32 5 БІЛІМ АЛУШЫПОРТФОЛИОСЫ Білім алушылардың ілгерілеуін қадағалау мақсатында мұғалімдер
оқытудың белгілі бір кезеңінде орындалған жұмыстарды сақтауы қажет.
Білім алушылардың портфолиосы бағалау нәтижелерінің анықтығы мен
дәлдігін арттыруға бағытталған. Портфолио – білім алушылардың мақсатты
түрде жинақтаған, олардың оқудағы нәтижесін, ілгерілеуін, белгілі бір оқу
жылындағы бір немесе бірнеше пәндер бойынша жетістіктерін көрсететін
жұмыстары. Портфолио бір оқу жылына арнап құрылады. Оқу жылы
аяқталған соң, оны білім алушыларға, ата-аналарға беру керек.
Портфолиода білім алушылардың бағалау критерийлері бар бөлім/ортақ
тақырыптар бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау кезінде орындаған
жұмыстары, балл қою кестелері, білім алушылардың рефлексиялары,
мұғалімнің ұсыныстары көрсетілген кері байланыстары болуы қажет.
Оның ішінде білім алушылардың жұмыс дәптерлері, салған суреттері,
тәжірибелік тапсырмаларды орындау кезіндегі фотолары, зерттеу
жұмыстарының қорытындылары, мұғалімнің жұмыстарға берген пікірлері
болуы да мүмкін. Білім алушылардың кейбір жұмыстарын электрондық
нұсқада сақтауға да болады.
Білім алушы портфолиосына ұсынылған құрылым: • Титул беті;
• Пән бойынша бөлгіштер;
• Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша, тоқсандық жиынтық бағалау
жұмыстары, мысалы: бағалау критерийлері, балл қою кестесімен жазба
жұмыстары, таныстырылымдар, бақылау жұмыстары, эссе, т.б.;
• Білім алушылардың оқу жетістігі деңгейін көрсететін күнделікті сабақ
үдерісінде орындаған жұмыстары;
• Мұғалімнің кері байланысы, пікірлері, ұсыныстары;
• Білім алушының рефлексиясы.
Портфолионың формасы білім алушылардың жас ерекшелігіне,
пәнге байланысты. Мысалы, АКТ, информатика бойынша портфолио
электрондық үлгіде болуы мүмкін (электрондық портфолио), ол электрондық
тасымалдаушы құралда сақталады (дискіде).