Батыр елдің сәулеті (өлкенің батырлары туралы)



Pdf көрінісі
бет14/43
Дата06.01.2022
өлшемі2,45 Mb.
#14421
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   43
 
 


 
48 
Қабанұлы Сеңкібай батыр (1712-1799) 
 
Халқым үшін жаным  пида, 
  Азаттық үшін қан төккендерді  
Руына қарамай сыйла! 
 
 Төле би 
 
Қазақ  халқының  жоңғар  басқыншыларына  қарсы  қасіретті  де  қаһармандық 
күресінде ерен ерлік көрсеткен батырлардың бірі - Сеңкібай Қабанұлы. 
Сеңкібай  батыр  Жаныс  руынан  шыққан  ұлы  бабамыз  Төле  бидің  жақын 
туысы.  Төле  би  мен  Әлібектің  екінші  әйелі  Бүркіттен  туған  болса,  бәйбішесі 
Молбикеден  Тыныбек,  Ақбота,  Шара  тарайды.  Тыныбектің  тұңғыш  ұлы  Абыл 
болашақ атақты би Төлемен бір жылда бір айда, дүниеге келген екен. Құлағында 
қалтасы бар шежіре қарттардың айтуына қарағанда, Әлібек өз ұлы мен немересіне 
шілдехана тойды бірдей жасаған көрінеді. Абыл еркелеу болып өскен. Он төрт, он 
бес  жас  шағында  әкесінің  інісі  Ақботаның  тілін  алмай  ұрсысып,  оған  қол 
жұмсаған көрінеді. 
Әрине,  бұл  жас  адамға  үлкен  мін.  Өз  қатесін  сезінген  арлы  бозбала 
Сарыарқадағы Сарысу өзені бойындағы нағашыларына – тама еліне қашып кетеді. 
Осында  Моты  бидің  ауылында  тұрақтап,  есі  кіре  іскерлігімен,  батылдығымен 
жаққан соң, бидің Кенже атты қызына үйленеді. Абыл мен Кенже  өз балаларын 
Қабан,  Арыстан,  Үрістем,  Жолбарыс  деп  атайды.  Тама  еліне  әке  жағынан  бөтен 
төрт  ұл  өжет,  батыл  болып  өседі.  Өздеріне  тиіскен  құрбыларына  есесін 
жібермейді.  Бірақ  төрт  бөрі  аталған  бұл  бозбалалардың  шымбайына  «кірмелер» 
деген  сөз  қатты  батып,  ақыры  әке-шешесін  туған  еліне  көшуге  мәжбүр  етеді. 
Жалғыз  кетіп,  алтау  болып  оралған  Абылды  Ақбота  би  қара  сулы  өзеннің 
бойынан  қоныс  берген.  Міне,  Абылдың  тұңғышы  Қабаннан  осы  Қарабақыр-
Шәлке жағасында 1712 жылы  Сеңкібай жарық дүниеге келген.Сеңкібайдың әкесі 
Қабан да батыр, әрі қолы ашық жомарт кісі болған.Сеңкібайдың Қалы, Ақкіс және 
Есқожа деген бауырлары да болған. 
Сеңкібай батырдың ұрпағы Әмзе Молдақұлұлының есебіне қарағанда ол 87 
жасқа  келіп  дүниеден  өткен  сияқты.  Аңырақай  шайқасына  Сеңкібай  батыр  17 
жасында  қатынасып  ерлік  көрсетеді.  Демек  Сеңкібай  батыр  дүниеге  1712  жылы 
келіп, 1799 жылы өмірден өткен деп шамалаймыз. 
Сеңкібай  жас  кезінен-ақ  дау-дамайға  әділ  төрелік  айтумен  аты  шыққан 
мәмлегер  болғандығы  айтылады.  Оған  дәлел  Нысанбек  Төреқұлдың  «Даланың 
дара  ділмарлары»  атты  кітабында  Сеңкібайға  қатысты  төмендегідей  әңгіме 
айтылады: 
«...Сеңкібай 13-14 жастағы бозбала шағында туыстарымен бірге Тәшкендегі 
ағасы  Төле  биге  сәлем  беруге  барады.  Дау  үстінентүседі.  Бір  қырғыз  жігіті 
қазақтың жылқылы байы бесіктегі баласын өлтірді деп айыптап, құн сұрай келіпті. 
Қырғыздың айтуына қарағанда, бай қалың жылқысын қырғыздың киіз үйіне тақай 
қаптатып  өткізіпті.  Қалың  дүбірден,  шұрқыраған,  кісінеген  дыбыстан  бесіктегі 
баланың шошып жүрегі жарылып өлді деп дау айтады қырғыз жігіті. Осы әңгімені 
естіген Сеңкібай елеңдеп, орнында отыра алмай тыпырши береді. Осыны байқаған  
Төле би Сеңкібайға: 
-Інім,  делебең  қозып  отырған  сияқты,  мына  дауға  билік  айтам  десең,  саған 
бердім кезекті, - дейді. Сонда: 


 
49 
-Онда  мына  қосақтаулы  бір  отар  саулықты  сауғызып,  сүтін  бір  қазанға 
пісіріп, талдырып айран ұйытылсын. Қырғыз жігітінің үйінің жанынан шұрқырап 
өткен қалың жылқы дайын тұрсын, -  депті Сеңкібай. 
Төле  бидің  өзі  келіскен  соң,  таңырқаған  жұрт  бұл  билікке  тақ  тұрады. 
Ертеңіне түс қайта жылқылы бай, қырғыз жігіті, Төле би, Сеңкібай және басқа да 
мүдделі  жұрт  бір  қазан  ұйытылған  қою  айранды  ашып  көрсе,  қалың  қаймағы 
тұтасып тұр екен. 
Сеңкібай бала үй жанынан қалың жылқыны тағы да шұбыртып айдап өтуді 
талап  етеді.  Қазанның  қақпағы  болса  жабулы.  Айғырлары  арқырап,  құлындары 
шұрқырап,  биелері  кісінеп,  үй  жанынан  дүркіреп  өткенде  жер  сілікінгендей 
болады.  Шұбырынды  шаң    басылған  соң  жинал  жұрт  қазанның  қақпағын  ашып 
көрсе,  ұйыған  айранның  шынтақ  елі,  қалың  қаймағы  төрт  жерден  қаңырап 
айырылып кетіпті. Сонда Сеңкібай: 
                          -Жас баланың жүрегі 
                          Қатығы қою қаймақ емес пе? 
                          Әшейінде теп-тегіс. 
                          Шұбырып жылқы өткенде, 
                          Қақ айрылған айғақ емес пе? 
Құдайдың  кең  жері  тұрғанда,  ауыл  үстінен  жылқы  айдап  өткен  бай  кінәлі. 
Бала құнын төлесін! – деген екен. Төле би де, жиналған жұрт та Сеңкібайдың әділ 
билігіне риза болып, бай құнын төлейді...» 
Бұл бала Сеңкібайдың төрелік еткен билігінің бірі ғана. 
1771  жылы  Әбілмәмбет  хан  қайтыс  болған  соң  Түркістанда  хан  тағына 
Абылай  отырғанда  ханды  ақ  киізге  отырғызып  шыр  айналдырған  батыр  мен 
сұлтандардың арасында Қойгелді мен Сеңкібай батырлар да болғандығы туралы 
да тарихи деректер бар. 
Қазыбек  бек  Тауасарұлының  «Түп-тұқияннан  өзіме  шейін»  деген  тарихи 
кітабында  Сеңкібай,  Шойбек,  Саңырық  батырлар  туралы  деректер  молынан 
берілген, олардың жорық жолдарын, жасаған ерліктерін кеңінен ашып көрсеткен. 
Сеңкібайдың  қалмақтармен  біздің  Жуалы  өлкесінің  Қос  Тұра  аталатын  жерінің 
батысындағы алқапта болған соғысы туралы да деректер келтірілген. 
Мұндағы  шайқас  жекпе-жектеп  басталады.  Қалмақтар  жағынан  Ботхишар 
деген батыры шығады. Ботхишар – өте тәсілқой, көкірегінде кегі, тамырында қаны 
қатқан, қазақ десе қаны қас, қаніпезер жау болатын. 
Қазақтар жағынан Төле бидің ұйғарымы бойынша Жоланның Төлеқұласына 
мінген  Өтеген  батыр  шығады.  Жекпе-жекте  Ботхишар  өлім  құшып,  Өтегеннің 
мерейі  үстем  болады.  Бас  батыры  өлген  қалмақтар  қаша  ұрыс  салып  шегіне 
бастайды. Осы оқиғаны көзімен көрген Қазыбек бек былай баяндайды: 
«...Ботхишар  өлген  соң    кешке  кесілескен  ұрыс  басталады.  Қалмақтар 
белдесіп күреске түсе алмай, қаша ұрыс салды. Олар бір беткей қашпай, бірнеше 
бөлініп қашты. Бұл өңір қалмақтан тазара бастады. Жеңіске жеткен Сеңкібай мен 
Шойбектің,  Қылышбектің,  Жанкелдінің  қолы  өз  жерімізден  кетті  ғой  дегендей 
салғырттана  бастады.  Екі  күннен  кейін  майдан  басына  келген  Төле  аға  мен 
Жолбарыс оларды жауды Шудан асыра қууды тапсырады. Сөйтіп тастүйін болған 
Сеңкібай,  Шойбектер  бастаған  ұлы  жүз  қолы  қайта  көтеріліп  жаудың  артына 
түсті. Қашқан жауды қуа, өкшелей отырып біз Шу өңіріне жеттік...» (240 бет). 
Бұл  айтылғандардан  осы  өлкені  қалмақтардан  азат  ету  жолында  Сеңкібай, 
Шойбек, Қылышбек, Жанкелді батырлар бастаған ұлы жүз қолының рөлі ерекше 
болғанын көрсетеді. 


 
50 
1742  жылдың  қоңыр  күзінде  Төле  бидің  ұйғарымымен  жоңғарлардың 
тұтқынында жатқан Абылай сұлтанды босатып алу мақсатымен келіссөз жүргізуге 
Карл  Миллер  бастаған  төрт-бес  орыс  шақшақ  Жәнібек  батырдың  Байқұлақ  би 
бастаған  туыстары,  Төле  бидің  етжақын  туыстары  Сеңкібай  мен  Шойбек 
аттанады.  Олар  үш  күн  жол  жүріп  Жоңғар  мемлекетінің  Ұрға  қаласына  жетеді. 
Оларды  үш  күн  бойы  ешкімге  жолықтырмай  тек  төртінші  күні  ғана  Төле  бидің 
кенжесі Қожабекпен және кепілдіктегі емшектес ағасы Жоланмен жолықтырады. 
Олар Абылай сұлтанның тұтқынға түскенін естісе де көрмегенін, жолықпағанын 
айтады... 
Сеңкібайлар  тек  бір  апта  өткеннен  соң  ғана  Абылай  сұлтанмен  жолығуға 
мүмкіндік алады. 
Қалдан-Серен Абылайды қолға түсіргеннен кейін кеңесшілерінің ақылымен 
жиені Шарышты жекпе-жекте өлтірген кегі үшін өлтірмек те болады. Ойлана келе 
тұтқынның арғы атасы Шыңғыс хан екендігін, қырық рулы жоңғарлардыңбас иген 
бабасы  екендігін,  орыс-жоңғар,  қазақ-жоңғар  қарым-қатынасының  болашағына 
керек  деп  шешеді.  Сөйтіп  Абылай  сұлтан  зынданнан  шығарылып,  тұтқындағы 
Жолан  мен  Қожабек  те  босатылып,  ай  шамасында  жүріп  Арқаға  жетеді.  Бұл 
тарихи оқиға туралы жазушы Бақтияр Әбілдаұлы «Байзақ датқа» атты кітабында 
егжей-тегжейлі баяндайды (Мерей, 1995 жыл). 
Қазақ  халқының  тәуелсіздігі  үшін  жоңғар  басқыншыларына  қарсы  Абылай 
хан  бастаған  азаттық  айқастарына  ерлігімен  ерекшелінген  Сеңкібай  батыр  шау 
тартқан  кезде  де  халқын  отырықшылдыққа  үндеп,  егіншілікпен  айналысуға 
шақырған.  Өзі  бас  болып  Талас  өзенінің  Тектұрмасқа  жақын  тұсынан  тоған 
жасатқан, егін еккен. 
Сеңкібай  батырдың  ерлігі  қалың  жұртшылыққа  қалмақ  батырын  жекпе  - 
жекте  жеңгеннен  соң  әйгілі  болады.  Нарын,  орта  Бақанас  өңіріндегі  қазақ 
жауынгерлері  Айнакөл  басында  жатқан  кезде  сол  жерге  жеті  мың  әскермен 
Шамал атты қалмақ батыры келеді. Қазақтар мен қалмақтардың алғашқы жекпе - 
жегіне Сеңкібай мен Қаңғыр атты алып батыр шығады. Сеңкібай батыр Қаңғырды 
найзасымен  түйреп  өлтіреді.  Сол  сияқты  Наурызбай  батыр  Шамалханды,  ал 
Мәмбет батыр Домбауылды жеңеді. 
Қазақтың  жыр  сүлейі  Сүйінбай,  сол  сияқты  Майкөт,  Жамбыл  ақындар 
Сеңкібайға  жыр  арнаған.  Мысалы  Сүйінбай  ақын  Сыпатай  батырдың  тойында 
былай жырлайды: 
                            Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді,  
                             Ақылы дариядай төл кісі еді.  
                            Жаныстан өтіп кеткен әзиз Төле, 
                             Сеңкібай Шойбекпенен тең кісі еді. 
                             Майкөт Сандыбайұлы: 
                            Атасы Сеңкібайдың Қабан батыр,  
                             Бақ - дәулет ұрпағына қонып жатыр.  
                            Таластан тоған қазып, егін салып, 
                             Суландырған даласын о да батыр - деп жырлаған. 
Бұхар жыраудың  «Қабанбай батыр» жырында да қас батырдың бірі ретінде 
Сеңкібай, Шойбек есімдері аталады. 
Сеңкібайдың тек қана батырлығымен  емес  әділ билігімен атасы Әлібек  пен 
ағасы Төле билер сияқты танылған екен. Оның әділ билігімен дауды шешкендегі 
тапқырлығы  туралы  Төле  би  мен  Қойгелді  батыр  кітабында  айтылады.  (біз  оны 
қайталап жатуды жөн көргеміз жоқ) Сеңкібай батырдың ошақты Саңырақ, сиқым 


 
51 
Қарабатыр,  жаныс  Өтегендермен  бірге  Жуалы  аймағындағы  Қостұра  мен 
Боралдай  өңіріндегі  ерлігі  туралы  Саңырақ  батыр  туралы  жазғанда  айтылған 
болатын. 
К.Аманжолов,  А.Тасболатов  Қазақстанның  әскери  тарихы  атты  кітабында 
Аңырақайдағы  шайқас  туралы  мынандай  мәлімет  келтіреді:  «Қазақәскерінің 
жалпы  саны  мыңдықтармен  есептесек,  29  мыңдық  немесе  29  мың  адам  болды. 
Қазақ  әскерінің  сол  қанатын  Әбілмәмбет  хан,  Сәмеке  сұлтан,  Қазыбек  би, 
Қабанбай батыр басқарды. Олардың жауынгерлік саны - 11 - 12 мың адам болды. 
Әскердің  оң  қанатын  Төле  бидің  өзімен  бірге  Қойгелді  батыр  сол  сияқты  Қосы, 
Мәмбет, Сеңкібай, Шойбек (ол кезде 17-18 жасар) батырлар басқарды. Әскердің 
оң қанатындағы саны 11-12 мың адам болды»  -деп жазады. Бүл деректер тарихи 
шындықпен сәйкес келеді. 
1739  жылдың  күзінде  Төле  бидің  бұйыруымен  Қойгелді  бастаған  қол 
Ташкентті соғыспен қайтарып алады. Сол кезден бастап Төле би мен Қойгелді өз 
елін  отырықшыландыруға,  суармалы  егіншілікпен  айналысуға,  балаларды 
медреседе оқытуға көп көңіл бөледі. Болашақтағы айқастарға алдын ала даярлық 
жасап  Сеңкібай,  Мәмбет,  Шойбек,  Жауғаш  сынды  батырларды  Сарыарқаға, 
Абылай сұлтанға жібереді. 
Сеңкібай батыр жасы сексеннен асқан шағында Төле бидің өнегесімен Талас 
бойынан  тоған  қаздырып,  елді  диханшылық  етуге  басшылық  жасаған.  Сеңкібай 
көзі  тірісінде  қоқан  хандығы  мен  орыс  патшасының  билігіне  бағынбай  өткен, 
сондықтан  да  оның  қарамағындағы  ел  бейбіт  және  тұрмысты  өмір  кешкен. 
Құрылысшы өзбек ағайындарға қыстаулар да салдырып, мешіт- медресе ашуға да 
мұрындық болған. 
Жаныс  Сеңкібай  Қабанұлының  қабірі  Тараз  қаласының  іргесіндегі  Талас 
өзенінің  жағасында  болған.  Алайда,  1970  жылы  «Ровный»  совхозының  солақай 
басшылары  Сеңкібай  мазарын  қиратып,  орнына  егін  еккізген.  Сол  егістік  алқап 
бүгінге «Сеңкібай қорғаны» аталады. Сеңкібай батыр қаздырған 60 шақырымдық 
канал әлі күнге «Сеңкібай каналы» делініп, елге қызмет етуде. 
Сеңкібай  батырдың  ұрпақтары  Жамбыл  облысының  Төле  би  атындағы 
шаруашылықтың Еңбек бөлімшесінде, Тараз қаласында т.б жерлерде тұрады. 
Қазақ  халқының  басына  күн  туған  шақта  жауына  оқ  болып  атылған,  есімі 
таризта  қалып,  отаншылдық  пен  ұлтжандалақтың  ұраны  болған  Сеңкібай 
Қабанұлының ерліктері ұрпақтардың есінде мәңгі жасамақ. 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   43




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет