БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ӘРЕКЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ МЕН ӘДІСТЕМЕСІ
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің "Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі" мамандығының
4 курс студенті Жандарбек Жансая Исабекқызы
Ғылыми жетекшісі п.ғ.к., аға оқытушы Куанышбаева Зауре Бекеновна
Бүгінде қоғамды дамыту факторы ретінде түсіну жағдайында білімнің сапасын қамтамасыз ету өзекті проблема. Оқушыларды жалпы мәдени қүндылықтармен таныстыру, мектеп деңгейінде қоғамдық идеалдармен сәйкес келетін тұлғалық сапаларды қалыптастыру мұғалімнің көмегімен жүзеге асырылады. Қазіргі оқушылар келешек заманның саналы, мәдениетті азаматтары. Әр мәдениетті азаматтың өз Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін, тілін, рухани байлығын білуі адамның сол халыққа деген құрмет сезімін оятады. Адам өзі өмір сүретін өлкенің халқымен бірге жұмыс істейді, олармен қарым-қатынас жасайды. Ал қарым–қатынас адамдар арасындағы сыйластыққа, достыққа, бірлікке құрылуы керек. Шынайы достық қарым-қатынас тіл арқылы жүзеге асады. Қазақстанда өмір сүретін халықтардың достық қарым-қатынасының, бір-біріне сый-құрметінің құралы қызметін тілдік білім беру саласындағы пәндер атқарады. Әліппе, Ана тілі, қазақ тілі, әдебиеттік оқу пәніндегі сабақты ұйымдастыруды жақсартып, тілді оқыту әдістемесін дамытып, оны жоғары сатыға көтеру қажеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр.
Тілдік пәндерде оқушының сөздік қорын байыту тіл үйретудегі ең басты мәселеге жатады. Әсіресе, бұл мәселе қазіргі уақытта өзекті болып тұр. Өйткені оқушылар тек сабақта ғана қазақша сөйлеп, оны тәжірибеде қолданбайды, одан гөрі ағылшын тілінде сөйлегенді ұнатады. Оған қоса кейбір мұғалімдердің оқушылардың білімін бағалау, бақылау үшін, көбінесе, тест әдісін қолданып жүргені де рас. Әрине, уақыт талабына сәйкес оқу жүйесіндегі білім сапасын сараптауда тест әдісі – неғұрлым жинақы, жеңіл, тез әрі қолайлы тәсіл. Тест тәсілін қолдануымен қатар, қазақ тілі мұғалімі оқушының сөздік қорын байытуды негізгі жұмыс деп түсініп, оны жүйелі түрде жүргізіп отыру тиіс.
Оқушының сөздік қорын байыту үшін оны жаңа сөздермен таныстырып, сөздігін толықтырып сан жағынан молайтып отыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыстың негізі жаңа сөзді оқушы есіне тұрақтандыру, оны қолдануға дағдыландыру ретінде жүргізіледі.
Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде оқушыларға қазақ тілінен үйретілетін сөздер, біріншіден, белгілі бір тақырыптарға, екіншіден, сөз таптарға қатысты болады, сол себептен қазақ тілі сабағы әрі тілдік, әрі әдебиеттік оқу материалдарын қамтиды. Кейбір грамматикалық түсініктемелер, жаттығу шарттары орыс тілінде берілетіндіктен, салыстырмалы грамматикаға байланысты мәліметтер де қамтылады.
Тілдік пәндер сабағындағы сөздік қорды дамыту жұмыстары мынадай әдіс – тәсілдер арқылы жүзеге асады. Олар: сұрақ- жауап, сөйлесу, әңгімелесу, әңгімелеу, түсінгенін айтқызу, көрнекілік, аударма, мәтінмен жұмыс т.б әдістер. Заман өзгерген сайын әдіс – тәсілдер көбейіп, жаңарып, толығып отыр. Әр сабақ сайын тақырыпқа сай көрнекі құралдар, түрлі суреттер , кестелер, техникалық құралдар, тақырыптар бойынша электронды оқулықтармен сабақты көркемдеп отырса, оқушылардың сөздік қоры байиды.
Оқушының сөздік қоры қазақша сөйлеуге, басқаның сөзін ұғуға, оқығанды түсінуге, радио тыңдап, теледидарды көріп, оларды ұғуға қызмет етуге тиісті. Алайда оқушы сөздік қорындағы сөздердің қызметі бірдей дәрежеде деуге болмайды.
Оқушының үйренген сөзінің бәрі күнделік оқушы қарым-қатынасында қолданылатын сөздер бола бермейді. Осымен байланысты оқушының сөздік қоры екіге бөлінетіні мәлім. Олар: белсенді сөздік және белсенді емес сөздік.
Мұғалім оқушының белсенді сөздігін дамытуды қалай қадағаласа, белсенді емес сөздігін солай байытуға ықпал етуі керек.
Тіл үйренуде ең басты міндет – оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру деп түсініп, әр сабақта белгілі дәрежеде оқушыға жаңа сөз үйрету жоспарлап отырамын. Ол сабақтың мазмұнына кіреді. Жаңа сөз, көбінесе, мәтінмен байланысты болады, бірақ жаңа сөз жаттығулармен байланысты, жекелеген сөз сөйлесумен байланысты болу да мүмкін.
Қандай жағдайда болса да, алдымен жаңа сөзді түсіндіріп, оқушының сөздігіне оны жаздырған соң, ол сөзді жаттығумен, мәтінмен берілуі ұтымды болып саналады. Сонда оқушы жаңа сөзі бар жаттығуды орындауда, мәтнді оқып, аударуда қиналмайды.
Жаңа сөзбен жұмыстың түрі өте көп: заттың өзін, суретін көрсету, орыс тіліндегі сөзбен аудармасын беру, сипаттамалы түсіндіру, синониммен түсіндіру, т.б.
Жаңа сөзді үйретумен байланысты жүргізілуге тиісті жұмыстардың бір тобы жаңа сөзді оқушының есінде тұрақтандыру бағытында болуға тиісті. Жаңа сөзді оқушының түсініп қана қоюы жеткіліксіз. Жаңа сөз оқушы есінде ұзақ сақталуы қажет және оқушы оны қолданып дағдылануы қажет. Бұл екеуі бір-бірімен байланысты жүзеге асады.
Оқушыға жаңа сөзді жадында тұрақтандыру үшін, оның қайталануы қажет. Бұл жұмыс та түрлі жағдайда өткізіледі. Оның жеке сөз ретінде қайталануы нәтиже бермейді. Жаңа сөз түрлі сөзбен тіркесте, түрлі сөйлем құрамында, мәтінде, сөйлеу кезінде, үй тапсырмасында қолданылып отыруы керек.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білек» дастанында тәлім-тәрбие беру, қарым-қатынас жасау, сөз өнері, тіл байлығы туралы былай жырлайды:
Көп тыңдай біл, сөздеріңді таңдай біл!
Ізгі ойларды өз жүрекке жалғай біл!
Көп сөйлеген мылжың, дана болмайды,
Көп тыңдаған халық ойын толғайды.
Екі нәрсе тірі адамға керегі –
Бірі көңіл –тілдің иесі, сүйенеді сөз тілге,
Сөз күйресі, күйгені көңіл мен тіл, көркінде.
Ақын өз еңбегінде кішіпейілділік – үлкенге, кішіге де бірдей жасалатын қымбат қасиет: «Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат, Ұлық болсаң, кішік бол» деп адамгершілік пен имандылықты, сөйлеудегі мәдениеттілікті жырлаған.
К.Д.Ушинский: "Оқушылардың сөйлеу қабілеттілігін жетілдіруді ойлаған жетекшілер оларды үздіксіз жаттықтырып отыру керек",-деген.
Ы.Алтынсарин: "Жаттығу әдісі оқушыларды білім алуға үйретіп, дүние танымын кеңейтетін әдіс",-деп есептеген.
А.В.Текучев: "Жаттығуды грамматикадан өтілген теориялық материалдарды түсіндіруді ғана сипаттайтын әдіс деп қарауға болмайды, ол тілден ұйымдастырылған сабақтың өте қажетті бөлімі және айырып қарауға кемейтін тарау. Егер орыс тілін оқытуда жаттығуды қолданбай білім берілетін болса, ол өмірден, практикадан, нақтылы тілдік материалдардан қол үзген құрғақ теориялар болып шыққан болар еді",-деп анықтайды.
Қазақ тілінен берілетін білім негізінен мынандай мақсаттарды көздейді: "Тіл материалдарын меңгерту барысында оқушының ой-өрісін кеңейту, сөздік қорын байыту, ауызша сөйлеу және жазбаша тілін жетілдіру, сауатты жазу, әдеби тіл нормасында тіл мәдениеттілігін арттыру",-деп көрсетеді. Олай болса, бұл міндеттерді іске асыру үшін оқушыларды жаттықтыру мен талдауға дағдыландыру керек. Ол үшін қазақ тілінен ауызша да, жазбаша да жаттығу, талдау жұмыстары орындалады.
Тілдік қатынастың психологиялық негізі тіл арқылы ойды айту, жеткізу, қабылдау, сезіну құбыстарымен байланысты. Тілдік қатынас пен оқыту әдістемесі тіл ғылымының қоғамдық мәні мен тәрбиелік маңызын қатар үйретуге тырысады. Тілдік қатынастың педагогикалық негізі табиғат пен қоғамдағы ерекше құбылыс адамға, оның өмірдегі орнына, тілдік қарым-қатынасына байланысты. Көптеген әдебиеттерде белгілі бір ғылымның не әдістің педагогикалық негіздерін оқытуга қатысты білім жүйесі, оның сандық көлемі (сағаты), білімнің мазмүны мен сабақтың әдіс-тәсілдері жатқызылып жүр.
Белгілі бір тілде сөйлеу үшін адам тілдік құралдарды саналы, дұрыс пайдалана білу керек. сөйлеу тілін арттыру жұмыстарын жүргізгенде ол көзбен көру, құлақ пен есту, мимен ойлау арқылы іске асады. Ойлау жүйесінің нәтижесінде сөйлесім әрекетінің маңызы зор. Сондықтан тілді оқыту барысында оқушының жеке қабілеті, ойлау дағдысы, сана-сезімі, жан-дүниесі ескеріледі. Сөйлеу тілін дамытудың психологиялық негізі тіл мен ойлауға келіп тіреледі. Сөйлеу тілін дамыту түйсіну, қабылдау, ес пен ойлау және қиял негізінде іске асады.
Ғылымның дамуы мен оқыту жүйесінде бұл айтылғандардың атқаратын маңызы зор. Білім жүйесі, көлемі, мазмұны, әдістер әр үрдістің ілгері басуына ықпал ететін нақтылы мәселелер бола келіп, істің мәнін анықтайды. Олардың тілдік қатынасын меңгеруде де алатын орны ерекше.
Қорыта келгенде, тіл дамыту жұмыстарын неше түрге бөлсек те, оларды қандай әдістер арқылы жүргізсек те, сайып келгенде, тіл дамыту жүмысы негізінен мынадай мақсатты көздейді;
Баланың сөздік қорын байыту.
Сол байытылған, кеңейтілген сөздік қорда бар сөзді дұрыс
жұмсауға үйрету.
Ұсынылған мәтінді саналы түсініп, жүйелі мазмұн айта білу.
Мәтін құрастыра білу және өз ойын жүйелі, қисынды айта білуге жаттықтыру.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Ф.Ш.Оразбаева. Тілдік қатынас. Теория және әдістеме. А. 2002ж.
Қаңтарбаев С.Е. Бастауыш сынып оқушыларынын оқу әрекетін қалыптастыру: теория жәке қалыптастыру әдістемесі. -Ақтөбе. 2001.24-25 бет
Қонақова К.Ө. және т.б. Қазақстан Республикасы мектептерінде бағдарлы оқытуды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар. Алматы, 2006. -32 б.
Достарыңызбен бөлісу: |