қолына бас
сардар болғаны да, әз Тәукеге «Жеті жарғыны» ақ былғарыға жазып
бергені де, «Елім-ай», «Баба тілі», Ата тек» дастандарын шығарғаны да
сол қалпынша өтірік. Бұл турасында қазақ, орыс, қытай мұрағаттарында
жылт еткен дерек жоқ. Ел аузында да Ы.Алтынсариннің «Абылай хан»
жазбасынан басқа еш мәлімет сақталмаған. Осы себепті, «дауылпаз
бабаны» жылы жауып қоюға, жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай,
«Қожабергенмен қоштасуға» мәжбүрміз.
132
133
Өз кезегінде Сегіз серінің де Қожабергеннің кебін кимеске амалы
қалмай тұр. Өйткені, тағы да қайталап айтамыз: қазақ музыка тарихын-
да Сегіз сері Баһрамұлы деген композитор атымен жоқ. Бірақ, өмірде
Мұхамед-Қанафия Баһрамұлы деген кісі болмаған деп айта алмаймыз.
Болған. Алайда, ол да Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұсаға ұстаз бола-
тындай «Атасы серілердің Сегіз сері» дәрежесінде емес, ауыл арасының
тәуір өнерпазы деңгейіндегі азамат болған деген пікірдеміз.
Кейін, яғни 1974 жылдан бастап, фольклор жинаушы Каратай Биғожин
белгілі себептермен, Сыр бойында өмір сүрген алты ата әлімнің бір
бұтағы – төртқара руының өнерпазы (кей деректерде таз руының) Сегіз
серіні осы Көшебе керей Мұхамед-Қанафия Баһрамұлына айналдыра
бастайды. Сыр бойының Сегіз серісін қызылжарлық Мұхамед-Қанафияға
«көшіру» үрдісі, сондай-ақ, аталған «композиторға» көптеген халық және
халық композиторларының белгілі әндерін белінен басып алып беру
науқаны – 2000-ыншы жылдардың бас кезінде толық аяқталды десе де
болады. Оның аяғы сол жылдардан бастап, күні бүгінге дейін жалғасын
тауып келе жатқан «Атасы серілердің Сегіз сері» атты насихат науқанға
ұласады. Анықтай айтқанда, БАҚ арқылы республикалық деңгейде жар-
намалау шаралары жүзеге асырылады. Нәтижесі белгілі, айналдырған
жиырма жыл ішінде «Үш жүзге аты мәлім Сегіз серіге» айналып шыға
келген Мұхамед-Қанафия Баһрамұлын бұл күнде білмейтін жан жоқ де-
сек те қателеспейміз. Әрине, бұл бассыздыққа ымырасыздықпен қарсы
шыққан принципшіл ғалымдар болмады емес, болды. Алайда, олардың үні
қалталылар үстемдік еткен мына заманда аса қатты шыға қойған жоқ. Бұл
науқандар сырт көзге, әркез, «қожабергеншілер» мен «сегізсерішілдердің»
пайдасына шешіліп келе жатқандай көрінгенмен, турашыл, ғылымға адал,
принципшіл ғалымдар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Оған соңғы
кезде БАҚ-да жарияланып жатқан мақалалар, пікірлер дәлел.
Осындайда «қазаққа бір серінің әрісі не, берісі не?» деген пікірлер де
айтылып қалуда. Басында біз де солай ойлағанбыз. Сегіз сері бейнесі жы-
мын білдірмей әдемі құрастырылған аңыз күйінде қалса, бәлкім, үнсіз
қалар ма едік. Бірақ жыл өткен сайын «Қожаберген жырау» мен «Сегіз
сері» науқанының өршелене қарқын алуы, көптеген халық әндері мен
халық композиторларының белгілі әндерінің бірінен соң бірі еш негізсіз
Сегіз сері Баһрамұлының қанжығасына бөктеріліп беріле бастауы –
еріксіз қолымызға қалам алуға мәжбүр етті. Бізді шошындырғаны
Қожаберген мен Сегіз сері өтірігінің өзі емес, сол өтірікке имандай
сенетін адамдардың (ішінде ғалымдар, ақын, жазушылар, өнер қай-
раткерлері бар) күннен күнге көбейіп бара жатқандығы болды.
Түптеп келгенде, бұл мысалдардың барлығы қазақ тарих ғылымының
ауыр дағдарысқа ұшырағандығын көрсетеді. Заманында кеңестік
Қазақстанның күріш, қызылша, мақта өндірісінің, т.б. тарихын «зерт-
теумен» аты шыққан кеңестік ғалымдардың отаршылықтан босаған
жаңа кезеңде тәуелсіз елдің төл идеологиясына қызмет ететін жаңа
мемлекеттік тұжырымдама жасауға дәрменсіздік танытып отырғандығын
білдіреді. Әйтпесе, Ғылым академиясының төрінде, Астанада Қожа-
берген жыраудың туғанына 350 жыл толуына арналған кілең жалған
баяндамалар жасалған ғылыми-теориялық конференциялар алаула-
тып, жалаулатып өткізілмес еді ғой. Осындай келеңсіздіктер отандық
тарихқа деген жаңаша, шыншыл, әділ көзқарас қалыптастырудың
уақыты жеткенін, бұл шараны тез арада қолға алу керектігін және ол
мемлекет тарапынан мемлекетшіл тұлғалардың ықпалымен, бақылауы-
мен жүзеге асырылу қажеттігін талап етеді. Бұлай болмаған жағдайда
қазақ тарих ғылымы осылайша «Қожаберген жырау мен Сегіз сері»
мысалындағыдай ақшалы трайбалист нувориштердің ықпалында қала
бермек. Мұның соңы елімізде рулық сананың қоза түсуіне, ұлттық
сананың төменшік тартуына, сөйтіп, мемлекет идеологиясының іргетасы
болуға қызмет ететін қазақ идеясының қожырауына әкеп соқпақ. Мұның
ар жағы айтпаса да түсінікті.
Бәлкім, бұл «өтпелі кезеңге» тән қоғамдық дерт те шығар. Десек те,
өтпей қойған өтпелі кезеңде көрініс берген бұл өтіріктер, тіпті, асқынып,
шегінен шығып кетті. Кез келген қоғамның мұндай өтірікпен ұзақ өмір
сүре алмасы белгілі. Түптің түбінде, мұндай өтіріктерден салынған
өткелектерден қазақ қоғамы да өтер. Оған сеніміміз кәміл. Бірақ, мына
сияқты өтіріктердің бетін бір қайырып қоймасақ, алдағы уақытта «Сегіз
серіден» кейін тағы да бір «Тоғыз серінің» шықпасына кім кепіл. Сол
үшін осылай қазып зерттеп, егжей-тегжей жазуға мәжбүр болдық. Ал,
енді бұған Қожаберген жырау мен Мұхамед-Қанафия Баһрамұлының
жерлестері ренжімес деп ойлаймыз. Ренжісе, аталарының атын Бұқар
жырау мен Бөгенбай батырдан, Біржан сал мен Жаяу Мұсадан биік
қоямыз деп жанталасқан, ақыры өтіріктері ашылып орта жолда қалған
«қожабергеншілер» мен «сегізсерішілдерге» өкпелесін. Аруақтардың
обалы фольклор жинаушы Қаратай Биғожиннің ойдан құрастырған
өтіріктеріне, әдеби һәм тарихи мазмұн бермекке тырысып алаөкпе болып
жүрген «қожабергентанушылар» мен сегізсерітанушыларға дегім келеді!
Ал біз болсақ, ақиқатын айттық, өтірік пен шындықтың ара жігін ажыра-
тып бердік. Әу бастағы мақсатымыз да осы еді.
134
135
Достарыңызбен бөлісу: |