4 авторЕсентай Ерботин Өмірбаяны: Есентай Ерботин 1940 жылы 13 қазанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мәшһүр Жүсіп ауылында колхозшы шаруаның отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиет факультетіне түскен. Оны аяқтаған соң біраз уақыт ауыл мектебінде ұстаз болып қызмет етеді. Тағдырдың жазуымен Қарағанды облыстық радио комитетінде редактор болып қызмет істеп жүргенде, 1960 жылы әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Чучев қаласында азаматтық борышын өтеген. Германияда Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген Есентай Ерботин аудандық, облыстық газеттеріне балауса өлең жолдарын жолдап тұрған. Үш жыл әскер қатарында болған. Әскерден кейін қаламын қайта қолына алды. Есентай Ерботин Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1967 жылы бітірген. Біраз уақыт ауылда мұғалім болды. Әдебиет мұғалімі Е. Ерботин енді өзін журналистика саласында байқап көргісі келеді. Павлодар облысы теледидар және радиохабары жөніндегі комитетте қызмет жасаған. Облыстық «Қызыл ту» газетінде әдеби қызметкер болды. 1981 жылдан өмірінің соңына дейін Республикалық Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды.
Шығармашылығы:Алғашқы өлеңі 1959 жылы «Қызыл ту» облыстық газетінде жарияланған екен. Автор өлеңдерінің бір тақырыбы - туған өлкенің тарихы. 1959 жылы республикалық «Балдырған» журналында балаларға арналған алғашқы сықақ өлеңі басылды. 975 жылы «Жазушы» баспасынан «Өркен» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Арада екі жыл өтпей «Жалын» баспасынан «Өнеге» деген екінші жинағы шықты. 1981 жылы осы баспадан «Серік пен Берік», 1984 жылы «Менің досым», 1991 жылы «Далаға саяхат» жинақтарын шығарды. Бұдан басқа ұжымдық жинақтарда «Кім боламын?», «Жаңылтпаштар», «Балдырған базарлығы», «Айналайын анашым» атты өлеңдері мен топтамалары жарияланды.
Белгілі ақын, жазушы, журналист Мұзафар Әлімбаев Есентай Ерботиннің ақындығын таныған шығармашылығына қол ұшын берген, келешегіне жол ашқан ұстазы. Балалар ақыны болу оңай емес, Қазақстанның балалар ақыны атануы Есентай Ерботинға да оңай келген жоқ. Қазақстанның халық жазушысы Дихан баба Әбілев атанған ақын - жазушының 1981 жылы Есентай Ерботинға берген кепілдемесінде ақынның жинақтарына тоқталып келіп, оны балалар ақыны деп атаған. Қазақстан жазушылар одағының мүшелігіне қабылдануға ұсыныс жасаған.
Ана тілінің байлығын ашып, алуан түрлі жұмбақ, жаңылтпаш, анаграмма, криптограммалар жазды. Жазушы Мұзафар Әлімбаев: «Есентай еңбектерін Дүниежүзілік балалар поэзиясының антологиясына ұсынсақ, ұялмас едік», деп жазған болатын. Себебі ақынның өзі педагог болғандықтан шығар, әр жастағы балалардың ой өрісіне, шама-шарқына лайықтап, шақтап тағылым ұсыну тәсілін жетік білетін еді.
Есентай Ерботин – 5 кітаптың авторы. Міне, осы жинақтарды оқып отырғанда ақынның алдымен өзінің кішкентай оқырмандарымен ұғынысуға тырысатынын аңғаруға болады. Айтар ойын түсінікті жеткізу үшін әртүрлі өлең формаларын пайдаланады. Ойнақылықтан да құралақан емес. Жұмбақтар, алфавиттік жұмбақтар, өтірік өлеңдер ойнақы ұйқастарға құрылады. «Жалын» баспасы балаларға арналған «Байғазы», «Жыл-он екі ай» топтамаларын үзбей шығарып келді. Осы жинақтарда Е.Ерботиннің өлеңдері үнемі басылып тұрған.
Еліміздің тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, географиясын бес саусақтай білетін жас буынға қазақ батырларының ерлік істері жайында көптеген үлгі-өнеге ұсынды. Туған жердің тауларын, суларын тақпақтап жазып, әсемдігін суреттейтін. Есентай Ерботиннің кітаптарында ауыл өмірі ғана емес, сонымен қатар, бүлдіршіндерге арналған әріптер ойыны, анаграммалар, жаңылтпаштар, қызық ұйқастар, жұмбақтар да бар. Балалар үшін бұлар өте пайдалы да қызықты. Ой-өрісін кеңейтеді, тапқырлыққа баулып, шапшаң ойлауға үйретеді. Өтірік өлеңдері мен мазақтамалары бала жүзіне күлкі сыйлайды.
Ақын 1992 жылы 52 жасында қайтыс болды, осы жасқа дейінгі шығармаларына көз тіксек, ол балалар тақырыбынан бір ауытқымаған екен. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастамады. Шығармашылығын балаларға арнады.