Инклюзивті оқыту –білім алу барлығына да қолжетімді деген қағидатқа негізделетін оқыту. Оқытуды
оқушылардың түрлі қажеттіліктеріне, соның ішінде ерекше қажеттіліктеріне
бейімдеу.
Конвергентті/ репродуктивтік ойлау (КО) – (лат. cоnvergere – қосылу) белгілі бір тапсырманы орындаудың алдын ала
игерілген алгоритмдерін нақты пайдалануға негізделген ойлаудың түрі.
«Репродуктивті» сөзімен бірге қолданылады, себебі осындай ойлау проблеманы
шешуге дәстүрлі тәсілді қолдануды меңзейді, соның нәтижесінде сол тәріздес
идеялар туындайды. Бұл ойлау түрі дивергентті ойлауға қарама-қайшы.
Коучинг - сөзбе-сөз дайындау, жаттықтыру; әріптестердің құпия, белсенді және жасампаз
өзара әрекеттестік үдерісі. Оның барысында қолданыстағы оқыту тәжірибелерін
бірлесіп ойластыру, идеялармен алмасу, коуч тарапынан рефлексиялық диалогқа
тарту негізінде әріптестер өз жұмысының жекелеген салаларын жетілдіру,
оларды тереңірек дамытып, анағұрлым жоғары сапалық деңгейге көтеру
және іске асыру жөнінде шешім қабылдау мақсатында кәсіби білімін, игерген
дағдылары мен тәжірибесін жетілдіреді. Коучинг үдерісі тәлімгерлік үдерісімен
байланысты: коучинг нақты тақырып бойынша әріптесінің кәсіби мүмкіндіктерін
ашуға бағытталса, тәлімгерлік оған жүйелі, жан-жақты кәсіби қолдау көрсетуді
көздейді.
Креативтілік – (ағыл. create – жасау, creative – жасампаз, шығармашыл) индивидтің дәстүрлі
немесе көпшілік қабылдаған идеялардан ауытқитын, түбегейлі жаңа идеяларды
қабылдау мен жасауға дайындығымен ерекшеленетін және тәуелсіз фактор
ретінде дарындылық құрылымына кіретін шығармашылық қабілеті, сондай-ақ
проблемаларға өзгеше қарап, оларды ерекше тәсілдермен шешу қабілеті.