45
Түсінік хат
Тіл – адамзатқа берілген ерекше қабілет. Тілді жетік білу мен дұрыс қолдану арқылы
адам өз болмысын, ой-санасын жетілдіреді, іс-əрекетін дұрыс ұйымдастырады,
пікір-
көзқарасын білдіреді. Тілді игеру үшін оның ережелері мен заңдылықтарын, ойды
жеткізудің амал-тəсілдерін игереді. Тілді меңгеру білім мен тəжірибені, қабілет пен
дағдыны қажет етеді. Мұндай білім мен тəжірибе білім беру ұйымдарында арнайы
оқытылатын тіл пəндері арқылы меңгертіліп, оқу жүйесінің сапасын арттырады, болашақ
кəсіби мамандардың кəсіби шеберлігін қалыптастырады.
«Қазақ тілін оқыту əдістемесі» пəні – жоғары
оқу орындарының филология
факультетінде оқытылатын міндетті пəндердің бірі. Ол «Қазақ тілі мен əдебиеті»
мамандығы бойынша оқитын болашақ қазақ тілі пəні мұғалімін даярлауға бағытталған
негізгі пəн болып есептеледі. «Қазақ тілін оқыту əдістемесі» қазіргі лингвистика,
педагогика, психология жəне əдістеме ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып,
болашақ маманды тілді меңгертудің əдіснамалық, ғылыми-теориялық негіздерімен
таныстырады, қазақ тілін оқытудың əдістемелік жолдарын үйретеді.
«Қазақ тілін оқыту əдістемесі» – тарихы терең, ғылыми-теориялық тұжырымдары мен
заңдылықтары
қалыптасқан, əдіснамалық негізі белгіленген, өзіндік ұстанымдары мен
ережелері қалыптасқан, жас ұрпаққа тілді игертудің дəстүрлі əдістері
мен жаңа
технологияның түрлерін зерттеп-зерделейтін ғылым. Бұл ғылымның əдіснамалық базасы
барлық қоғамдық ілім негіздеріне сүйене келіп, лингвистика, психология, педагогика,
əлеуметтану, философия сияқты ғылым салаларын тоғыстырады.
«Қазақ тілін оқыту əдістемесі» қолданбалы ғылым ретінде пəнді оқытудың мақсат-
міндеттерін, оны жүзеге асырудың нормативтік-базалық негіздерін айқындай отырып,
болашақ мамандардың кəсіби біліктілігін қалыптастыруды көздейді. Бұл жүйе бойынша
студенттер қазақ тіліне арналған білім стандарттары, оқу бағдарламалары, оқулықтар мен
оқу құралдары жəне оқу-əдістемелік
құралдармен танысып, өздерінің болашақ
мамандығына қатысты білім алады.
«Қазақ тілін оқыту əдістемесін» оқу арқылы болашақ мамандар пəнді оқытудың
дидактикалық-технологиялық негіздерін меңгереді. Бұл бағыттағы білім қоры қазақ тілін
оқытудың əдістері мен тəсілдері, жаттығулар жүйесі, дидактикалық материалдар мен
құралдар мен жаттығу- тапсырмаларды жəне т.б. пайдалануға арналған əдістеменің
өзіндік ерекшеліктеріне сəйкес ұсынылады.
Студенттер «Қазақ тілін оқыту əдістемесі» пəнінен игерген білім-біліктеріне сүйеніп,
өзіндік ізденіс пен шығармашылық жұмыстарды орындауға төселеді. Бұл отандық жəне
шетелдік озық тəжірибелерді талдату,
салыстыру, бағалау,
эксперимент арқылы өз
мүмкіндігін, кəсіби шеберлігін арттыру бағытындағы жұмыстарды сауатты орындау
нəтижесінде қалыптастырылады.
Студенттер «Қазақ тілін оқыту əдістемесі» курсын оқып меңгеру барысында
оқушыларды тілдік фактілерді түрлі қырынан танып-білуге дағдыландыратын əдістер мен
тəсілдер жүйесін меңгереді. Студент осы пəннің негізінде тіл бірліктерінің жүйелік-
құрылымдық,
семантикалық, формалық, функционалдық қырларын кешенді түрде
талдаудың жəне оны оқушыға меңгертудің жолдарын үйренеді.
Студенттер кредиттік оқу жүйесінің талаптарына сəйкес педагогика, психология,
физиология, жəне т.б. қазақ тілінің теориясы курстарынан
алған білімдерін тоғыстыра
отырып, практикалық шеберліктерін өздігінен жетілдіруге үйренеді.
Достарыңызбен бөлісу: