Шығармашылығы: Өлендері, публицистикалық туындылары, ғылыми-танымдық мақалалары республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып, шығармалары жетпіске тарта көптеген ұжымдық жинақтарға енген. Ол көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Алыс және жақын шет ел ақындарының өлендері мен ежелгі түркі поэзиясын тәржімелеуге белсене атсалысты. Балалар әдебиетімен арнайы шұғылданып, армян акыны Сильва Капутикянның "Маша сурет салады" (Алматы, "Жалын", 1983) және орыс ақыны Елена Благининаның "Шинельді неге сактап жүрсің?" (Алматы, "Жалын", 1985) атты кітаптарын қазақ тіліне аударды. Қошым-Ноғай Байбота Серікбайұлы "Жалын" және "Жазушы" баспаларынан жарық көрген жүздеген кітапты редакциялады. Олардың қатарында "Ертегі сыр шертеді" (қазақ ақындарының өлеңмен жазылған ертегілері), "Достар" (Орыс ақындары балалар поэзиясының антологиясы), "Көкқұтанның ұясы" (Украин ақындары балалар поэзиясының антологиясы), "Қырғыз қызғалдақтары" (Қырғыз ақындары балалар поэзиясының антологиясы), "Көңілді керуен" (Шетел акындары балалар поэзиясының антологиясы), "Жеті ғасыр жырлайды" (XIV ғасырдан XX ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ акын-жырауларының шығармалары) атты екі томдык антология, Махамбеттің "Ереуіл атқа ер салмай" атты өлендер жинағы, Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы, сондай-ақ белгілі қазақ акын-жазушыларының жыр жинақтары мен прозалық туындылары бар.
Тұңғыш кітап. Өлеңдер. А., «Жалын», 1977; Гүлдерайым. Өлеңдер. А., «Жалын», 1979; Жұлдызым жоғары. Өлеңдер, балладалар, ертегілер. А., «Жалын», 1981; Қуыршағым бар менің. Өлеңдер, санамақтар, ертегілер. А., «Жалын», 1984; Тіршілік ұясы. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Жалын», 1987; Таңертеңгі тәтті түс. Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер. А., «Жалын», 1989; Жариям айдай. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Жалын», 1992; Жүректің көзі ашылса. Өлеңдер, балладалар, поэма. А., «Жалын», 1993; Сымбат салған суреттер. Суретті кітапша. А., «Қаржы-қаражат», 1996; Сам жамыраған шақ. Аст., «Фолиант», 2001; Тіл ұшындағы тарих. Алғыр оқырмандар кітабы. А., «Жазушы», 2003; Таңғажайып түс. Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер. А., «Жазушы», 2003; Мүшел. Суретті кітапша. А., «Жас Ұлан», «К»., 2004; Он екі қонақ. Суретті кітапша. А., «Жас Ұлан», «К»., 2004; Тәңірі таразысы. А., «Жазушы», 2005; Мамандықтың бәрі жақсы. Суретті кітапша. А., 2006; Таниды екен, кәне, кім өз мінезін, әдетін?!. Суретті кітапша. А., 2006; Жол әліппесі. Суретті кітапша. А., 2006; Сауат ашу, оқу және жазу. (1-бөлімі және 2- бөлімі). 5-6 жастағы бүлдіршіндерге және олардың ата-аналары мен тәрбиешілерге арналған оқу құралы. А., 2007; Екі томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Тағдыр тамызы. Екінші том. Сам жамыраған шақ. Астана. «Фолиант», 2008 деген шығармалары бар.Балаларға арналған:
Оның «Достық жоралығы» деген кітабы бар. Нәсіліне, ұлтына, туған жеріне, шыққан тегіне қарамастан ғажайып ғаламшарымыздың түкпір-түкпірінде тұратын барлық баланың табиғаты қандай ұқсас десеңші! Тіпті тілі шыға қоймаған әртүрлі ұлттың баласын бір-бірімен жүздестіре қалсаңыз, олар өзара «тіл табысып» кетпей ме? Әдетте біз балаларға ересек адамдарды үлгі ретінде ұсынамыз. Періштедей пәк сезімді, жан дүниесі кіршіксіз таза сәбилердің өзі ересек адамдарға үлгі бола алады емес пе?! Әлемнің алуан тілді ақындарының балаларға арналған туындылары да осыны аңғартады. Ақын Байбота Қошым-Ноғайдың аудармашылық өнерінің бір қырын танытатын бұл кітаптағы ғибратқа толы тәржімелік туындылар да - аударма өлеңдер, тақпақтар, санамақтар, жұмбақтар, ертегілер де алғашқы мүшелі тойлана қоймаған балдырғандарға, сонымен қатар ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарай алмайтын балабақша тәрбиешілеріне, ұстаздар қауымы мен ата-аналарға арналады.
«Қуып-қуыр қуырмаш»кітабы қазақ ауыз әдебиетінің асыл үлгілері жас ұрпақты тәрбиелеуге орасан зор қызмет атқарады. Ал ауыз әдебиетінің аса маңызды бір саласы – балалар фольклоры болып табылады. Ана әлдиінен, бесік жырынан бастау алатын балалар фольклоры сәбидің азамат болып қалыптасқан кезеңіне дейін тіл ұстартып,ұлттық тәлім беріп, балдырғандардың қиялына қанат бітіреді, оның азаматтық тұлғасының қалыптасуына шынайы әсер етеді.Бұл кітапқа ғасырлар бойы атадан балаға ауызша жеткен асыл қазынамыз – балалар фольклоры жүйелі топтастырылған. Оқырман қауымның жас ерекшелігін өлеңдер мен тақпақтар, санамақтар мен қаламақтар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, мақалдар мен мәтелдер, аңыздар мен ертегілер өзінің шұрайлы тілімен, тапқыр шешімімен, қызықты оқиғасымен баурап алады.
Заман ағынымен ілесіп балалар танымына лайықтап шығарма жазып, кітап шығаруда. Б.Серікбайұлының еңбекқорлығына сүйсінесің. Жасанды интеллектің дәуірлеп тұрған шағында, жаһандану ағымына ілесіп түрлі форматтарда кітаптар шығарып, өзге елдің тотыдай түрленген кітаптарымен бәсекеге түсуде. «Асыл кітап» баспасынан жарық көрген «Әліппе» (Қошым-Ноғай, 2019) кітабы – балаларды қазақ тілінде оқып үйренуге баулитын бірден-бір құрал.Дәстүрлі әдіс-тәсілдерге сүйене отырып, бүгінгі күннің жаңашылдықтарын ұтымды пайдалана білген оқулық.Графикалық элементтерді пайдаланып баланы буынға бөліп оқуға, жазуға бейімдейді.
Б.Серікбайұлының қолтаңбасы сіңген «Жыл басына таласқан хайуандар» ертегі кітабы, «Бауырсақ», «Қызыл телпек»,«Маша мен аю», «Шалқан» аудармалары т.б. кітапшалар бала танымына бейімделіп жазылған. Қазақ тілді сапалы контенттерді көбейту жолында жасалған еңбектерін ескермеуге болмайды. Бұл кітапшалардың барлығы – мемлекеттік тапсырыстан тыс, жеке баспамен бірлесіп жасалған жүйелі еңбектің жемісі. Аталмыш баспадан жарық көрген 42 әріпті үйрететін «Жан-жануарлар мен құстар» (Қошым-Ноғай, 2021) кітапшасының салмағы бөлек. Балаға қырық екі әріпті ғана таныстырып қоймай, жан-жануарлар мен құстар жайлы да мәлімет береді. Бір әріпке екі тармақты екі өлеңнен жазылған. Бірінші әріпке байланысты өлеңде жан-жануарлар жырланса, екінші екі тармақта әріпке қатысты құстар бейнеленген. Кітапты оқу барысында бала әріппен қатар хайуанаттар мен құстардың қазақша атауларын да санасына сіңіреді.
Балаларға арналған шығарма жазуда автор қысқа форматтағы өлең формасын таңдап алған. Ұзақ-сонар баяндалған сюжеттер ұшыраспайды. Баланың жаттауына жеңіл, тілі жатық, қысқа ғана оқиғаға құрылған жұмыр туындылар. «Таңғажайып түс» (Қошым-Ноғай, 2003) кітабында балаларға арналған өлеңдер әртүрлі үлгіде жазылған. Кез келген тақырыпта еркін көсіліп, кеңінен толғануы автордың шығармашылық әлеуетінің жоғарылығын көрсетеді. Кітап «Қош бол, менің қуыршағым!», «Сымбат салған суреттер», «Сүйемін туған өлкені», «Бір үйдің біздер тентегі», «Қымбат айтқан қызықтар», «Анашым айтқан ертегі» секілді алты бөлімнен тұрады. «Қош бол, менің қуыршағым!» бөлімі «Қуыршақ сатып алдық біз», «Таңертеңгілік тағам» секілді әртүрлі тақырыпта жазылған өлеңдерден құралғанымен, әр өлең мағыналық тұрғыдан бір-бірімен байланысып жатады.
Әдебиетке жанкештілікпен қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Б.Қошым-Ноғай еңбекқорлығымен талай қаламгерге үлгі екендігі анық.Оның ауыз әдебиеті үлгілерін жинау мен өзінен бұрынғы ақын жазушылардың шығармаларын сұрыптаудағы жанкештілігі, жалпы поэзия мен балалар әдебиетін қатаралып жүрудегі шығармашылық шеберлігі әдебиетте әлде қашан мойындалғанымен, биік мінберлерде әлде болса мойындалған жоқ. Ақынның әдебиеттегі еңбегін Есенбай Дүйсенбев жоғары бағалап эпиграмма жазған:
Көп жасаған данышпандай
Көрінесің кәрі боп тым...
Мыңмен жалғыз алысқанда,
Абайдан да әрі кеттің! (Дүйсенов, 2021)
Әдебиетте қолтаңбасын қалдырған ағасынан осындай баға есту Б.Қошым-Ноғайдың еңбегінің қаншалықты деңгейде екендігін көрсетері анық. Алдыңғы буын ағалары менқатарлас замандастары бір тоға мінезі мен еңбекқорлығын сөз етсе, кейінгі буын іні- қарындастары еңбексүйгіштігін үлгі тұтады. Балалар журналында ұзақ жылдардан бері қызмет атқарған Б.Серікбайұлы қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жоғарыда мысал келтірген кітапшаларынан ақынның заманға тез бейімделіп, заманауи форматқа жылдам көше білетін қабілеттілігіңаңғартады. Кешегі дүние бүгін ескірген шақта уақыт ағымына ілесіп ұлттық контентті сапалы ету жолында талмай жұмыс жасап жүрген автордың еңбегін бағалау–әдебиеттанудың міндеті.