«Батырлар жырындағы тарихи сөздер»



бет3/5
Дата29.10.2022
өлшемі28,29 Kb.
#46091
1   2   3   4   5
Жылы-жұмсақ қос сөзі жақсы тағам, піскен ас деген мағынаны білдіреді. Мұндағы жылы сөзін біз суық деген сөзге қарама-қарсы мағынада жұмсаймыз. Қос сөздегі жылы бұл мағынада емес.
Р.Сыздықова пікіріне сүйенсек, «бұл сөздің о бастағы тұлғасы жаулы жаулығ жағлығ болып табылады. Жағ — жау түбірі «май» деген ұғымды білдірген. Демек, еттің жылы-жұмсағы оның «майлы-жұмсақ», яғни ең дəмді жерлері, дегенді білдірген. Жау сөзінің көне замандарда «май» мағынасындағы сөз болғанын, оның жаужұмыр, жаубүйрек деген атаулар құрамында келіп, «май, майлы» деген ұғымды білдіргенін білеміз. Көне түркі тілдерінде де йағлығ-йумшақ деген қос сөз болған, оның бір мағынасы қазақ тіліндегідей, «жұмсақ» болса, екіншісі «бітік егін» деген ұғымды берген.
Сөйтіп, майлы, əрі жұмсақ деген сөздерден жасалған жылы-жұмсақ дегеннің бірінші сыңары жаулы сөзінің «майлы» мағынасы қазақ тілінде күңгірттенгендіктен, ол түсінікті жылы тұлғасына ауысып қалыптасып кеткен. Мағынасы күңгірт сөздердің тұлғасын ауыстырып жіберу — жиі кездесетін құбылыс» [3; 84]. Құнанбайдың үлкен шаңырағында, Ұлжан қолында жылы-жұмсаққа ие боп қалған Оспан еді (М.Ə.). Мысалдан байқағанымыздай, майлы, дəмді тəрізді мағыналар аңғарылады.
Сыбай-салтаң. Р.Сыздықова бұл сөз жайында: «Бұл сөз сыбай-сылтаң деген қос сөз құрамында айтылады. Ілгеріректе сыбай сөзінің жеке тұрып, белгілі бір мағынаны білдіргенін байқаймыз. Мысалы, «Қобыланды» жырында:
Көп қайырың тиеді
Еліңде қоңсы, сыбайға, –
деп келеді. Өткен ғасырда құрастырылған Н.И.Ильминскийдің сөздігінде «сыбай» — живущий близ чьего аула деген мəлімет бар. Сонда сыбай сөзі қоңсы сөзінің синонимі іспеттес болып келеді. Оны жоғарыдағы мысалда қатар қолданылғаны да дəлелдейді.
Сыбай-субай сөзінің екінші мағынасы жəне бар. Л.Будагов субай сөзі шағатай тілінде «салт, бір өзі, қарақан басы» (яғни баласыз, мүліксіз, туыстарсыз) ұғымы бары сезіледі. Қырғыз тілінде бұл сөз субай тұлғасында жəне қолданылып, малға қатысты айтылса, «төлсіз» дегенді (субай жылқы 
«ішінде төлдері жоқ жылқы үйірі»), ал адам жайында айтылса, жалпы «баласыз əйел немесе бала- шағасын ертпей шыққан əйел» деген ұғымда жұмсалады: субай барамыз деген сөз — бала-шағасыз жəне артық жүксіз бір жерге кеткен не барған ересектердің айтатын сөзі.
Қазақ тілінде біреудің ауылына жақын келіп қоныс тепкен адамның сыбай аталуында да өз руластарынсыз салт, дара (бір өзі) деген мəні бар. Қоңсы да сондай: бұрын қоңсы қону деген сөз өз аталастарынан шығып, өзге атаның, өзге рудың адамын паналау дегенді білдірген. Сыбай сөзінің «бір өзі, қарақан басы» деген мағынасы Қобыланды сынды аға-інісіз жалғыз бас батырға астындағы тұлпарының:
Ат қылып тəңірім жаратты
Сен сықылды сыбайға, —
дегенінен де аңғарылады. Қазіргі əдеби тілімізде сыбай сөзі түсіндірме сөздікке жүгінсек, «жақын, аралас-құралас» деген мағынада қолданылады дейді, бірақ келтірілген мысалдар айтыс өлеңдер сияқты халық ауыз əдебиетінен алынған. Демек, бұл мысалдардағы сыбай сөзінің беріп тұрған мағынасы жырларда қолданылып бұрынғы мағынасынан алшақтамағанын көреміз. Қазірде бұл сөз жеке-дара сирек қолданылады» [3; 111]. Тағы бір қалың топ — сыбай-салтаң əйелдер батысқа қарай тартып барады (М.Ə.).
Қазақстанның солтүстік-батыс аудандарында сыбай сөзі «салт, басы бос» деген мағынада қолданылады. Бұл сөз тіркесіндегі сыбай сөзі кейбір түркі тілдерінде «бойдақ, жалғыз басты» деген мағынаны білдіреді: субай — əзербайжанша бойдақ [5]. Ал, салтаң сөзі салт сөзінің бір нұсқасы болуы ықтимал. Сонда, «салт, басы бос, бойдақ» мағынасын беретін екі түркі сөзі плеоназм ретінде қабат қолданылып, қалыптасып кеткенге ұқсайды.
Қос сөз құрамындағы сыбай сөзінің мағынасын Л.Будаговтың түсіндіруі орынды деп санаймыз.
Ал «салтаң», біздің ойымызша, «салт» дегеннен шыққан.
Тіліміздегі кейбір тұрақты тіркестердің құрамында мағынасы күңгірт сөздер де көптеп кездеседі. Мəселен, жұрдай болу, түйдей жасты, міз бақпау, мысы құру, сағы сыну, ту сырт, оқасы жоқ, қан базар, зығырданы қайнау, құрақ ұшу, аза бойы қаза болу, азан-қазан болды; сөзге қонақ бермеу, үл болмасаң, бүл бол; басы бапандай, аяғы сапандай//басы — бапан, аяғы — сапан; бармасаң бадал, қара жерге қадал; жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты т.б. тұрақты тіркестер құрамындағы сөздердің мағынасы күңгірт тартып, лексикалық бірлігінен айырылған. Мұндай жағдайға келтірген себептердің бірі — тұрақты тіркес шеңберімен шектелуіне байланысты, олардың тілдегі қолданылу жиілігінің азаюы. Сирек қолданылуының салдарынан бұл тəрізді сөздердің лексикалық мағыналары күңгірттенеді, бара-бар архаизмге ауысып, этимологиялық нысанға айналады. Жеке лексикалық бірліктердің кейінгі буындар үшін ұмыт бола бастауына екінші бір себеп
— олардың тұлғалық, дыбыстық өзгерістер де мағыналық өзгерістер тəрізді, белгілі бір морфологиялық жəне фонетикалық заңдылықтар негізінде пайда болып отырады. Осындай тілдегі болып жататын өзгерістер əсерінен тіл байлығымыз байып отырады. Бір жағынан, осы толассыз сырттан еніп жатқан ауыс-түйіс сөздер арқылы сөз қорымыз байып отырады, екінші жағынан, көнерген, ескірген сөздер жойылады. Бірақ көнерген, ескірген сөздердің бəрі бірдей біржола қолданыстан шығып қалмайды: олар бейне бір тіл тұлғасындағы ескінің елесі, көненің көзі іспетті өз нақыш-сəнімен, өз жарасымдылығымен көпке дейін сақталып қала береді. Бүгінгі буындардың біле бермейтін ана тіліміздің сыр-жұмбағы дегенде, біз тілдік қордың осындай жақтарына, осындай ерекшеліктеріне назар аударғаны жөн деп санаймыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет