1.3 Тарихи сананың негізгі тұжырымдамалары
Бірнеше ғасырлық отаршылдық және тоталитарлық сана үстемдігі
салдарынан рухани күйзелісті бастан өткізіп, саяси тәуелсіздігіне енді
қол жеткізген Қазақстан бүгінгі күні әлемдік тарихтағы уақыт бағаны
мен қазіргі заманғы әлеуметтік кеңістікте өзін-өзі орналастырып
айқындалу міндетімен бетпе-бет келіп отыр. Тарихи сананың
деформациясынан кейін ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты
қалыптастыру ең көкейтесті мәселенің біріне айналды. Бүгінгі күнгі
қазақстандық қоғамда тарихи өзіндік сананы жаңғырту мен төл мәдени
мұраны игеру және оны қазіргі заманғы даму үрдісіне лайықты
жаңартып үйлестіру өзекті мәселеге айналғандықтан ұлттық тарих пен
мәдениеттің тоталитарлық идеология қысымымен ұмыт болған беттерін
қайта парақтаудың маңызы зор. Болашақ дамудың айқын рухани
бағдарын анықтау үшін де халықтың ғасырлар бойғы жинақтаған
мәдени мұрасын игеру қажет, өйткені мәдениет кез-келген ұлттың
бірегейлігінің маңызды көрсеткіші болып табылады. Жаhандану
жағдайында батыстың өзі дәстүрлі еуроорталықтық көзқарастардан бас
тартып, шығыстық рухани құндылықтарға иек артып жатқан тұста өз-
өзінен жеріген халықтардың ұлттық апатқа ұшырауы әбден мүмкін.
Уақытында бірлік пен ынтымақты қастерлеп өткен ата-бабаларымыздың
осы өсиеті тарихи тағдырдың талайымен мәдени әртекті қоғамға
айналған біздің елімізде өзінің көкейтестілігімен ерекше көзге түсіп
отыр.
Бұл мәселеге қатысты Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих
толқынында» еңбегінде былай ой қозғайды: «Үшінші мыңжылдыққа
санаулы күндер қалғанда біздің болмысымыздың ең көкейтесті
сұрақтары – ұлттық үндестігіміздің мән-маңызы неде, қазіргі Қазақстан
үшін мәдениетке қатысты үлгінің қандайы қонымды, біздің ұлттық
санамыздың арқауы неде, қазіргідей жедел құбылатын заманда «МЕН»
дегізерлік ұлттық қасиеттерді қалай сақтап қалуға болады – міне, мұның
бәрі де нақтылы өмірмен беттескен саясаттың сұрақтары. Ал оның
37
жауабы бүгінгі өмірмен ғана астасып жатқан жоқ, тұнығы мен тұманы
қабаттасқан тарихтың тұңғиығымен де сабақтасып жатыр» [19, 6 б.].
Академик Ә. Нысанбаевтың айтуынша, «қазіргі күрделі де
қақтығысты әлемге тән бір белгі – мемлекеттер деңгейінде де,
әлеуметтік топтар мен индивидтер деңгейінде де жүзеге асып жатқан
жаhандану үдерісі. Нақты өмірде іске аса отырып бұл айғақ бүгінгі күні
қоғамдық сана мен мәдениет саласында пайымдалуда. Қазіргі кезде
техногендік өркениеттің стереотиптерінен басқа жаңа дүниетанымдық
бағдарлар мен мұраттар іздестіріліп жатыр. Бұл бағдарлар бүкіл
адамзаттың XXI ғасырдағы гүлденуі мен прогресінің рухани негізі
болуы тиіс» [20, 39 б.]. Келешекке бағытталған бұл бағдарларды тарихи
сана қойнауынан да табуға болады. Мәселенің осындай өзектілігінен
кейін тарихи сана ұғымы мен түсінігінің ғылыми арнаулы
әдебиеттердегі анықталуын, оның дүниетанымдық және әдіснамалық
негіздерін айқындау қажет.
Тарихи санаға қатысты арнаулы ғылыми әдебиетте де, бұқара
көпшілік әдебиетте де өте көп айтылғанымен, қазіргі зерттеушілік ахуал
осы тарихи сана мазмұнының айқын, нақты түсінігін бере алмауымен
сипатталып отыр. «Тарихи сана» ұғымының бұлыңғырлығы мен
көпқырлылығы оны талдауға біршама қиындықтар тудырады. Бұл
қиыншылықтар осы мәселені шешудің жалпы тұжырымдамалық
негізінің болмауымен, бұл рухани феноменнің мазмұнын, «шектерін»,
уақыттық сипаттамаларын анықтаудың күрделілігімен сипатталады.
Мұндай жағдайда тарихи құбылыстар мен үдерістерді талдаудың
философиялық әдіс-тәсілдерін пайдалану анағұрлым тиімді көрінеді.
Философиялық тәсіл тарихи сананың алуан түрлі формаларының мәнін
түсіндіріп, оның қоғамдық сана жүйесіндегі орны мен рөлін анықтауға
мүмкіндік беріп қана қоймай, оның әлеуметтік-мәдени феномен
ретіндегі қырын ашуға да септігін тигізеді.
Алдымен, мәселеге тікелей көшпес бұрын, «сана», «өзіндік сана»,
«қоғамдық сана» ұғымдарының басын ашып алу керек. Сана мәселесі де
- философия тарихында шешімі осы күнге дейін нақты табылмаған аса
күрделі мәселелердің бірі. Ол пайда болғалы бері ғасырлар бойы
философиямен бірге жасасып келеді, өйткені философияның өзінде
іздену мен күдіктену рухы бар. Сананың табиғатын дөп басып айту
қиын, ол сезім арқылы қабылданатын объективті нақтылықты белгілеу
және түсіну үшін біз қолданып жүрген өлшемдер мен сипаттамаларға
сай келе бермейді. Физикалық объектілер сияқты болмағандықтан, оның
не массасы, не энергиясы, не формасы жоқ, оны сандық
сипаттамалармен мөлшерін табу мүмкін емес. Десек те, сананың бар
екеніне ешкім күмән келтірмейді.
Адамның тәнін басқаратын сана (бұл ұғым ойлау, сезіну, жан, рух
түсініктерімен тығыз байланыста қарастырылды) туралы көзқарастар
38
бағзы замандағы мифологиялық дүниетанымнан-ақ басталады. Бұл
құпия бастау туралы анимистік түсінік кейінірек философиялық
дүниетанымда Платонның идеалистік ілімінде жалғасын тапты: адамның
денесі мәңгі өмір сүретін жанның уақытша абақтысы. Ортағасырларда
әлем жаратылғанға дейін өмір сүрген және ештеңеден әлемді
қалыптастырған немесе жоқтан бар қылған дүниеден тыс тәнсіз рухани
бастаудың еркі мен ойы мәселесі алдыңғы орынға шықты. Тек сол ғана
адам санасында орын алып ойлайды, қалайды, сезеді. Адамның санасы,
оның ақыл-ойы – құдай ақыл-ойының бөлігі.
Жаңа заманда сана туралы ілімдер кеңейе түсті. Рене Декарт сананы
ойлаумен теңгере отырып, оны «психикалықтың» жалпы ұғымынан
бөліп алады және ойлаушы субстанция ретінде оны материалды
субстанцияға қарсы қояды. Бұл дуализм сана табиғатын түсіндірудегі екі
бағыттың қалыптасуына әкелді: біріншісі – психикалықты физикалыққа,
идеалдылық
пен
руханилықты
материалдылыққа
теңгеретін
материалистік бағыт (Гоббс, К. Маркс, Ф. Энгельс), екіншісі –
материалдылық пен физикалықты идеалдылықтан, руханилықтан және
психикалықтан тудыратын субъективті (Беркли, Юм, Фихте, Мах) және
объективті (ертеректе Платон мен Ф. Аквинскийде, кейін Гегельдегі)
идеализм. Философия дамуының кейінгі тарихында санаға анықтама
берудің мүмкін еместігіне, ғылыми құралдармен оны танудың мүмкін
еместігіне негізделген иррационалдық көзқарас басым болды. Бұл
«бейсаналылық», «архетип», «ерік» ұғымдарын ашқан психоанализге (З.
Фрейд, К.Г. Юнг), экзистенциализмге, неопозитивизмге тән болып
келеді.
Дегенмен жаратылыстық ғылымдардың дамуы мен оның
нейрофизиология, биология, кибернетика мен эксперименталдық
психология салаларындағы жетістіктері, компьютерлік төңкеріс пен
ақпараттық жарылыс сана табиғатын аша түскендей болды. Бұл
ғылымдардың түсіндіруіне сәйкес, табиғаттың барлығына тән бейнелену
өз дамуы барысында бірнеше кезеңдерден өтіп, мәні жағынан жаңа
құбылыс – санаға айналатын жаңа сатысына көтеріледі. Бейнеленудің
биологиялық формасы сезіну, қабылдау және елестету тәрізді сезімдік
таныммен сипатталса, ал оның анағұрлым жоғары әлеуметтік формасы
ұғым, пікір және ойқорыту сияқты рационалды таныммен түсіндіріледі.
Ойлана алатын адамның ерекшелігі, оның өзінің санасының
арқасында өзіндік «Менін» қалыптастырып, өзін өзгелерден айрықшалай
отырып, өзіндік сананы қалыптастыруымен сипатталады. Эмоционалдық
бояуды сіңіріп, құндылықтық бағдармен қаныққандықтан адамның
өзіндік санасы белсенді бастау болып табылады. Ол өзін, өзінің
болмысын игерген, өз қажеттіліктері мен мұқтаждықтарын, өз ниеті мен
ұмтылыстарын, мақсаты мен міндеттерін өзі анықтайтын субъект болып
саналады. Әрбір индивид пен адамзаттың қандай дәрежеде субъект
39
болғанына қарай, оның санасы да сол деңгейде кеңейеді немесе
тереңдейді. Қазақ философы Қажымұрат Әбішевтің пікірінше,
«субъектінің даму дәрежесі неғұрлым биік болған сайын оның
психикасында сананың қамтитын ауқымы да соғұрлым кең болуы тиіс.
Субъектілік – адамның өзін өзі билей алатын деңгейі, ал бұл сананың
даму деңгейіне байланысты, сана, ол – жанның жарығы» [21]. Бұл
тұрғыдан алғанда сана шындығында адамның тарихи дамуының бастауы
және нәтижесі болып көрінеді.
Индивидуалдық сана өзінің қалыптасуы барысында адам – индивид
– тұлға кезеңдерінен өтеді деп есептелгенімен, жекелеген адамдардың
бір-біріне ұқсамайтындығы мен шексіз алуан түрлілігін атап өту керек.
Ал тұтастай алғандағы әлеуметтік «ағза» бүтіндік ретінде тобырдан
айрықшаланады, қоғамның басты ерекшелігін білдіреді және
философияда
«қоғамдық
сана»,
«ұжымдық
сана»,
«архетип»
ұғымдарымен беріледі. Сондай-ақ қоғамдық санамен қатар ұлттық
өзіндік сананың да адамның әлеуметтік өмірінде алар орны зор. Ұлт
немесе этнос тәрізді әлеуметтік бірлік сипаттамасының маңызды
өлшемдерінің бірі – менталитет (mens – латынша ойлау тәртібі, ақылдың
ерекше рухани қыртысы дегенді білдіреді) ұғымы. Бұл термин қазіргі
мағынасында жеке адамның, әлеуметтік топтың немесе ұлттың өзіндік
ойлау жүйесі, эмоционалдық және құндылықтық бағдары деген мәнде
түсіндіріледі.
Менталитет
адамның
рухани
өміріндегі
бүкіл
құбылыстардың жиынтығы ретінде қарапайым әдеттен сенімге дейінгі,
әлемді қабылдаудың психологиялық ерекшеліктерінен моральдық
нормаларға дейінгі өте үлкен ауқымды қамтиды. Менталитет ұғымын
мәдени-антропологиялық бағыттағы зерттеушілер – Л. Леви-Брюль, Л.
Февр, М. Блок және т.б. ғылыми айналымға енгізіп, бұл түсінік ХХ
ғасырдың екінші жартысынан кең қолданысқа түсті. Қазақ халқының
менталитетіне қатысты белгілі зерттеушілер Досмұхаммед Кішібеков
[22], Төлеуғали Бурбаев [23] көлемді монографиялар жазды.
«Сана», «таным» және «білім» ұғымдарының арасында да тығыз
өзара байланыс бар. Қысқаша тоқтала кетер болсақ, таным – бұл
ақиқатқа жетудің үздіксіз үдерісі. Осы танымдық әрекеттің нәтижесі
объективті нақтылықтың азды-көпті лайықты бейнесін білдіретін білім
болып табылады. Білім, өз кезегінде қоғамдық сананың әрқилы
формаларын түзеді.
Кеңестік
зерттеушілер
қоғамдық
сананың
«классикалық»
формаларын анықтауда бірауыздылық танытты: әлеуметтік әрекеттің әр
алуан түрлерімен тікелей байланыстағы саяси, құқықтық, көркемдік,
адамгершілік, діни және т.б. сана формаларының болатыны анық.
Кеңестік әдебиетте дәстүрлі «қоғамдық сана» сөзімен қатар, «тарихи
сана» термині де қолданылды, бірақ ғылыми айналымға анағұрлым
кейін енгізілді. Маркстік теорияның негізін қалаушылардың мұрасында
40
«қоғамдық» және «тарихи» сөздері «сана» сөзіне предикат ретінде
қолданылды, көбіне мағынасы жағынан синоним түрінде көрінгенімен,
оларды бір-біріне толық сәйкес келеді деп айтуға болмайды. Керісінше,
кейде терминдер мағынасының өзара өте жақындығы әлеуметтік
өмірдегі статикалық және динамикалық, синхрондық және диахрондық
бастаулардың өзара тәуелділігі мен сәйкессіздігін жасырып тұрады.
Шындығында сана тарихи айқындалған (қоғамдық сана), қашанда бар
нәрсе, бірақ ол сонымен бірге жүріп өткен жолды, оның ұзақтығы мен
желісін пайымдайтын рефлексия болғандықтан да ол - тарихи. Демек,
«қоғамдық» және «тарихи» терминдерінің семантикалық әрқилылығы
маркстік әдіснаманың мазмұндық қырларымен анықталады. Бірақ ол
бұрын өзектілігіне қатысты теориялық мәнге ие болған жоқ еді, ал кейін
«тарихи сана» ұғымының және соған байланысты тақырыптар
топтамасының дараланып айрықшалануы әлеуетті күрделі мәселенің
пайда болғанын білдірді.
Соңғы ғасырларда табиғи және әлеуметтік өмірде орын алған
ғаламат өзгерістер адамзаттың алдына ғаламдық мәселелерді қойды.
Әлеуметтік дамудағы жаhандық (глобальды) және ауқымды (тотальды)
тарихтың, ашық тарих пен жабық тарихтың, микротарих пен макротарих
арақатынастары мәселелерінен барлық гуманитарлық пәндермен қатар,
тарих ғылымы да тыс қала алмады. Теориялық тарихи ой дамуындағы
ХХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан бұл ахуал ғылыми
әлемде «тарихнамалық төңкеріс» деген атауға ие болды. Бұл ұғымды
тарих философиясын терең зерттеген орыс зерттеушісі М.А. Баргтың
енгізгенін айттық [24, 45 б.]. Дегенмен бұл төңкерістің ғылыми
әдіснамалық төңкеріс екенін ескеру керек.
Кеңестік дәуірде тоталитарлық тәртіптің қыспағына қарамастан,
әлемдік ғылымда қалыптасқан бұл жаңа ахуалдың теориялық
нышандары әлеуметтік зерттеулердің мәселелерін талдаудағы әртүрлі
бағыттарда
-
философиялық-әлеуметтанымдық,
гносеологиялық,
мәдениеттанымдық, методологиялық-тарихи бағыттарда пайда болды.
Бұл бағыттардың соңғысы тарих ғылымының танымдық және
әдіснамалық мәселелерін талдау негізінде қалыптасты. Осы мәселелерді
соңғы онжылдықтар бойы, әсіресе кеңестік және посткеңестік
дәуірлердегі достастық елдері кеңістігінде белсенді түрде талдануы
әлеуметтік шарттылық туралы, тарихи білімнің қызметі мен мақсаты
туралы мәселелерді кеңінен қойып, оны тарихи танымға деген
гносеологиялық тәсілдің шеңберінен тысқа алып шықты.
Ғылымның жинақтаған бай тарихнамалық материалын игеру,
арнайы мамандандырылған білім дамуының заңдылықтарын бекіту,
тарихнамалық сипаттау мен түсіндірудің ғылыми бағдарламаларының,
әдістерінің, формаларының өзгеру себептерін түсіну қажеттіліктері
туындады. Шын мәнінде бұл тарих ғылымының тұжырымдамалық
41
негізін қалыптастырудың үлкен міндеттері болып саналады. Оларды
шешу жолында тарихнамалық жұмыстың саналы тәсілдері мен
эмпирикалық қондырғыларын анықтайтын терең негізді айқындау
мәселесі ретіндегі тарихи сана мәселесі пайда болды. Осыдан барып
тарих ғылымының әдіснамасынан бастау алатын (сирек болса да)
еңбектер гносеологиялық реңге ие болады. Соған сәйкес «тарихи сана»
ұғымының екі мағынасы келіп шығады: тарихнамалық көзқарастарға сай
келетін тар мағынасындағы және дүниетанымдық парадигма сипатына
ие кең мағынадағы түсініктері. Мұның соңғысы нақты-ғылыми
көзқарасты, оның тетігі мен нәтижесін білдіреді.
Шындығында,
тарихи
сананың
өзіндік
феноменін,
оның
модификацияла-рын зерттеу келешек маңызы бар міндет болып
табылады. Тарихи сананың тар шеңберден шығып, тарихнамалық
білімдермен қатар, күрделі, жүйелі, полифункционалды құбылыс ретінде
қарастырылуы, арнаулы білім формасымен қатар, алуан түрлі
формаларда өмір сүретін әлеуметтік-мәдени феномен ретінде көрінуі,
сөз жоқ, бұл мәселенің көкжиегін кеңейте түседі.
Тарихи сана – қоғамдық сананың, оның барлық элементтерінің,
формалары мен жүйелерінің маңызды өзгермелі қыры. Тарихи сана кез
келген қоғамның, таптың немесе әлеуметтік топтың, тіпті адамзаттың өз
жағдайын уақыт ағымында, өзінің осы шағын өткен шақпен және
келешекпен байланыста пайымдағандықтан, мұны қоғамдық сананың
ерекше қыры ретінде қарастырған абзал. Алайда оны мейлінше көп
ұшырасатын сананың «формасы» арқылы анықтау (А.Ю. Левада, А.И.
Ракитов) дәл келмейтіндей көрінеді. Шын мәнінде, тарихи өлшем
адамның қоғамдық болмысының, оның өзгермелілігінің шешуші
сипаттамасы болып табылады. Өткен жолын белгілей отырып, адам
өзінің әлеуметтік сапасын да, оның нақтылығын да аңғарады.
Сонысымен ол өзін әлеуметтік үдеріспен бірегейлендіреді де, әрі одан
бөліп айрықшалайды да. Тарихи сана әлеуметтік субъектті мәдени-
тарихи үдеріске енгізудің ықпалдарының бірі түрінде көрінеді.
Сондықтан тарихи сананы зерттеудің бүгінгі өзектілігі тарихи
танымның өзінің сапалы өзгерісін білдіреді, тарихи танымның
біржақтылықтан арылып, басқаша бағдар ұстануымен түсіндіріледі.
Тарих ғылымы мен тарих философиясында жаңа тұжырымдамалық
бағыттардың пайда болуы тарихтың бай да әр алуан көрінісін, тарихи
сананың тұңғиық табиғатын тиімді әрі тереңірек зерттеуге мүмкіндік
береді.
Ғылыми-теориялық тарихи сана дамуының анағұрлым жоғары
деңгейін
тарихтың
философиясы
құрайды.
Тарихтың
соңғы
жүзжылдықтарда алдыңғы орынға көтерілгені соншалық, қазіргі заманда
оны өзінің ішкі өзегі – тарих философиясынсыз пайымдау мүмкін емес.
Қоғамдық сананың барлық салаларын тарихилықтың, яғни тарихи
42
сананың жаулап алғаны сондай, даулы да күрделі мәселелерімен
ерекшеленетін тарих философиясы талас-тартысты полемиканың өзегіне
айналды. Жалпы философиялық мәселелер нақты бір тарихи
материалдарға сүйеніп шешілер болса, тарихи зерттеулердің өзінің де
тамыры белгілі бір философиялық көзқарастарда жатыр. Философиялық
көзқарастардың пайда болу хроникасы ретінде де, оның дамуы мен
құбылуы ретінде де көзге түсетін тарих өз бойына философияның
тарихын да сіңіріп алады. Адамзаттың тарихи даму үдерісімен тығыз
байланыстағы философия тарихи мәліметтерге сәйкестігі арқылы да
зерделене бастады.
Бұл тұрғыдан алғанда, кез-келген қоғамдық ғылымдардың өзінің
пайда болуы, қалыптасуы мен дамуын сипаттай алатын тарих ғылымы
бұрмалаушылықтан, үрдісшілдіктен, апологетикадан ада болуы тиіс,
объективті айғақтар мен лайықты хронологияға сүйенуі керек. Алайда
жалаң айғақтар тарихты жандандыра алмайды, оны тірілтіп, оған
дүниетанымдық және құндылықтық нәр беретін философия ғылымы
болып табылады. Сондықтан тарих ғылымының түйткілді мәселелеріне
философияның да «таласы бар». Осы орайда, тарихты зерттеудің
дүниетанымдық және жалпы әдіснамалық негіздеріне қатысты кейбір
жәйттердің басын ашып алудың реті келіп тұр.
Тарихты әрқилы түсінуге және әртүрлі түсіндіруге болатыны рас,
бірақ оның нақты бар екеніне ешкімнің де күмәні жоқ. Алайда онымен
айналысатын ғылымның да, оның зерттеу нысанының да
Достарыңызбен бөлісу: |