Балалар әдебиеті СӨз сынып оқулығы бойынша Сейітжан Омаров



бет6/30
Дата03.12.2023
өлшемі3,64 Mb.
#133586
түріӨмірбаяны
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30
Байланысты:
Балалар әдебиеті сөж

Шығармашылығы: Шона Смаханұлы 1950 жылдан бастап әдебиетпен шындап айналысады. Сын-сықақтары арқылы қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктерді, адамдардың қатынасын, жайсыз жағдайларды, оғаш құбылыстарды сынға алды. Осындай сатиралық өлеңдерінің тұңғыш жинағын ақын «Тотияйын» деген атпен 1959 жылы жарыққа шығарды. Одан кейін «Шимайбек пен Шыңқетпе», «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздері», «Ұры тіс», «Ұр, тоқпағым, ұр», «Айға ұшамын», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Кездік», орыс тіліндегі «Купорос» атты жинағы, «Қоңыраулы шеңгел» атты шығармалары жинағы жарық көрді.
60-қа жуық кітаптың авторы Шона Смаханұлы қазақ сатирасында өзінің қолтаңбасын ғана қалдырған жоқ. Есімін де өшпестей жазып қалдырды.Ақын-сатирик «Айға ұшамын» кітабына (1971) енген «Нағашы» атты балладасында балалық-жастық кезеңін, «Сүрінсең де жығылма» хикаятында алапат аштық көріністерін өз өмірімен, тағдыр-талабымен байланыстырады.Ш.Смаханұлы кеңестік жүйе тұсында-ақ «Ана тілім – ардағым менің» деген ән-өлеңмен ұлттық тілдің қадір-қасиетін терең танып, қалың көптің көңіл-жүрегіне берік ұялатса, «Қос тіл білсе, кәнеки» мақаласында («Қазақ әдебиеті», 1989 жыл 10 ақпан) ана тілін ардақтап, сол арқылы ойлап-сөйлеп, ұлтқа адал қызмет етудің қыр-сырын кеңінен ашып көрсетеді.Бірнеше ән мәтіндерінің авторы. Орыс тілінде бірнеше кітабы жарық көрген.Мысал-сықақтары 1963 жылдан бepі жарияланып келеді.
Қаламгер өзінің шығармаларында, сықақтары мен мысалдарында балалар үшін де, басқалар үшін де ғибратты, танымдық, тәрбиелік мәні жоғары ірі мәселелерді көтерді. Өмір құбылыстарының қалың тобынан көзіне түсіп, көңіліне ұялаған шағын шындық болмыстың өзін де ақын шын тапқырлықпен, суреткерлік үлкен талғаммен толғады. Шона Смаханұлы шығармаларының жанрлық құрамы мен тақырыбы әр түрлі болып келеді. Ақынның туған жер, өскен орта, бала мен балалық шақ,өмір мен көңіл сыры секілді дәстүрлі тақырыпта жазған шығармаларының көркемдік сипаты, эстетикалық маңызы зор. Бұл ретте Шона Смаханұлы –лирик. Оның көптеген лирикалық өлеңдері бүгінде әнмен айтылып жүр.Ақынның “Жамбылым қандай тамаша”, “Егіншілер жыры”, “Жасыбай көркі”, “Анамның тілі”, “Құс туралы жыр”, “Сүйікті ұстазым – мектебім”,“Оқушылар жыры” (Мектеп вальсі), “Ор теке” және басқа өлеңдерін мектеп оқушылары мен жастар күні бүгінге дейін сүйіп айтады.
Еліне, жұртына, туған халқына деген махаббатын, шын ықыласын, зор сүйіспеншілігін танытады. Ол туған жерінің тауы мен тасына, өзен-көлдері мен бұлақ-көздеріне сүйіп, сүйсініп қарап, кейде оларға өзі еркелегендей, кейде өзіне олар еркелегендей сезінеді, сезініп қана қоймай, сезімін бұлақ көзіндей мөлдіретіп сыр ашады, тау басына тіккен жалауша желбіреп жыр жазады.
Автор “Анамның тілі, аяулы үні” атты өлеңін марқұм анасы Брлиша Тастанқызына арнаған екен. Өлең анаға, ананың тіліне, ананың үніне деген құрмет пен сүйіспеншілікке, сағынышқа толы. Анасынан ерте айырылып,ананың ақ сүті мен ақ сезіміне, мейіріне шөліркеп өскендіктен бе екен – ақын өлеңінің әр жолынан, әр жолының әрбір сөзінен анасын шексіз сүйген балапан жүректің балдай тәтті үні естіліп тұрғандай болады. Сондықтан ба, бұл шығарма жастардың ана туралы ғана емес, анадай аяулы ана тілі туралы әнге салып орындайтын, сүйіп айтып, сүйіп тыңдайтын өлеңі болып кетті.
Смаханұлының әдеби мұрасының басты саласын сықақ, мысал жанрында жазылған шығармалар құрайды. Ақынның сықақ өлеңдері,негізінен, белгілі бір ғана ой айналасына құрылады әрі етек-жеңі жинақы, көлемі жағынан шағын болып келеді. Олардың қай-қайсысында да адам бойындағы кемшілікке, қоғамдағы олқылыққа сын айтылады. Айтылған сын адамның немесе қоғамның өзін емес, ондағы кемшілікті, олқылықты жоюға бағытталады
Адамның ойындағы, ісіндегі, мінез-құлқындағы кемшіліктерді көрсете тырып, оны жамандықтан сақтандыру, күлдіре отырып ойландыру – Шона Смаханұлы өнерінің ерекше ғибратты саласы.Мысалы, жақсы мен жаман, мәнді мен мәнсіз, көрікті мен көріксіз секілді мағыналары бір-біріне қарама-қарсы жұп құбылыстардың мазмұны мен пішіні арасындағы қайшылық осы тұрғыда қабылданады. Ал осы қайшылықтың өзі ақын шығармашылығында өзгеше көрініс табады.
Шона Смаханұлы сыншыл да шыншыл әрі шебер суреткер еді.Автордың шығармашылық терең танымы мен талғамы түр-түсі де, мән-мағынасы да бір-бірімен үндеспейтін, үйлеспейтін өмір құбылыстарын бір экранда бір мезетте қосақтап көрсетуді өнер заңдылықтары аясында қабылдай алмайды. Бұл жерде ақынның өнер туындысы, шығармашылық еңбектің биік мәдениеті, өнер туындысын эстетикалық қабылдау туралы әлеуметтік озық нысана-тұрғысы барынша жарқырап көрініп тұр. Осы нысана-тұрғы, осы талғам мен талант биігінен бүгінгі экранға көз салғанда, Шөкеңнің шымшымасы тағы да ойға қалдырады.
Шона Смаханұлы - еліне, елінің жарқын болашағына сенген, елі, елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ұлттың рухани құндылықтарын қорғау, сақтау, насихаттау жолында қаны мен терін төккен асыл азамат.Парасатты, өнегелі ел бағында сайраған құсына дейін мақтан етеді. Шона Смаханұлы елдің бағына біткен құс емес, Шона Смаханұлы – еліне деген ұлы сүйіспеншілігін жырға қосып, ұрпақтарына елді, елдің рухани асыл құндылықтарын сүюдің, сүйгенде, күздей сұрланып, қыстай қатайып емес, көктемдей гүлдеп, жаздай жайнап сүюдің, судай мұздап, мұздай жалтырап емес, оттай маздап, нұрдай жарқырап сүюдің үлгісін көрсетіп кеткен ақын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет