Балалар фольклоры – халық фольклорының арналы салаларының бірі. Ол халықтың дәстүрлі бала тәрбиесінің негізінде туып қалыптасқан, ауқымы кең көркем шығармалар шоғырынан тұрады. Мазмұны ғибратты, тілі көркем, жеңіл жатталатын, ғасырлар бойына халық даналығына, тәжірибесіне суарылған Қазақ балалар фольклорыы балалардың мінез-құлқын, көркемдік талғамын танытатын, шығарм. қуат көзін ашатын асыл мұра. Ол өзінің бала табиғатына лайықтылығымен, логик. жүйелілігімен, муз. әуенімен, өнегелі мазмұнымен, ойнақы жеңіл түрімен, нәрлі тілімен балалардың рухани азығына айналған тәрбие қайнары болып табылады.
Қазақ балалар фольклоры шығу тегі мен орындаушыларына қарай – үлкендер тарапынан балаларға арналып айтылатын және балалардың өздері орындайтын шығармалар болып екі топқа бөлінеді. Алғашқысының қатарына бесік жыры, маусымдық жырлар, мәпелеу жырлары, жұмбақ, жаңылтпаш шығармалар жатса, соңғысы қаламақ, санамақ, сұрамақ, тақпақ балалар өлеңдерін қамтиды. Сонымен қатар, Қазақ балалар фольклорын ірі-ірі төрт арнаға жіктеп қарастыруға болады. Олар:
1) әлпештеу поэзиясы. Әлпештеу поэзиясына жататын жырларды шығарушылар да, орындаушылар да – ересектер. Ол жырлар сәбидің шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап оны бағып-қағуға арналған түрлі салт-дәстүрлерді сүйемелдейді, ата-ананың, қалың жұртшылықтың сәбиге деген сүйіспеншілігін, арман-тілегін, халықтық идеалды жыр тілімен өрнектейді. Бөбектің денінің сау, ауру-сырқаудан аман, ширақ болып өсуімен қатар, ең бастысы, оның рухани жетілуіне қызмет етеді. Бұлардың өзі мазмұны мен атқаратын қызметіне қарай бесік жыры, сәбилік ғұрып жырлары, мәпелеу жыры, уату-алдарқату жыры деп іштей төрт түрге жіктеледі;
2) жеткіншектер жыры. Бұл топқа балалардың өздері шығарып, өздері айтатын және ересектер фольклорынан ауысып, балалардың орындауына көшкен жырлар жатады. Ол әлпештеу жырларынан кімдер орындайтындығымен ғана ерекшеленбейді, поэтик. құрылымымен де, атқаратын қызметімен де, тақырыптық, мазмұндық жүйесімен де ажыратылады. Бұл топқа балалар мен ересектердің орындауында қатар өмір сүріп келе жатқан наурыз жыры, жарапазан, маусымдық жырлар, арнау-тілек өлеңдер, тақпақ, сұрамақ, қызықтама, өтірік өлең, мазақтама сияқты өлең-жырларды топтастыруға болады;
3) ойындық фольклор. Мұның қатарына балалар ойыны кезіндегі ойынға шақыруға ойынды бастауға, оны жүргізуге қызмет ететін өлеңдер (қаламақ, санамақ, мен өлең ойындарды (тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақ, балалар айтысы) қосуға болады. Жалпы, балалар фольклорына тән шығармалардың барлығында ойындық белгілер болатыны сөзсіз, бірақ ойындарға арналған балалар фольклорына жататын туындыларда, бұл сипат ерекше басым көрінеді, оларда ойынға тән драматизм мен қимыл-әрекет, динамизм күшті. Ойынға шақыру өлеңдері, қаламақ, санамақ, ойын ішіндегі өлеңдер тікелей балалар ойындарымен бірге өмір сүрсе, халық арасында кең тараған жұмбақ, жаңылтпаштар, тәжікелесулер сөз арқылы ойналады;
4) балалар тіршілігінде қара сөзбен айтылатын балалардың прозалық фольклоры. Балалар күнделікті өмірде ересектер аузында айтылатын магиялық фольклордан бастап, аңыз-әңгімелерге дейін үйреніп, жаттап, соларға еліктеп айтып жүреді. Солардың ішінде әсіресе, ертегілердің алдыңғы орында тұратыны белгілі. Бірақ сәби, жеткіншек жасындағы балалар ертегілердің барлығын игере бермейді. Ол балалардың жас ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отырады. Сондықтан балалардың прозалық фольклорының қатарына оқиғасы жеңіл, шағын да тартымды, тілі жатық тізбекті ертегілерді, себептік мифтерді, үрейлі әңгімелерді, кейбір батырлық аңыздарды жатқызуға болады.
Атақты ғалым А.Байтұрсынов мəдени мұрамыздың құнды қазыналарын бір жүйеге келтіріп ғылыми тұрғыда негіздеген. Оның ертегілері, мақал- мəтелдері, өсиет сөздері, қисса- дастандары бүгінгі жас өспірімдерді педагогика негізінде тəрбиелеуде аса құнды. А.Байтұрсынов өз еңбектерінде«өтірік өлең», «жұмбақ», «жаңылтпаш»,«тақпақ», «бесік жыры» тəрізді жанрларының мəнін түсіндіріп, эстетикалық тəрбие саласына да ерекше тоқталды.
Сол сияқты атақты ғалымдардың біразы атап айтсақ ( С.Сейфуллин, Ш.Ахметов, Қ.Матыжанов т.б.) сынды ғалымдар қазақ балалар фольклорын арнайы зерттеу оъектісіне айналдырып жан-жақты қарастырып зерттеген.
Қазақ балалар фольклоры- ұлттық мəдениеттің ұдайы дамуы мен жаңаруының негізі. Ол-өмір сүрудің мəні мен мазмұнын, ұлттық өркениеттің тарихи тағдырын, болмысын, дүниетанымын айқындайтын өшпес мұра. Бұл орайда,«Аяз би ертегісіндегі» ақылы мол Аяз биді, «Ер Төстік» ертегісіндегі өзінің ақылды, білгірлік ісімен айнымас дос,Кенжекейді мысалға келтіруге болады. Яғни халық ауыз əдебиеті жанрларын тəрбие құралы ретінде пайдаланып балаларды ақылдылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке баулап жауыздық пен күресіп жеңе білуді уағыздаған, əділдікті үйреткен.
Қазақ фольклорының өзіне тəн ерекшелігі-балаға айналасындағы бай мұраның əсемдігі мен əсерлілігін түсінікті етіп жеткізе отырып, ұлттық еңбектің нəтижесін сезінуге, қоршаған дүниеге, салт-дəстүрге, ой-қиялын дамытуға əсер ететіндей негізгі тəрбие құралы болуында. Яғни фольклор баланың танымын кеңейтеді, оны өмірді сəулелендіретін бейнелердің бай дүниесіне ендіреді, танымдық іс-əрекетін, өмірге деген бейімділігін дамытады, ата- баба мұрасын қастерлеуге тəрбиелейді.
Өтiрiк өлең – қазақ халық поэзиясындағы ерекше қызғылықты, балалар құмарта тыңдап, қызыға жаттап алатын фольклорлық жанр. Өтiрiк өлеңдi бүлдiршiндер ғана емес, үлкендер де сүйсiне тыңдайды, тiптi бүгiнгi айтыста да бұл жанр тiрiле, жаңа қырынан танылып жүр. Тiптi, теледидар бағдарламаларына да арқау болып жүр. Сол сияқты халық «Тазша баланың қырық өтiрiгi» жөнiндегi ертегiнi де ұрпақтан-ұрпаққа қастерлей жеткiзiп келедi. Бұл өтiрiк өлеңнiң қазақ фольклорындағы көне де, дәстүрлi жанр екендiгiн көрсетедi. Қазақ өтiрiк өлең нұсқаларының хатқа түсе бастауы ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан басталады. Оның алғашқы нұсқасын В.В.Радловтың қазақ фольклорына арналған жинағынан кезiктiремiз. Өтiрiк өлең үлгiлерiн жинап бастыруға Ә.Диваев, С. Сейфуллин, I.Жансүгiров сияқты белгiлi адамдар да ат салысқан. Бұл орайда, әсiресе, I.Жансүгiров құрастырып, алғысөз жазған «Ел өтiрiгi» атты жинақты ерекше атаған жөн. Кейiнгi кезеңде өтiрiк өлеңдер жинағы әлденеше рет жарық көрiп келедi . Ел арасында өтiрiктiң қарасөзбен айтылатын түрлерi де мол ұшырасады. Тiптi, әр ауылдың өзiнiң қиыннан қиыстырып: «Өтiрiктi шындай, ақсақты тыңдай» қылып әңгiмелеу арқылы халық «құрметiне» бөленген адамдары болған. Бүгiнгi күндерi баспасөз бетiн көрiп жүрген Әлiмжанның өтiрiгi, Сұраубайдың өтiрiгi, Судырахметтiң өтiрiгi делiнетiн әңгiмелер, бұған айқын дәлел. Е.Ысмайылов өтiрiк өлең қиыстырудың салдар салтында да болғандығын айта келiп: «Салдардың... өлеңдерi де өз мiнездерiне сай өтiрiк, қыңыр мағыналы, қисынсыз құралған күлдiргi болып келедi. Жантұрған сал өзiнiң бiр құрбысына кездескенде:
Алабас ит көрдiң бе шiдерлеулi,
Әр ауылдың көлiнде оттап тұрған, –
деп бастайды өлеңдi. Тағы бiр тентек салдың өлеңiнде:
Көп сиырдан туады жирен айғыр,
Шоқаң-шоқаң қойға қасқыр шабады.
Боталы iнген, тайлақтар көкте ұшып жүр,
Буынғаным белiме сексен арқан, – деп жазады. Әрине, салдардың өлеңi дәстүрлi өтiрiк өлеңнен өзгешерек, дегенмен арғы тектерiнен түбiрлес жақындық та табылатындай. Үлкендерге арналған өтiрiк өлеңде әрқашан әлеуметтiк салмақ жатады, қарама-қарсы жағдайларды қиюын келтiре ұйқастырып, сол арқылы өмiр шындығын көрсетiп, байдың сараңдығын, ханның қаталдығын күлдiре отырып сынау ерекше тапқырлықты қажет етедi. Халықтық өтiрiк өлеңдерде осы тапқырлық өте мол-ақ. «Қазақтың ертедегi салты бойынша, ойын-сауық кездерiнде айтылатын өлеңнiң бiр түрi – өтiрiк өлең» – дей келiп – нақтылы деректердi мол шеберлiкпен үдеген фантастикалық дәрежеге жеткiзу, адамның ойына келмейтiн «өтiрiк» әңгiмеге айналдыру қазақ ауыз әдебиетiндегi өтiрiк өлеңдер түрiнiң негiзгi бiр ерекшелiгi болып табылады , – деп көрсетедi М.Ғабдуллин. Әрине, балалар репертуарындағы өтiрiк өлеңдердiң ересектер жырынан айырмашылығы бар. Ең алдымен үлкендер өтiрiк өлеңдерiндегi салмақты әлеуметтiк жүк балалар өлеңдерiнде байқала бермейдi. Олардың құрылысы қарапайым, ұзақ-сонар сюжет жоқ. Көбiнесе төрт жолдан тұратын қара өлең үлгiсiндегi қысқа шумақтардан келедi. Өлеңдерде шендестiрiлетiн заттар, жан-жануарлар да балаларға күнделiктi өмiрден таныс болып келедi. Оның мысал үлгiлерi мынадай:
Мiнiп алып құртқа,
Өрмеледiм бұлтқа.
Алып келiп Айды,
Көрсеттiм көп жұртқа.
Өтiрiк өлең бала қиялын ұштауда, бейнелi ойлауға жетелеу, ұтқырлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеуде аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да халық ақындары мен балалар жазушыларының шығармашылығында бұл жанр жалғасын тауып өрiстi дамып келедi.
Достарыңызбен бөлісу: |