116 ГЛОССАРИЙ Әлеуметтік білім алушы – субъект бақылау немесе басқа адамдармен бірге әрекет ету барысында өз
еркінен тыс білім алатын оқыту түрі. Bersin & Associates мамандары әлеуметтік
оқыту технологиясының жеті бөлшегін атады: әңгіме (conversation), байланыс
(connection), бірлескен жұмыс (collaboration), контент (content), [контентті]
пайдалану ыңғайлылығы (consumption), бақылау (control) және тұтынушылар
контентін құру мүмкіндігі (contribution).
Әңгіме жүргізудің сократтық әдісі – (грек. Μαιευτική, сөзбе-сөз аудармасы - босанатын әйелге көмек көрсету)
сұрақтарды шеберлікпен қою арқылы адам бойындағы жасырын білімді
жарыққа шығару әдісі. Педагогикада Әңгіме жүргізудің сократтық әдісі
бағыттаушы сұрақтар мен пікірталастар орталық орын алатын оқыту түрі деп
түсіндіріледі. Сократ, мұғалім ретінде, ең алдымен оқушылардың ақиқат туралы
түсінігін бұзып, кейін олар өз ұстанымдарын қорғай отырып, оны қайтадан
қалыптастыратындай етіп бір сұрақтан кейін бір сұрақты қоя берген. Әңгіме
жүргізудің сократтық әдісінің мәні – әңгімелесушінің «барлық нәрсе жайлы
білемін» деген орныққан пікіріне қарамастан, шындығына келгенде, көп нәрсені
білмейтіндігіне көзін жеткізу. «Ізденіссіз өмір сүрудің қажеті жоқ. Мен ешкімге
еш нәрсе үйрете алмаймын, мен оларды тек ойлануға ғана мәжбүрлей аламын»
– Әңгіме жүргізудің сократтық әдісін түсіну үшін осы ойды желеу ету қажет
болады.
Бағамдау - (ағылш. evaluation) білім беруді ұйымдастырумен, оқу, тәрбиелеу және даму
үдерістерімен байланысты жағдайларды, құбылыстарды және іс-әрекеттерді
жүйелі зерттеу және баға беру. Бақылаушы және қадағалаушы сипаты жоқ. Ол
ақпаратты жүйелі түрде ашық жинақтау және талдау негізінде, белгіленген
мақсаттармен, критерийлермен және құндылықтармен жүйелі түрде салыстыру
негізінде ұйымның жұмысының тиімділігін анықтау және жетілдіру мақсатында
ұйым ішінде, сондай-ақ сыртқы сарапшыларды тарту арқылы өткізіледі.
Бағамдаудың өзіне тән ерекшеліктері: жетілдіруге бағдарлау, диалог түрінде
өтуі, жазаның қолданылмауы. Бағамдау мұғалімді «тексеруге» емес, оған қолдау
көрсетіп, дамуына көмектесуге бағытталған.
Бірлескен оқу - бұл тәсілдің аясында оқыту білім берушілер мен білім алушылар арасындағы
тығыз қарым-қатынас негізінде ұйымдастырылып, оқыту үдерісіне қатысушы
әрбір жеке тұлғаның жеке үлесі мен қабілеті мойындалады. Үдеріске
қатысушылар ақпаратты бірлесіп отырып белсенді іздеу, талқылау, талдау және
жинақтау арқылы жаңа білім алады. Жұмыс тиімді болу үшін ынтымақтастық
оқу жағдайында өкілеттік пен жауапкершілік топ мүшелері арасында бөлінеді.
Ынтымақтастық оқудың алғышарты топ мүшелерінің бірлесіп әрекет етуі
арқылы ымыраға, пәтуаға жетуіне негізделген.
Дарындылық – қабілеттер иерархиясының құрылымдық бөлшегі. Дарындылық – өзіндік
ерекшелік, қабілеттер үйлесімі. Қабілеттілік сияқты дарындылық та туа бітпейді,
ол дамуда өмір сүреді (Б.М.Теплов). Жалпы дарындылық: салыстырмалы түрде
кең және әмбебап психологиялық бөлшектердің (жады, зият) дамуы. Арнайы дарындылық ерекше қызмет түріне жатады. Бұл бөлініс шартты, жалпы,
арнайы қабілеттер өзара бірлікте «өмір сүреді». Адамдардың дарындылығы
мен қабілеттері сандық емес, сапалық тұрғыдан ерекшеленеді. Дарындылықтың
сапалық ерекшеліктері бір адамның бір салада, екіншісінің басқа салада дарынды
болуымен ғана емес, дарындылықтың қалыптасқандық деңгейімен де көрінеді.
Қабілеттерден сапалық айырмашылықты іздеу – психологияның маңызды
міндеті.