Постмодернистердің номиналистік ұстанымдары антикалық кинизм ғана емес, Ф.Ницше, Ч.Пирс, Э.Сепир және Б.Уорф, М.Фуко, Ф.де Соссюр, т.б. философтар және лингвистер қалыптастырған тіл философиясының ықпалымен қалыптасты. Философ-постмодернистер номиналистік ұстанымға сүйене отырып рационалистік философияда тұжырымдалған гносеологиялық проблематиканы қабылдаудан бас тартып, ақиқат ұғымын қайта қарастыруда. Мысалы, америкалық философ Р.Рорти өзінің "Кездейсоқтық. Иррония....."(1968) еңбегінде "ақиқат деген атымен жоқ, ол пікірлеулерге тән", сондықтан "сөйлемдер жоқ жерде ақиқат та жоқ" деп жариялайды. Дүние сөйлемейді. Өзіміз жасап алған тілде өзіміз ғана сөйлейміз. Тілдік мәтіндер - тілдік мәтіндерге ғана қатысты (және осылай шексіз жалғаса береді). Олардың тілден тысқары ешқандай (құдіретті немесе табиғи) тірегі жоқ. Мәтіндер тілдік ойынға ендірілген және сондықтан олардың нағыз, "ақиқат" мағынасы туралы айту мүмкін емес. Осылайша ақиқатты іздеу талпыныстарының барлығы сәтсіздікке душар болмақ.