Сөз соңы
Құрметті ағайындар! Мен деген жоқ іздеген жолаушымын және сол жоғымды толықтай таба алмай жүрген, мазасы кеткен жанмын. Себебі, жанымды тыныштандырмай, ой-санамды түртпектеп жүрген дүниелер баршылық. «Ол не пәле екен?» - десеңіздер айтайын.
Біріншіден – шамамның жеткенінше бұл дүниеден (фәниден) өткен ата-бабаларымыздың есімдерін еске алып, кітапқа түсіру арқылы оларды ұмыт қалдырмай қазіргі ұрпақтарына таныстыру және одан да ары қарай келешекте де өмірге келетін ұрпақтарымыздың еншісіне мұра етіп қалдыру. «Өлі риза болмай, тірі байымас» - дегендей алдымен аруақтарды риза ету, сонымен бірге тірілерді рухани байыту. Сол арқылы өзімнің де мойнымдағы перзенттік қарызымды, ағалық парызымды өтеу.
Екіншіден – қазіргі жастардан, тіпті орта жастан асқан адамдардан өзінің ататегін сұрасаң, мысалы: «Біз қожа боламыз» - дейді, ары қарай ештеңені таратып, талдап айта алмайды. Бұл жерде оларды толықтай кіналауға болмайтын факторлар бар. Сонымен бірге, осылардың кейбіреулерінде білмегенін білейінші деген ниет, құлық жоқ. Бұл енді масқарашылық қой. Не деген жандар екенін білмеймін. Менің мазамның кететіне осындай жағдайлар әсер етеді. Сондықтан, осындай жағдайдағы жандарға ататегін білуіне шамамның жеткенінше көмек қолын созу. Ал бұл енді сауапты іс қой деп ойлаймын. Жоғарыда жазған еңбектерім кейінгі лек жастарымыз бен ұрпақтарымыздың бір кәдесіне жараса, онда алдыға қойған мақсатымның орындалғаны, еңбегімнің өтелгені болмақ.
Сонымен бірге, осы кітаптың шығуына қол ұшын берген бауырларым Торсбай тегі Бертісбайға, Тоқтарұлы Еркінге және жаста болса рухани көмек көрсеткен інім Молдағалиұлы Бауыржанға, басымдағы қиыншылыққа түсіністікпен қарап демеушілік жасаған Сағадатұлы Айдын балама көңілімнің шексіз ризашылығын білдіремін.
Сендерді Алланың шапағаты, ата-бабаларымыздың рухы жебей берсін!
Достарыңызбен бөлісу: |