Тарихи мәні. Тұтас алғанда, постмодернизм ең алдымен философияда: мыңжылдықтар тоғысындағы қоғамда құндылықтардың түпкілікті қайта саралануы іске асып жатқандығына назар аударып, билік пен зорлық идеологиясын терістеп, теңқұқылы сұхбат, өзара келісім және шешімді бірлесе отырып іздеу мен плюрализмді жақтап пікір білдірді. Сөйте отырып жаңа құлдылықтар дүниесіндегі мұндай келісім - келіспеушілік пен келісімсіздіктің болуын мойындау мен қабылдауға негізделетіндігін баса көрсетті.
Постмодернизм құбылысы қалай бағаланды? Постмодернизмнің отаны Франциядағы біршама философтар мен жазушылар "тек снобизм арқасында ғана табысқа жеткен" "интеллектуалдық тұрғыдан мәнсіз" "моральдық тұрғыдан қауіпті" "вербалды софизм", "басқа адамдар да әдебиет туралы тек Каббаланың, Бескітап немесе Нострадамустың көзқарастары тұрғысынан толғайды деп ойлайтын тоғышарлар" деп сипаттайды. Қазіргі заманғы мәдениет өкілдерінің бірлері оны "'жаңа мәдениет пен дүниетанымға көшу" (Р.Тарнас) деп атаса, енді бірі "келешегі өміршең емес, босмәнді ойын" (А.Солженицын) деп атады. Ал Марбург слависі М.Хагемайердің пікірінше, тарихи аллюзияларды күле отырып қолданып, тиым атаулыны жоққа шығарып, барлығын ойын құйынында араластырып жіберген постмодернизмнің орнына "метафизиканың, иерархиялардың және Абсолюттің уақыты келеді".