Ала көз. Алабұрту. Ала ауыз. Фразеологиялық сөздікте ала жібін аттамады, ала арқан, ала көзімен атты т.б. ала сөзімен тұрақты сөз тіркестері қиянат жасамады, сұғанақтық істемеді, арамдыққа бармады, ат кекілін кесісті, біржола араздасты, бөлінді, жақтырмады, жаратпады деген мағынада жұмсалатындығы көрсетілген [6; 39]. Р.Сыздықова бұл сөздің жылқының түсін білдіретіндігін, кейбір біріккен (аламан, алапат), қос сөздер (алай-түлей), күрделі тіркестер құрамында (ала сапыран, ала қырғын, ала топалаң) «өлтіру, қырып-жою» мағынасын білдіретіндігін айтады [3; 28, 29]. Ала сөзінің бір мағынасы бірқатар түркі тілдерінде «келіспеушілік, араздасу, бөліну» екені көрсетіледі. Көне түркі тілдерінде де ала сөзінің бір мағынасы «келіспеушілік, қастандық» екенін М.Қашқари көрсетеді жоқ [7]. Ала көз, алабұрту, ала ауыз тіркестеріндегі келіспеушілік, қастық мəнін жасауға ала сөзінің мағынасы негіз болғанын байқау қиын емес. Бұл сөздердегі ала тұлғасының не түске, не ұрыс-соғыс ұғымына қатысы жоқ [3; 32].
Қазақ тіліндегі ала көлеңке, алагеуім, ала көбеде, алаң-елеңде, алажаулы бұлт, алақанат немесе аласабыр жер, аласабыр шақ, ала құйын, ала сапақ кез, қырғыз тіліндегі ала шабыраң немесе ала шабырт («көктемнің ерте кезі, аласабыр шақ»), алағанчық чыбырғақ, алабарман, аладүн, татар тіліндегі ала қар («ерте көктемдегі бір жерде еріп, бір жерде сақталған қар»), ұйғыр тіліндегі күн ала қашқа болғанда («алагеуімде»), ала-тайин («күмəнды, белгісіз») деген сөздерден көрінеді. Қырғыз тіліндегі ала жай («ерте көктем, яғни қыс емес, бірақ əлі жаз да емес аласабыр шақ») сияқты тіркестердегі ала сөзінің семантикалық кілтін да осы жерден іздеу керек, — дейді Р.Сыздықова [3; 170]. Ғалым бұл сөздің түркі тілдеріндегі мағыналарына тоқтала келе, əрі қарай «біркелкі емес, тегіс емес, анық емес» деген мағынадан «бейберекеттік, тəртіпсіздік, дүрбелеңдік» идеясы туады. Сондықтан бұл модификацияны, яғни ала сөзінің ауыспалы мағынасын қазақ тіліндегі алағай-бұлағай, алас- қапас, алагүлік, ала сапыран деген сөз тізбегінен табамыз. Бұл талданған мысалдардың барлығы ала сөзінің түпкі көне түркі тіліндегі де бар мағынасына қатыстылар. Ал қазақ тілінде ала компоненті бұл көрсетілгендерден өзге мағынада келетін сөз тіркестері мен туынды сөздер бар. Мысалы, алақ, алақта, алақ-жұлақ (қарау), көзі алару, қырғыз тіліндегі алағар, немесе алағай көз, алақсы, дегендердегі ала түбірі көздің аласы дегенге апарады .... Демек, бұл сөздің түпкі мағынасында шабуылға, талауға, қырғын-сүргінге қатысты мəн бар. Сөз тарихын қуалағанда, ала деген бір ғана тұлғаның туынды сөз, күрделі сөз, тіркес құрамында бірнеше мағынада келетіні байқалады. Ол мағыналардың бірқатары түпкі семантикадан тараған ауыспалы түрлері болса, енді біреулері «ұрыс, соғыс, қырып-жою» мағыналары бар жəне «көпшілік, масса» деген мағыналық реңкті қамтитын өз алдына бөлек сөздер болып шығады [3; 171, 172]. Біздіңше, бұдан шығатын қорытынды: ала сөзінің жоғарыда айтылған түрлі мағыналарда жұмсалуы деп білеміз.
Зығырданы қайнау. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» бұл фразеологизмді «ыза кернеу, ашулану, ызалану» деп түсіндіреді жəне оның «зығыры қайнау» түрінде айтылатынын ескереді [8, 297]. Зығыр — «ашу», «ыза», «кек». Кейінгі нұсқа алдыңғы нұсқаның қысқарған түрі. Өйткені бұл тұрақты сөз тіркесінің этимологиясы тек зығырдан сөзіне ғана байланысты анықталатынын көреміз. Бұл жердегі зығырдан парсы тілінен енген заһардан, яғни, «зəһəр, у құйған ыдыс», ауыспалы мағынада«өт жолы». Заһарданның зығырданға айналуы — қазақ тілінің дыбыстық жүйесі тұрғысынан дəлелдеуге болатын құбылыс: зəһəр сөзі (һ) дыбысының ерекшелігіне байланысты бірде зəр, бірде зығыр (һ-ғ, ə-ы) түріне ауыса береді. Сонда зығырданның қайнауы, яғни, у салған ыдыстың қайнауы мен қатты ашуланудың, бойды ыза кернеудің арасында логикалық та, образдылық та байланыс, ұқсастық бар. Бұл үдерістің биологиялық тұрғыдан да дəлелді екені сөзсіз [9; 293].
Зықын (зықысын) алды (шығарды) — əбігерге түсірді, берекесін алды, беймаза етті [6; 297]. Сонда тұрақты тіркес құрамындағы зығырдан сөзі жайында ғалым Ə.Қайдардың берген пікірі орынды екені талас тудырмайды.
Мысы құру. Мысы басты (жеңді) — сұсы басты. Мысалы: Əлде ел аузына ілінген жас батырдың мысы жеңді ме, бие сауымындай мезгіл алысқаннан кейін Байтабын жығылған-ды (І.Есенберлин).
Фразеологизмнің жалпы мағынасы елдің бəріне де түсінікті. Сонда мысы дегеніміз не? Бұл сөз осы тұрғанында тəуелдік форма түрінде келгендіктен, оның негізгі түбірлік тұлғасы мыс болмақшы. Бірақ, бұл мыстың «медь» мағынасындағы «металмен» еш қатысы жоқ. Қазақ тілінде мыс тек осы фраза құрамында ғана сақталып қалған да, оның бұрынғы лексикалық мағынасы ұмыт болған. Алайда бұл сөздің көне түркі, бірқатар қазіргі түркі тілдерінде де əр түрлі фонетикалық тұлғада (біс-быс-пыс- мыс-міс т.б.) сақталып, о баста да, қазір де пышақ, қылыш, селебе тəрізді кесетін аспаптардың өткір жүзін білдіретіндігін тарихи-салыстырмалы əдіспен толық дəлелдеуге болады. Сонда тіліміздегі мысы құру//мысы қайту фразалары басқаша айтқанда, «жүзі қайту, жүзі қайырылу, мұқалу» деген нақты мағынаның негізінде жасалып, идиомаға айналған. Ол «амалы таусылу», «беті қайту», «айла- шарғысы жетпеу», «амалсыздану» тəрізді мағыналарда қолданылғандықтан, о бастағы «жүз» мағынасынан мүлдем алыстап кеткен жəне ұмыт болған [9; 291].
Сұс — айбат, қаһар, ызғар. Сұс көрсетті — сұстанды, айбаттанды [8; 748].
Мыс сөзі, сонымен, түркі тілдерінің өзіне ғана тəн төл түбірі. Оның арғы төркініне барсақ, тілімізде күнделікті қолданылып жүрген пышақ, пішу, пішен тəрізді сөздердің өздерімен тарихи түбірлес екенін көреміз. Басқаша айтқанда, мыс та, піш те бір түбірден өрбіген сан алуан этимологиялық нұсқалардың бір көріністері ғана. Дəл осы сөз, мысалы, қазіргі ұйғыр, тува, т.б. тілдерде бис түрінде жеке-дара қолданылып жүр. Бұл түбір сөз түркі тілдерінде етіс жəне етістік мағынасында қатар айтыла беретін көне синкретикалық түбірлер қатарына жататыны өзінен-өзі көрініп тұр: піш бірде пышақтың жүзі, кесетін жағы да, бірде кесу, пішу қимылының өзін білдіріп тұр [9; 291].
Ал, этимологиялық анализді ары қарай тереңдете түссек, піш/біс түбірлерінің өзі Махмұт Қашғари заманында туынды түбір болып есептелген; көне ұйғыр жазу ескерткіштер тілінде бі- [бі-]«пышақтың жүзі, пышақ сияқты аспап» мағынасында қолданылған [9; 292].
Біздің ойымызша, бұл сөздің пышақтың жүзімен, өткірлігімен байланысы бар екені аңғарылады.
Сөздердің тарихы, олардың шығуы мен қалыптасу құбылысы еш нəрсені аңғартпайтын, өзімен- өзі қалып қоятын құбылыс емес. Сөздердің өзгеріп даму тарихынан, əсіресе олардың мағыналық жақтан даму тарихынан, адам ойлауының табиғат құбылыстары мен қоғам құбылыстарын ғасырлары бойы танып-білуге ұмытылып күш салуының тарихы көрінеді [10] деген пікірді орынды деп санаймыз.
Тіл байлығын этнолингвистикалық тұрғыдан зерделеу — бұл этностың тіл əлеміне тəн лексикалық байлықты тұтас та түбегейлі меңгеру, мəн-жайын терең түсіну жəне түсіндіру арқылы этнос болмысын паш ету деген мəселе.
Тіліміздегі мағынасы түсініксіз сөздердің сырын ашуда академик Р.Сыздықованың еңбегі өте зор екендігін аңғардық. Cөз этимологиясын зерттеу, əрине, оңай емес. Бүгінгі таңда бізге беймəлім, мағынасы күңгірттенген, қолданылуы шектелген сөздердің бірқатарын ғасырлар бойы қалыптасып, тұрақтанып, біртұтас болып құрылған сөздерді фразеологизмдер немесе қос сөздер құрамынан іздегеніміз абзал. Ол үшін тұспал, жоба емес, пайымды да, жүйелі зерттеулер қажет.