1.4. БАЛАНЫ ТЕКСЕРУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Баланы тексеру кезінде педиатрлар ересек адамдарды тексеруге қолданылатын
барлық тәсілдер қолданылады. Бірақ тексеру нәтижелі болу үшін баламен тіл таба білу
және кейбір арнайы тексеру әдістерін жүргізе алу керек.
Дені сау және науқас балаларды тексеру
сұрастыру және
тікелей зерттеуден тұрады.
Сұрастыру арқылы паспорттық мәліметтер, өмір тарихы, аурудың даму тарихы
анықталады.
1.4.1. НАУҚАСТЫҢ АУРУ ТАРИХЫ Шежіренің бұл бөлігі науқастың (ата-анасының) шағымдарын, пайда болу тарихын
және осы аурудың даму тарихын қамтиды.
АУРУДЫҢ ШАҒЫМДАРЫ. Шағым деп науқастың өзі сезінетін аурулық сезімді
айтады. Шағымдар негізгі және қосымша болып екіге бөлінеді. Негізгі, ия бас шағым, әр
мүшенің (жүйенің) патологиясына тән болады. Мысалы, тыныс мүшелерінің ауруына тән
негізгі шағымдар – жөтел, қақырық тастау, ентігу және т.б.
Қосымша шағымдар организмнің патологиялық процесске жалпы арнаулы емес
жауабының көрінісін білдіреді. Бұл шағымдар әртүрлі ауруларда бірдей болады. Қосымша
шағымдарға әлсіздік, делсалдық, тершеңдік, ұйқысының бұзылуы және т.б. жатады.
Мүмкіндігі болғанда әр шағымды жан-жақты талдау қажет. Негізінен шағымды қай
жері, мезгілі, саны, сапасы, себебі, қосалқы жағдайларды анықтау бағытында талдайды.
Төменде шағымдарын анықтаудың және жүйелендірудің болжамды естелігін беріп
отырмыз:
Қызба байқалатын болса: дене қызуы ұдайы жоғары бола ма, ұстамалы түрде
көтеріле ме, тәулік бойындағы өзгерістері қандай, қызбаның сипаттамасы (ұдайы, толқын
тәрізді, үзбелі, екі өркешті және т.б.); Қызбалық кезеңнің ұзақтығы, қызуы ненің әсерінен
төмендейді, қалтырай ма, оның жиілігі, терлей ме, оның қарқыны және терлейтін уақыты,
түнде терлей ме?
Тері, тері асты шелі: терісі қыши ма, жалпы немесе жергілікті қыши ма, қай жері;
тері жамылғысының түсі. Бөртпелер, орналасқан жері, сипаты. Бөртпелердің тамақпен,
қабылдаған дәрілерге байланыстылығы. Қан кету, олардың орналасқан жері, сипаттамасы.
Ісінуі, орналасқан жері, пайда болған мерзімі (ертеңгісін кешке). Баланың арықтағаны
немесе толықсығаны қай уақытта байқалған.