БАЛАЛЫҚ ШАҚ БАЛЛАДАЛАРЫ
(1986 ж., «Жалын» баспасы)
Айтсын ұрпақ атынан
(фрагмент)
Мен туғанда ұлы жеңіс жылы еді,
Сұм соғыстың бітті әйтеуір сүреңі.
Қуанышқа, қайғыға да күпті елдің
Түсе қойған жоқ орнынан жүрегі.
Түсе қойған жоқ орнына жүрегі,
Кіре қойған жоқ әлі де реңі.
Бес жыл бойы қайғы жұтқан қан жұтқан
Қайран елдің қандай жаны сірі еді.
Қайран елдің қандай жаны сірі еді,
Жылай жүріп, жоқтай жүріп… күледі.
Әр жүректе жара барын біледі,
Әр тілекте «тоба» барын біледі.
Өлгендердің оралмасын біледі,
Орнында бар оңаларын біледі.
Адамзаттың арын төккен соғыстан
Келер ұрпақ кек аларын біледі.
Ел біледі,
біледі ел барлығын,
Қолға тастай ұстайды енді тағдырын.
Уақыт – емші,
бірте-бірте құрғатар
Көз жасының көлшік-көлшік жаңбырын.
Ал әзірге жара сыздап, жан мұздап,
Талай жесір, талай жетім жалғыз қап.
Аяулы әке, адал жарын күтуден
Мың-мың көздер боталайды андыздап.
Біреу келді…
Келді ерте, келді кеш,
Енді біреу айтып кетті мәңгі «Қош!»
Соғыс бітті.
Бейбіт майдан басталды –
Махаббат пен шапағаты мол күрес.
Соғыс салған күйік пенен жараны,
Тек махаббат, мейірім емдей алады.
Жүрегі удай ашыса да,
сондықтан
Емен-жарқын еді елдің қабағы.
Жарым көңіл көтерумен келісіп,
Өле ішкенше,
қолда барды бөле ішіп.
Жүдеу иін, жыртық иық жамиғат
Жарық дүние көргені үшін көрісіп.
Жылап-сықтап, көздің жасын бір сығып,
Бір уһілеп, алады бір күрсініп.
Одан кейін тірі пенде қыбырлап,
Басталады жеткізбейтін тіршілік.
Біреу әне, аяқ молақ, қол шолақ,
Ерден ұстап аттан түсті домалап.
Енді біреу шолақ қолын демеу қып,
Шөмелеге салды айырын шамалап.
Енді біреу атын да ерттеп міне алмай,
Түп етектен шорт кесілген шынардай.
Болса-дағы,
тамыры аман қалған соң,
Бұтақ жайып кетті көктеп суалмай.
Енді біреу бұлт айналса төбеге,
Оқ тигендей қалшылдайды денеге.
Кегі қайтқан,
жан жарасы жазылған,
Тән жарасын қайсар солдат жеңер ме?
Жеңе ала ма,
оқтың уын, уытын,
Жарық дүние жағар ма екен үмітін.
Енді біреу… қалш-қалш еткен қария
Қалды ұрпақсыз,
соны ойлайды күндіз-түн.
Ал біреуде жар некесі алғашқы,
Тағдыр заңы…
амалсыздан алмасты.
Ал бір үйде әкесі жоқ ұл туды,
Әкесі жоқ.
Өмір бірақ жалғасты.
Жер бетінде сан мың адам жылады,
Біреу қайыр, біреу көмек сұрады.
Мұның бәрі сұм соғыстың кінәсі
Сол соғысқа бірақ адам кінәлі.
Сол кінәні жуып-шаяр –
тірі адам ,
Ал күнәһар құтылмайды күнәдан.
Бүкіл, бүкіл соғыстардың мойнында
Келіншектің көз жасы бар жылаған.
Мен де сондай жылап туған шарана,
Бейбіт күннен берді жарық замана.
Іңгәлаймын тал бесікте бөлеулі,
Тылсым заңмен ұмтыламын Анама.
Анам маған ақ көкірегін ашады,
Ана сүтін аузыма әкеп тосады.
«Уызыңа жари көрші, жан ботам! »
Алпыс екі тамыры иіп босады.
Мен білмеймін,
сойқан соғыс өткенін,
Сан жүректі күлпаршалап кеткенін.
Мен білмеймін,
дүние – дүние болғалы
Көз көрмеген азапты адам шеккенін.
Мен білмеймін,
дерті, өрті соғыстың
Соғыстан соң сансыратып Жер үстін.
Сан ұрпақтың кеудесінде тас болып
қалатынын жібімейтін беріш-мұң.
Соғыс заңы – не өмір де, не өлім!
Соғысқанның ұраны тек «жеңемін!»
Соғыстан соң ашу керек, Адамзат,
Жеңу менен жеңілудің себебін.
Қара күш пе,
әлде айла-амал ма,
Беріктік пе, бекініс пе, қамал ма?
Келешектің құрбаны еткен әлде өзін
Ырқы күшті, рухы күшті адам ба?!
Соғыстан соң – бәрін елеп, екшесе,
Онда адамзат қанын судай төкпес ед.
…Тауқыметтің кім біледі біз білмей,
Соғыстан соң өртеңіне көктесек.
Соғыстан соң –
көз көргеннің барлығы,
Адамзаттың соғыс салған тағдыры.
Сұм соғыстың зіл-заласы соңында,
Соңында ғой қайғысы мен зар-мұңы.
Соңында ғой – күйініші, күйігі,
(Соңында ғой – бар дүниенің түйіні).
Жесір әйел көрсетпейді көз жасын,
Жетім ұлдың бүлкілдейді бүйірі.
Кемтар-кәріп құнын кімнен сұрайды,
Сұрамайды,
жыламайды –
шыдайды!
Ерлігіңе көзі жеткен күллі әлем
Соғыстан соң төзіміңді сынайды.
Төзді.
Күтті,
сары алтындай сабырмен,
Көктен көмек сұраған жоқ, тәңірден.
Уа, туған ел, соғыстан соң сен бізді
Толғатқансың жарақатты тәнімен.
Соғыстан соң… соғыстан соң барлығын
Танып өстік туған елдің тағдырын.
Ал сан ұрпақ қырық жасқа келіпті,
Қырық жылдай жұтып бейбіт таң нұрын.
Біз сол ұрпақ - өртеңге өскен көк құрақ,
Соғыс көрмей, көргеніміз көп бірақ.
Зіл-заласы соңындағы соғыстың
Санамызға батты біздің қаттырақ.
Ал сол ұрпақ айтсын соғыс соңынан,
Көз көргенін…
сәби шақтан таныған.
Алдыңғыға баға берер соңғы ұрпақ,
Айналайын, Заман – тарих заңынан!
АҚЫН МЕН АҚ ҚАҒАЗ
Ақ қағаздың отырды ақын алдында,
(Ақ қағаз ғой оған талан, тағдыр да!)
Дастарқандай жатты ақ қағаз жаюлы,
Ал айтып көр,
Ал жазып көр
Ал жырла!
Ал айтып көр, ақ қағазға жаз бәрін,
Заман қамы – қоғам қамы, өз қамың.
Адамзаттың озығын айт, озғанын,
Қай машығы шірігенін, тозғанын.
Айт, аянба,
айт аяма, айт ашып,
Дүние сенің даусың барын байқасын.
Шындықты айту оңай емес,
шырылдап,
Ақын болсаң – сен бәрібір айтасың!
Ақын болсаң – кім айтады сен айтпай,
Бұл ақ қағаз сауалдарға сауаптай.
Адамзаттың ойын қосқан ақ қағаз
Құрылтайдай, съездердей, сенаттай.
Сол ақ қағаз жатыр әне... сүттей ақ,
Ақын оған жалғыз әріп түртпей-ақ,
Төрт құбыласын дүниенің бір сәтке
Қас қағымда қиялымен шықты орап.
Дүние мынау – күнді айналған жұмыр жер,
Уақыт-ұршық иіргенде дірілдер.
Әрбір ұрпақ өтер жасап өз ісін,
Әр ұрпақтың таңы қайта сібірлер.
Ұрпаққа ұрпақ жалғасар да алмасар,
Сүрлеу таптап біреу жаңа жол жасар.
Ақ ниетпен, ақ жүрекпен қашанда
Қара ниет қас мекерлер арбасар.
Біреу жеңер, біреу жылар, жығылар,
Біреу сезім, сенімінен суынар.
Туған жерін іздеп біреу таба алмай,
Сары уайым сағыныштан сылынар.
Мұның бәрін қайталаған сан ұрпақ,
Бұған ешкім қарамайды таңырқап.
Мұның бәрін жазған, айтқан ақындар
Қиссалармен, дастандармен жарылқап.
Мұның бәрі Өмір заңы – заңды заң,
Қарсы тұра алмайды ешбір жан бұған.
Ақ ниет пен қара ниет қарсы боп,
Қашан құрыр адамды адам аңдыған.
Ақ қағазға мұның бәрін – саны ұзын,
Түсіргенмен өтеле ме парызың?!
Жетеді ақын,
жылнамашы сенсіз де,
Адамзаттың саралайтын әр ізін.
Сен одан да айтшы маған мынаны,
Адамзаттық дәнекер мен сынаны,
Адамзаттық дәстүр менен мұраны
Сақтап қалу – адамзаттың ұраны.
Сол ұранның Отаны мен тұрағы,
Бір-бір жүрек... дірілдері бір әлі
Сол бір жүрек замандар мен заңдардың
Бола ала ма қолшоқпары, құралы?!
Ақын сонда,
ақын басын шайқады,
Қаламсабы қайқып кетті, байқады.
Ойланбаққа тұрып кетті ол орнынан,
Ойланған соң –
айтады ақын,
айтады!
АҚЫНҒА СЫР
(немесе бала Жамбыл туралы)
Кей күні жыр жазбаймын, жер бетінде
Бар ғой деп менен басқа бала Жамбыл.
(Т. Молдағалиев)
Жер бетінде бала Жамбыл бар еді,
Жер бетінде жаңа Жамбыл бар еді.
Дана Жамбыл жүзге жете көз жұмды,
Бала Жамбыл он-ақ жасар бала еді.
Дана Жамбыл ақ батасын халқына
Шабытпенен бере салды – шалқыма.
Бала Жамбыл басы айналып қарады
Алатаудай ақиықтың даңқына.
Дана Жамбыл ол да қимай қарады
«Ізбасарым кім екен» деп артына.
Бала Жамбыл бата сұрап баруға
Жетпейді әлі шамасы да, шарқы да.
Дана Жамбыл ізбасарын білген жоқ,
Сенді бірақ,
табиғаттың шартына.
Бір топырақта бір дана мен бір бала
Алмасатын дүние заңы, салты да!
Міне солай!
Алмасты да жалғасты,
Дана Жамбыл қайтпас сапар, жолға асты.
Сол топырақта, дәл сол кезде бір бала
Күбірледі...
өлең жолын алғашқы.
Тұмаш аға,
сен емес пе сол бала?
Ес біле сап ел мұңына толғана,
Ел мұңымен өз мұңыңды қосқанда
Ең алғашқы жырың сенің болды, аға!
Мұңмен бастың ең алғашқы мауқыңды,
Гүлмен аштың сезіміңді, зауқыңды.
Мұң мен гүлдің арасынан бал беріп,
Сен тәнті еткен Тұманбайсың халқыңды.
Ал бірақ та сол Тұманбай болғанша
Жүрегіңмен кештің сапар, жол қанша.
Мұңнан бақыт жасау үшін, гүлден – бал,
Сен өмірді сүйдің естен танғанша.
Адам – перзент,
Ақын – перзент қолынан
Сүю келсе – келсінші тек молынан.
Мен Тұманбай жыры арқылы әуелден
Халқын сүю қасиетіне табынам.
Халқын сүю, халқын сыйлау арқылы,
Мүмкін ақын күйді, жанды, балқыды.
Талай жаңа махаббатты тұтатты
Тұманбайдың жырларының шарпуы.
Сол Тұманбай – той иесі бүгінгі,
Сан мың жүрек түкпіріне үңілді.
Махаббаттың сөз кезегі келгенде
Халқы талай Тұмашына жүгінді.
Махаббаттан бағы жанған Тұмағаң,
Махаббатпен жасады ылғи тұғырды.
Барлық ақын махаббаттан туды да,
Соқпақ іздеп сан тарапқа жүгірді.
Ал Тұмағаң сол мейірімнің бауырында
Туды, өсті, маңдай терін сіңірді.
Алатаудың бауырында өскен емендей
Тарам-тарам тартты тамыр, түбірді.
Елу жылдық сол еменнің түбінде
Ал, жас ұрпақ, оқы сен де жырыңды!
Саясы кең елу жылдық – жақсы емен,
Кәрі де емес, балаң да емес жас перен.
Бар бұтағы, әр бұтағы бүр жарған,
Бір жапырақ, бір гүлі жоқ тас керең.
Қандай бақыт,
сол еменге теңейтін,
Ақын ағаң бар алдыңда – демейтін.
Дана Жамбыл бола қоймаса дағы
Желеп-жебеп жібереді ол сені еркін.
Дана Жамбыл туған топырақ құнары,
Әлдилеген қазақы жыр шынары.
Сонау жылғы бала Жамбыл бұл күнде
Тұманбайы – елдің Тұмаш, Тұманы.
Ол елуде,
еркелетсе елі оны,
Еркелетер бар ғой оның себебі.
Қаншама жыл...
түн ұйқысын төрт бөліп,
Туған халқын жүрегіне бөледі.
Ол елуде,
көтерсе елі төбеге,
Одан, сірә, аласарып, шөге ме?!
Қаншама жыл жүрегінен жұлып ап,
Жылу берді басқа тән мен денеге.
Бала Тұмаш – бала Жамбыл баяғы,
Аға болды айналасы саялы.
Халқынан ол қашан жанын аяды,
Халқы да оған құшағын кең жаяды,
Жыр – Жамбылдың қонды оған киесі,
Қонсын енді бақытының баяны.
...Жер бетіне жаңа Жамбыл келер деп,
Бала Жамбыл жаңадан жыр берер деп,
Кей күндері жыр жазбасаң, Тұмаға,
Келешекке көз қырын сал, елеңдеп.
Сонда, ағатай, көп қызықты көрерсің,
Өнер – бәйге,
Өнер – сайыс, сенерсің.
Сол бәйгеден малтыққан бір жүйріктің
Жүйріктігін тани қалсаң... демерсің.
Демерсің де,
деміңді бір аларсың,
Бала Жамбыл жолыққандай боларсың.
Бала Жамбыл болса өзіңе лайық,
Ол баянды бақытыңнан хабаршың.
БАҚЫТ ДЕП БІЛЕМ
Отқа да салам өзімді, суға да салам,
(Адам ба - өзін суарып шыңдамаса адам).
Өз жүрегіммен үрлеймін өз көрігімді,
Өз жүрегіммен - Өзіңді бірге жасаған.
Өз көрігіммен өртеймін өзімді- өзім,
Көрігімдегі өмірім Сезім – мінезім.
Бақыт деп білем оттарға төзудің өзін,
Балқып бір барып суықты сезудің өзін.
Бақыт деп білем –
буланып балқудың өзін
Алтынан гөрі қымбаттау жарқын мінезім.
Қара темірмін,
сондықтан суырыламын,
От пенен суды мәңгіге мұра қыламын.
Отқы да салам өзімді, суға да салып,
Өмір бойы өзім өзімді сынап аламын.
* * *
Бала деме,
баласынба баланы,
Оның сенен оттырақ қой жанары.
Көп нәрседен аз болғанмен хабары,
Көп нәрседен қиялы оның жоғары.
Бала деме,
баласынба, ертең-ақ
Тасты жарып шыға келер өр талап.
Заманыңның жасырма одан шындығын
Өсірме оны,
көлеңкелеп, қалқалап.
Бала болса, бала шығар бүгін-ақ,
Уақыт ертең теңестірер зымырап.
Ол да ертең мұңаяр да өкінер,
Басын тауға, басын тасқа ұрып ап.
Қайта қунап,
қайта түлеп қуанар,
Тағдыр «сыйын» тәрк ете алмас,
құп алар
Топырағыңның қуаты мен құнары
Уақыт шайқап,
көрсе байқап сыналар.
Бізге де уақыт берер сонда бағасын,
Ұрпағыңның көрерсің көзқарасын.
Балалық шақ оралады қайтадан
Сүю-күю арқылы өз баласын.
Бала деме,
баласынба баланы.
Оның сенен күрделірек заманы.
Сен жетпеген жерге әлі-ақ жетеді,
Сен таппаған асылды әлі-ақ табады.
БАЛАМЫН ӘЛІ
Баламын әлі...
Басымда менің көп қиял,
Басымды ертең тауға да, басқа соқтырар.
Заманның жал-жал толқынына да лақтырар,
Суығына да, салқынына да тап қылар.
Баламын әлі...
Бәрінен әзір бейхабар,
Тіршілік заңы бұлжытпай бәрін қайталар.
Қиялдың бәрі шындыққа қарай ойысып,
Сарыауыз сана сарғаяр дағы шайқалар!
Баламын әлі...
Баланың бәрі бір емес,
Көз алдыма көлбеңдей берді бір елес.
Көктемнің бәрі дөп келгенімен – жылы емес,
Беткейдің бәрі көгергенімен – гүл емес.
Баламын әлі...
Аңғарып соны қалам-ау,
Күн шайдай ашық.
Қар жауып кетсе, тоңам-ау.
Алмасулардың, жалғасулардың астарын
Аңғарып қалдым, себебін, сірә, табам-ау.
Баламын әлі...
Басымда қиял, көп үміт,
Бәрі де маған оттан да ыстық көрініп.
Өзіммен өзім.
Ойымнан өмір өріліп,
Қиялмен жеңіл, қиялдан ғана жеңіліп,
Баламын әлі,
баламын әлі,
баламын,
Бауырыңа, өмір, енемін міне, емініп.
Бөле
Кішкентайдан бірге өскен бөлем едің,
Көгендесім, тамырлас көгенегім.
Сенің орның бөлек қой…
не дегенің,
Балалықты сағынсам себебі едің.
Бөз көйлекті бір киген бөлем едің,
Қарындастай - қасымда демеу едің.
Сенің орның бөлек қой…
не дегенің,
Елге келсем еркелер желеу едің.
Құлын-тайдай бірге өскен бөлем едің,
Сәл мұңайсам желер де, жебер едің.
Тағдырымен қосқандай қос ағашты
Таспасына құсаушы ең керегенің.
Қабағы ашық, жаны жаз бөлем едің,
Қыз Жібектеу тап келіп Төлегенің.
Жазғы таңдай жап-жарық сүт пісірім
Қос шаңырақты сәулеңе бөлеп едің.
Бөлем едің бірге өскен,
бөлек едің,
Өнерінен туғандай өнегенің.
Аз ғұмырда қыз болдың - қылығы ерек,
Ана болдың, жар болдың және келін.
Неге бізді «бөле» деп атады екен,
(Бөлектеген сөз болса қатал екен.)
Қатал болса қайтпекші,
қош бөлежан,
Өмір солай сан бөлек сапар екен.
03.81 ж.
БІР БЕЛГІ
Балалық шақтан салғанмен аулақ іргеңді,
Балалық шақтан қалуға тиіс бір белгі.
Алғашқы қиял,
Алғашқы арман,
Тәтті үміт,
Солардың бәрін балалық бермей, кім берді?!
Алғашқы түйсік,
Алғашқы ағат түсінік,
Алғашқы ізет – кішкентай ғана кісілік.
Солардың бәрі алақынымен көтеріп,
Азамат етіп жіберген жоқ па ұшырып.
Сүрініп алғаш...
жығылмау керек соны ұқтың,
Жарыла жүрек қуандың дағы қорықтың.
Алғашқы мұңмен – жалғыздықпенен жолықтың,
Зеріктің алғаш, жабықтың бәлкім, жалықтың.
Алғашқы бәрі.
Барлығы тұңғыш, бастапқы,
Үйрендік алғаш ымдасу, әзіл-оспақты.
Кейбіреу күллі адалдығының барлығын
Балалық шақтың босағасына тастапты.
Ал одан әрі басталды үлкен –
ұлы Өмір,
Азамат бол да, сол Өмірді еркін сүре біл.
Балалық шақтан бір белгі қалмай жүрмесін
Бойыңда түбі –
жүре де жүре, жүре бір....
Бір қарлығаш
Бір қарлығаш қонды кеп,
Тереземнің түбіне.
Неге жалғыз қалды деп,
Жаутаңдаймен түріне.
Қанатыңмен су сеуіп,
Қайырымсыздық көрдің бе!
Іздей-іздей бір серік
Ізін тауып келдің бе?!
Қабақтағы неткен мұң,
Жанардағы неткен наз.
Иә, бәсе, өткен күн
Мұң ба бәлем, өткен жаз.
Кел, кіре ғой бөлмеме,
Қорықпа мұңнан - мұңдаспыз.
Құс секілді пенде де,
Жалғыз жүрмей тұрмаспыз.
Жалғыз кейде қалғанда,
Жабарқама, торықпа!
Жалғыздар көп жалғанда,
Жамандықтан деп ұқпа.
Кел, кіре ғой бөлмеме,
Дедім, ойым дөп түсіп.
Қанатты құс - пенде ме,
Лып етті де, кетті ұшып.
ЖҰТПА ТАРТҚАНДА НЕМЕСЕ
ЖЕЙДЕ ТУРАЛЫ ЖЫР
Сәбила, сәбилік күн – сайран сағым,
Қай қырдан асып кетті, қайран сағым.
Сағымның толқынындай кетті алыстап
Балалық – балбұлақтай қайран шағым.
... Жүгірдік, жүгірдік те, жарыстық та,
Алыстық, жағаластық, табыстық та.
Жағалап жардың бойын, салдық ойын,
Қыл баулы қалтамызда таныс жұтпа.
Бір күні жұтпа тарттық қайықпенен,
Қайықты мен есіп ем байыппенен.
Жұтпаны сен ұстадың жұтынған қыз,
Қалтқыдай қозғалғанда ғайып денең,
-
Қайықты аударасың, - деймін саған,
Бұл иірім, қара, терең, жауың, - дегем.
Сақтанар қауіп те бар шат өмірде,
Ал сенің сескену жоқ қаперіңде.
Тепкенде тентек толқын шайқалып кеп,
Қайығым кіліт тоқтады қапелімде.
Сәбила айқай салды:
-
Қапты, - деді,
Қарлығып кенет шықты қатты демі.
Қара күш үркіп тартып, сілкіп тартып,
Құп-қу боп кеткен екен аққу өңі.
Қара күш қайық басын бұрды келіп,
Қыл бауды қаршадай қыз тұрды керіп.
Әл бермей бұла шортан шоршып-шоршып,
Қайықты құйрығымен ұрды келіп.
-
Тарт, - дедім, - тарт, - дедім мен
қайықты есіп,
Үніме салмақ қосып, байып қосып.
Біз тұрмыз жан ұшырып...
өзен жатты
Толқынын жайма-шуақ жайып көшіп.
Тістеніп, тіреп тартып зорландың-ау,
Зәрең ұшты-ау... қайықта толғандың-ау.
Қарыссаң қара тастай қайсар едің,
Қара күш болмаған соң қор болдың-ау.
Бұл судан бұрын мұндай бұла көрсең,
Жағада қармақ салып тұрар ең сен.
Жалқы үйдің шолжаң өскен жалғыз қызы-ау,
Қайықта қапа болып жыладың сен.
Жұтпаны тартуға мен оқталған ем,
(Балада болады ғой мақтан деген).
Жігіт боп жейде киіп жүргеннен соң,
Көмекке көңілің қалар деп бармап ем.
Қарадың сонда маған сен шағына,
Тұрдым мен мысым құрып, тау шағыла.
...Шындықты жейде қалай жасыра алсын,
Жар сүйіп, сәби сүйді сол Сәбила.
* * *
Заман – бізге,
Біз – заманға
Берешек те
Алашақ.
Бермеген де,
Алмаған да
Асар бастан санасақ.
Соның бәрі
Ағымдағы
Күйбең болып кетер ме!
Өмір сүрдік,
Іс тындырдық
Дерміз онда бекерге.
Заман – бізге
Біз - заманға
Берейік те алайық.
Атақ-мансап,
Саудадан сақ,
Бір қасиет табайық!
ҚАЛДЫ-АУ...
Ол бір ессіз-түссіз күндер,
Ерке күндер болатын.
Ерке-тотай қыз шіркіндер
Көздің жауын алатын.
Дүние дертіп, біздер елтіп,
Мас қылатын буымен.
Бірде шайқап, бірде желпіп
Тұрды жастық туымен.
Ләззат, рақат, бал махаббат,
Таудай талап анталап.
Көк сағымдай қудым қызық
Көп үмітті арқалап.
Қуып жеттім.
Қапы кеттім,
Жете алмадым, «қап» дедім.
Көрші санап,
қайсысы көп
«О, пәлі!» мен «әттеңнің».
Көбін-азын тарт, таразым,
Тарт, таразы – жүрегім!
Қылмай жазым, бір лажын
Табарымды білемін.
Ол бір ессіз-түссіз күндер
Енді маған қайда бар?!
Қайда ерке қыз шіркіндер
Періштеге айналар?!
Періште жоқ, пейіш те жоқ,
Жас дәурен бар жалғыз-ақ.
Ғажап елес, ғайып сурет
Қалды-ау, қалды-ау, қалды ұзап.
* * *
Қалқан құлақ баяғы қара бала,
Талайларға бастапты аға бола.
Айтқан сөзі, ақылы, әрекеті
Сәйкеседі сәтімен заманаға.
Қара бастың қамы емес ойлағаны,
Бес ешкі емес ысқырып айдағаны.
Бар болмысын бабымен әдіптепті
Әрекет пен астарлы ой заманы.
Емеурінді ұғып тұр ебіңнен-ақ,
Демегіңді біліп тұр деміңнен-ақ.
Азамат-ақ болғалы тұр екен-ай,
Арманына түрі бар берілген-ақ.
Қимылында бір артық әрекет жоқ,
Пиғылында пәле жоқ, пәлекет жоқ.
Келе жатқан құрақтай жаңа көктеп,
Судырлайды құрақтай және де ептеп...
Талант емес,
дана емес туған асып,
Заманына бірақ та тұр жарасып.
Тап осындай көп қазір інішектер
Бір-бірінен аумайды тұлғаласып.
Өсер перзент уақытқа, заманға сай,
Заман заңын алмайды жалаң жасай.
Заман жасау адамның қолында ғой,
Заман қамын ойлайық, замандас-ай!
* * *
Кейде түн ішінде, кейде таң алдында
Күбірлеймін ақталып ар алдында.
Заманыма көп екен бермегенім,
Бермегені бар маған заманның да.
Есе ала алмаппын мен заманнан,
Өзім екем кенде де, кенже қалған.
Көкке ұша алмай, бауырлап
жерде қалған.
Мен өзімді осылай кінәлаймын,
Кінәлі өзім... Өксимін. Жыламаймын.
Еңбегіммен бәрін де өтеп алам!
Заманымнан жалынып сұрамаймын.
Ал бірақ та, бірақ та заман-ана
Қамқор болмай, ұл ұлы бола ала ма?!
Ана бірақ ұлдарын алаламас,
Бала бірақ бірдей боп жарала ма?..
Кіжін, күйін, кінәлан,
қайта қуна,
Заманыңа аз болмас айтарың да.
Анаң сені тыңдайды –
адал айтсаң,
Ал ақ сүтін тиіссің қайтаруға!
Көген
Қоңыр төбел көк қозы тілік құлақ,
Түлкі құрсақ,
өзі сақ, сұмдық қу-ақ!
Қимылыңды таниды анадайдан
Қусаң - құйын.. құлағын жымып бірақ.
Момын түлік төлі-ау деп ойламайсың,
Алатайдай үркітіп айналасын.
Көгенделмек ойы жоқ көк қозының
Зыр қағады … соқса да қайда басын.
Қыл көгеннен көк қозы сондай запы,
Құтылуды ойлайды қалмай қапы.
Көк қозының енесі сақа саулық
Құнарлы мал - қайтпаған бар қайраты.
Қошақанын иіскетіп енесіне,
«Хош, хош», - деп бір қол тисе денесіне.
Сақа саулық күрпілдеп күллі емшегі
Қозысыз-ақ иіиді келесіде.
Енесі оның құнарлы дегеннен бе,
Көк қозыны құмармыз көгендеуге.
Көк қозыны кім бұрын ұстап алса,
Тап сол күні сол бала керер кеуде.
Көк қозы емес көк қозы - көк көжектей,
Бізді көрсе қашатын тек безектей.
Біз де оны қуушы ек ожарланып,
Ойын емес, әрине… жекпе-жектей.
Ұйқы-тұйқы қотанды үркітуші ек,
Көк қозы да сидиған шырпы тірсек.
Саулықтардың бауырымен сүңгіп-сүңгіп,
Шетке шығып кететін бір кідірсек.
… Жеңгем маған нұсқады көк қозыны,
Көзім түсті - көк қозы бөрте жүні.
Бұйра-бұйра марқайып қалған екен,
Сол қалпында сақтығы, еркелігі.
Назарымды аударып басқа жаққа,
Басқа сыңай үйіріп қас-қабаққа.
Ниетімді білдірмей жақындадым
Енесіне жанасқан «ашқараққа».
Көк қозы да бардай-ақ көріпкелі,
Жаурынымен қалғандай көріп мені.
Сирағынан шап берген кезімде мен,
Ол да кейін сирағын серіпкені.
Енесінің бауырынан ырғып бір-ақ,
Ыршып-ыршып жөнелді жымық құлақ.
Езуінде көпіршіп тәтті иінді,
Сілекейін үлгірмей жиып бірақ.
Қуыс-қуыс қотанның қалтарысын
Қуын қара,
қуалап жалтарысын.
Мен де қуып келемін жау қуғандай,
Ол да қашып барады жан-тәні үшін.
Ұстататын түрі жоқ, ант атқанның,
Жеңешемнен қысылып жалтақтадым.
Белімдегі қыл бас жіп сап етті еске,
Қыл бас жіпті тұзақтап, сәл тоқтадым.
Сәл тоқтадым саулықты көлегейлеп,
Қыл тұзақты жібердім көлбей сермеп.
Бір серпіліп көк қозы бір-ақ сәтте
Еркелігі сап болды желдей сергек.
Беу, бейкүнә!
Төлі ғой момын малдың
Не екенін білмейтін жалынғанның.
Көк қозының қоп-қоңыр көздерінен
Көрдім мұхит - мұнарға малынған мұң.
Көрдім… бірақ мен оны еледім бе,
Төбел қозы тұрды сол көгенінде.
Кейін білдім -
қиын көген емес,
Көндікпеудің көгенге,
көнеріңде!
03.05.1981 ж.
* * *
Көк шалғында көбелек қудық,
Көбін ұстай алмадық.
Көбелекті неге көп қудық
Көлбеңдегеніне алданып?
Көк көбелек қолға қонбаған
Көз ұшында – сағымға сіңді.
Көбелектен көбелек таңдаған
Аптық-арын басылды.
Көктем жазға ауысқанда
Көк көбелек сиреуі қалай?
Шіліңгір шілде қысқанда
Қанаты күйгені қалай?
Көк шалғын сарғая бастады,
Көбейді шегіртке шырылы.
Сары ала жаздың аспаны
Ақ шарбы бұлтын сылыды.
Бұлақтың сылдыры азайды,
Құрақтың сыбдыры азайды.
Таңғы шық сулана бастады,
Шалғындар қуара бастады.
Көктем – көбелек қанатың,
Қолың жетпес ұшпақтай.
Өтті-ау дәурен – заматың
Сырғып сынаптай ұстатпай.
* * *
Көктемгі дала...
Кең дала,
Бусанып жатты жер жаңа.
Ала қанат төскейге
Қадады уық ел жаңа.
Боз жусан басы көгерді,
Төскейге жаңа төл өрді.
Көкжиек жақтан көк сағым
Көзіңді арбай жөнелді.
Ауада жаңа – жас иіс,
Албарда құйттай – жас шыбыш.
Аузымыз тиді-ау аққа да
Баянды болғай осы ырыс.
Жөңкиді бұлттар асығыс,
Бүркеді жаңбыр жас иіс.
Қатал да болса қайырымды,
Қайырымды болды-ау осы қыс.
* * *
Өмір – сынақ,
өмір – сабақ, әрине,
Оқисың да тоқисың ғой бәрін де
Мың мехнат, мың машақат жатады
Сол оқу мен сол тоқудың мәнінде.
Махаббатты мехнаттан іздерміз,
Жүрегінде түгі барлар – Біздерміз.
Мың өліп, мың тірілерміз,
сондықтан
Өмір сүрдік дей аламыз Сіз бен Біз.
Өмір сүру, өмір кешу мәніне
Жеттім деген жан көрмедім әлі де.
Тойдым деген жан көрмедім және де
Махаббаттың ащы, тәтті дәміне.
Өмір сүру...
күю-сүю әлі де,
Сан ұрпақты салар әрі-сәріге.
Махаббаттың топырағына гүл өсер,
Қадіріне жетіп, түсін мәніне.
ОТАНЫҢА ҚЫЗМЕТ ЕТ
-
Отаныңа қызмет ет!
Қызмет ет Отанға!
Балам, саған осы менің –
бұйрығым да батам да!
Қатардағы солдат болу – жүру емес қатарда,
Қатарды құр көбейткеннің қатарында атанба!
«Қатарыңнан оз» дер едім,
оған көзім жетер ме,
Оза алмасаң, озбай-ақ қой,
тек алқынба бекерге.
Туған жерді мен сияқты түк қалдырмай арала,
Бара алмасаң, бармай-ақ қой,
мен бармадым шетелге.
Мен жимадым,
жинамасаң. жинамашы дүние,
Мен сияқты оны өзіңнің жеңдір көңіл күйіңе.
Мен сияқты кеш оралма келініме, үйіңе,
Жан жарымдай жарың болса-ау көнтұғын иіңе.
Мен сияқты, мен сияқты...
(Мен кімге үлгі болып ем),
Жүрдім бірақ Отанымның сүрлеу,
соқпақ жолымен.
-
Отаныңа қызмет ет! Қызмет ет Отанға!
Осы ұранға рухтан да, осы ұранға тебірен!
ТАЙ БӘЙГЕ
(баллада)
Соғыстан соңғы бір жылы
Дуанда үлкен той болған.
Он сегіз колхоз тұрғыны
Ағылды дейсің әрқайдан.
Аттылы, жаяу, арбалы
Қалмады жеткен аяғы –
Сықырлап біреу балдағы,
Тықылдап біреу таяғы.
Той десе қу бас домалап,
Өкпесін алып ел ұшты.
Біреуді біреу шамалап,
Таныса болды – көрісті.
Жанышқан қайғы қабағы,
Жүйкесі бостау жаралы ел.
Тартады дымқыл жанары
Мүсіркей қалсаң сәл егер.
Жүрегі жұрттың күпті еді,
Жаутаңдап үміт – жоқ іздеп,
Көрініп топтан күткені
Кездесіп қалар тәрізді ед...
Әркімде бір-бір бар үміт,
Әлдилеп іштей алданған.
Сағыныш дейтін сары жұрт
Біреуде жалғыз сол қалған.
Бірде –
бар тұяқ тігерге,
Ол да жоқ енді біреуде.
Кеудеде орден тірелген
Аяғы келмей тіреуге.
Біреуде шала от қалған,
Біреуде құйттай шарана.
Барда да арман,
жоқта да арман,
Ешкім жоқ түскен сабаға.
Күпті боп келген көп бүгін,
Күтініп келген жоқ ешкім.
Бақытты топырақ жоқ бүгін
Үстіндей осы дөңестің.
Бақытты бала жоқ еді,
Тап мендей бүгін дәл мұнда,
Тайымның құйттай төбелі
Жұлдыздай жанып алдамда.
Он сегіз колхоз үй тіккен.
Шықтық біз дөңес үстіне.
Қараймын көкті тінтіп мен
Таяды сәске түс, міне...
Он сегіз колхоз үйлері
Қоңырқай.
Көзге көрінді.
Әйтсе де тойдың күйбеңі
Көтерді бірден көңілді.
-
Жаратқан өңшең тай неге,
Көп екен? – атам деп қалды.
Түсетін тұлпар бәйгеге
Жоғы еске түсіп тоқталды.
Қылмиған өңшең кілең тай,
Үйіріле берді үркердей.
-
Бәйгеге! – деді бір айқай,
Атамның жүзін бір көрмей,
Айтар бір сөзін ұға алмай,
Атылып оқтай жөнедім.
Шыға да бере шығандай
Тайымның көрдім төбелін.
Тайымның құйттай төбелі
Жұлдыздай ағып келеді.
Жұлдызым маған жеткізбей,
«Жетем» деп қуам мен оны.
«Озам-ау» деген жоқ-ты ойым,
Демеп бір шабыт тереңнен,
Сондықтан жұрттан оқ бойы
Желпініп озып келем мен.
Бауырынан бәрі жараған
Болашақ тұлпар – бала тай.
Жұлдызға өзін санаған
Үстінде бір-бір балақай.
Айқайлап, кейде қиқулап,
Алдынан жаудың шапқандай.
Бәйгенің күші сиқырлап
Бойды алып бара жатқандай.
Енді бір сәтте жан-жақтан
Тістесе құйрық қапталдап.
Артымда мана шаң қапқан
Бір-екі, үш бала аттандап,
Алдымды орап барады,
Көтеріп, демеп бір-бірін.
-
Қанатым қайда жаңағы, -
Тебініп алға ырғыдым.
Тайым да менің бір ыршып,
Тайпалып қайта жөнелген.
Мойнына қарай құнысып,
Сипадым жұлдыз төбелден.
Жөнелдік тағы қара үзіп,
Жүйрікке, шіркін, жоқ дауа!
Мәреге жетсек ағызып –
Ендігі мақсат сол ғана.
Атам да менің тұтанып,
Тұтанып, жанып тұр білем.
Қарайды бізге топ халық
Көлегей көзбен, дүрбімен.
Жо... жо... жоқ, жүйрік тек қана
Біз емес екен, көп екен.
Заулайды бәрі оқтала
Нысана жалғыз мәре екен.
Тұтанып тұрған тек қана
Жалғыз қарт емес,
жалпақ ел.
Жоғалтып барын, жоқ қарап
Зәрезап болған... қорқады ел.
Мінеки, соңғы белеңге
Жұлдыздай шықтық жыпырлап,
Тістесіп құйрық, тепеңдеп,
Тұрдық та қалдық тыпырлап.
Мәреге біздер жете алмай,
Ел бізге қарай жүгірді.
Өңшең тай, өңшең балақай,
Аман-сау қолға ілінді.
...Көздерде көлкіп көлшік – көл,
Тәуба етті тайлар шабысын.
Біз болсақ қайттық меншіктеп
Колхоздың бір-бір намысын.
ТІЛЕК
Дүние зыр-зыр
Көзден бұл-бұл
Дем арасы ұшар ма?
Қағып сыңғыр
Уақыт құрғыр
Көнбей ме екен тұсауға?
Өткен-кеткен,
Көп селдеткен,
Сарқыла ме сезім-сел.
Көп індеткен,
Көп күнге өткен
Ал өкпеле, өзің сен!
Өкпеле де,
От денеңе
Сабыр күзет қойып қой.
Көктемеңе
Кет те деме
Қоштаса біл, кейітпей.
Тауға бас ұр,
Тасқа бас ұр,
Дауысыңды асыр, даурықпа!
Ұлан асыр,
Ұлы ғасыр,
Ұлысың ғой, ұмытпа!
Ұя
(баллада)
Сонау жылы -
Ақшығанақ - Ақсайда,
Бір жас бала - жақсы бала, жақсы ойда.
Қой қайырып, қозы жайып жүруші ед,
Төбел тайы сылти ма, әлде ақсай ма?…
Онда ойы жоқ,
ойы - тіпті басқада,
Көз алдында - қызыл-жасыл астана.
Төбел тайдың шіренетін үстінде
Проспектіде тұрғандай боп,
масқара!
Қала деген тек түсінде әлі оның,
Карта арқылы - алақанда әлемің.
Пәле бала көріпкелі бар дерсің,
Бәрін білед қаладағы "пәленің".
Алматыда қанша ақын, жазушы,
Қайсы нашар, қайсы мықты, азулы.
Еңбектерін саралайтын солардың,
Соларға өзі үйреткендей жазуды.
Аға шопан:
–
"Тәйт,– дейтұғын,– тәйірі алғыр",
Бірдеңені соғасың-ай ойдан кіл.
Тазала анау көк қозыда тоңғақ жүр,
Қияли боп туған неме, қайдан бұл…"
"Қияли боп туған неме қайдан бұл…"
Осы бір сөз жаман тиіп жайдан бір.
Кілт сергитін тәтті қиял, ойдан бұл.
Тап сол кезде шыбын жаны шырқырап
Бармақтай құс ұшты дейсің сайдан бір.
Бала сол сәт қалды қарап сол құсқа,
"Бейкүнә құс кеткені ме алысқа,
Қайтар ма екен орта жолда талықса?…"
Сай ішінде қалды туған ұясы,
Орап салған үпілдірік қамысқа…
ФЗО-ҒА КЕТКЕН ЖЕҢЕШЕМ
(
баллпада)
–
Жеңеше! – дедім,
Жеңешем маған жалт қарап,
Боталап көзі жылауға өзі шаққа қап.
–
Кенжем-ау, – деді, – ертең-ақ келем,
дәм жазса,
Соғыс жоқ онда… алдымда тұрған оқ борап.
–
Келем ғой, келем, дәм жазса, келем, – деді де,
Белгісіз діріл бөгеліп қалды деміне.
Орамал ұшын апара берді көзіне,
Көзімді мен де көлегейледім жеңіме.
Көрісіп жылап,
көрсетіп жылап көрмеген,
Көкемнен келген қара қағазға сенбеген
Жеңешем менің бойжеткен қыздай әлі де,
Жолына тағдыр қалайша тұрмақ көлденең.
Жеңешем менің жер басып жүрер болса егер,
Отауын іздеп осылай қарай жол шегер.
Жеңешем менің көкемнің ғана теңі ғой
Көкемнің орны кімменен оған өлшенер.
Сондықтан сенем, келеді жеңгем оралып,
Шақырса Отан, отырар кім бар омалып.
ФЗО-дан менің он тоғыз жасар жеңешем,
Келеді ертең өмірдің сыйын мол алып.
Жеңешем менің –
аққудың көгілдіріндей,
Жүзінде нала, мұңы бар көңіл білінбей.
Үстіне, әне, ақ жібек көйлек киіпті,
Жеп-жеңіл екен ақша бұлт жеңілдігіндей.
Ақша бұлтқа ұқсап, кетеді шарлап қиырды,
Кетеді қазір. Жүрегім неге жиі ұрды?
–
Тезірек кел, – деп
соңғы рет айттым жеңгеме,
Жеңешем де маған сұқтана қарап қиылды.
Атам мен әжем де:
–
Тағдыр солай бұйырды.
Біріне-бірі сүйеніп тұрып, сыйынды.
Ырдуан арба қозғала берді сықырлап,
Арбакеш бала шыбыртқы сонда үйірді.
Сонымен, менің он тоғыз жасар жеңешем,
Келіп боп түсіп, шымылдық көрді демесең,
Қабағын ашып, қауызын жара алмаған
Артығы жоқ-ау, гүлге де оны теңесең…
Жеңешем менің жанымдай жақсы көретін,
Жан көкем үшін жүрегін жұлып беретін…
Көкемнің кеткен жолымен ол да жөнелді,
Келетін сынды.. көкемді алып келетін.
Жеңешем құрған шымылдық жерге сусыды,
Шешемнің үнсіз көзінен жасы ыршыды.
Көкем де жоғын, бөпем де жоғын ойласам,
Кеудемнің менің қаттырақ соқты дүрсілі.
Соңғы бір күндер сарғайып өңі суалған,
Сағыныш сылып, үмітпен ғана жұбанған.
Жеңешем менің шешімі батыл жан еді,
Ауданға барып ФЗО-ға өзі сұранған.
Ауылда біздің әңгіме тиек ағытты:
–
Пеленшенің келіні кетіп қалыпты.
–
Қалаға кеткен..
–
Далаға кеткен десейші,
–
ФЗО-ға кеткен,
–
ФЗО-сы несі, бетім-ау,
–
Күдерін үзіп біржола кеткен десейші.
Қып-қызыл өсек қыздырма сөздер кеу-кеулеп,
Соғыстың кезі (сөйлейтін ауыз семген жоқ).
Көңілім күпті, сенімім мықты, ал шындық –
Келмейді көкем,
жанымда және жеңгем жоқ.
Жеңешем бірақ күдерін бізден үзбепті,
Келін боп түскен Отауын – Отын іздепті.
Магниттау деген қаладан жазған хатында:
–
Заводта қазір жасаймыз жарақ біз депті.
Дегбірсыз әжем, соңына хаттың шыдап па,
–
Көкеңнен қалқам,
хат-хабар барын сұрап па,
Сұрап па? – деді,
–
Сұрапты, – дедім бөгеліп,
Ең тұңғыш рет өтірік айттым бірақ та.
Өтірік емес,
шындығым еді – ол менің.
Жан көкем менен жеңешемді бұл бөлмеуім.
Келмейді көкем,
Жеңгемді бірақ ешкімге,
«Бермеуім керек, бермеуім керек, бермеуім!»
«Бермеуім керек!»
Бозбала балғын ниет бұл,
Үмітімді менің жеңешем ғана сүйеп тұр.
Қаусаған кәрі, қауқарсыз бала бұл үйде,
«…Келеді жеңгем!» –
Ортадағы ортақ тілек бұл.
«Есен-сау жүрсін жолынан қыдыр жолыққыр!»
Қарайды әжем, төрт қанат үйді шолып бір.
–
Қайтейін, – дейді, – Отаудың көркі, ботам-ай,
Отаудан гөрі Отанға керек болып тұр».
Отаудан гөрі Отанға керек болғасын,
Заводтың барып ұстады жеңгем балғасын.
Мыңдаған жесір, мыңдаған жетім балалар
Жетілмей жатып жалғады ұрпақ жалғасын.
Оқ пенен оттың ортасында олар ес білді,
Махаббатпенен маңдайдың терін сес қылды.
–
ФЗО-ға кеткен,
–
ФЗО-ға кетті, – деген сөз,
–
Майданға кетті, – дегенмен бірдей естілді.
Менің де жеңгем сол ұрпақ, сол топ ішінде,
Темірдей тәртіп тезіне түскен пішінде.
Көксеңгір завод, көкпеңбек құрыш илеген,
Жеңгемді кейде көретін едім түсімде.
Темірдей тәртіп, темірдей тезі Өмірдің,
Жеңгемді менің шыңдағандай боп көрінді.
От көйлек киіп ойнады ол құрыш темірмен,
Айналасында қып-қызыл жалын өрілді.
Қып-қызыл жалын араны бөліп, жеңешем.
Бермеді қолын, бермеді, кейін шегінді…
Түсімді бірақ жорытқам да жоқ, жорымай,
Сынаптай ойым сарсаңға түсті қорымай.
Жеңгемнен бір сәлемдеме келді – о, ғажап,
Ақ тілегімнің оңғарып жолы болуы-ай.
Кездеме бөзін, әшмүшке шайын азғана,
Бүкіл бір ауыл бөліскен кезде мәз бола,
Атам мен әжем қасқайып жұртқа қарады,
Сап тынды сонда қып-қызыл өсек, сөз-жала.
–
Пәленшекеңнің ФЗО-ға кеткен келіні-ай
Бір жерден түбі шығады, – дейтін ел ұдай.
Мінекей шықты, ақыры шықты, жеңешем,
Газетке шықты: суретін қалдық танымай.
Өкпеммен қоса газетті сонда қолға ұстап,
Ұштым-ай дейсің, қонғандай басқа болды
ұшпақ.
–
Көрдіңдер ме? – деп, жеңгемді менің, –
жүгірдім,
Шаттығым өзі шартараптарға жол нұсқап,
Сүйінші сұрап ес біліп, етек жапқалы,
Көрмеген бала, сезімі көзсіз, қатты әрі.
–
Жеңешем менің, ФЗО-ға кеткен жеңешем,
Отаумен бірге Отанның, міне мақтаны.
Табаным жерге,
тимеді төбем көкке елі,
Әттең-ай, әттең, жеңгеме қолым жетпеді.
Стахановшы, жүлдегер дейді жеңешем,
Кім екен оның… өнеге көрген мектебі?
Біздің үй ме екен, Магниттау ма, завод па,
Соғыс па, әлде соғыстан көрген сабақ па?
Тағдырға деген ащы ызасы ма әлде оның,
Махаббаты ма тастамас мәңгі талаққа?
Артында қалған сәлемі ме әлде бізге оның,
Білдіргені ме біздерден күдер үзбеуін?
Тұмардай тағып жеңгемнің құйттай суретін,
Көз қиығынан қимастық сезім іздедім.
Атам мен әжем көз жасын іркіп жинаған,
Айтатын сөзі жасына көздің сыймаған.
–
Қайтейін-ай, – деп күрсінген олар тағдырға
Жауқазын гүлдің тозаңын бірге қимаған.
Тағы да хаттар…
Тағы да тағы – келді хат,
Сүйінші сұрап жүгіргем жоқ мен бірақ.
Атам мен әжем,
жеңгеме бүкіл ел құлап,
Уақыт ұзап…
Оралмады елге ол бірақ.
Сәлемі, хаты - жан ілтипаты демесең,
Оралмады елге ФЗО-ға кеткен жеңешем
Кездеме бөздің, әшмүшке шайдың күні өтті.
Күні өтпес дүние – құп-құйттай көңіл есесі…
Күні өтпес дүние – құп-құйттай ниет тап-таза
Тап-таза болса – жүректе жоқ наза.
Жеңешем бізді қия алмай әбден қиналып
Хат жаза-жаза, шаршады ма екен хат жаза?!
Хатта да бірақ, сұрайтын сұрақ селдіреп,
Баяғы сезім бара да жатты сәл жүдеп,
–
Табиғат заңы – тұрмысқа шықтым, кеш,
кенжем,
Қайтейін… – деген хат келді, міне, соңғы рет.
Алдым да хатты, өксіп те өксіп жыладым,
Өзімнен-өзім ең тұңғыш рет сұрадым:
«Жан көкем неге майданға кетті сұранып,
Жеңешем неге ФЗО-да бағын сынады?»
Жауап берді әжем:
«Отаудан гөрі Отанға
Керектігіңді сезінсең ерлік туады».
Ал олай болса,
ФЗО-ға кеткен жеңешем
Жұлдызы жанып алдымнан ертең шығады.
Достарыңызбен бөлісу: |