Жетінші апта №7 дәрістің тақырыбы: Фразеологиялық стилистика
Қарастырылатын мәселелер: 1. Ауызекі сөйлеу стиліндегі фразеологизмдер мәселесі.
2. Ресми стильдегі фразеологизмдер көрінісі.
3. Ғылыми стильдегі фразеологизмдер. 4. Публицистикалық стильдегі фразеологизмдер. 5. Көркем әдебиет стиліндегі фразеологизмдер қолданысы.
Терминдер мен анықтамалар
Шегендеуіш (ор. Скреп) – қыстырма құрылымдар (құдайға шүкір, расында да, амал қанша т.б.), жалғаулықты шылаулар (бірақ, сондықтан, алайда т.б.) атқарады.
Диалог – (грек. – сөйлесу, әңгімелесу) – екі адамның тіл қатысуы.
Монолог (грек. monos - бір, loqos -сөз) – бір адамның сөйлеуі немесе бір адамның ойы.
Адресант (нем. Adressant –жіберуші) ор. адресант – 1. Сөйлеуші, бір тілде қарым-қатынас жасау кезіндегі екінші бір жақ 2. Қарым-қатынас кезіндегі компоненттің бірі 3. Хабарды, айтылымды т.б. тудыратын, жіберуші жақ, хабарлаудың және эмотивті, донативті іс-әрекеттің субъектісі.
Адресат(нем. Adressat –қабылдаушы) ор. адресат – 1. Тыңдаушы, сондай-ақ бір тілде қарым-қатынас жасау кезіндегі аудитория 2. Қарым-қатынас кезіндегі компоненттің бірі 3. Хабарлау, эмотивті, донативті іс-әрекет бағытталатын жақ.
Дәрістің топтама-тәсімі ( тірек конспектісі немесе тезистер)
1. Ауызекі сөйлеу стиліндегі фразеологизмдер мәселесі.
ФТ-ның стилистикалық ерекшеліктерін көптеген қазақ ғалымдары зерттеді. Атап айтқанда, М. Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Серғалиев, Х. Кәрімов, Д. Әлкебаева, Б. Шалабай т.т. зерттеулерінде ФТ лардың стиль түрлеріндегі ерекшеліктері ашылған. Фразеологизмде ішкі форма әртүрлі күйде көрінеді, бірақ ол фразеологизмнің айырушы не интегралды семалары бола алмайды, оның үстіне уәжділік фразеологизмдерде лексикалық мағынадағыдай айқын емес, бейтарап түрде болады. Р.А.Авакова былай деп жазады: «...Еркін синтаксистік тұлғаның біріншілік денотативтік ситуациядағы тура номинативтік мағынасындағы көрінісі мен екіншілік денотативтік ситуацияның жалпылық ауыс мағынасының сипатталуымен анықталады. Мәселен, шошқа тағалау фраземасында бейнелілік жоқ деп айта алмаймыз, бірақ оның ішкі формасы тілде жойылған. Бұл фраземадағы бейнелілік оның тура синтаксистік конструкциясындағы тура мағынасымен салыстыру, ойша елестету мен оның беретін «түк бітірмеу, не болса сонымен, адам миына қонбайтын жұмыспен шұғылдану» деген фразеологиялық мағынасының негізінде қалыптасқан. Қазақ халқы шошқа өсірумен айналыспаған, оның еті ислам шариғаты бойынша арам болып есептеледі, сондықтан да мал есебінде жоқ шошқаны тағалау тіпті мүмкін емес шаруа болып табылады» [54 б.]. Бұл фразеологизм мәні туралы Г.Н. Смағұлова: «шошқа тағалауда» қазақ тілінде сөйлейтін өкілдерінің көз алдына ат сияқты тағаланған шошқа елестемейді. Ойына, көз алдына түк бітірмей босқа жүрген адам келеді. Бұл арада фразеологизмнің ішкі формасына «квазиситуацияның» рөлі ерекше. Сонда бұл идиом ситуациядан тыс образды-символикалық мәнді байқатады. Шошқаны қазақтар кезінде «тағаламақ» түгіл, қасына да жоламаған. «Шошқа тағалау» – әрине, кейін пайда болған тіркес. Ұлт менталдығына жат әрекет «шошқа тағалау» – ат тағалаудағы параллель көріністің арғы жағындағы еңбек пен уақыт ұғымдарының «квазисимволы» болып отыр. «Ай қарау» мен «жұлдыз санауға» қарағанда бұл фразеологизмнің әкспрессиясы өте жоғары» дейді [180 б.]. Бұл фразеологизмнің жасалуында «шошқа» денотаты мен «арам» коннотациясы қосылып (В. Жуковтың термині), жалпы жануарларды тағалау денотаттық жағдайының ішкі синтагматикаға негіз болуы жатыр. Орыс тіліндегі «бүргені тағалау» фразеологизмінде де осы денотаттық жағдай ішкі синтагматикаға негіз болады, тек бұнда беретін мағынасы өзге, ал ат тағалау дегенде денотаттық жағдайға негізделген ішкі синтагматика бар да коннотация жоқ, сондықтан ол сөз-синтагма болады, бірақ фразеологизм бола алмайды, бұлардың бәрі В.Г. Гак айтқандай, «ситуация элементі» болады.