Орындады:Қазбек А. Тақырып: Халықтын рухани қазынасы-музыка туралы және оның өнер түрі



Дата24.05.2023
өлшемі19,24 Kb.
#96767
Байланысты:
Муз аспап


Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті.
Қабылдады:А.Бекхожаевна
Орындады:Қазбек А.
Тақырып: Халықтын рухани қазынасы-музыка туралы және оның өнер түрі
ретіндегі маңызы.
Музыка – мәңгіліктің ең керемет символы, адам еңбегі мен талантының, ізденісі мен махаббатының, қайғы-қасіреті мен қуаныштарының жемісі. Әрдайым шындықты сергек сезініп, бірте-бірте дәуір стилін құрайтын тиісті ырғақ пен әуен дағдысын лезде тауып алатын халық музыкасы өмір бойы сол халықтың өміріндегі барлық оқиғаларға үн қосып келді. Сондықтан да ауыздан-ауызға тараған халықтық музыканың түп тамыры, сайып келгенде, соның ырғағы мен тынысында жатыр.
Қазақ халқының дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы. Ғасырлар бойғы сынақтан өтіп, халық дарындылығы мен даналығын көрсете білген, үшінші мыңжылдықта ол ерекше тарихи маңызға, көркемдікке ие болды.
Қазақ халқының дарындылығы туралы Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша «Қазақ даласының Геродоты» А.И.Левшин былай деп айтқан: «Қазақтар адамның сазгер немесе ақын болып туылатынының бір дәлелі болып табылады». А.Эйгхорн қазақтардың музыкасы туралы өз еңбегінде: «Бірде көк жайылымда асыр салып, ойнақтаған құлын секілді шат- жарқын бейқам баладай, бірде еркін, өмірге құштар көкте қалықтаған өр қырандай қазақ әндерін тұлымшағы желбіреген жас жеткіншектен, шолпысы сылдыраған бұрымды қызға, аяулы анаға, кішкентай айдарлы баладан еңкейген қарияға дейін нақышына келтіріп орындайды. Бұл дегеніңіз – халықтың баға жетпес мұрасы мен мызғымайтын игілігі, халықтың өзіндік бет-бейнесі» — деп жазса, қазақ халқының ән дәстүрлеріне таң болған танымал орыс ғалымы Г.Потанин: «Мен үшін бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» — деп жазды».
Қазақ музыкасы – өмір шындығын дыбыстық көркем бейнелермен көрсететін музыкалық өнердің ұлттық саласы. Қазақ халқының музыка мұрасы аса бай. Ол музыка фольклоры және музыка тарихы салаларына жіктеледі. Алғашқы салаға суырып салмалық негізде туған эпикалық жанрлар – жыр, толғау, терме, желдірме және лирикалық әндер мен айтыс өнері, екіншісіне көне түркі дәуірінен бергі кезеңдегі музыка үлгілері мен тарихи-мәдени мәліметтер енеді.
Музыкада да ауыз әдебиетіндегі сияқты тұрмыс-салт әндерінің, еңбек әндерінің, балалар әндерінің болғаны белгілі. Бақсы ойыны, қыздың сыңсуы, жесірдің жоқтауы, жар-жардың айтылуы, жарапазан сарыны белгілі бір жүйедегі сөзіне қоса ән-әуенсіз болмаған.
Ертедегі орхон-енисей жазбалары, орта ғасырлардағы Қорқыт, оғыз еліндегі қобыз культі туралы деректер түркі тайпаларының музыкалық мәдениетінен хабар береді. Одан бергі жерде Әл-Фараби, Ибн-Сина, Әбдірахман Жәми, Дәруіш Әли, т.б. көптеген шығыс ойшылдарының музыка өнеріне қатысты теориялық еңбектері де болған. Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы» күні бүгінге дейін ғылыми мәнін жоймаған, әлі де толық зерттеліп болмаған мұра. Мұның өзі қазақ музыкасының бірде шаманизм, бірде зороастризм, бірде ислам мәдениетінің аясында қалыптасып келгенін аңғартады.
Отырардан шыққан ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл Фараби музыка зерттеу саласындағы еңбектерінде музыканың жағымды әсерін жан – жақты дәлелдеді, сондай – ақ оның адамның жан дүниесіне әсер ететін тәрбиелік мәнін баса айтты.
Оның бесаспап орындаушылығы жөнінде музыка зерттеушісі Пернебек Момынұлының айтуынша шығыс халықтарының арасында тарап жүрген мынадай бір аңыз бар; Шығыс патшаларының бірінің сарайында той – думан қызып, бек – патша, бай – манап, қожа – молдалар жиылып үлкен жиын – тамаша құрыпты. Оған Фараби да қатысады бірақ шарап ішіп елірген мас қауым Фарабиға ілтипат жасамайды. Бұған көңілі толмаған Әбу Насыр бір шетке шығып, музыка аспабын қолына алып, аса бір мұңды күй тартады; оның мұңдылығы сонша жұрттың бәрі ойын сауықты тастай салып уайымға беріліп егіліп жылайды; енді бір сәт аса қуанышты, көңілді күйді ойнап жөнелгенде әлгі жұрт бірден еңселерін көтеріп балаша билеп, жын қаққандай сықылықтап күліп, ойнап кетеді; мұнан соң Фараби бір түрлі жайма шуақ бір сарынды, қоңыр ырғақты күйді ойнағанда отырғандар музыка әуеніне елітіп бәрі қалмай ұйықтап қалады. Фараби жайына жүріп кетіпті дейді.
Қазақ музыкасының өзіндік ерекшелігі – синкреттілігі. Поэзия мен музыка мақамның бірлігіне негізделген ән-жырлардың келе-келе дараланып, екі түрлі өнер арнасына жіктелгені мәлім. Бірі – ән өнері, екіншісі – күйшілік дәстүр.
XIX – XX ғасырларда айырықша дамыған домбыра күйлері өз кезегінде екі түрлі нақыштық ерекшелігімен дараланады. Бірі – кең ауқымды төкпе, екіншісі – сырлы да өрнекті шертпе күй үлгілері. Әрине, қазақ халқының музыкалық мәдениетін сөз еткенде домбыра күйлерін бұл екі дәстүрмен ғана шектеуге болмайды. Ел арасынан шыққан кәсіби күйшілердің өз үні, өз мәнері, орындау ерекшеліктері бар.
Көшпенді қазақтың көне музыкалық және өмірлік үндеуі осындай болды, ол үнемі жылдан жылға, ұрпақтан ұрпаққа айтылып, түрлі ұлттық музыкалық дәстүрлердің екпінді қызмет істеуін қамтамасыз етеді және ұлы Абайдың әйгілі өлең жолдарын тудырды:
«…Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең».
Біршама кейінірек пайда болған халықтың аспаптық музыкасының көне үлгілері – күйлер де өздерінің пайда болу кезеңінде өнердің құдыретті күшін насихаттады. Эпикалық және аспаптық дәстүрлердің пайда болуы халық есінде және аңыздарында аты аңызға айналған әулие – Қорқытпен – алғашқы бақсымен, «күй атасы» және музыкалық аспап – қыл қобызды жасаушысымен байланысты болды. Құрылысы мен бөліктерінің атаулары бақсының түсінігіне тән бүкіл әлемнің 3-деңгейлі моделін (жоғарғы, ортаңғы және төмеңгі әлемдерді) бейнелейтін қобызбен бірге Қорқыт ұрпаққа ұлы мұра қалдырды – қобыздық күйлер – «Қоркыт», «Желмая» (Қасиетті аруананың аты), «Тарғыл тана», «Елім-ай», «Ұшардың ұлуы» және т.б. Олардың жартысы дыбыстық еліктеуіш сипатты болды және тірі табиғат дауыстарын жеткізді, жартысы – тұрмыс, өмір және өлім маңызы туралы философиялық ойлар болып көрінді. Бірақ, барлық шығармаларда бір күйден екіншісіне өтетін және қайта-қайта қайталанатын музыкалық сарындар құлаққа оңай ілігеді, олар қобыз дыбыстарында құдайға, рухтарға, табиғаттан тыс күштерге үнделген қайта тірілген ежелгі дұғаның, өсиеттің, арбаудың сөздері секілді.
Тек XIX ғасырға қарай Қазақстанның кең байтақ жерінде әр түрлі жергілікті кәсіби композиторлық және орындаушылық мектептер қалыптасты, сонымен қоса әр аймақ нақты бір дәстүрдің дамуына жеке «мамандандыруды» ұсынады.
Осылай, Батыс Қазақстан аумағы — домбыралы төкпе күйдің орталық аймағына, ал Сарыарқа аймағы (Орталық Қазақстан)дәстүрлі әннің және шертпе күйдің эпицентіріне айналды. Оңтүстік-батыс аймағы (Қармақшы ауданы, Қызылорда облысы) эпостық суырып салманың бай дәстүрін, ал Жетісу айтыс өнерін – суырып салма ақындарының жарыс өнерін сақтап, байытып келеді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Естай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай, Кенен Әзірбаев есімдері тек қана қазақ музыкалық мәдениетінде ғана емес, сонымен қоса әлемдік музыкалық мәдениеттің тарихында ерекше орын алды. Олардың айқын дара стилімен, ерекше көркем құрылымымен және музыкалық-мәнерлі құралдарының аясымен ерекшеленетін шығармашылықтары — қазақ музыкалық классикасының мақтанышы.
Жоғары өнерді құра отырып, қарапайым халықты «ғажап құпиялыққа» — музыкаға баули отырып, олар қоғамның сүйіспеншілігі мен сыйластығына ие болып, әрдайым көпшіліктің назарының орталығында болды.
Күйші– домбырада, қобызда, сыбызғыда күй орындаушы — музыкант. Күйші жөніндегі алғашқы деректер күй атасы Қорқыт (VII-VIII ғасыр) пен Кетбұға (XII-XIII ғасырлар) есімімен байланысты кездеседі. Күйшілер белгілі аспапқа арналған күйді орындаушы және күй шығарып әрі оны өзі орындайтын сазгер болып екіге бөлінеді.
XIX ғасырдың екінші жартысында өшпейтін классикалық туындыларды шығарған көрнекті қазақ сазгерлері өмір сүрген. Дарынды сазгерлердің туындыларында халықтың азаттық жолындағы күресінің мақамдары, әуені естіледі. Күй құдіретін ұрпағының санасына сіңіріп, өлмес мұра қалдырған қазақтың белгілі күйшілері:
Құрманғазы Сағырбайұлы (1818-1889) — қазақ аспап өнерінің күйші композиторы. Ол Бөкей Ордасының аумағындағы Жиделі деген жерде өмірге келген. Ұлы күйші өмір бойы әлеуметтік бостандық үшін күрескен. Күйлері халықтың өр еркіндігі, туған жер, шегі жоқ дала туралы болып келеді; Дәулеткерей Шығайұлы (1820-1887) — ұлы күйші композитор, домбырада ойнау өнерінде лирикалық бағыттың негізін қалаушысы. Оның көзқарасының қалыптасуына 1836-38 жылдарында болған көтеріліс ықпал етті. Дәулеткерей Шығайұлының шығармалары өзінің шеберлігі, сергектік қуатымен таң қалдырады. «Қоңыр», «Топан», «Жігер» күйлері композитордың жан толқынысы арқылы сазгердің ойларын жеткізеді; Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) — көрнекті күйші-композитор, XIX ғасырдың домбыра өнерінің негізін қалаушысы, шертпе стиліндегі күйлердің қайталанбас авторы мен орындаушысы. Тәттімбет Қазанғапұлының 40-тан астам күйлері белгілі. Тәттімбет Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туып өскен. Оның көптеген күйлері аспаптық музыканың дәстүрлі жанрының әзірлемелері болып келеді. 1855 жылы Тәттімбет өмірінде елеулі оқиға болды. Ол Александр II патшаны ұлықтау рәсіміне қатысып, күй тартып өнер көрсеткені үшін күміс медальмен марапатталды; Қаратау күйшілік мектебіндегі негізгі тұлға – Сүгір Әлиұлы. Шертпе күй шебері, қазақтың аспаптық өнерінде өшпес із қалдырған Сүгір өзіне дейінгі Тәттімбет Тоқа, күйлерін жете меңгере отырып, түр, мазмұн, көркемдік жағынан байытып, дамыта түсті. Әйгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлын өзіне ұстаз тұтқан; Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) — күйші-композитор, қобызшы. Оның 30-дан астам күйлері сақталған. Ол Қорқыттан келе жатқан қобыз өнерін жаңғыртты. Ол елдегі әйгілі аңыздар мен эпостық әңгімелерді көрсететін күйлерді шығарған. «Жезкиік», «Қамбар», «Қазан», «Шынырау»;Дина Нұрпеисова (1861-1955). Дина Батыс Қазақстанда өмірге келген. Тоғыз жасыннан домбырада ойнауды бастаған. Дина — Құрманғазының дарынды шәкірті, көрнекті күйші композитор. Дина көптеген ән үлгілерін шығарған. Өз еңбегі үшін ол Қазақстанның халық әртісі деген атаққа ие болған. Оның «Бұлбұл», «Әсемқоңыр» деген күйлері қазақ музыкасының алтын фондында сақталған; Әбікен Хасенов (1843-1916). Әбікен Қарағанды облысында өмірге келген. Ол талантты актер және композитор. Шертпе күйінің шебері, Тәтімбеттің ойнау тәсілдерін жетілдіре үйренген. «Қоңыр» күйі қазақ өнерінің тарихында ерекше орын алады. Актерлік және сазгерлік шеберлігі үшін Әбікен Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі атағына ие болған. Сыбызғы аспабында ойналатын күйлер шығарған атақты күйші – Сармалай. Ол Орал жерінде туған. Орыс байы Петрушкада қызмет етіп, содан Сармалай атанған. Сармалайдың күйлерінде адам мен табиғат, жануарлар өте әсем бейнеленген. Сармалайдың күйі «Наридірген» Ботасынан айрылғанда түйенің дауысын естиді деп елестету арқылы күйді тыңдату. Үскірік те сазсырнайға ұқсайды, ал тастауық аты айтып тұрғандай тауыққа ұқсайды. Оны да үріп ойнайды. Сармалайдың «Ақсақ қүлан», «Бұл-бұл», «Жетім қыз», «Қара Жорға», «Қоңыр бұқа», «Нар идірген», «Сансызбай», «Шал бүркіт», т.б. күйлері бар.
Қазіргі Қазақстан Республикасының аймағында жүргізілген археологиялық қазбалардың, тарихи зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, көшпелі сахарадағы тайпалар тек малшы, жауынгер ғана емес, сонымен бірге тамаша сәулетші, мүсінші, суретші, ұста, зергер, әнші, жыршы, термеші, айтыскер, әрі домбыра, шертер, қобыз, шаңқобыз, саз, қурай-сырнай, жетіген, асатаяқ, т.б музыка аспаптарда ән-күй мәдениетінің жоғары дәрежеде дамығандығын байқау қиынға түспейді.
Қазақ халқының музыкалық қазынасы үшінші мыңжылдықтың алғашқы кезеңіне дейін өзінің сан қырлы көркемдік сипатымен сақталынып, көшпенділердің руханияттық және эстетикалық талғамдарына сәйкес ұлттық діліміздің сарқылмас бұлағына айналуда. Көне музыкалық-поэтикалық нұсқалар -ұмытылмас бабалар даналығы, ғасырлардан жеткен өшпес сарын. Теңдесі жоқ рухани байлығымыз ауызекі түрде қалыптасып, әр заманда сұрыпталып, тек өзіне тән сұлу да сүйкімді әуенімен, қайталанбас ұлттық ерекшеліктерімен, сан түрлі бояуларымен ХХІ жүзжылдықта өз жалғасын табуда.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет