Махаббат туралы
1
Өткен өмірден алар бірер тағылым:
Әдебиет пен тарихтан білетініміз, айдалған декабристердің жанұялары немесе сүйіктілері жан-жүректі шымырлататындай керемет бір сезім тудырады. Ерлері – каторгада, әйелдері – сол маңда немесе мыңдаған шақырым жерден жол азабына, өмір тозағына шыдап ерлерінің артынан келген. Келгенде ортақ баспанасы болмаса да, надзирательдердің қалт жібермес бақылауымен ілуде бір кездессе де, олар жанымен де, жүрегімен де бірге болды. Амалсыздан екі айырылып тұрса да, олардың отбасылық қатынастары, махаббаты үзілген жоқ. Бұл жағдайдан, менің ойымша, екі түрлі қорытындыға келуге болады. Біріншіден, осы күнге дейін талас тудырып жүрген «махаббат бар ма, әлде жоқ па?» - деген сұраққа жауап. Бар. Екіншіден, қазіргі жағдайда жастарымыздың әртүрлі себеп-салдарларды сылтау етіп ажырасып жатуы. Ұят-ақ.
2
Ұлы Отан соғысы жылдарында қаншама ата-әкелеріміздің соғысқа кетуіне байланысты әже-аналарымыз олардың орнына жұмыс құралдарын қолына алып, күн-түн демей еңбек етті; артында қалған ұрпақтарын асырап, тәрбиеледі; ең кереметі, шаңырақтарының түтінін өшірмеді. Соғысқа кеткендерден қаншамасы мүгедек болып қайтты, қаншамасының үйіне бір жапырақ «қара қағаз» қайғылы хабарды жеткізді, қаншамасы тіпті, хабар-ошарсыз. Сонда артында қалған әже-аналарымыз «Кебенек киген келеді, сабыр түбі – сары алтын» - деп бүкіл өзінің қалған өмірлерінде сарғая күтумен, тәтті армандарына қолы жетпей, көз жұмды. Олардың өмірде көрмеген қиыншылықтары кемде-кем шығар. Сонда да олар мойымай асқан төзімділіктің үлгісін көрсетті, «нардың» жүгін көтерді, келешек өмір үшін күресті. Сөйте жүріп өздерінің жарларын күнделікті естерінен шығармады, ұдайы жүректерінде сақтады, олардың есімдерін қиналған сәтте рухани демеуші, сүйеніш етті, мәңгі жесір боп өмірлерін өткізсе де, шаңырақтарын шайқалтпады, түтіндерін өшірмеді. Осының бәрі, ол кісілердің, бір кезде өздері құрған ортақ тағдырларын сақтау борыш сезімі ме, ұлы махаббаттарының шапағаты ма? Әй, солай-ақ шығар. Ал біз ше? Ойланып көрелік.
3
Ел атағын ер шығарады,
Ер атағын жақсы ат,
Не жақсы жар шығарады.
Достарыңызбен бөлісу: |